(2-бөлімді, 7-көріністі спектакль)
Қатысушылар
- Керей сұлтан – қазақтың тұңғыш ханы
- Жәнібек сұлтан – қазақтың екінші ханы
- Ақжол – Арғынның жас мырзасы
- Әбіл-Хайыр – Дешті-Қыпшақ ханы
- Дотан жырау – Орда ақыны, Ақжолдың әкесі
- Бахор-Бегім – Әбіл-Хайырдың қызы
- Қобыланды – қыпшақ батыры
- Гүл-Бахут хатун – Әбіл-Хайырдың бәйбішесі
- Бақауыл басы-Әбіл-Хайыр ісі басшысы
10. Туси- Әбіл-Хайыр ақылшысы,шығысшыл
11. Жастабан-Керей руының жас көсемі
12. Матай-Найман руы көсемі
13. Адамдар, көпшілік
I бөлім.
1-көрініс
(Қараңғы. Дотан жырау төсегінде жатыр. Әлдеқайдан дауыс естіледі. Ақырын музыка ойналады. «Керей-Жәнібек» әні.)
Дауыс.Аттан! Аттан! Аттан!
Дауыстар. Қазақ! Қазақ! Қазақ!
Дотан жырау шошына тұрады. Қолына қобызын алады.
О, кер заман, кер заман!
Кер заман керге тартады.
Күн күлусіз, жер жаман
Кер заман жерге тартады.
Ботасы өлген сорлы нар
Бебеулі белге тартады.
Сақсыры сынған бір сұмдық
Иегін елге артады.
Жүректе жатқан бір жара
Жаныма жебе тартады.
Оң көзім неден бұлдырап,
Сол көзім неге тартады?
Дешті Қыпшақ дертім еді
Оны да марту биледі.
О, қу жалғыз құлыным
Жібектен еді кигені
Алтынна еді сауыты,
Қайыңнан садақ игені
Қабағы қалың қара мұң
Жалғызға тимесе игі еді!?
Үнсіз қалады. «Керей-Жәнібек» әні.
Дотан жырау. Әне, келеді құлаққа. Ән… ән, әлде зар. Әлде жоқтау.
Дауыстар. Аттан!Аттан! Аттан!
Дауыстар. Қазақ! Қазақ! Қазақ!
Дотан жырау. Не дейді, Аллам-ау! Тәңірім-ау!
Қазақ болам дейді ме?
Ғажап болам дейді ме?
Мазақ болам дейді ме?
Азап болам дейді ме?
Жоқ, жоқ, жоқ.
Азат болам, азат болам дейді ме?
Бауыры суық дүние, не дейсің? Нені айтасың? Гөй-гөйің не? Ұғындыршы, ұқтыршы?
Үнсіз қалады (Жарық сөнеді. Тыныштық).
(Орда іші. Қара көлеңке. Тақта – Әбіл-Хайыр. Тақ алдында – Дотан. Әлдебір уіл. Әуен естіледі).
Әбіл-Хайыр. Сөйле, Дотан! Сөздің дуы, ойдың қуы – Дотан қарт. Айт жырыңды!
Дотан жырау. Нені айтайын. Немді айтайын. Аздың көрген қорлығын ба? Көптің қылған зорлығын ба? Әлде барлығын ба? Кешегі қыпшақ нар күнін бе? Бүгінгі зар мұңын ба? Нені айтайын, хан?!
Сауып сұрайтының мен,
Қыл бұрау салып бұрайтының ел.
Бірақ түбінде барып құлайтының жер!
Әбіл-Хайыр. Сөзіңнен суықтық, ойыңнан оппа көремін! Неге бұл ел өкпелі!?
Дотан жырау. Хан сөзінде тұрмағанда, Би уәдеде болмағанда, ел ерек кеткенде, билеуші бөлек кеткенде, халық өкпелейді. Біреудің өкпесі өзінде қалады, рудың өкпесі төсінде болады. Ал алты Алаш өкпелесе, өзіңді алады.
Әбіл-Хайыр. Қарашаның реніші неде?
Дотан жырау. Әбіл-Хайыр-ай, ханда қырық кісінің ақылы бар. Тек он адамның жүрегі жоқ. Амал не? Жұртты ақ орданың алдына әкелер не? Ол тоқтық емес, боқтық емес. Оның аты – жоқтық! Балаңның алдын бас көтере алмай, тілің байлаулы, тісің қайраулы тұрар шағың – жоқтықта! Тігерге – тұяқ жоқ шақта, ойын-сауық па теңің?! Қорқақты батыр, батырды қатын етер де – жоқтық! Қарашаңның малын алдың,көңіліне қарадың ба…
Әбіл-Хайыр. Алсам ел бірлігі, ел тірлігі деп… Көңілдің көркемі үшін емес, елімнің ертеңі үшін!
Дотан жырау. Аларманда айла көп! Берерменде хайла жоқ!
(Екеуі де үнсіз қалады.)
Әбіл-Хайыр. Керей мен Жәнібекті ,оларға Арғын мен Найманды, Керейді қосып жүрген не? Маған не қыл дейді екі сұлтан?!
Дотан жырау. Керей мен Жәнібек. Керей мен Жәнібек. Мендей кәрі кісі таныса осы екеуі самғар аспан, ұшар биік іздеп жүр-ау. Тұлпарды тас қораға қанша қамасаң да, кісінеп шығар шағы болар еді. Осылар ұзақ кетілсе де, тез жетілер қылыштай, қынапта ұзақ жатпас жойқын жас бөрілердей көрінеді.
Әбіл-Хайыр. Ел бөлмек екеудің қасындағы Ақжол бидің жүрісін танымадым.
Дотан жырау. Кейде жас біткен желікке еріп, желекке бөлегеніңді де қызықтап кете береді. Кейде кәрілер ұқпас басқа бір қиыр тауып, бұйырғанын ала береді. Бастары аралас емес, жастары шамалас. Кім біліпті соларды ?!. Әбіл-Хайыр. Жіңішкеден жуан, даладан дуал шығар да болады.
(Гүл-Бахыт хатун кіреді. Дотан шығады.) Гүл-Бахыт хатун. Армысыз, Дешті Қыпшақтың әміршісі! Төрт мұхиттың егесі, кәуір мен мұсылман арасындағы алтын қазық, дін қорғаушысы ұлы Әбіл-хайыр хан!
Әбіл-Хайыр. Кір, төрге оз. Түрің неден жабырқау, түсің неден қашыңқы?
Гүл-Бахыт хатун. Білмеймін, айтсам ба, айтпасам ба? (Елге қарап) көңілде жатқан көп ойдың көк желкенін көтерсем ұғар ма екен Хан ием?! Ұқпас па екен, Хан ием!
Әбіл-Хайыр. Сөйле, сөйле, Гүл-Бахыт! Барыңды бұқпа.
Гүл-Бахыт хатун. Сөйлесем, жаны суық түс көрдім, бір ерекше іс көрдім. Сіз отырған алтын тақ кергіде қалыпты. Табаны биік тұғырлы тақты екі бөрі талқандай бөліп, Ордаңызды отқа жағып жатыр екен. Егер мен білсем, екі бөрі жас сұлтандар – Керей мен Жәнібек. Сіздің әр қателігіңізді қарауылдай қағып, бақауылдай баққан осы екеуі менің қауіпіме құрық бола береді. Әбіл-хайыр (Орнынан тұрады. Ойланып, әрлі-берлі жүреді). Күдігің орынды. Бірақ бұлар бүлік басы болады дегенге көңілім сенбейді. Табандары бүрсіз. Таңдайын бассаң, талағы айырылады. Ордада ойран салар күш пен қуат жоқ оларда. Гүл-Бахыт хатун. Қатар күтпеген жерден келуші еді. Мүмкін ірілікпен байқамайтын шығарсыз. Екі бөрі қатар кіріп келгенде Ақордаңыз дір ете түседі. Әсіресе Керейдің көзі өңменіңнен өтеді. Атасының алынбаған өшін бізден көрердей. Қай кезде де мән бермеген, ескермеген қатер қиын болады ғой. Жан көрмеген жара кейде жаға жыртып жатады. Сондықтан қауіп пен қатерді тоспаған жерден табарымыз хақ.
Әбіл-хайыр. Жақсы. Айтқаныңызды хош делік. Ақыл келесіне салып көрелік.
(Гүл-Бахыт кетеді. Әбіл-Хайыр өзімен-өзі қалады. Өзімен-өзі сөйлесуде.)
Әбіл-Хайыр. Сонда бұл ағайынға не қажет? Нені сұрайды? Жеке ел болып жетіскенін көрерміз. Аптығың басылып, адасып жүріп келерсің. Ежелгі Дешті-Қыпшақты
Ел жасау, ұстап тұру, көңіл қалауын табу мен үшін оңай емес. Бөктіре билегісі келер төрелер, дін діңгегіне байлағысы келер қажылар, еркіндігі еркелігі көшпелі ел, сырт мейманды ұмыта бермес махалла жұрты осы қойыртпақ, бабалары бөлек батпақтан кемелдігі аз керіштен кірпіш жасамақпын. Шарасыз шаруа. Басқа амалым да жоқ. Арғынның айтуы да – сол. Мүмкін Гүл-Бахыттың қаупінің де орны бар шығарекі сұлтанды Ордаға шақырып тамыр ұстап көру қажет шығар (Кетеді). (Орда ішіне күле сөйлесіп, Бахор-Бегім мен Ақжол кіреді.)
Бахор-Бегім. Еркін кіресіз. Еркін шығасыз, Арғынның мырзасы! Алаштың асқағы, Көк тудың бас жағы. Қал берді хан қызымен ашықсыз. Қалауын алып жүрген қазыналы тілегіңіз қалайымен қалып жүрмесін.
Ақжол. Мүмкін түстен кейін жолыққанымыз дұрыс болар. Бұл сезімнің патшалық құрған шағы. Ыстық сезім, суық ақылдан бөлек. Сезімде жалған желкенкөтермейді, шындық тек шындық ту тікпек. Қабағы харам, ар жағы арамдар сұлу сезімнен қашады. Бейнесі көрініп, шірігені ұғылып қалмауы үшін. Ал мен сезімді жақсы көремін. А – а – а – а – у – у – у… сезімді жақсы көремін.
Бахор-Бегім. Сықылықтап күледі. Ақымақ. Бүтін Арғын мырзасы! Мына түріңді өзге жан көрмесін. Қолыңнан келсе, қуып жет. Мен Алтайдың түлкісі, қырдың қызыл түлкісі. Қыран болсаң қағып түс. Жылан болсаң, ағып түс (жүгіріп шығып кетеді).
Ақжол. Қап, мына хан қызы. Қызуымды ала алмас, қызылымды әкетті. Жанарымды ала алмас, жүрегімді әкетті (Кетеді. Сахнаға Қобыланды батыр шығады).
Қобыланды. Жарасқан екен, таласпай табысыпты. Ылығып алған екен, былығыңды шығарамын. Былығыңды.Тілің майда болса да алдай алмайсың Арғынның бөлтірігі. Мүмкін сенде Әбіл-Хайыр оң тізесін басам деп жүрген шығарсың. Болмайды олай! Тетігін табамын бұл Дешті-Қыпшақтың, кетігін табамын Дешті-Қыпшақтың! Көрерсіңдер, көрсетемін көзге түссем де!
Сахнаға Дотан шығады.
Қобыланды. Ей, Дотан! Айт, ана күшігіңе менің ұмтылған асымды аузымен былғамасын. Тартсын аяғын. Әйтпесе кеңірдегін жұлып аламын. Көр топырақ кеудесін басады. Кетемізбен қорқытпақ аз Арғын. Кешегі хан майданда қорғап қалған мен. Иә, мен – Қара Қыпшақ Қобыланды. Енді судан өтіп алған соң керегім, әжетім болмай қалған екен ғой! Жарамай қалғанымды білемін, бірақ жағасыз қалғаным жоқ!
Дотан жырау. Орып айттың, Қобыланды, ал менің қорып айтар түгім жоқ! Егер екі жас бірін-бірі ұнатса, мен не дейін, Қобыланды?! Ханнның қызы алыстан қызықтар қылыш секілді. Өзгеден бұрын өзіңді шауып алу оңай. Бұл арада менің кеңесім есепке алынбайды.
Қобыланды. Түсінемін. Борай шауып, орай салмақсың ғой. Мүләйім түрің мың пәлеге тартады. Айласы мол Арғынның арғы-бергісін түсіне бермейтін шығармын. Бірақ ой ұңғысын танимын. Жалтара түсіп жамбасқа алмақсың. Ол болмас. Осы жолы жүрмейді. Дегенімді, дегенімді істетемін. Дотан жырау. Аулақ. Ары. Ашуыңды тарт. Бұндай пәле ішінде біз жоқпыз.
Қобыланды батыр. Қашан айтты деме, алдыңнан өттім. Қылыш шайнасқан күні, жалғыз ұлың қыршыннан кетіп жүрмесін! (Қобыланды батыр кетеді)
Дотан жырау. Не деді? Не деді мына жаны қара, аузы нас неме?! Осыған жеткізді ме. Расында, сұмдық күн!
Ей, бұлдыр күн, бұлдыр күн!
Кімді, нені бүлдірдің
Құл мінезді қотанды
Босағадан үрдірдің.
Қарағай басы халық деп,
Дарияны ұрған балық деп,
Жалғыз ұлды жүрдірдің!
Дешті деп соққан көңілдің
Сағасын басып сындырдың.
Арманнан асар арғымақ
Тағасын басып сындырың!
(Үнсіз қалады). Арғы жағы түсініксіз… Гөй, гөй…
(Ақжол келеді.)
Ақжол. Әке, түріңіз, өңіңіз қашып кетіпті ғой. Жүрегіңізді қандай жалалы қайғы алып жатыр. Айта аласыз ба? Жоқ, әлде, мына орданың бауыры суық мың пәлесі ме? Жаныңызды күйдірер…
Дотан жырау. Қартайғанда көрген құлыным! Бүгілген белімді түзеген, тантықты тауып түзеген, жарқыным. Адасып тапқан, алтыным. Бұзықты бүгіп әкелген, асылым. Ажырығымды басымнан алған, көзімді басырдан алған, қазынам. Дешті-Қыпшақтың бар қазынасын күн астынан алған күмісі, алыстан алған алтыны, толтырмас қойнымнан тапқан қуанышым. Сенің орның мен үшін тым бөлек. Қабырғам сен үшін қайысады, маң белім сен үшін майысады. Толарсағым сен үшін қар кешеді, көнсадығым сен үшін қан кешеді. Бәрі, бәрі сен үшін – қу жалғыз!
Ақжол. Ғафу. Қадірлі, әке! Сіз мұңаяр не болды, айтыңызшы…
Дотан жырау. Білмеймін, қалқам. Қараша жұрт үшін деп кірісе, кіріге бересің. Ел деген өзі үшін еңіренді етекке тастап жүре беретін мінезге де ие. Байқашы, балам. Байқашы. Ел дегеннің еңіске де, егіске де шыққанын көргенім жоқ. Бұған қоса. Бұған қоса.
Ақжол. Әке, Дешті-Қыпшақтың ділмары, қара сөзді Қаратауға теріс ағызар Дотан жырау Сіз неден күмілжідіңіз.
Дотан жырау. Кәрі жүрегім көңіліңнің хан қызына кетіп жүргенін біледі. Біледі де егіледі. Жан саясын таппағың сүйіспеншілік, ұнату болса, ол бір мұз тектес, алыстан шақырар, жақында ерір сезім. Сезімге қанша иек артуға болады екен. Жас адамның суық ақылды серік етпегенінде шалыс басар кезі көп болушы еді. Ханнның қызы – қол мен көз қыздыруға болғанмен, қойын қыздыруға жарамас қауіпті от. Отын алуға болғанымен, отау жасауға қиын болар. Ойлан. Ойланшы, қалқам. Менікі ақыл. Қызығы алыс күндерден алашағын іздемес тоқталған сөзім тоқтатпаса да, ойлантар. Мен қауіп еткен соң айтамын.
Ақжол. Құп, әке! Ақылыңызды маңдайға байлаған ақтықтай аялап кетемін. Ал Бахор-Бегім… Ешкіммен бөліспес аялы асылым еді. Қиуы қиын сандығымның бетін аштыңыз. Пұрсат берсеңіз. Ақылыңызды елегімнен өткізіп көрейін
(Ақжол кетеді).
Дотан жырау. Жастық-ай. Қауіп пен қатерді, қара мен ақты, от пен оқты сездірмес жалыны биік ажс кезі-ай. Өкпелеуі көп болғанымен өкінуі жоқ бұл бір шақ. Жастанғанын жартас деп, жамылғанын жалқақ деп білмейтін ессіз уақыт. Аман болшы, байқашы, бағланым. Өзің өткен жастық кез түн еместей көрініп, балаң кешкен мезетті зор күдікпен тосар ата жүрегі, әке жүрегі осы шығар. Білген бар ма? Кейін туған бала байқауы аз, дайындығы жоқ, жарауы келіспеген жүйріктей көрінері содан болар. Гөй, гөй дүние…
(Сахнаға Керей мен Жәнібек шығады).
Керей сұлтан. Ассалаумағалейкум, Дотан жырау!
Жәнібек сұлтан. Ассалаумағалейкум, Дотан қарт!
Дотан жырау. Бар болыңдар, атағы елге мағлұм Орысханның екі оғланы!
Керей сұлтан. Абыз мінез, алып ойдың егесі, асыл аға! Бүгін Орда егесі Әбіл-Хайыр шұғыл шақыртыпты. Керек қыла бермес екеуімізді өзгешелеп, қосақтап келтірмес болуынан бөтен мінез сезілгендей ме? Әлде, біз жіп таға алмай тұрмыз ба? Сіз не дейсіз?
Дотан жырау. Кім білсін. Хан ақылына сүйенбесе, Қыпшақты қырқа матап ұстай алмайды. Қауіп көрердей сендер сең бұзып, тұзақ үзген жоқсыңдар. Сұңғыла ақылмен терең тегеурінді бөтен тамыр соғуын байқады ма?! Өрісі мен қонысы алшақ тартқан Арғын мен Найманнан леп тани ма? Маған жұмбақ.
Жәнібек сұлтан. Иә, шетке шығып, кетке барардай біздің жазығымыз жоқ. Біз де нұр иінді Шыңғыс баба, қадірлі хан ұрпақтарымыз! Тебініп келсек, теңбіз. Керіссек, кетісе аламыз. Шайқап ішер Әбіл-Хайыр кімнің шікірасы? Қорлыққа көнер қорқақтық аулы бізден алыс, тұғырына жақпасақ, тұрысатын жерін айтсын.
Керей сұлтан. Сенің қызба мінезің-ай! Болар енді
(Бәрі де үнсіз қалады).
Дотан жырау. Хан қасында от көсеп, Дешті-Қыпшақ дерттен арылмасын тілеп жүргендер көп. Әсіресе сендер секілді жас қанат табынары мен жабығары жоқ бөрілерге жырынды жұрт көмбесі терең қазғанды жақсы көріп тұрады. Өр мінезден өзгешелік, басқалықтан басынғандық таниды бұл Орда.
Керей сұлтан. Біз көптің сөзін айттық. Жоқтың сөзін айтқан жоқпыз. Көктің сөзін көк өзі айтар. Айтсақ, қиналған жұртты айттық. Салықтан саудасы бітіп, сүлдері қалғанды айттық. Көптің көні кесіліп, көнегі тесілгенін айттық. Жоқтықтан жағасы жыртылғанын ескерттік. Артық айтқанымыз, қайырылып қайтқанымыз жоқ. Қарашасының халін ханға жеткізсек не артығы бар? Не келіспепті? Керегі сол емес пе?! Ордадағының ешбір құлағы жоқ па?
Дотан жырау. Ешбір құлақ емес, естір құлақ жоқ. Не айтайын. Алла жар!
Керей сұлтан. Алла жар!
Жәнібек сұлтан. Алла жар!
(Жарық сөнеді. Тақта – Әбіл-Хайыр, қасында – әйелі Гүл-Бахыт. Хан мүлгіп отыр).
Гүл-бахыт. Хан ием, Орыстан туған екі сұлтан дәргейіңе келіп тұр. Сын сағаты соқты. Енді Өзіңіз көресіз. Кірсін бе?
Әбіл-Хайыр керенау басын изейді.
Әбіл-Хайыр. Кірсін.
Сарт-сұрт басып екі сұлтан кіріп келеді. Екеуінің де түрі суыцқ, қабақтары салыңқы. Белдеріне байланған қылыштары сандарын соғады).
(Әбіл-Хайыр тұрмақ болып қозғалып қалады. Тізесіндегі қымыз төгіледі.)
Гүл-Бахыт. Хан ием, байқаңызшы… (Гүл-Бахыт ханның етегін сүртеді. Сырттан жасауыл жүгіріп келеді.)
Әбіл-Хайыр қолын көтереді.
Әбіл-Хайыр. Қос сұлтан! Жұптарыңызды жазбай жабыса жүретін болыпсыңдар.
Керей сұлтан. Егер есіңізде болса, біз ағайын жандармыз.
Әбіл-Хайыр. Бірің жұптап, бірің құптап қисындарыңды тапқан екенсіңдер. Ел сөзін айтар сендер болып шығыпсыңдар.
Керей сұлтан. Атамыз басқа болғанымен, түбіміз бір. Арманымыз бөлек болғанымен, Алашымыз бір. Ел – ортақ. Жер бірге! Сондықтан қарашаның сөзін айтамыз.
Әбіл-Хайыр. Маған ара ағайын керек емес. Ел – менікі. Жер де – менікі. Бұл жұрттың күтімі мен үкімі де маған бұйырған. Тәңірі берген билікті, тамыры бөлек ағайынға арқалатып жіберер алты алашағым, бес берешегім жоқ. Күндес ойың болса, кетер жолың – әне. Арашашым сендер емессіңдер.
Керей сұлтан. Асырып айтқым келмейді, басылып қайтқым келмейді. Билік бөлек болғанмен, ел ортақ…
Әбіл-Хайыр. Жетеді, арандамайын десеңдер ары жүріңдер.
(Керей атып тұрады, Жәнібек бірге ілесе тұрады)
Керей сұлтан. Айттық, ендеше, біз арылдық
(Екеуі кетеді)
Гүл-Бахыт хатун.Жүздері суық, жүрістері суыт…
Әбіл-Хайыр хан. Жетілдік деген екен,желкілдеген екен… Желкелері жалаңаш әлі…
(Үнсіздік. Музыка ойнайды. «Керей-Жәнібек» әні)
2-көрініс
(Дала. Жеке отырған үй. Бесікте бала. Сыртта үрген ит. Мал дауысы.Үй иесі- Жастабан) Жастабан. Апыр-ай, мына хан бұйрығы көп салық, сананы шаршатып, мойынды талдырды. Шыдамасқа апарғысы келіп, әдейі сан шабақтап жатқандай.Қалың Керейді әлдекім түртіп тұрғызғысы келердей. (Сырттан «Келді» деген дауыс естіледі.)
Дауыстар. Келді! Келді!
(Үйге бір топ жұрт кіреді. Жастабан жанына жігіттер барып тұрады.) Жастабан. Жөніңді айтшы, жарқыным!
Бақауыл басы. Кең жайлау жер емес. Хан бұйрығы қатал. Он жылқыңнан бір жылқы, алты аша тұяғыңнан біреу хан қазынасына кетпек. Келісемін десең – осы. Кетісемін десең – керегеңді сындырып, шауып аламын.
Жастабан. Мынау – келістің емес, кетістің – сөзі. Керейдің керегесі сынамын деп сұранып тұрған жоқ. Жер тәңірісі Әбіл-Хайыр болса да, осындағы ел әміршісі – менмін. Көнерім де, берерім де жоқ.
Бақауыл басы. Керей жұрты кең жайылып шет жүресің. Шөре-шөреде шаңыңды таппай қаламыз. Ұзын арқан, кең тұсаудың уақыты өтті. Бағынған жұрт баяғыда бағаналы ордасын тауып болды. Еркін жібергеніміз елсізге кетсін дегеніміз емес. Бос жібергеніміз белгісіз кетсін дегеніміз емес. Шетте жүрсең шекарада, жатпен жүрсең екіарада – қорға дегенім. Бұған дейін бұғанаңа батар жүк салған жоқпын. Бүгін соның күні туды. Келеге кел, ағайын. Келмесең, көндіремін. Он жылқыңнан бір жылқы. Бересің… қолыңнан!
Жастабан. Жоқ, айналайын! Дегеніңе көне алман. Шауып аларың мал десең… Тауып аларың – қастық. Шырғаңды салып, ырғаспай-ақ қой. Бетпақ кетсем де, бетімнен ешкім бұра ламайды. Әбіл-Хайырдан көңіл қалып болған.
Бақауыл басы. Тарт тіліңді. Жоныңнан таспа тіліп махалла алдына қоярмын, қараша керей!
Жастабан. Ұста, жабыл! Өлгенінше дүре соғып, ат көтіне теріс мінгізіп қоя беріңдер. Хан шатыры біз секілді шет шаңырақтан тұрады. Бізден құралады. Сахара жұрт қозғалса, Астана жұрты болмасын білмесе, не дауа? Тіл – тілекті, бел-білекке салып көрейік (Керейлер Бақауыл басын, қасына ерген екі-үш жанды жондарын ашып соға бастайды).
Бақауыл басы. Өлдім! Өлдім!
Жастабан. Өлмесең, өме қап!
Дауыстар. Сол керек!
Дауыстар. Іздегеніңді таптың!
Жастабан. Жіберіңдер. Осы тойғанымен құрысын! (Үнсіз Бақауыл басы басын тұмшалап, жерде қалады).
Жастабан. Ал біз ел шетіне, қиянға ту ұстадық. Не алармыз. Не қалармыз!
(Бәрі кетеді. Байлаулы үш адам қалады. Олар орындарынан тұрады.)
Бақауыл басы. Ендігі ісім сенімен болсын.
3-көрініс.
Хан ордасы. Әбіл-Хайыр Баракат Тусимен бірге.
Әбіл-Хайыр. Сонда Сіз осыған дейінгі жолдан кет, басқа жағалаудан пана тап дейсіз ғой.
Туси. Әлбәттә. Әлбәттә. Бұрынғы жол, көшпелі тірліктегі ұғымдар мансұқ болмақ керек-ті. Есіңізде ғой. Оноу ұлы Шыңғыс хан, жаны жәннәтта болғай, кезінде «ат үстінде жаулап алған елді ат үстінде басқаруға болмайды» деп еді. Негізінен Сізге қарар ағайын көшпелі ел. Ал көшпелі алтынды тапсам деп өмір сүретіндер тұрақсыз, әрі сенмсіз. Даласында мешіті жоқ, аруақ десе арқасы қозарлар ешқашан ханын да қаласын да, қаламасын да – қорғамақ емес. Түз жортқа бөрі-қасқырдан ләкін пайда жоқ. Одан қотанын күзеткен қара төбет артық. Бұған қоса, хан ием, қыпшақ тілі де тым еркін, ләппай таақсырға тым көне бермейді. Қыпшақтарыңыз төрде отырғанды емес, хәм тілі шешендерін ұнатып, соларды артық сыйлайды. Демек, олар – билік, көну, бағыну мәдениетін меңгермеген.
Әбіл-Хайыр. Ефенди, сонда Сіз қалай басқаруды ұсынасыз. Өз ойыңыз. Бөлек түйініңіз, соны айтыңызшы.
Туси. Меніңше, қыпшақ тілінен бас тарту қажет. Қыпшақ тілі тым еркін жандардың бостандықшыл, бүлікшілдер сөзіне ұқсайды. Әміршім, қожайынын да білмейді. Құл сөзінен үрке қашады. Діні де – солқылдақ. Аллалап шауып көрмеген. Аруақтаса орнында тұрмайды. Молаларын Меккедей көреді. Сарайда кемел тілі араб пен фарш ірге алып, текірек қыпшақтың тізесін бүгіп, сәждаға маңдай тірету керек.
Әбіл-Хайыр. Солқыл мойын жұртты сойылмен жинап алу мүмкін болар ма екен?!
(Үнсіздік. Сәлден соң даңғыра қағылады. Бір топ адам кіріп келдеі. Топ басында бақауыл басы. Дотан жырау да бар).
Бақауыл басы. Сұмдық! Сұмдық, әміршім! Шеттегі керей сенімді құлыңды қорлап, аузын қан етіп, жібердім. Мен бәрін істедім. Жайылып жастық та болып көрдім. Кердең немелер керегеге байлап кеудемді, тілімді. Басқұрға байлап, басымнан ұрды. Мен емес… сіздің абыройыңыз қорланды. Сол, сол жанымды күйдіріп барады.
Әбіл-Хайыр. Онда келмей, шылбырыңа асылып өліп қалмадың ба? Малғұн!
Бақауыл басы. Әрине, оны ойладым. Санамды сол буды. Бірақ сұмдық хабарды кім жеткізеді деп алаңдадым. Бәріне көніп жеткен себебім де – сол.
Әбіл-Хайыр. Ал, не дейсің, ақылшым. Не істемек дұрыс.
Туси. Әрине. Көнбегенді көндіру, сенбегенді сендіру қажет. Әскер жіберіңіз. Дешті-Қыпшақтың есті ұлдарын көтеріңіз. Қашуға бейіл, кетуді ойлағандыбайлап-матап әклтіңіз. Шарай топтың алдында басы шабылып, ұлы денесі бөлшектелсін. Өртті қоздырып жүргендерді дарбаза алдына керіп тастаңыз. Көргендер шошынатын болсын!
Дотан жырау. Жоқ, ханым, жоқ! Қорқытумен, үркітумен елді басқару мүмкін емес. Қорқыныш та, үрей де – ел басқарудағы әлсіз әдіс. Қорқыныш қаталдыққа, үрей үгітуге әкеледі. Ел оған да үйренеді. Қаны қарайған жұрт хан қаһарына етігін сүртіп жүре береді. Ойланыңыз. Опық жемеңіз. Көшпелі жұрт көшіп жүре береді. Бағыныштыларыңызды рахым жасап қайтарып алыңыз. Әміршіге әмір ғана емес, қайырым да қолғабыс береді.
Бөз бұлыңды жамандап,
Жібекті қайдан табасың?
Өз құлыңды жамандап,
Көбекті қайдан табасың?
Қазанатты жамандап,
Тұлпарды қайдан табасың?
Қаршығаңды жамандап,
Сұңқарды қайдан табасың?
Жұрт алдына салмасаң,
Парқыңды қайдан табасың?
Күмісіңді жамандап,
Алтынды қайдан табасың?
Қарашаңды жамандап,
Халқыңды қайдан табасың?
Әбіл-Хайыр. Жоқ, тәтті тілдің емес, қатты қолдың кезі туды. Шет кеткен жұрттың көзін шемен басты. Мен жазалауға бейілмін.
Туси. Дұрыс, хан ием!
Дауыстар. Дұрыс. Дұрыс.
Әбіл-Хайыр. Қара Қыпшақ Қобыланды қолыңды ал да, аттан! Көнгенін айдап, көнбегенін байлап әкел.
Қобыланды. Жігіттер, атқа қоныңдар.
Кетеді. Сыртта шу, ат тұяғының дауысы.
Бәрі тынышталады. Бәрі кетеді. Сахнада тек Дотан жырау ғана қалады.
Нараду! Нараду! Нараду!
Нарду өмір нар тектес.
Қайтадан көктен келсе де,
Кеудеңде қалған қар кетпес!
Нараду! Нараду! Нараду!
Нараду нырай дүние!
Нақышын нәнге салдырмас,
Нараду – қобыз сөз басы.
Ақысын әнге салдырмас.
Нараду нәлет бұл жүріс
Қауымға бауыр жегізген
Қасыңда жүрген тамырға
Кәпірдің сүтін емізген!
Нараду! Нараду! Нараду!
Қараңғылық басады.
(Орда шеті. Керей мен Жәнібек.)
Керей сұлтан. Шыныңды айтшы, солай ма? Нені естіді менің құлағым. Абақ ауылын Қобыланды бастаған қол шауып алмақ па? Бұл бола қоймас.
Керей сұлтан. Жоқ, бұл жүріс жарамас. Ожар мінез Қобыландымен бірге Керейге жетуіміз керек. Өрт болмас үшін өзгеше мінезбен, елімдеген жүрекпен араға түсейік. Арашаға, араға жүрейік.
Ақжол сахнаға шығады.
Ақжол. Ағалар, Ақорданың сұмдығын, еліне найза кезеген қалпын көрген шығарсыздар. Әбіл-Хайыр ханның содар қолбасшысы қырып тастамақ, ұрып тастамақ. Жоймақ, бас алмақ. Ара түсіңіздер, барыңыздар. Мен де Сіздерге ермек ниеттемін.
Жәнібек сұлтан. Ендеше біз кеттік. Сен Дотан қартқа жолығып, жай-жапсарын айтып көр. Хан қарашасын аяр. Алдарқатар үмітке сенерім болмаса да, басқа амалым жоқ.
Ақжол. Барыңыздар. Қалың өрттен қазақы болғысы келер жұртты сақтаңыздар. Мен… Мен… Қуып жетемін.
(Керей мен Жәнібек кетеді. Бахор-Бегім шығады).
Бахор-Бегім. Үшбу сәлеміңізді алдық, Ақжол мырза. Неге асыға-аптыға іздедіңіз.
Ақжол. Шақырғаным тек жүрек қалауы, жан қалауы емес.
Бахор-Бегім.Сұрамағың қасқалдақтың қаны, Иран-Бақтың бағы емес шығар.
Ақжол. Жоқ. Жоқ. Менің айтпағым – қара қыпшақ, қарапайым жұрттың жайы. Өзіңе мәлім, шет жайлаған бір қауым ел қарсылығын білдіремін деп қарғысқа ұшырап жатыр. Қара қыпшақ Қобыландының қылышынан қан тамып, есер топты бастап ел жақсысын найза ұшына алып кетті. Соны мәртебелі хан иеме айтып ақ пен қарасын ажыратып, шындықтың шырғалаң жолын таптырып, елді аман алып қалар қарлығаш көңіл, зор мінез жан керек болар деп тұрмын. Қалғаным, тапқаным өзіңсің. Әмірші ханшасының сөзін қаперге алып, қылыш бетін бұрып, дұрыс бетінкөрсетер деп отырмыз.
Бахор-Бегім. Арғынның бұлаң мінез мырзасы есті тұман қылар сөз айтар ма десем, мен бармас қиырға құлаш ұрдың ғой. Орданың ісі кіріспегенім – біліспегенім де. Ханның айтпағаны, айтса қайтпағаны дұрыс қой! Сіз бен біз жұлдыз санап, ай қарап жүргенде Қобыланды әкесі доғал тілімен Әбіл-Хайыр құдасы болғысы келетінін айтып сүлікқара жүз жүйрікті әкеміздің табынына қосыпты. Ақжол, сен ел деп жүріп, белде қалып қоймай.
Ақжол. Не?! Айтқан сөз, байлаған тілек қазығы қайда?
Бахор-Бегім (күледі). Сау тұр. Жолығармыз (кетеді).
Ақжол. Не болып кетті. Тамыры терең дүние ағыныңды ұға алмай тұрмын. Таусылмас тілек, бір соқпақ жүрек. Ол да… Ол да… Сағым.
(Отырып қалады. Жарық сөнеді).
4-көрініс
(Дала. Сахна шетінде – Қобыланды. Екінші шетінде – Жастабан)
Қобыланды. Болды, жарқыным. Көшіңді кері қайтар. Ал өзің маған ер. Артық-ауыс сөзіңді Әбіл-Хайыр алдында айтарсың. Сенімен тәжікелесіп тұрар уақытым да, мүмкіндігім де жоқ. Не бағынып барасың, не байланып, ат көтінде апарамын.
Жастабан. Пах, не деген көп таңдау! Бас қатырып, ес тандырар осы сөздер кеңірдегімді кетуге тіреп тұр. Жоқ, тоқ қарын құл болғанша, ашқұрсақ қазақ болайын. Алтын бұғаудан, бай бағыныштыдан кендір кедейлікті дұрыс көремін. Келеге кірме! Келісімге келмейміз.
Қобыланды. Мен айттым, сен қайырдың, сен айттың, мен қайырдым қадірсіз осы бір сөзді. Ұстаңдар, ендеше. Бәле басы Жастабанды. Өзгесінің мал-мүлкін тартып алып, қойдай қуып айдап жіберіңдер. Кетсін қаңғып.
(Ұрыс басталып кетеді. Жастабанды байлап алады). Дауыстар. Ұр, соқ!
Дауыстар. Өлтір, атаңа нәлет!
Тәңірі ұрсын!
Е, Алла!
(Сахнаға жүгіріп Керей мен Жәнібек шығады. Оған ілесе Ақжол да жетеді).
Керей сұлтан. Тоқтат, Қара қыпшық Қобыланды !
Қобыланды. Нені тоқтат дейсіз? Мына бейбастақты орда емес, қазақтықты таңдаған, босуға бейіл жұртты матап, елге – Ордаға қайырсам деймін.
Жәнібек сұлтан. Керей елін талап-тонауға, ел басшысын байлап матауға сенің хақың да, рұқсат-мұрсатың да жоқ. Бұндағы бейбастақ иесі – сенің өзің. Дау өшіру үшін емес, өршіту үшін келкелді деп білемін өзіңді.
(Ақжол ұмтылып барып, Жастабанның мойнына құшақтайды. Сахна үнсіз).
Ақжол. Ардақты ерім! Жан досым. Аңғал мінез андасым. Керейдің кемелі. Сенің мынау мүбәрак мойныңа қыл арқанды салып жіберіпті ғой қара жүрек Қобыланды.
Қобыланды. Не? Тарт тіліңді, Арғынның шолжаң мырзасы.
(Ақжолға ақыра ұмтылады. Ақжол шегіне беріп Керей қолынан қылыш алып бері шығады).
Ақжол. Қыз алдында, Орда ішінде паң көрінер, қуыс кеуде, нойыс жүрек неме, ақ майданда әуселеңді көрейін.
Дауыстар. Майдан! Майдан! Майдан!
(Екі жақ қылыш ұрысады).
Қобыланды. Текірегі белгілі текешік, белі бұраң бұқашық, аптығыңды басайын!
(Ақжол жеңеді,Ақжол астынан Қобыланды айғайлайды). Қобыланды. Сауға!Сауға!
Керей сұлтан. Қайтесің соған қолыңды былғап, жіберші сол итті…
(Қобыланды кетеді) Қобыланды. Көрерміз, Жабылдыңдар… (Бәрі күледі)
2-бөлім
5-көрініс.
(Хан ордасы. Тақта Әбіл-Хайыр хан. Оң жағында – Туси, сол жағында – Дотан жырау, ортада Қобыланды батыр, шетте – Жастабан, Ақжол. Жырақтан Гүл-Бахыт хатун, Бахор-Бегімдер көрінеді. Алыста – адамдар, Қобыланды әкесі)
Әбіл-Хайыр хан. Дешті-Қыпшақ елі! КешегіАзаулыдан Марғауға,Қап тауынан Алтайға дейінгі аралықты алып жатқан, кеудесіне Қыс пен Жаз, Ай мен Күн, Таң мен Түн қатар сиған манаура мекен Егелері! Сені кеше атамыз Шайбани де билеген. Әрине Орысхан, Барақ хан орны ерек, құрметі бөлек. Біз кешегі күні мен түні алтын Алтын Орда дәулетінің бөлігіміз. Елдің басын оңай шаруа емес. Биліктің жолы қыспаққа толы. Тар жолда табанымыз тесіліп жүріп алтын таққа жеттік, мені де тағдыр аяған жоқ. Құлдықта жүріп құрық алдық. Балалық шақ бұлаулы көз, сұраулы қолмен өтті. Күркіреген Көк Орданы Ноғайлы, Мұстафа хан мен Мұхаммед хан боршалап бөліп, арқалар алып кетті. Иә, мен қаталмын. Жетіскеннен емес. Жекіспегімнен де емес. Бар ақыл дұрыс. Тек дұрыстың дұрысы – қылыш. Қылышта екі сөйлеу жоқ, құбылу жоқ. Жегіну жоқ. Егілу жоқ. Бүгін тағы да Орда бұзып, Керей-Уақ рулар келеден кетіп, кереге сындырды. Оған сыпсың сөз желік беріп отырған Орда ішіндегілер екендігін де білемін. Бүгін бет көрісер шақ. Мен дегенің бекін де, тізе қос. Өзге деген өрісін тапсын. Былқылға бұнда орын жоқ. Қара қыпшақ Қобыланды шығаннан шыққан Жастабанды сойылдап байлап әкелмедің. Бұйрығы орындалмайтын ханның не өзі әлсіз, не елі шашылып кеткен. Не айтасың, Қобыланды?
Қобыланды. Елін тоқтаттық. Ерін байладық. Тек …
Әбіл-Хайыр хан. Айт, шешіл.
Дауыстар. Сөйлесеңші.
Батыр болмай, құрып қал!
Аузыңа тас тығылды ма?
Қобыланды. Айтсам, Жастабанды жанторсықтай қанжығаға байлап әкеткелі тұрғанда Ақжол мырза мен Керей сұлтан, Жәнібек сұлтан қолымды қағып алып қалды. Ақжол құны мен үшін жанқадан кем. Ал сұлтандарға қарсы шығар күш болғанымен, жолым жоқ. Сұлтанның басы қарашаның қылышымен алынбайды.
Дауыс. Паһ, шіркін, ен деп көсіледі, мынау!
Керей сұлтан. Менің басыма қызыққан өз басының да жағдайын ойласын. Әбіл-Хайыр хан, Тәңірі жазып тақты алдыңыз, шын егесі екендігін ел біледі. Бірақ қаталдықтың да шегі бар. Қаталдық шегі елден айырады. Қылышпен жаулаған қылышпен басқара алмайды.
Әбіл-хайыр хан. Өткен жолы да сіз бен біз Қыпшақтың жайын кеңескен секілді едік. Ортақ сөзге келмесек те, ұғынардай айтып едім. Ұғысар жерді таппасаң, шығысар жерід де табамын.
Жәнібек сұлтан. Аға тұрып, іні сөйлегеннен без. Бірақ елдің намысы аяқасты болып кетіп баар жатқанда, үнсіз қалу ініге де жарамас деп тұрмын. Біз айтсақ, бабамыз Орысханнан қалған Көк Орданың тағын айтып тұрған жоқпыз. Барақ ханнан қалған Дешті-Қыпшақтың тағын айтқанымыз жоқ. Айтсақ – Дешті-Қыпшақтың, дертті Қыпшақтың мұңы мен наласын айттық.
Әбіл-Хайыр хан. Сұрарым сендер емес. Сұрағым, қараша құл – Жастабанда. Құрық бұзған немені ырыққа көндірмекпін. Ал сендермен әңгіме басқа.
Керей сұлтан. Керей жұртын елге қосуға Дешті-Қыпшақ қосынынан көруге бізде бейілміз. Бірақ ашуып алуға қарсымыз.
Ақжол. Әсіресе тоңмойын Қобыланды ол жаққа бармасын.
Қобыланды. Ей, Ақжол! Мен сенің әкеңді өлтіріппін бе? Әкең аман. Аузыңды бағып сөйле, текешік!
(Қобыланды қылыш ала ұмтылады. Ақжол жағынан Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтандар қарсы шығып, шеп құрып тұра қалады. Екі жақ үнсіз. Сәлден соң дауыстар естіледі).
Дауыстар. Жарып таста!
Ұрып таста!
Әбіл-Хайыр хан. Тоқтаңдар, түге! Болды, жетеді. Мәжіліс тәмам.
(Бәрі кетеді. Сахнада тағында – Әбіл-Хайыр қалады).
Туси. Айттым ғой, әмірім, бұлар басқаруға жүрмейтін, айдауға көнбейтін дала шайтандары! Жын иектеген немелермен сөз қысқа. Құрту керек.
Гүл-Бахыт хатун. Дешті-Қыпшақтың жалғыз қожайыны! Ұлы даланың егесі! Байқасаңыз, екі бөрі Ордаңда қылыш алып, қарсы шығуға жарап қалыпты. Жақтастары да бар екені танытты. Бұл бар іріңнің әбден пісіп жетілгенін көрсетеді. Ендігі қалғаны – бөрілердің тілерсегін кесіп, апанында тұншықтыру.
Туси. Әміршім, кең даланың кемел егесі! Босаған тақтың шегесі! Жөн сөз – осы, артығы жоқ ақыл да – осы! Бастаңыз, басып алыңыз, біз Сізбен біргеміз. Барлық Қыпшақ соны тілейді. Іске сәт! Бәрәкалла, дұшмандарыңыз жер құшсын! Аллаһуакпар!
6-көрініс.
Дала үнсіздік. Екі адам жеке шығады. Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан.
Керей сұлтан. Байқасаң, соңымыздан ерген жан бар секілді, кешеден бері, аңғарасың ба?
Жәнібек сұлтан. Иә, өзгеше біреу соңымыздан түскендей. Әбіл-Хайыр хан ағаш оғын атып болып, шын қимылға кіріскен сияқты. Мынау оқшау жүргендер кімдер?
(Екеуі шегініп сахна шетіне кетеді).
Ақжол. Өкпең орынды. Елмен бірге соның мұңы сенен алшақтатып әкеткен.
Бахор-Бегім.( Күледі). Ел мұңы сонша менен алыс дүние ме екен?
Ақжол. Алыс. Өте алыс.
Бахор-Бегім. Қанша алыс?
Ақжол. Ақ Ордадан налалы Найманның, ашынған Арғынның, күйінген Керейдің көз жасы көрінбейді.
Бахор-Бегім. Қалың жұртқа айтатын сөзін әдепті жігіт қызға айтар болмас.
Ақжол. Мүмкін. Елмен сені бөлгім келмейді.
Бахор-Бегім. Бөлуге тура келер. Білуімше, қара қыпшақ Қобыландыны Ордаға матап байлау үшін мені құрбандыққа шалатын секілді. Сонда Қобыландының қолына өзгеше билік түседі-мыс. Хан күйеу баласы Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтандарға қылыш көтере алады. Бәрінің есебі түгел.
Ақжол. Сен ше? Сен не дейсің?
Бахор-Бегім. Мен, мен байлаулы қозы. Қанша еркін бол, өр бол, мен де шартты күні шалынар Орданың қара лағымын. Затым — әйел, етегім – төмен.
Ақжол. Жоқ, олай болмақ емес. Дешті-Қыпшақ ханы қызы байлауда кетуі мүмкін емес.
Бахор-Бегім. Мүмкін, әбден, мүмкін. Мені алған жан Орданың күйеу баласы деегн атақты қоса алады. Оның ар жағында хан құдалары бар. Мен үлкен саясаттың көзге көрінбес арқанымын. Менің тәнім – Орда меншігі. Ал жүрек қалауы ешкімге қажет емес.
Ақжол. Ендеше мен өзгеше шешім қабылдадым.
Бахор-бегім. Не шешім?
Ақжол. Жастабан! Жастабан!
Жастабан. Армысың, жан досым, андасым!
Ақжол. Анттасып табысқан дос, мен деген дос!Мен үшін шыдар жан.
Жастабан. Іле бер, дар үкіміңді. Бәріне көтеремін. Көнемін.
Ақжол. Біз сенімен ілісіп шығанға шығып, қазақы болып кетпекпіз.
Жастабан. Не десең де, келісемін. Ханның қызы әрі замандасым Бахор-Бегім, сен ренжіме, біздің көңіл қалып болған. Шамасы, Керей және Жәнібек ағалармен келіскен істерің болды-ау, мынау!
Ақжол. Жоқ, олар білмейді.
Жастабан. Онда неге анау тұста екі ағамыз тұр.
Ақжол. Білмеймін. Жүріңдер, барайық.
Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан сахнаға шығады.
Керей сұлтан. Көрдім, көрдім де ұқтым. Қатар соққан екі жүрекке бөгет болмайық дедік.
Жәнібек сұлтан. Дедік те, шегініп тұр едік.
Жастабан. Шет жағасын естіген шығарсыздар. Жастар шешім тауып бөлек кетпек. Біәз Керей ұрпағы ауа көшіп, мынау қарасы көбейіп бар жатқан ақ Ордадан алыс өріс іздеп көрмекпіз.
Керей сұлтан. Дұрыс. Жөн. Бірақ Дотанның жалғыз ұлы, Арғынның маңдайға басқан жамбысы Ақжол ауыр парызды тастап шыға алр ма екен?! Хан қызы бахор-Бегім байлауын үзе алар ма екен? Айналайын, Жастабан, Абақтың ардақты ұрпағы, екі жастың жайлауын тапқанымен, сайлауын таптыңдар ма?
Жәнібек сұлтан. Несі бар, Керей аға! Жастар шешесе, біз қостайық. Тек күдікшіл Әбіл-Хайыр іс басында біз тұр дер. Сендермен біргеміз.
Керей сұлтан (Қолын жаяды). Көңіліңнен күн тусын!
Алдарыңнан ай тусын!
Арғын ата үйінде
Ақжол өзің секілді
Елім деегн ұл тусын!
(Дәл осы кезде сарт еткен дыбыс естіледі. Керей сұлтан құлап түседі).
Жәнібек сұлтан. Не болды, Керей аға?
Жастабан. Атты бір сұр мерген. Аңдап келген ата жау.
Ақжол. Ұстау керек. Тұнығымды лайлады.
(Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан қалады).
Керей сұлтан. Қайран жұртым! Алыс арман ел мұңы. Мәңгілік елге мәңгілік арман!
(Жәнібек сұлтан үнсіз. Бахор-Бегім отыр. Ақжол мен Жастабан біреуді сүйреп шығады).
Ақжол. Ордадан көргенмін. Қанын ішіне тартқан қарақшы көзінен тіксініп едім. Бахор-Бегім, білесің бе, бұны?
Бахор-Бегім. Білемін. Бұл – әкемнің кісі өлтіргіш жендеті Бұзырық. Әке-шешесі жоқ, бала кезінде моладағы адамдардың аршып алып етін жепті деп еді әжем.
Жастабан. Астапыралла! Ендеше Әбіл-хайыр хан өлтірер оғын, улы оғын атқан екен.
Жәнібек сұлтан. Келісімнен кеткен екенбіз. Шеп ашылды. Майдан алаңы шейіттерін тосады. Іздегенім бұл емес еді. Амал не?
7-көрініс.
Керей сұлтаны қосыны. Төсек үстінде – Керей сұлтан. Ауыр тыныстайды. Төсек аяғында, жанында – Жәнібек сұлтан, Ақжол, Жастабан, Найман адамы бар. Кішкене балалар, сыртта ағайын бар екені, жұрт лебі сезіледі.
Дауыстар.
1-дауыс. Сақтай гөр!
2-дауыс. Ей, алла!
3-дауыс.Өзің қолда! Сұлтанымызды қолда, тәңірім!
Керей сұлтан әлсіз басын көтерді.
Керей сұлтан. Лебізімді тосқан дос көңіл! Не тосасың сен менен! Дос пен жаудың арасы ашылған тұс бұл. Атаның бағын іздегенмен де, тағын іздемеп едім. Дешті-Қыпшақтағы рухы дертті жұрт айналып мені тапты.Сарала ту көтеріп, сайланыа шығарым жоқ деп ем. Шарам не? Шабақтап осыған жеткізді. Не де болса, бекініп-бекініп, бөлек шықсақ, беліміз шыдай ма, ағайын бауыр?!
Дауыстар. Шыдайды, сұлтан!
Баста, сұлтан!
Сендік те, ердік сұлтан!
Сұлтан! Сұлтан!
Керей сұлтан. Ендеше Жәнібек сен соңғы рет Әбіл-Хайырмен сөйлес. Арыла айт! Көнсе, Дешті-Қыпшақ ішінде бөлек Ордамызды тігеміз! Қасыңа Жастабанды, Ақжолды, ал Найманнан Кет-Бұғадай асылдың тұқымы Матайды ерьіңдер. Керісуге тырыспаңдар! Келісуге тырысыңдар!
Жәнібек сұлтан. Дұрыс Сіздікі! Бірақ Әбіл-Хайыр хан мәміленің ісін жасап отырған жоқ қой!
Керей сұлтан. Амал не? Ел болу үшін жеке Орда тігу үшін көп дүниеге көнуге тура келеді. Егер бұған дейін Дешті-Қыпшақтың қателегі үшін Әбіл-Хайырды күсталаса, енді екеуіміз найза ұшында боламыз. Бостандық босып шығып, жата жайылу емес. Бар міндетті, бар жауапкершілікті, бар сұрақтың бар жауабын мойныңа алу да.
Үнсіздік.
Керей сұлтан. Ал барыңдар. Алла қолдасын!
Жәнібек сұлтан. Ал, атқа қоныңдар! (Бәрі кетеді).
Әуен естіледі. «Керей мен Жәнібек»
8-көрініс
(Хан ордасы.
Әбіл-Хайыр хан, Туси, Бақауыл басы, хан артында Гүл-бахыт хатун, алдында Қобыланды батыр)
Әбіл-Хайыр хан. Бақауыл басы, білгеніңді баянда!
Бақауыл басы. Білерім, Есен-Бұға Керей мен Жәнібекке сөз салып, жіптерін босатып жүрген көрінеді.
Әбіл-хайыр хан. Сонда ол нені емексітеді? Қандай Әбілхаят суын ұсынбақ. Хан жұмағы тағы ғой, оны ұсынбас.
Бақауыл басы. Ішқырнасын түсініп болғаным жоқ. Білерім, қоластына алып жеке Орда тігіп бермек.
Әбіл-Хайыр хан. Бір орданың ішіне екі сұлтан сия ма екен?!
Туси. Иә, аталары бірге болғанымен, әкелері бөлек емес пе?!
Әбіл-Хайыр хан. Ханның бағы, тағы ғана. Тағы кетсе, бәрі кетеді. Бірігіп бағынуға болады, бірігіп басқаруға болмайды (Хан орнынан тұрып жүре бастайды. Сахна шетіне келеді. Өзімен-өзі сөйлесе, елге қарап тұрып ақтарылады). Осы билікті сан таластың ішінен қан таластан ішінен алып шықтым. Қаталдық қанымда да бар шығар-ау,бірақ жаныма да жара сала орнады. Ылғи да өзгеше түс көріп оянамын. Түсімде ерекше салтанатпен көсіліп бара жатқан көшті көремін. Ал мен көш соңынан жүгіремін, жете алмаймын. Айғайлаймын, дауысым шықпайды. Содан соң төмен құлап кетіп бара жатамын. Қарансыз жатып, қара терге түсіп оянамын.
Күшпен алған бөтен таң, айламен алған бөгде таң сырғып жылжып бара ма? Жоқ, барақ пен Орысхан қайта тіріліп келсе де, берерім жоқ селкеусіз соңғы майданға шығамын. Күш пен айла, ақыл мен қуаттың алмас қамалы жоқ. Шайқасып өлемін. Шайбани ордасын шайқалтпаймын. Жасап жібермеген бұл билік неге сеп?! Шайқасып өлу керек. Беріспей. Ұстаған жерде, тістеген жерде (Қайтады. Орнына барып отырады)
Әбіл-Хайыр хан. Қашан еді? Жүністің бізден көмек сұрап келгені?!
Туси. Былтыр болатын, хан ием!
Әбіл-Хайыр хан. Қазір Жүніс қайда жүр?
Бақауыл басы. Бізден кеткен соң, Моғолстанның шығысына жылжып кетті.
Әбіл-Хайыр хан. Жүністен Есен-Бұғыға төнер қауіп қаншалықты күшті. Жүністің Моғолстан тағына отырар пәрмені бар ма?
Бақауыл басы. Әлбетте, хан ием! Егер біз демеп жіберсек, Есен-Бұғының бағы қайтары анық.
Әбіл-Хайыр хан. Ендеше Керей мен Жәнібек үшін мүйізі сырқырап жүрген Моғолстанның Ордасын от салып көрерік. Ақымақ немелерді жаяу қалдырып, ат үстінде сөйлесейік. Жүніске хат даярлаңдар!
Бақауыл басы. Туси. Мақұл, хан ием! Әміріңіз құлдық кетеді.
Сахнада Әбіл-Хайыр хан, Гүл-Бахыт хатун, Қобыланды қалады.
Қобыланды. Рұқсат етсеңіз, мен кетейін.
Әбіл-Хайыр хан. Қара қыпшақ Қобыланды, соңғы кезде Орда үшін жан салып жүрмегендейсің. Әлдебір айта аламай жүрген тіс арасындағы тілегің бар ма?
Қобыланды. Менің сырым, Сізге ертеден мәлім. Әкем де алдыңыздан өтті. Егер Дешті-Қыпшақтың маңдайына басқан хас сұлуы Бахор-Бегімді отауыма қондырсам қаратабан құлыңыз болып өтуге бейілмін.
Әбіл-Хайыр хан. Егер Орда үшін жаныңды қисаң, мен де қалағаныңды қидым. Солай, емес пе? Гүл-бахыт хатун?!
Гүл-Бахыт хатун. Иә, хан ием! Дешті-Қыпшақтың алтын діңгегі Әбіл-Хайыр хан! Қыздың заты – әйел. Ал әйел кім оттық салса, соның маңдайын нұрландыратын шырақ. Мынау алмағайып заманда әйел тұтқын болып барып, қас жауының балаларының анасы да болуы мүмкін. Бәрі де өтіп, бәрі де ұмытылып, ана жүргеі ақ туын көтеріп шыққанда кешегі қапас үні жұмаққа айналып жүре береді…
Әбіл-Хайыр хан. Солай, Қобыланды батыр! Біз құрық бердік. Ырық өзіңде!
Қобыланды. Бірақ анау Ақжол би көлденең түсе береді. Бахор-Бегім көңіл де сонда секілді.
Әбіл-Хайыр хан. Пәлі, Қыпшақтың қабырға батырына бозбала Арғын не істей қояды?! Қызға кім сөз салмайды? Тек біреуі ғана ауыз салады.
(Әбіл-Хайыр хан мен Гүл-Бахыт хатун шығады. Сахна шетінде бір-біріне қарайды. Өзара сөйлеседі.)
Әбіл-Хайыр хан. Осынымыз тым былжырақ емес пе? Қалжырап қалды.
Гүл-Бахыт хатун. Қызықтырдық қой. Енді үзіп-жұлып көрсін. Арыны жетсе алар, тамыры жетпесе қалар.
Қобыланды. Не дейді?! Тәңірім-ау! Шынымен бағымның ашылғаны ма№! Құдай бар екенсің ғой. Құдай! Құдай! Әне келе жатыр екен ғой. Періштем, періштем-ай, жүрегім соғып кетті ғой. Жүрегім. Қазір, қазір. Абдырап кеттім ғой. Анау шетке барып жүрегімді басайыншы…
(Кетеді. Шетіне барып тұрады.
Сахнаға Бахор-Бегім шығады. )
Бахор-Бегім. Қайран жүрек. Ала көңіл ал қашып, тыным бермейді. Қаһарлы әкем, ардақты анам тұрғанда мен де бәрі бар. Тек маза жоқ. Кеуде тұсым Ақжолды көргенде өзгеше күмбір күйге басады. Күбірлі ойларым үрейлі де тәтті. Армандарым атшысыз күймедей, тау асып, тас басады. Құстың сүтін у деген қайғышыл қалауым, сен мені ескексіз көк теңіздің ортасына тарта бересің. Міне тағы тұрмын, ұят пен махаббат, міндет пен үмбет арасында отқа оранып
(Сахнаға Ақжол шығады).
Ақжол. Ғафу. Ғафу. Бахор-Бегім. Ханшасын тостырған қарашаны кешіре көріңіз!
Бахор-Бегім. Хан қызына қол созса, Арғынның ұлы қараша емес, қараша болса да, аласа емес. Бірақ менің сезімге толы, сенімі аз көңілім әр қиырға тарта береді. Ақжол сенің үшбу хаттарыңды алған сайын… алқына оқимын да таусыла даусыңды тосамын… Ал сен ылғи да ел жұмысы Арғын елінің қауырт шаруасымен жүресің.
Бахор-Бегім (Сахнаның алдыңғы жағына шығады). Білсең ғой, Ақжол. Сені әр көру қыстан өткенқарттың жаңа шыққан күнді тосқанындай тосу.
Сені тосу. Бағдат асқан керуенді тосқан диван секілді.
Сені тосу… Райхан гүлі қашан шығады деп шыңыраудан шелек тартып, әр жапыраққа үңілер тамырындағы топырақты алақанымен елеген бағбан секілді.
Сені тосу… Қапас зындандағы қақпашылдарына құлақ салған бейбақ тұтқын секілді. Құтқарушысы ма, құртушысы ма, білмейді. Тосады, тосады?! Қорқа, үрейлене, шошына. Жаным әрі жендетім, Ақжол Қара Қыпшақ Қобыландыға аяқ-қолымды байлап бермек – өз туған әке-шешем. Бөтен, бірақ бөтен болса да, құтқарушым, Ақжол! Тар жол, зар жол, адасқан ар жолы сен соны білесің бе, Ақжолым?! Ханның ұлы жасағанша, құлдың ұлы неге жасамадың? Жаратқан, қызығы аз, қызығуы көп қыз күні осы!
Ақжол. Неге ойланып кеттің? Әне тосқан ел абдралы. Қалың Керей, қабырғалы Найман, аға баласы Арғынды далағы қалдырмасы анық! Кетеміз, жаным. Кетеміз. Жалғыз емеспіз.
Бахор-Бегім. Қорқамын мен сенің мойныңа байланған жүрмес кеменің зәкірі болама деп қорқамын. Сау басыңды саудаға салып жібергенім жоқ па?! Мені Хан әкем жіберіп қойып қарап отырмайды ғой. Әбіл-хайыр ханның шет жайлаған керей, найманы кетсе көл қоршаған қамысы кетер!.. ал қызы кетсе Намысы кетер. Қалыстың жарасы жеңіл болар, ол Намыстың наласы. Ойланшы, ойланшы жаным. Мен екі дүниеде де сендікпін. ( Екеуі құшақтасып үнсіз тұрады).
(Сахнада Ақжол жалғыз қалады.)
Ақжол. Бахор-Бегім. Мынау ағы аз өмірімнің өшпес бояуы, сөнбес алауы. Мен де Мен де сендікпін. Мен де. Мен де (айғайлайды).
(Сахнаға баспалап Қобыланды шығады. Қасында адамдар бар.)
Қобыланды. Ханның қызын құшағыңа қысып, буың бұрқырап тұр ма?
Ақжол. Бұрқырағанын білмеймін. Жаным шырқырап тұр.
Қобыланды. Сен мұнда қыз ақылын тілмен аулап жүргенде мен ханмен келісіп-пішіп қойдым. Қыз – менікі. Табаныңды жалтырат, тіліне сенген неме!
Ақжол. Қара қыпшақ Қобыланды, өткен жолы абыройдан айырылып, басыңды бұтыңа тығып кетіп едің ғой. Сол жететін шығар. Ашуыма тимей кете бер.
Қобыланды. Иә, ол жолы жақтастарыңмен жабыла түсіп, қапыда қалғанмын. Бұл жолы ол болмас. Әрі өзіңнің азғаныңмен ғана емес, ханның қызын да аздырып алып кетпексің. Ол болмас. Мен болашақ жарымды сен секілді көксоққанға қоспаймын. Ұстаңдар!
(Бәрі жабыла кетеді. Қобыланды Ақжолдың ішіне қанжарын салып жібереді).
Ақжол құлап түседі.
(Музыка, күңірену. Сахна үстінде арлы-берлі жүгірген адамдар. Бәрі тұра қалады. Ақжол басын көтерді. Үнсіздік)
Ақжол. Арман. Ұлы арман. Кәрі әкем. Жас ғашық…
(Құлады. Музыка. Қайта үнсіздік).
Сахнаға Дотан жырау шығады.
Дотан жырау. Айттым-ау. Айттым. Айттым-ау!
Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?!
Сексен асып таянғанда тоқсанға
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным?
Тәтті еді ғой қылығың
Өкпесі жоқ дәл саған
Дешті-Қыпшақ ұлының.
Сен туғанда той жасап ем
Көні қатқан көбендерді тойдырып
Сонда, сонда сен ұзақ ғұмыр кешсе деп тіледім.
Алтыннан салдым бесігіңнің шүмегін
Таңдайдан бал тамыздым сен үшін.
Сен өлгенше өлмеймін деп,
Ажалмен де жасап едім келісім.
Отқа түстің осы Қыпшақ елі үшін.
Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?
Аллам-ай, Аллам-ай! Ал менің тірлігімнің мәні жоқ.
Музыка. У-шу. Қараңғылық.
9-көрініс
(Хан ордасы. Туси. Бақауыл басы. Гүл-Бахыт хатун, Қобыланды, тағы басқа кісілер.)
Қобыланды. Хан ием! Өлтірмек ойым жоқ еді. Намысыма тиді. Өзі ғана емес, Бахор-Бегімді де ал кетпек.
Әбіл-Хайыр хан. Әкеліңдер, Бахор-Бегімді!
Бахор-Бегімді екі жағынан ұстап әкеледі. Кіре бере Қобыландыға қанжармен ұмтылады.
Бахор-Бегім. Қанышер, көріңде өкіргір!
Әбіл-Хайыр хан. Тоқтат! Есіңді жи!
(Гүл-Бахыт хатун қасына келіп шапалақпен тартып жіберді.)
Гүл-Бахыт хатун. Сен не істеп жүрсің? Айт, жаныңның барыңда, ана антұрған Ақжолмен бірге кетпек пе едің?
Бахор-Бегім. Иә, иә, кетпек едім. Қайда болсын. Мен, мен бәріне кінәлі. Мен созып жүрген. Мен.
Әбіл-Хайыр хан. Ендеше тыңда, сені бүгіннен бастап мына Қара қыпшақ Қобыландыға қосамын. Батырдың қосынына апарып тастаңдар.
Қобыланды. Тәубә, тәубә! Құдай берді.
Бахор-Бегім. Малмен өтер ғұмырым өліммен, өліммен тең.
(Адамдар Бахор-Бегімді алып кетеді)
Бақауыл басы .Жәнібек сұлтан бастаған ел Орда ішіне келді.
Әбіл-Хайыр хан. Не дейді?
Бақауыл басы. Бөлініп кетпек. Қалу үшін өтеуіне Қара қыпшақ Қобыландының басын сұрайды.
(Сарт-сұрт басып Жәнібек сұлтан, Жастабан, Матай бастаған топ кіреді.)
Жәнібек сұлтан. Әбіл-Хайыр хан, сенімен сөз біткен. Қар қыпшақ Қобыландының басын бер, ел боламыз. Басын бермесең, тұрысатын жеріңді айт, қан боламыз.
Қобыланды. (өзіне-өзі) Мен емес. Мен емес.
Әбіл-Хайыр хан. Бере алмаймын, ол – бүгіннен бастап менің туысым.
Жәнібек сұлтан. Иә, ұлысып табысқан екенсіңдер. Ендеше…
(Жасауыл жүгіріп кіреді.)
Жасауыл. Бахор-Бегім өзін-өзі пышақтап тастады.
Әбіл-Хайыр хан. Не дейді? Не?
Жәнібек сұлтан. Бүлінген ел, болған Орда. Іргеміз бөлек. Кеттік.
10-көрініс.
Дала. Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан.Өтіп жатқан адмдар.
Жәнібек сұлтан. Әне, кетіп барады. Жаңа көш, тосын тілекпен, үлбіреген үмітпен.
Керей сұлтан. Соңғы қарағандарыңда қанша адам? Анығына жеттіңдер ме?
Жәнібек сұлтан. Екі жүз мың адам.
Керей сұлтан Екі жүз мың жүрек бір арнаға құйылсақ деп барады.
Жәнібек сұлтан. Бір ел болсам дейді. Әне. Ақ жол бидің, Арғынның ақ туының ашылмай құлаған, жанбай сөнген шырағының сүйегін әкетіп барады.
Керей сұлтан. Қадірлі қартым, Дотаным, бүлінген беліңді, сынған қабырғаңды емдер сөз таба алмыз ба мынау қазақы елдің аты – Қазақ, ұраны – Ақжол, ру ағалары – Арғын болсын!
Жәнібек сұлтан. Жақсы аға!
Керей сұлтан. Қанша ел еңіреп қалды. Бәрі есте. Тоқтамыс пен Едіге егесінен Алтын Орда құлады. Біз Дешті-Қыпшақ шаңырағынан шайқап бөлек отау тігіп барамыз. Ақтай аламыз ба ел үмітін, Жәнібек!
Жәнібек сұлтан. Ақтаймыз, аға!
Керей сұлтан. Дотан қарт арғы аталарың Орысханның атынан қорқам деп еді?! Не айтқысы келді екен?
Жәнібек сұлтан. Білмеймін аға!
Керей сұлтан. Өз ұлтына аш қасқырдай шабатын елді өзгеге телитін, түркі тілін менсінбейтін Әбіл-Хайыр секілді, бізден де Әбіл-Хайыр шығар ма екен?
Жәнібек сұлтан. Білмеймін аға! Білерім, жаңа жол басталды. Жаңа жол. Нұрлы жол. Мұратымыз – мәңгілік ел, аға!
(Ән «Керей-Жәнібек»)
Сахнада Н. Назарбаев суреті көрінеді.
Соңы.
Кереку, 2014
«Шын-ақпарат»



