Елу жыл бойы ауыл мектебінде ұстаздық еткен марқұм әкем Өрісбай Сманов 1920 жылдарда Ташкенттегі Қазақ педагогикалық техникумында, одан соң Орта Азия мемлекеттік университетінде оқығанын, сол кездегі қазақ зиялыларының ой-өрісін, биік адамгершілік қасиетін, халқына сіңірген еңбегін әңгіме еткенде «бір түнде әкетіп, кейіннен жоқ қып жіберген» асыл ағалардың оқу құралдарын да атамай қоймайтын. Әсіресе, Ахмет Байтұрсыновтың «Әліпбиіне», «Тіл құралына», Міржақып Дулатовтың «Есеп құралына», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» оқулығына тәнті болатын. Міржақып Дулатовтың «Есеп құралы» оқулығының танымдық-тәрбиелік жағынан ұтымды, елдің, жердің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жазылғанын, оның туыстас түркі халықтарының тілдеріне де аударылып, жас жеткіншектерді оқытып-тәрбиелеуге пайдаланылғанын айтып, таңдай қағатын. 1922 жылы Орынборда шыққан оқу құралының І-ІІ жылдыққа арналған нұсқаларын Базарқұл Данияров деген қырғыз азаматы өз тіліне аударып шығарғанын сол кісіден естігенбіз.
1970 жылдар болатын. Бірде әкемнің досы – Сталин заманының зобалаңын басынан кешіріп, «саяси қылмыскер», «халық жауы» атанған, бірнеше жыл тұтқында болған жоғарыда аты аталған арнаулы орта оқу орнының сол кездегі оқу ісінің меңгерушісі, орыс жазушысы Максим Горький қол қойған КСРО Жазушылар одағына мүшелік билеттің иесі, педагог-ақын Қалмақан Оспанов ағайдан нәубетті жылдардағы басынан өткен жайларды сұрағанымызда ол былай деп еді:
– Ол жылдардың несін айтасың, қарағым. Қиын кез болды ғой. Небір боздақтар нақақтан-нақақ күйіп кетті…
…Бір шалдың немересі атасына бір күні кешке айды нұсқап:
– Ата, анау не? – депті.
– Ол ай ғой құлыным…– деп жауап беріпті атасы.
Үш-төрт күннен кейін ай толып кеткен соң немересі атасына жұлдыздарды көрсетіп:
– Ата, анау не? – деп сұрапты.
– Ол жұлдыз… – дейді атасы…
Сонда немересі:
– Айды турап-турап жұлдыз жасаған ба? – деген екен.
Сол секілді ол кезде біздің де небір айларымызды турап-турап шашып жіберді емес пе? Не әңгіме қалды дейсің?… Біздің өзіміз ОГПУ-дің Ташкенттегі түрмесінде жаттық. Қазіргі Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының оң қанатындағы төрт қабатты қарасұр үйдің асты саяси тұтқындардың түрмесі еді. Сырт қарағанда ол үйдің астында түрме бар деп ешкім ойламайтын… – деп ойға кететін қарт ұстаз.
Кеңестік қызыл саясаттың дәуірлеп тұрған шағы. Ақсақал сонау аласапыран жылдардағы өзі куәсі болып, басынан кешірген жайларды шешіліп айта бермейтін. Мұндай әңгімелерді тек менің әкеммен екеуі оңашада отырғанда ғана құлақ шалып қалады. Сонда екі достың ерекше ілтипатпен атайтын есімдері – Тұрар, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Қошке, Халел, Темірбек, Ыбырайым болатын.
Кейіннен Кеңес Одағы деген алып империялық мемлекеттегі демократияландыру мен жариялылықтың, «қайта құру» науқанының арқасында отызыншы жылдардағы әділетсіздіктің құрбаны болған Алаш қайраткерлері – Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, т.б. арамызға қайта оралды. Халқымыздың өшкені жанып, жоғалғаны табылғандай болды. Шындықтың түбі жеңіп шығатыны дәлелденді.
1989 жылы жазға салым туған елге – Өзбекстандағы Ташкент облысының Бостандық ауданына бардым. Әкейдің қайтқанына біраз жыл болған. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» демекші, ол кісінің баяғы досы – 1930 жылдардағы «Әліппе», «Ана тілі» (Шамғали Сарыбаевпен бірге жазған) оқулықтарының авторы, қарт қаламгер-ұстаз Қалмақан ағайға барып сәлем бердім. Ақсақал сексеннің екеуінен асыпты. Әлі тың, ойы сергек, көңілі ояу. Кемпірі Хайриниса апайдың қоңыр-күрең шайын ойлана ішіп, менің өтінішім бойынша баяғы әңгімесін әрі дамытты:
– «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» дейді ғой, қарағым. Халық мақалы адамдар арасындағы ізгі қатынастарды, қайырымдылықты, мейірбандылықты, үлкеннің кішіге ілтипатын, інінің ағаға құрметін білдіреді ғой. Жиырмасыншы жылдары Ташкенттегі қазақ зиялылары көбіне Сегізбай Айзұновтың үйінде бас қосатын. Ол кісі Казинпростың (Қазақ ағарту институтының) директоры болып қызмет атқарушы еді.
– Мамандығы не еді?
– Мамандығын кім сұрапты, әйтеуір ол кісіні семинарист дейтін. Семинария бітірген шығар. Аса сыйлы, қадірлі адам болатын. Ол жылдары педагогикалық жоғары оқу орындарының шәкірттері педпрактикада қазіргідей әр мектепті сағалап жүрмейтін. Олардың әрқайсысының жанында тәжірибе жүргізетін өз мектептері (опытно-показательные школы) жұмыс жасайтын. Біз ол кездерде Сегізбай ағайдың інісі Әдіш (шын аты – Әділ) екеуміз 6-7 сыныптарда сонда оқитынбыз. Әдішпен бір партада отыратынмын. Ол ағайдың үйінде жүріп оқитын. Әдіш кейіннен Қызылорда облыстық халық ағарту бөлімін басқарды. Мектебіміздің меңгерушісі Ақмола облысындағы Айыртау ауданының тумасы Әбділда Байтасов, мұғалімдеріміз: тілден – Елдес ағай Омаров, әдебиеттен – Мағжан ағай Жұмабаев болды.
Сегізбай ағайдың үйіне жора-жолдастары, қонақтар келгенде самауырға шай қою Әдіш екеуміздің мойнымызда. Сонда ғой Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Тоқтыбаев, Қошке Кемеңгеров, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Смайыл Сәдірмеков, Ыбырайым Көтібаров секілді Алаш зиялыларын жиі көретініміз. Бұлардың бәрі ірі тұлғалар, үлкен адамдар болатын.
Ахаң (Байтұрсынов) сөзге сараң, байсалды, өте сыпайы кісі еді. Сөйлегенде де аспай-саспай, сабырмен, салмақпен баяу сөйлейтін. Сөзі адамға ұнамды, жағымды болатын. Ал Міржақып ағай тығыншықтай, орта бойлы, бидай өңді кісі еді.
Бізге бәрі қызық қой. Үлкен кісілердің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, жарасты әзіл-қалжыңы биік мәдениеттілікті танытқандай еді. Оларға әуестене, тамашалай қарайтынбыз. Сөйтсек, мұның бәрі біз үшін өмір сабақтары, өнеге үлгілері екен…
«Ақжол» газетінің редакторы Иса Тоқтыбаев, «Шолпан» журналының редакторы Тұрар Рысқұлов, «Сана» журналының редакторы Сұлтанбек Қожанов есімдері әңгіме арасында жиі естілетін. Ішінде Тұрардың алғырлығы, қабілеттілігі, жан-жақты сауаттылығы, абырой-беделі ерекше аталатын.
Бірде сол үйге Орынбордағы Алаш партиясының мүшесі дәрігер Иса Қашқынбаев келді. Ол кісі күні кешеге дейін Ташкенттегі Семашко атындағы физиотерапия-емдеу институтында қызмет етті. Біз аулада шай қойып, келген қонақтардың қолына су құйып дегендей қызмет жасап жүргенбіз. Ахмет, Міржақып, Мағжан бар. Қақпаны ашып үйге кіріп келе жатқан Исаны көріп, Міржақып ағай:
Шірік сиса,
Сасық Иса
Қашқынбай.
Басқа іс түсіп,
Қиналғанда шыдамай
Бет алдыңа
Топтан шығып
Қаштың ба-ай? – деп қалжыңмен көріскені көз алдымда. Ондағысы – Орынборда Алаш орда мүшелерін қудалау басталғанда Иса Ташкентте басқалардан бұрынырақ келген екен. Соны айтқаны.
Жүсіпбек Аймауытовты да алғаш сол үйде көрдім. 3-4 жастағы үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы болатын. Жаңылмасам аттары Бектұр, Жанақ еді. Балаларын білетінім: олардың қолтығының астында бойтұмары жүретін. Онда «У Аймаутова Юсуф-бека два мальчика, проживают по ул. Карла Маркса, 49» деген жазу болатын. Ол кез қиын жылдар еді. Балалары адасып кеткендей жағдайда мекенжайы белгілі болсын деген секілді.
Кейіннен Жүсекең Шымкентте мұғалімдер курсында оқып жүргенімізде әдебиеттен сабақ берді. Ол кезде ұстазымыз Шымкенттегі педтехникумның директоры еді. Өлең жазу техникасы жөнінде әңгімелегенде латынның 41 әрпін бірауыз өлеңге сыйғызып оқып бергені әлі есімде. Мына сурет – сол жылдардың куәсі. 1928 жылы 1-маусымда түсірілген. Сырдария губерниясы мұғалімдері курсының тыңдаушылары ортасында отырған Жүсіпбек ағай. Ішінде мен, сенің әкең бармыз.
Әнеугүні отырып мына бір өлең жолдары ойыма оралғаны, түртіп алшы кейін бір жерде керек болар:
Жасымда жігіт едім ту алғандай,
Сыртымнан көрген кісі қуанғандай.
Қартайып орнымда әлі отырмын,
Жүре алмай, барлық жақты
су алғандай…
Ой көп, «көңіл шіркін көк дөнен», көкірек сайрап тұр. Тек көлік жоқ жүріп кететін, пароход жоқ жүзіп өтетін. Кәрілік дегенің осы болса керек деп қоямын ішімнен, – дейді Қалмақан ақсақал.
…Қария үнсіз отыр. Кім білсін, мүмкін сонау Охот теңізіне Амур өзенінің құятын сағасындағы Декастри деген жерде саяси тұтқындар лагерінде 1938 жылдан Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін үш жарым жыл өткізген азапты күндері есіне түсті ме, әлде айыптарын өтеу үшін өз өтініші бойынша 1941 жылдың күзінде қан майданға аттанғаны, онан 1943 жылы сұрапыл соғыстағы қанды шайқастар кезінде партия қатарына қабылданғаны ойына оралды ма, әйтеуір, қарт ұстаз ауыр күрсінді…
***
Бұл мақала Қазақстан Білім министрінің кеңесшісі қызметінде жүргенімде 1989 жылы жазылып, Қазақ радиосынан берілген болатын. Радиохабарды тыңдаған Гүлнар Дулатова, Шолпан Байтұрсынова апайлар сол кездегі министр Шайсұлтан Шаяхметовке жеке-жеке телефон соғып, мені сұрапты. Содан олар маған хабарласып, ризалықтарын білдірген еді. Кейіннен «Ташкент әңгімесі» Алаштың қос қайраткерінің қыздарының үйлерінде дастарқан басында жалғасқан болатын. Кейіннен бұл әңгіме 1990 жылы 18-мамырда «Шалқар» газетінде жарық көрді. Бүгінде естелік айтқан Қалмақан ағай да, тұлпарлардың тұяғы Гүлнар, Шолпан апайлар да арамызда жоқ. Алайда олардың рухы әрқашан бізбен бірге. Сондықтан марқұмдардың аттарын ілтипатпен атай отырып, аруақтары риза, рухтары шат болсын деген оймен мақаланы, тарихи суреттерді газетке қайта ұсынып отырмын.
Б.Сманов,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі,
педагогика ғылымының докторы,
профессор
kazgazeta.kz




