Тез арада шетелдегі қазақтарды жинау керек. Өйткені олар – қазақ ұлтының қуаты. Олай етпеген жағдайда ұлттық рух құлдыраған үстіне құлдырап, құрдымға кетеді, желге ұшады, шаң-тозаңға айналады, қазақтардың болашағы тығырыққа тіреледі. Қазір әлі де уақыт бар. Қаржы табылады. Сондықтан бұл мәселені бірінші кезекке қою шарт. Әйтседе, осы бізде соған жететін күш-жігерден гөрі шынайы жанашырлық болашақты болжау, оң қабақ кемшін бе деп қорқамын. Бұл нәрсеге деген риясыз ықыласты үкіметтен де, қазақтардың өздерінен де байқамаймын. Және қатты таңғаламын. Оның үстіне, сана-сезімі әлі ауыл-аймақ шеңберінен шыға алмай жүрген қазақтардың шетелдерден көшіп келген ат төбеліндей тумаларын «монғол», «қытай», «иран», «өзбек», «қалпақ» т.б. деп кемсітетіні несі?!
Егер алдағы таяу жылдар ішінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі бүкіл қазақ тарихи отанына оралмаса, олардың орнын бірте-бірте өтірік жымиып, тым-тырыс қана бұқпантайлап жүретін қытайлар басады. Баяғы таз кепешін қайта киетін қазақтар қалайша шетке ығысқанын өздері де білмей қалады. Қорлықтың үлкені сонда болады. Ежелден іргелі, қабырғалы қалың қазақ тарих тозаңына айналып, жойылмауы лазым!
Билік басындағылардан бастап әрбір партия, көкірегінде саңлауы бар әрбір азамат, әрбір саналы қазақ күні-түні соны ойлап, жатса-тұрса сол жайында толғануы тиіс. Тәуелсіз мемлекеттің болашағын қамтамасыз ету үшін дабыл қаққан үстіне ағып, жар салудан жалықпай, ұлттық намысты биік ұстау қажет. Онсых барыңнан ажырап, шермендеге айналасың. Мұндай жағдайда жүрдім-бардыммен ештеңе бітпесін түсінемін. Ол үшін экономикалық есеп-қисап, дипломатиялық тегеурін, стратегиялық ұмтылыс, заңдық негіз-тұтқа, тағысын тағылардың бәрі қажет. Сондай-ақ мен негізгі мәселені көрер көзге сабақтап, жайбарақаттық жасаудың қазақ ұлты үшін өзін-өзі өлімге қиюмен бірдей екенін де қапысыз ұғамын.
Хош, мен сонда неге шетелдік қазақтарды тарихи Отаны – Қазақстанға тезірек қайтару керек деп есептеймін? Мені мұндай идеяға жетелеген өзге халықтардың тарихи екенін жасыра алмаймын.
Гитлердің 12-жылдық сойқанынан кейін бұрын Германиядан қуылған немістер (әсіресе, шығармашылық және саяси саладағы зиялылар) Отанына оралғанда (біреу батыс, біреу шығыс бөлікке) бөтенси қабылдаған жергілікті немістер оларға тыжырана қарап, салқын қабақ танытты, қоқиланып тұлданды, менсінбестік, сенімсіздік білдірді. «Біздер қиналған кезде бұлар Мәскеу, Швейцария, АҚШ, Латын Америкасы, Данияға барып бас сауғалап, жан сақтады, енді түк болмағандай қайта келді және беттері бүлк етпей ақыл үйреткісі келеді» деп күсталанады. Иә, мұндай да болған.
Немесе кәрістерді алсақ. Қазіргі Қазақстан мен ортаазиялық кәрістер (дұрысы олардың ата-бабалары) Корей түбегінен Ресейдің қиыр Шығысына сонау 19 ғасырда қоныс аударған. Кейін Қазақстанға күштеп әкелінді. Біздің кәрістер «көре сарам» деп аталады. Оңтүстіктегі кәрістер «ханчук сарам», солтүстіктік кәрістер «часом сарам» делінеді. Яғни, «біздің» кәрістерідң бірнеше ұрпағы мен негізгі кәрістердің арасында едәуір өзгешелік пайда болып, ара жіктері ажырады. Қазір «біздің» кәрістерде бәрі басқаша. Ежелгі қандастарымен генетикалық, этномәдени және тарихи тұрғыдан ғана жалғастық бар. Оның өзінде де болар-болмас. «Біздің» кәрістерді қазір оңтүстіктің де, солтүстіктің де кәрістері мойындамайды. Тіпті керек те қылмайды. Өздеріне жат, қажетсіз, ешқандай да бәсекеге жарамайтын «біздің» кәрістердің де ол жаққа аңсары аумайды, барғылары келіп құлшынбайды да. Өйткені бұларға ол кәрістер зәру емес. Тоқетерін айтқанда, «біздің» кәрістер ол жақта байырғы ата-бабалары құсап өмір сүре алмайды, өйткені байырғы атамекеннен барынша алыстаған, ұрпақ алмасу кезінде ұлттық бейнеден жұрнақ та қалмаған.
О бастағы ата қонысымыз деп Ресейге көшіп жатқан «біздің» орыстар да дәл сондай ахуалға ұшырауда. Олар онда мүлде бөтен, құшақ жайып жақсылап қарсы алып жатқандар жоққа тән, кей аймақтарда тіпті, отырса опақ, тұрса сопақ етіп, «қазақ», «өзбек», «азиат», «кулак» деп кемсітеді. Ал «біздің» орыстардың ұлттық сипаты ол жақтағы орыстардың болмысынан едәуір өзге екені айдан анық. Ұрыс-керіс, кикілжің көбі содан туындайды.
Қош, мен бұларды неге айтып отырмын? Дәл сондай күйге қазақтар да ұшырауы ықтимал немесе ұшырап жатқан да болуы ғажап емес. Бүгінгінің өзінде там-тұмдап болса да отандарына оралған шетелдік қазақтардың мұндағы туыстарымен әмпей-жәмпей боп жатқандары шамалы. Қалайда араларында әлдебір айырмашылық байқалмай тұрмайды. Солайша түптің-түбі ортақ аспанның астында бірлесіп ғұмыр кешу қиынға соғып жүрмесе нығылсын. Сондықтан бұл мәселені енді ұзын-сонарға сала бермей, осы бүгін, тап қазір шешу керек деген пікірдемін. «Темірді қызуында соқ» дегендей, әзірге қазақ халқы қалайда шетелдік бауырларынсыз өмір сүре алмайды. Шеттегі қазақтар «біздің» кәрістер сияқты дүбәраланып, ешкімге керексіз болмай тұрғанда қимылдап қалу керек.
«Оян, Намыс» журналы, 2010 жыл, № 2



