«Қатира» деп Қытай қазақтары қойындәптерді айтады екен. Ал түрік тілінде бұл сөз «естелік» деген мағынаны беретін болып шықты. Біз қатираны естелікті жазып қоятын қойын дәптер деген мағынада алып отырмыз. Яғни, Қарқаралы – қазақтың тарихи сәттері жазылған қойын дәптері. Қазір, өзіңіз соған көз жеткізесіз.
Алдымен, Құнанбай қажы мешіті туралы айтсақ. Қажының өзі салдырып, Совет үкіметі орнағанға дейін жамағат намаз оқыған, кейін жабылып, Тәуелсіздік келгеннен кейін бір-ақ ашылған мешітте үш бөлме бар. Баспалдақ арқылы мұнараға шығуға болады.









Мешіттің Совет үкіметі орнағанға дейінгі көрінісі.

Мешітке жақын жерде Абай тоқтаған үй бар. Әйгілі Бекметовтердің үйі болған бұл ғимарат қазір Қарқаралы саз мектебі.








Абай тоқтаған үйден Құнанбай қажы мешіті де, кейін Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермековтер сабақ беретін үй де көрініп тұрады.


Бұрынғы Абай атындағы училище. Осы дәліздермен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермековтер жүрген, сабақ берген. Қазір сауда үйі.


Ғимараттың бұрынғы көрінісі. Ол кезде екі қабатты болған, кейін екінші қабаты өртеніп кеткен.

Қарқаралыда бір кездері өзге ұлттар көбейіп, екі шіркеу салған. Соның біреуінен орны ғана қалған. Ол жерді тегістеп, би алаңына айналдырыпты. (Бірінші қолмен салынған сурет «Қарқаралыдағы 1905 жылғы көтеріліс» деп аталады, авторы С. Қалмаханов).


Бұл шіркеуді бұзғанда кірпішінен ғимарат салған екен. Ол ғимаратта қазір аудандық білім бөлімі отыр.

Екінші шіркеу де бұзылған. Төменгі бөлігі ғана қалған. Оны жергілікті халық жөндеп, төрт бөлмелі үй еткен. Қазір адамдар тұрып жатыр.


Тағы бір әйгілі көпес Рязанцевтің үйі сақталған. Совет үкіметі кезінде бұл ғимаратқа Лениннің суреті ілінген болса, бүгінде Қасым Аманжоловтың суреті ілініп тұр екен.


Ал мына үй кезінде түрме болған. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп шырқайтын Мәдиді осы түрмеде ұстаған. Қазір бұл ғимарат монша қызметін атқарып тұр.

Мәдиге түрмеден шығарып, қашқанда атты деп айтсын деп, артынан атқан екен. Сол жерге кейін ескерткіш орнатыпты.

Енді мұражайда тұрған кей заттарға тоқталайық. Қазыбек бидің хаты сақталған екен

Он тоғыз жасында мың басы болған Матақ батырдың мөрі


XIX ғасырда Орынборда басылған Құран

Мәди Бәпи ұлының тапаншасы

Қоянды жәрмеңкесінде сатылған заттар. Бер жақта тұрған самаурынмен алашордашы Жақып Ақбаев шай ішкен екен.

Әміре Қашаубаевтың Парижде айтқан әні жазылған пластинка



Қасым Аманжолұлының қолжазбасы мен алғашқы қаламақысына сатып алған кілемі





