1598 жылы Тәуекел хан мен оның інісі Есім сұлтанның Мәуреннахрға жасаған сәтті жорығының нәтижесінде Түркістан, Ташкент, Ферғана шаһарлары Қазақ хандығының құрамына қосылды. Шайбани әулеті ыдырап, орнына билік құру үшін басқа әулет (Аштархан әулеті) келді. Бұл Қазақ хандығының экономикалық жағынан күшеюіне және Орта Азиядағы мемлекет шекарасының бекіп, тұрақтануына аса күшті ықпал етті. 1598 жылы Бұхарамен жасасқан екіжақты шарт бойынша, Сырдарияның орта ағысы бойындағы барлық қалалармен бірге Ташкент те Қазақ хандығына қарады.
XVII ғасырдағы Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы мазасыз күйде қалып, ел билеушілердің өзара кикілжің тартыстары күшейе түсті. Тәуекел хан қазақ тапқаннан кейін билік Есім ханның қолына көшті, Ташкентте Хақназардың немере інісі Тұрсын Мұхаммед өзін хан жариялады.
Үш жүздің әрқайсысында да осылайша бірті-бірте дербес хандар пайда болды. Хандықтың сыртқы саясаты, әсіресе, оның оңтүстік, оңтүстік –шығыс шекарасындағы жағдай бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Бұхараның ханы Иманқұл және өзге дұшпандар Ташкент пен Түркістан қалаларын қалайда қайтарып алуға тырысып бақты. Ойраттардың қазақ жеріне жеріне жорықтары да жиілеп кетті.
Есім хан мен Тұрсын Мұхаммед хан арасындағы басараздық салдары енді екі жақты аяусыз соғысқа ұласты. Ташкент төңірегінде болған қанды шайқас 1628 жылы Тұрсын хан мерт болды. Тұрсын ханмен бірге оны қолдаған қатаған тайпасы да көптеп қырылды. Есім хан қартайып қайтыс болғаннан соң, біртұтас Қазақ хандығы сетінеп, әлсірей батады. Ташкент пен Әндіжан аймағын Абылай сұлтан жеке-дара биледі.
Есімнің онына билікке Жәңгір хан (Салқам Жәңгір) келді. Жәңгір хан саяси ахуалды жете түсініп, Бұхара хандығымен тез арада тығыз байланыс орнатты.
XVII ғасырдың алғашқы жартысындағы қуатты Жоңғар мемлекетінің әскери шапқыншылықтары көптеген ұлыстардың – қазақ, қырғыз, ноғай, башқұрт, қарақалпақ ежелден қалыптасқан шаруашылық жүйелері мен аудандарын қатты өзгеріске ұшыратты. Жоңғарлармен соғыстың негізгі ауыртпашылығы ең алдымен, Қазақ хандығының мойнына түсті. 1643-1647 жылдары атақты қазақ-жоңғар соғысы басталды. Екі жақ арасындағы негізгі шайқас Орбұлақ түбінде болды. Самарқанд билеушісі Жалаңтөс баһадүр көмегімен Жәңгір хан 50 мың әскері бат Батыр қонтайжыны талқандады.
Елдегі хан билігі 1680 жылы Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Ол көреген саясаткер, шебер дипломат, беделді тұлғаға айналды. Тәуке хан өкімет билігінің маңызын көтеруге және оған үш жүздің бытыраңқы руларын түгелдей бағындыруға бағытталған пәрменді шаралар қолданды. Тәуке ханның тұсында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің араласуымен қазақтың дала заңы «Жеті Жарғыны» өмірге әкелді. Онда мемлекет құралымының негізгі шартары белгіленді. Үш жүздің басын біріктіруде сол кездегі Билер Кеңесі шешуші рөл атқарды.
Қазақ хандығы Орта Азия елдерімен берік одақ құрды, нәтижесінде, Сырдария бойында Тәуке ханның билігі берік орнады. Ол Түркістан қаласын астана етті. Тәуке сол сияқты Ресей мемлекетімен де тату қарым-қатынасты нығайту бағытын көрегендікпен жалғастырды. Ол 1686-1693 жылдары Ресейге бас елшілік жіберді. Екі ел арасында сауда байланыстары нығайды. Оның есесіне, қазақ-жоңғар қатынастары бұрынғыдан да бетер қатты шиеленісіп кетті.
Жоңғарлар Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда жолдары өтетін Оңтүстік Қазақстан өңірін басып алуға өршелене ұмтылды. 1711-1712, 1714, 1717 жылдары жоңғар-қазақ соғыстары толастамады. 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болып, орнына ұлы Болат таққа отырды. Осындай жағдайда 1723 жылы жоңғарлар 70 мың әскермен тұтқиылдан қазақ жеріне басып кірді. Бүкіл оңтүстік шұрайлы өңірден айырылған қазақтар Бұхара, Жем мен Жайық, Арқаға босып кетті. Оларды Орта Азия хандықтары, Еділ қалмақтары мен башқұрттар да қанды қырғынға ұшыратты.
1726 жылы Ордабасыда өткен үлкен құрылтай қазақ батырлары мен билері тегіс бас қосып, елді қаныпезер басқыншылар азат ету мәселесін ортаға салып, талқылады. Мемлекеттің біріккен әскер құрамын басқару бас қолбасшы болып сайланған Әбілқайыр ханға жүктелді. Әбілқайыр ханның көреген басшылығымен 1728 жылы Бұланты шайқасында, жоңғарларға ойсырата соққы берілді. Бірақ қол жеткен бұл жеңіс баянды етілмеді, ел билеуші ұлыстар бас ханның құзырына мойынсұнбай, жеке-жеке бөлініп кетіп, қалың қазақ бұқарасының ішкі бірлігіне зор нұқсан келтірді. Әбілқайыр хан, Сәмеке хан, Жолбарыс хан иеліктері өз алдына дербес басқарылды.
Сыртқы саяси жағдайдың күрделілігі қазақтарды одан аман шығудың жолын қарастыруға еріксізден мәжбүр етті. XVIII ғасырдың бас кезінде жоңғар басқыншыларының соғыс әрекетінің күшеюіне және сол уақыттағы экономикалық-саяси жағдайдың қиындығына орай Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі туындады.
Кіші жүз билеушісі Әбілқайыр хан орыс әскерлерінің итермелеуімен 1726 жылы және 1730 жылы екі мәрте Ресейге елшілік аттандырып, өздерін бодандыққа алып, сыртқы жаулардан қорғауын өтінді. 1731 жылы 18 ақпанда орыс патшайымы Анна кіші жүзді Ресей бодандығыына алатындығы жөнінде грамотоға қол қойып, тиісті келісім-шарт жасатып алып келуге Сыртқы Істер алқасының тілмашы Тевкелевті бастаған елшілікті аттандырды. 1731 жылы 10 қазанда Кіші жүз билеушілері Ресейге қосылуға ант берді.
Жаңадан иелігіне қосылған жерлерге жүргізетін өз билігін нығайту үшін Ресей үкіметі 1734 жылы арнаулы Орынбор экспедициясын ұйымдастырды.
XVIII ғасырдың орта шеніне таман жоңғар шапқыншылығының қарқыны үдей түсті. Осы кезде Абылай сұлтан өзінің тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен ел арасында ерекше көзге түсті. Ол қазақ руларын өз төңірегіне жинап, бір орталыққа біріктіре бастады.
Сол ғасырдағы 50-ші жылдары Орта Азияда аса үлкен өзгерістер болып өтті. Жоңғар хандығы жойылды. Қазақ еліне Цинь мемлекеті тарапынан тікелей зор қауіп төніп тұрды. Ресей Ертіс өзенінің бойындағы бекініс-қамалдарын күшейтіп, 1756 жылы қазақтардың Жайық өзенінен әрі қарай өтуіне өктемдікпен тыйым салды.
Осындай қиын жағдайда қазақ халқы Абылай ханның айналасына тығыз топтасып, біртұтас Қазақ хандығы қайтадан қалпына келтірді. 1771 жылы үш жүздің билері мен батырлары жиналып, Абылайды ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Бірақ, 1781 жылы Абылай хан көз жұмғаннан кейін Қазақ хандығы тағы да орталық билік тізгінінен айырылды.
Абылайдың орнына хан болған Уәли хан Орта жүзге ғана билік жүргізді. Ол Ресей бодандығын мойындады. Бірақ, сонымен қатар Қытай және Орта Азия мемлекеттерімен де тығыз байланыс орната білді.
Ресей үкіметі Қазақ хандығын жоюды алдына мақсат етіп қойды. Сырым Датұлы бастаған бұқара халық көтерілісі нәтижесінде кіші жүзде хандық билікті таратып жіберуді көздеген Орынбор губернаторы барон Игельстромның қолға алған саяси реформасы сәтсіздікке ұшырады. 1821 жылы Арынғазы, 1824 жылы Шерғазы хан тақтарынан тайдырылды да, Кіші жүзде дәстүрлі түрді қалыптасып келген мемлекеттілік жүйесі келмеске кетті.
1824 жылы «Орынбор қырғыздары жөніндері Жарғы» бойынша енді хандық билік Ресейдің әкімшілік басқару жүйесімен алмастырылды. Орта жүзде Уәли ханның Ресей мен Қытай арасында бұлтақтау саясатын ұстануы патша үкіметіне онша ұнай қоймады. 1815 жылы Орта жүзде Бөкен екінші хан болып тағайындалды. Ал 1817 жылы Бөкен хан, 1819 жылы Уәли хан қайтыс болғаннан кейін Ресей ешкімді де бұдан былай хан етіп бекітпеді.
1822 жылы «Сібір қазақтары жөніндегі Жарғыға» сәйкес Орта жүз бен Ұлы жүз Ресейге қараған бөлігі «Сібір қазақтары» деп аталып, елдегі хандық билік жойылды. Бірақ Қазақ хандығының бұлайша жойылуын жергілікті халық мүлде қабылдамады. Сондықтан, отыршылдық озбыр саясатқа қарсы жиі-жиі бас көтерулер жер-жерде орын алып отырды. Әсіресе, 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс бүкіл қазақ жерін қамтыды. Көтелісшілер арасында Кіші, Орта, Ұлы жүздердің барлық өкілдері болды. Олар 1841 жылы Кенесарыны бірауыздан үш жүздің ханы етіп сайлады.
Кенесары, бір жағынан, солтүстік-шығыс пен батыстағы Ресейдің қазақ жеріне отарлау мақсатында салған бекіністеріне шабуыл жасаса, екінші жағынан, оңтүстікке Қоқан хандығымен де шайқасқа түсіп жүрді. Бірақ күштердің ара салмағы тең болмады да, 1847 жылы Кенесары қырғыз жерінде қапыда қазаға ұшырады. Кенесарының өлімінен кейін Қазақ хандығы енді біржолата жойылды.
1801 жылы Нұралы ханның ұлы Бөкей Ресеймен бейбіт ханның ұлы Бөкей Ресеймен бейбіт мәмілегерлік келіссөздер жүргізу арқылы еділ мен Жайық арасында жатқан өзінің бұрынғы ата қоныстарын қайтарып алды да, ол жерде жаңадан Бөкей Ордасы құрылды.1823-1846 жылы Бөкей Ордасының ханы болып сайланған Жәңгір кейбір игілікті бағыттағы реформалар жүргізді. Бірақ Жәңгір ханның жүргізген ағартушылық бағыттағы прогресшіл саясаты Ресей тарапынан тиісті қолдау таппады. Жәңгір хан мен оның мұрагерлері белгісіз жағдайларды бірінен кейін бірі қазаға ұшырағаннан кейін Бөкей Ордасында да хандық билік институты тарап кетті.
Дайындаған Рүстем Нүркен
namys.kz


