
Даяшы Қара қағанның алдына үлкен құм күбіде ашытылған Табғаштың «Пиепэй» арағын әкелді. Қара қаған кезінде Тайзоңның қол астында – Чан-Аньда тұрған кезінде мұндай арақтың дәмін алып қалған еді. Бұл арақтың тағы бір аты табғашша чоужью, түрікше кіршіме еді. Енисей қырғыздары оны боза дейтін. Түріктер оны таңды таңға ұрып ішетін. Табғаштар түліс түріктерін бағындырған кезде бұл арақты өздерінше мәнерлеп, жабысқақ күріштің дәнінен жасайтын болған. Бірақ ол түріктерше тарыдан жасалған божымаға ұқсамайтын. Тым жуас, адамды тез мажауратып тастайтын. Ал түріктердің бозасын ішкен кісі желпініп, қылаң ұрып отыратын. Сөйлесе алдына жан салмайтын. Бойына күш-қуат жинайтын. Сондықтан табғаштар да оны жақсы көретін. Тайцзи сарайындағы сауық кештерде де ұлықтар мен ханымдар, ерке-тотайлар бұл божымадан мейлінше ішіп мас болатын. Бұл тұрғанда Табғаш астанасындағы «Шифэн», «Дукаң» арақтарына көп ешкім көз қырын да салмайтын.
Қара қаған пиепэй божымасын дастарқанға алдырған соң, оны жылан басты шөмішпен қыш тостағандарға толтыра құйдырды. Табғаштардың шарап ішу салты бойынша алдымен өзі қос қолдап алып, одан соң Меңүтай шораның көзіне тура қарап отырып:
-Бәрекелді, бауырым, ел басына күн туып ер-азамат арып-таласқан заманда, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткенде, тарихтың тегершігі кері айналып тағдырымыз тығырыққа тірелгенде, халқына қамал, жеріне қорған бола алмай, қара басы Табғаштың тас босағасына таңылған мендей бір пақырды алыстан ат өксітіп іздеп келгендеріңе мың мәрте алғыс айтамын.
Ер жігіт елім десе есерленер,
Достықты, қастықты да өсе көрер.
Қылыштың қылпып тұрған қидасына
Ұмсынып ғазез басын неше келер,-
дегендей, әлі қанша татар дәм, тұтар тұзымыз барын жаратқан Тәңір ием өзі білер. Бүгінде қаншама халық Табғашқа бодан болып, құлақ естіп, көз көрмеген алты дуанға айдап әкетілді. Түркінің жері иесіз, халқы қағансыз қалды. Мұны түркінің қара жері, көк тәңірісі, киелі көк бөрісі кешпейді. Біз бір-бірімізбен, өз бауыр ет жақындарымызбен алысып-жұлысып жүріп Тәңірдің керемет қарғысына ұшырадық па деп қорқамын. Менің қалім де кешегі Іліктің, Тай қағанның қаліндей. Бөрі арығын білдірмей итке жүнін қампайтқаны секілді. Енді біздің қолдан не келер? Ол жағы белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық. Түркінің киелі жер-суы, қара мекені, Көкбөрі киесі тұрғанда сағы сынбайды. Табғаштың тау-өзені көркем, астанасы сәулетті. Бірақ осының бәрі өз жеріңдей болар ма? Қанша бауыр басып кетсең де халқы халқыңдай болар ма? Мына жерге қарашы! Су бұғысы, аю, қаблан, кісікиік, тауешкі – не тілесең бәрі бар мұнда. Тәңірінің небір кереметін көресің сен. Бірақ өзім туған Алтайдың – алыстағы қарлы Алтайдың күн бетіне жетер ме?
Сөзі осы араға келгенде қос қолдап ұстаған шарабына көзінің жасы тамып-тамып кетті. Қыстығып, ағыл-тегіл жылап, өзегін өртеген өкініштері есіне түсіп, буын-буыны босап отырып қалды.
Тұрсынхан Зәкенұлы facebook парақшасынан алынды


