Қазақстанда алкоголь өнімі қолданылмайтын ауыл бар десе сенесіз бе? Иә, түсінемін, сенбеуіңіз мүмкін. Өйткені, қанымызға «арақсыз қонақ күту, той өткізу мүмкін емес» деген қағида әбден сіңіп қалған. Дегенмен, нануыңызға тура келеді, ішімдік ішілмейтін ауыл бар. Бір емес, екеу. Ең қызығы – олар қазақы қаймағы бұзылмаған деген аймақтарда емес, солтүстік өңірде болып шықты. Тұрғындары түгел молда да емес, қарапайым мұғалім, малшы, егінші, тракторшы…
Сонымен, сайтан суға «жоқ» деген бұл ауыл қайда екен? СҚО Тайынша ауданы Теңдік ауылында арақ ішілмейді. Арнайы сапармен ат басын бұрдық. 115-тей түтіні бар екен. Ақсақалдарымен сөйлестік. Орынбай атамен тілдескенімізде: «ауылымызға ішімдік кірмегелі 10 жылдан асты» деді. Таңғалыстық. Қуандық. Аллаға шүкір айттық. Көз жеткізу үшін дүкендеріне барып көріп едік, расымен де жоқ екен. Орынбай ақсақал «мұндай жетістікке жету жолын» былай түсіндірді: «Қателеспесем, 2003 жыл болуы керек, Бас мүфти «оразада ішімдік сатуды тоқтатайық» деп үндеу тастаған болатын. Біз оған іспен жауап беруді мақсат тұттық. Рамазаннан кейін ауыл болып ақылдасып, ішімдікті біржолата доғаратын болып шештік. Содан бері қаншама той өтті!? Ешбір үйде ішімдік ішілген жоқ. Өзім де екі бірдей баламды үйлендірдім.
Орынбай ақсақал бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып, бір ауыз сөзге тоқтай білген ауылдастарына дән риза.
Біле жүріңіз, Көкшетаудан 100 шақырымдай әрідегі Мәдениет ауылында да ішімдік ауызға алынбайды екен. Олардың мұндай «мәдениеттілікке» қол жеткізуі еріксіз сүйсіндіреді әрі таңғалдырады. Мәдениет ауылында туып-өскен азамат облысқа Бас имам болады. Нақтырақ айтсақ, Ақмола облысының қазіргі бас имамы – Қанат Қыдырмин. Содан Мәдениеттің халқы ақылдаса келіп, «әй, ертең жұрт облыстың бас имамының ауылы арақ ішеді екен десе, не дейміз? Ұят болады ғой» деп ішімдікті тоқтатқан екен. Ойлап қарасақ, облыстағы дін саласының тізгінін ұстаған баласының абыройын ойлап, намысқа тырысып, ауылдастары күнәлі істен бас тартыпты.
Жыл сайын алкогольді сусындардың кесірінен қаншама отандасымыз о дүниелік болады. Жан түршігерлік күнә жасалады, отбасы шайқалып, жазықсыз сәбилердің тағдыры бүлінеді. Қысқасы, қазақтың арақтан тартқан азабы аз емес.
Сөз соңында, Алла Тағала арағы жоқ екі ауылдың да берекесін арттырсын деп тілек айтқымыз келеді. Олардың ерлік ісі еліміздің басқа ауылдарына үлгі, өнеге болғай!
Бекарыс НҰРИМАН
asylarna.kz



