Қолдады, бірақ бір депутат қарсы шығып әріптестерін таң қалдырды. Өйткені, кез-келген заң жобасын бірауыздан қолдап үйренген сенаторлар, президент сайлауына келгенде бір депутат қарсы дауыс береді деп ойламаса керек.Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастаманы бүгін сенат депутаттары да қолдады. Бірақ әдеттегідей бірауыздан емес, бір депутат қарсы болды. Сонда бүкіл ел болып құптап жатқан саяси науқанға келіспеген кім? Және 1 сағат өтпей ол сенатор неге райынан қайтты? Сенат отырысындағы сайлауға қолдауды әріптесіміз Бақытнұр Әлібай сабақтасын.Бәрі әдеттегідей басталды. Күн тәртібіндегі ең бірінші мәселе – Қазақстан халқы ассамблеясының кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастамасы.Әлемде беделі артып отырған Қазақстанның қол жеткізген биік белестерін Елбасының есімімен тікелей байланыстырады.
Ғаламдық қаржылық дағдарыс алдында орны ерекше бастама деп үндеу тастаған депутаттар, сайлау өткізуді қолдауға шақырды. Мұндай жалынды сөздерден кейін ұсыныс бірауыздан қабылдануы тиіс болған. Алайда, парламент қабырғасындағы жаттандылыққа қарама-қайшы, таң қаларлық жағдай болды.
Депутаттар қуанып жатқанда тілшілер қырықтан бөлініп бір жақ болған кім екенін біле алмай әбігерге түсті. Тіпті күн тәртібіндегі өзге 6 сұрақ та сол қарбаластың тасасында елеусіз қалды. Барлық журналистің назары осы мәселеге ауғанын түсінді ме, әлде мәжілістегі 104 депутат бірауыздан мақұлдаған бастаманы айналдырған 42 депутаттың толық қолдамағанына келіскісі келмеді ме, әйтеуір сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев отырыс соңында қайта дауысқа салуды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының спикері:
Біз жаңа үндеу үшін дауыс бердік қой. Маған ұнамай қалды. Техникалық ақау ғой. Қайта дауыс берейік.
Төрағаның қаһарына ілінуден қорықты ма, кім білсін, бұл жолы қарсы дауыс бергендер болған жоқ. Айналасы 1 сағаттың ішінде өз пікірін өзгерткен сенатор кім болды сонда? Көпті мазалаған бұл сұраққа жауапты бір айтса Қорғаныс министрі болған, білдей “Халық қаһарманы” деген атағы бар Мұхтар Алтынбаев айтар деген едік.
МҰХТАР АЛТЫНБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Түймені басқанда кейде қателеседі. Сондай болды ғой деймін. Жаңадан басқанда 42 болды ғой. Сондықтан басында бізге де ұнаған жоқ. Түсініксіз. Есі дұрыс адам осындай үндеуді қолдау керек. Менің ойымша сенатта отырған депутаттардың бәрінің есі дұрыс.
БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, тілші:
Сенат депутаттары сайлауды өткізуге қажет деп болжанған 5 миллиард теңгенің зая кетпейтініне сенімді. Елдегі қоғамдық және саяси ұйымдар, парламенттің қос палатасы бір кісідей қолдаған үндеу президентке жолданды. Кезектен тыс сайлаудың өту-өтпеуі Нұрсұлтан Назарбаевтың шешіміне байланысты болмақ.
Бақытнұр Әлібай, Нұркен Тоқмурзин.
www.31.kz


