BEKARYS

«Әлімсақтан бері мұсылманмын» дейтін бабаларымыз ислам діні келгенше де бір Жаратушыға сиынып келді. Кейін Ислам діні келгенде соғыссыз, қарсылықсыз, жан жүрегімен қабылдағаны тарихтан мәлім. Ал, Қазақ хандығы құрылғаннан бері қазақтың өмір-салты, тіршілігі, әдет-ғұрпы асыл дінімізбен тығыз байланысты болды. Еліміздің қай шетіне барсаңыз да бұған куә боласыз.
Көнекөз қариялардың айтуы бойынша ХІХ-ХХ ғасырда кешегі кәмпескеге дейін Сыр мен Қуаңның бойын мекен еткен Кете, Шөмекей атты екі руға тиесілі 40-қа жуық мешіт-медресе болыпты. Бұл мәліметті естігеннен кейін көруге асықтым. Сол өңірге арнайылап барып, ақсақалдардың нұсқауымен араладым.

Қожабай Жанназарұлының мешіті. Жалпы сұлбасы сақталған.

Бұл Қожабай Жанназарұлының медресесі. Қазір бір қабырғасы ғана қалған. Кезінде қатар-қатар бөлмелері көп болған. Бірнешеуінде шәкірттер сабақ оқыса, қалғаны жатақхана, асхана, қойма, дәретхана ретінде пайдаланылған. Медресенің қыш кесектерін кейін кеңес үкіметінің жандайшаптары бұзып алып, ауылға дүкен салған.
Бұл Қожабайдың баласы Тұрақтың мешіті. Мұны Андақұл Бегім би салдырып, Тұрақ сонда қысы-жазы бала оқытқан. 1928 жылы Тұрақ кәмпескенің кезінде ізіне бір қауым елді ертіп, Бұхараға қашып кеткен.
Сол маңда Қожабайдың немере інісі Алдашбайдың да мешіт-медресесі бар. Ақсақалдардың айтуынша, Алдашбай мен Қожабайдан 2 мыңдай қазақ баласы тәлім алыпты. Оның ішінде атақты шайырлар: Тұрмағанбет, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Ешнияз сал секілді көптеген ақындар бар. Ұзын саны бұл жерден 110 шайыр шыққан. «Сыр елі — Жыр елі» деп аталуы себебі де содан.
Бұл Сырдың атақты ақыны Тұрмағанбет Ізтілеудің мешіті. Жалғыз қабырғасы ғана қалған.

Бұл Тұрмағанбет Ізтілеудің медресесі. Осында қазақтың небір майталмандары алғаш хат танып, 5 парызын үйренген. Солардың ішіндегі ең ірілері — Темірбек Жүргенов пен Сүлеймен Есқараев. Қазіргі Алматыдағы өнер академиясына аты берілген Темірбек Қараұлы. Ал, Сүлеймен Есқараев қазақтан шыққан тұңғыш прокурор.

Бұл Шора деген кісінің мешіті екен. Қысқасы, осылай тізе берсек, 40-қа таяп қалады. 1928 жылға дейін бұл мешіт-медреселерде халыққа қара танытып, мұсылманшылық үйретілген. Бұлардың барлығы да қазіргі Тұрмағанбет, Алдашбай ахын, Жаңақала секілді ауылдардан кемі 4-5 шақырым алыста орналасқан. Мұның өзіндік себебі бар. Кезінде колхоздастыру науқаны жүргенде жаңадан құрылған совхоздарды әдейі осы мешіт-медреселерден шалғайла орналастырған. Себебі, біреу-ақ. Халықты діннен алыстату.
jaisan.kz


