2013 жылғы 28-30 тамызда Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы, сөзгер (лингвист) Ісләм Жарылғаповтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Түрік терминологиясын біріздендіру және үйлестіру мәселелері» атты халықаралық түріктану форумы өтті.
Ісләм Жарылғаповтың көзі тірісінде Мұқтар Әуезовтың өзі «Сенің орның бірінші қатарда» дейтін оның баға жетпес мұрасының қазақ тілін ғана емес, басқа да түрік халықтарының сөзқорын, терминжасау әдіснамасын дамытуға әсері зор. Форум жұмысына Башқортстан, Германия, Ресей, Қабардин-Балқар Республикасы, Қытай, Қырғызстан, Түркия, Чуваш, Кипр елдерінің түріктанушы ғалымдары қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – қазақ терминологиясын жасауға зор үлес қосқан ағартушы-лингвист Ісләм Жарылғаповтың еңбегі мен мол мұраларын қарастыра отырып, оның терминжасамдағы бай тәжірибесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу, ұлттық түрік, қазақ терминологиясын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды үйлестіру; нақты өндіріс пен ғылымның салаларында мамандар арасында қарым-қатынасты нығайтып, кеңейту; ортақтасып зерттейтін ғылыми тақырыптарды жоспарлау және іске асырылуын қамтамасыз ету; біріздендірілген терминжасам әдістерін қалыптастыру, тәжірибе алмасу және қазіргі жағдайды сыни талдап, сараптау болып табылады.
Форум аясындағы ғылыми-тәжірибелік конференция академик Е.А. Бөкетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінде өтті. Халықаралық түріктану орталығының төрағасы, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті, проф., др. ҚАЖЫБЕК Ерден Задаұлы форумның мақсат-мұраттары туралы, жалпы Түрік әлемінде жасалып жатқан, жақын арада жасалмақ ауқымды істер туралы айта келіп конференцияны ашты.
Ғалым әрі өнер саңлағы Аманжол Әлтаев жыр-арнауында келелі ойларын ортаға салды.
«ТҮРІКСОЙ» Бас хатшысы, проф., др., акад. ҚАСЕИНОВ Дүйсен Қорабайұлы құттықтау сөзді сөйлесе, кіріспе сөзді Түрік Кеңесі Төрағасының орынбасары проф., др. Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі (Түркие) айтты.
Бас баяндаманы Халықаралық «Қазақтілі» қоғамының президенті, проф., др., акад. АЙТБАЕВ Өмірзақ Айтбайұлы жасады. Одан кейін баяндама жаағандар: Фырат Университетінің проф., др. (Түркия) БУРАН Ахмет, Еуразия университетінің проф., др., акад. ӘБДІКӘРІМОВ Болат Әбдікәрімұлы, Мюнхен тұрғыны, жылқы сүтінен өнім өндіруші ЗОЛЛМАНН Ханс-Отто Манфред (Германия), Башқұрт университетінің проф., др., акад. ШАЙХУЛОВ Алмас Галимзянұлы (Уфа), Қырғыз-түрік университетінің проф., др., акад. ҚОНҚОБАЙ Қадыралы (Бішкек), Мюнхен тұрғыны, Карлаг тұтқынының қызы ЗОЛЛМАНН Гудрун Жоханна, Афйон Қожатепе Университетінің (Түркие) доц., др., МҰТЛҰ Хүсейін Қаһраман, А. Байтұрсынов ат. Тіл білімі институтының проф., др., акад. ЖҮНІСБЕК Әлімхан, “Алматы ақшамы” газетінің тілшісі, жазушы, ісләмтанушы ҚЫРҒЫЗБАЙ Өтеш, Мимар Синан университетінің (Түркие) проф., др. ҚАРА Әбдуәһаб, Астана медицина университетінің проф., др. АХМЕТ-ТӨРЕ Мұхамедия, “Болашақ” университетінің проф., канд. СЫЗДЫҚ Болат Кенелұлы.
Уақыт тығыздығы баяндамашылардың біразын сөйлеуден қағуға мәжбүр етіп, мүмкіндік негізінен сырттан келген қонақтарға берілді. Қарағанды өңірінен жасалған жалғыз баяндаманы профессор Б. К. Сыздық жасады. «Ісләм Жарылғапов мұрасы және хұқықтық терминология математикасы» тақырыбындағы баяндама ұйымдастырушылар қызығушылығын туғызды.
Форум алаңы ғалымдардың ашық пікір алмасуына қолайлы жағдай туғызды. Сұхбаттасулар аясында Еуропа қазақтары қауымдастығының мүшесі, Мюнхен тұрғыны ШАДҚАМ Сүлеймен мен Гумбольд университетінде немістерге қазақша үйретіп жүрген Масақова Гүлсім Германия қазақтары және қазақ тіліне деген қызығушылықты көтеру туралы келелі ойларымен бөлісті.
Сүлеймен екі ел арасында іскерлік және рухани байланыстарды дамытуға мүдделі. Сол саладағы жетістіктермен қатар әттеген-айлардың да бар екенін жасырмады. Гүлсім екі ел арасындағы келісімге сәйкес тең қаржыланатын үш жылдық бағдарламаны аяқтапты. Неміс жағы қазақ тілін үйренуді керексініп бағдарламаны тағы бір жылға өздері қаржыландырған. Қазақ жағынан қаржыландыру әзірге тоқтаған. Сүлеймен осы істің жалғасуын, әсіресе шеттегі қазақтардың қазақша үйренуге шындап кірісуіне қол жеткізу, шашыранды болып жүрген ұрпақты сақтауды көздейді. «Өзіңді өзің сыйла, өзгеге міндет артпа» – міне, Сүлейменнің мұраты осы. Германияда тұрып жүздеген жылқы бағып, екі жүз биені аппаратпен сауып, бие сүтінен жоғары технология негізінде он бір түрлі өнім алып отырған Золлманндардың өз кәсібі, өз қаржысы өзіне жетеді. Оларды елге әкелгендегі ойы қазақтың намысына түрткі болып, көзін ашу, қолын іске икемдеу. Қымызды әлемдік деңгейдегі сусынға айналдыруға септігін тигізу. Бос сөзден бөз тоқығанды қойып, қолдан келер шаруаны ертең емес, бүгін атқаруды, бірлесуді жүзеге асыру. Қазақ бір күнде байып кетем деген ойдан арылып, біртіндеп алға жылжуды, қиялап өрлеуді үйренсе дейді.
Форум бастамашысы ТҮРІКСОЙ ұйымы болса, қолдаушылары Қарағанды облысының әкімдігі, мәслихаты, Жаңарқа ауданының әкімдігі, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы, Халықаралық түріктану орталығы. Форумның нәтижелі өтуіне ұлт жанашырларының мұрындық болғанын және Жарылғаповтар әулетінің белсенді ат салысқанын айту ләзім.
Қонақтармен кешкі жүздесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары ЖҰМАБЕКОВ Бейсембай Қуанышұлы мен облыстық мәслихаттың хатшысы ДУЛАТБЕКОВ Нұрлан Орынбасарұлы болды, облыс әкімі атынан ас біріліп, өнер майталмандары ән мен күйге бөледі, биге тамсандырды.
Форум шараларының тиімді жүргізілуіне, ұйымдастыру жұмыстарына, отандық және шетелдік қонақтарды қарсы алып, орналастыруға, күтуге, конференцияның мазмұнды өтуіне, Қарағанды-Жаңаарқа арасын байланыстыруға Қарағанды «Болашақ» университеті белсенді қатысты. Университет ректоры, профессор МЕҢЛІБАЕВ Құралбай Несіпбекұлы басқарған болашақшылардың үлкен бір тобы – профессор ғалымдары ХАМЗИН Мәуен, РАҚЫМОВ Берік, доц. БАБАШЕВ Азат, ЖАҚАН Әлімжан, ЖАНДОС Шекен және басқалар – форум жұмысына бастан-аяқ қатысып, форум идеясына белсенді қолдау көрсетті. «Болашақ» университеті арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Келесі күні форум жұмысы Жаңаарқа байтағына ауысты. Онда да қызу пікір алмасулар, мәдени бағдарламалар жалғасын тапты. Бұған дейін Қырғызстанда екі апта болып қырғыз қымызының дәмін татқан, Сүлейменнің шақыруымен Арқаға бас бұрған, әлемдегі ең жақсы қымыз қазақта, оның ішінде Жаңаарқада деген германиялық қымызшылар «Түгіскен» ауылына жол тартты. Сәтін салса, «ер мойнында қыл арқан шірімес» дейтін қазақтың мойны жар берсе іскерлік байланыстар орнатпақ.
Сөзіміз түгенделсе, қымызымыз әлемдік деңгейдегі сусынға айналса, бүтін түрік әлемі бүтінделсе, Ісләм жолы жалғасын тапса дейміз ғой. Бес жылдан соң келетін жүз жылдық мерейтойын толайым табыстармен қарсы алуға қам жасайық.
Болат Кенелұлы,
Арнайы «Қасым» порталы үшін
Қасым.kz


