Жақында Нидерландыдағы қазақ қоғамының шақыруымен Амстердам қаласына баруға жолым түсті. Бұл менің көптен бері жоспарлап жүрген бір жағы армандап жүрген сапарым болды. Еуропаның бірқатар қалаларында болып, сондағы қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесіп жүрсем де Нидерландияға барудың сәті түспеген еді. Берлиндегі Гумбольдт университетіне 3 айға ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырылған мүмкіндікті пайдаланып және Берлиндегі қазақ қоғамының жетекшісі, кәсіпкер баурымыз Бешіретхан Малабаканның Амстердамға өз машинаммен апарып қайтайын деген ұсынысы да бұл сапардың іске асуына түрткі болды.
«Қызғалдақ гүлдердің елі» атанған Нидерланды және оның тарихи ескерткіштерге бай, әсем де таңғажайып Амстердам қаласы туралы аз-кем мәліметтер бере кетсек, халықаралық саяси картада Нидерланды (Netherland) ал халық ауызында Голландия (Holland) деп аталатын жер көлемі жағынан шағын небәрі 41мың шаршы километр елде 16.5 млн халық тұрады. Халқының саны жағынан Қазақстанмен шамалас болғанымен жер көлемі жағынан 65 есе кіші бұл ел Қазақстанға ең көп инвестиция құйып отыр. Статистикалық дерек, мәліметтер бойынша Голландия Қазақстан экономикасына басқа елдерге қарағанда ең көп яғни 11.8 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция құйған көш бастаушы ел.
Нидерланд (Netherland) деген «төменгі жер» деген мағынаны білдіреді. Амстердам қаласы Нидерланды мемлекетінің конституциялық астанасы. Елдегі барлық халықаралық ұйымдар мен шетел елшіліктері Гаага (The Haaga) қаласында орналасқан. Амстел өзені жағасына жайғасқан және көптеген су арналары қала ішіне тарайтын Амстердам қаласын әлем саяхатшылары «Солтүстік Венеция» деп тегіннен тегін атамаса керек. Амстердам қаласының кей бөлігі теңіз деңгейінен де төмен орналасқандықтан Роттердам қаласынан кейінгі ең ірі өнеркәсіп және сауда орталығы болып саналады. Нидерландыда әлем таныған көптеген әйгілі суретшілер мен өнер адамдары өмір сүрді. Сондықтан қаладағы Риксмузей, Винсент ван Гога, Рембрандт мұражайлары саяхатшылар назарын өзіне тартатындықтан жылдың қай мезгілінде болсын қала орталығында қаптап жүрген саяхатшыларды көре аласыз.
Туризм ел экономикасына әжептәуір пайда кіргізеді. Статистикалық мәліметтер бойынша, 300 ден астам қонақ үйлері бар Амстердам қаласын көруге жыл сайын 4 млндай саяхатшы келеді екен. Амстердам қаласына келушілер көбінесе қаладағы тарихи маңызды ескерткіш орындарын аралаумен бірге кешкі Амстердаммен танысуға құмар. Қала орталығындағы ескі, тар көшелерде емен-еркін наша шегіп алған жастарды және әлемнің шар тарабынан келген тәнін сатушы жезөкшелерді көптеп көре аласыз және осы екі көлеңкелі бизнес түрінің шарықтап тұрғанына қала әкімшілігі еш тиым салмайтынын көріп таң қаласыз.
Жалпы Нидерландыда және оның астанасында шетелдік иммигранттардың көптігіне қайран қаласыз. Әр көшеден Нидерландының бұрынғы отары болған Суринам секілді елден келген қара нәсілді африкалықтарды, оңтүстік-шығыс азиялық инденезиялықтарды, марокколық арабтарды және түріктерді көптеп кездестіресіз. Соңғы кезде қытайлар да көбейе бастапты. Осы шетелден келген иммигрантар арасында 1968 жылдан бастап еңбек күші ретінде Түркиядан келген, 1991 жылдан бастап кәсіп іздеп, оқу-білім іздеп Қазақстаннан келген қандастарымыз да жүр.

Сонымен жұма күні түс ауа «бісмиллә» деп Бешіретханың су жаңа «БМВ» машинасымен Амстердамға қарай аттандық. Жол бойы Бешір екеуіміз Нидерланды мемлекеті және оның астанасы Амстердам қаласы, бұл жақта тұратын қазақтар жайын әңгімелесумен болдық. Нидерланды астанасында тұратын ағайындар менің келе жатқанымнан алдын-ала хабардар болғандықтан қазақтардың үлкендері сондағы қазақ қоғамының төрағасы Абдул Кәлемнің үйіне жиналып, бізді күтіп отырыпты. Біз жұма күні түстен кейін шықсақ та қас қарая Амстердамға жеттік. Қазақша амандық, жөн сұрасудан кейін мен өзімнің келген шаруамды қысқаша таныстырып, бірден Нидерландыдағы қазақ диаспорасы тақырыбына көштік.
Нидерландыдағы қазақ мәдени қоғамының төрағасы Абдул Кәлемнің айтуынша, 1985-1986 жылдары Нидерландыға 150-дей қазақ отбасы жұмыс іздеп Түркиядан көшіп келіпті. Олар Түркияның қазақтар тұратын Стамбұл қаласынан, Измирден және Алтайкөй ауылынан көшіп келген Керей қазақтары. Кейін сол қазақтардың көбі қайтадан Түркияға, ал қайсыбірі Францияға көшіп кетіпті. Себебі голланд немесе ағылшын тілдерін білмеу, жергілікті жердің заң-закондарынан хабарсыз болу және үй-баспана мен дұрыс жұмыс табылмауы сондай-ақ жергілікті әкімшілік орындарының қазақтардан түрлі құжат қағаздарды талап етуі және балаларын оқытуға қатысты қиындықтардың болуы олардың қайта қайтуына себеп болса керек. Сол қиындықтарға шыдап кері көшпеген қазақтар Нидерландыда қалып өмір сүріп жатыр. Бүгінгі күні олардың саны 30-40 шақты отбасын құрайды. Егерде әр үйде орташа есеппен 2-3 бала бар деп есептесек Нидерландиядағы қазақтардың саны 120-160 адам шамасында. Осында қалғандарының бәрі Нидерландыдағы түрлі киім тігу фабрикаларында жұмыс істеген.
Нидерландыдағы қазақтардың үлкені 68 жастағы Абдулла Уақап Қыран және 65 жастағы Ысқақ Шоқгүленнің айтуларынша, алғаш Голландияға жұмыс іздеп Жеңіс Ораш деген руы найман Түркия қазағы келіпті. Одан кейін 1983 жылы Ейіп Ақай, Мұқылес Салихылы, Рафик Байдалы, Қахарман Қадырәлі деген 4 қазақ келіпті. Одан 1986 жылдан кейін қазақтар көбейген. Алайда бұл қазақтар Нидерландыға ешкімнің шақыруынсыз өз беттерімен келгендіктен Нидерланды үкіметі оларды жақсы қабылдамаған. Сондықтан 14-15 жыл бойы Түркия азаматы паспортымен жүріп-тұруға тура келген. Үкіметтен ешқандай әлеуметтік көмектер ала алмағандықтан өз күштеріне сеніп, кез-келген жұмысты істеулеріне тура келген. 15 жыл өткеннен кейін барып Нидерланды үкіметі оларға азаматтық берген. Содан бастап тұрмыс-тіршіліктері жақсара түскен. Үкімет оларға үй-баспана берген, кейбірі өздері сатып алған. Ең негізгісі жұмысты болып, жұмыссыздары үкіметтен әлеуметтік көмектер ала бастаған. Балаларын оқыту проблемасы шешіліп, қәзір бәрінің балалары ағылшынша немесе голланд тіліндегі мектептерде және қайсыбірі жоғары оқу орындарында оқып жүр. Мысалы Абдулла Кәлемнің қызы Мехреб Амстердам университетінде оқиды. Абдулла Қаражігіт есімді тағы бір қазақтың қызы Амстердам университетінде оқып жатыр.
Оқу демекші, 1991 жылдан кейін Қазақстаннан халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен, Еуропа одағының «Ерасмус Мундус» секілді халықаралық бағдарламалармен келіп оқып жүрген қазақ жастарының саны да көбейген. Өзі «Ерасмус Мундус» бағдарламасымен Амстердам университетіне оқуға келген түркістандық Гүлдана есімді қарындасымыз Амстердамда тұратын Уәли Бишер есімді қазақ жігітімен бас құрап, қәзір сонда тұрып жатыр.Оның айтуынша, өзі секілді Қазақстаннан келіп оқып жүрген қазақ жастарының саны 20-30 аралығында.
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Гаагадағы Қазақстан елшілігі бұндағы қазақтарға қазақ тіліндегі кітап, журналдар таратып беріп тұрады бірақ олардың көбі кириллше әріп танымайтындықтан бұларды оқи алмайды. Ең дұрысы кітап, журналдар латынша болса жақсы болар еді» дейді Гүлдана. Амстердам тұрғыны Фатма Ұлықпанқызының айтуынша, жалпысы голландиялықтар қазақ секілді кең мінезді келетін халық. Шетелдіктерге іші тарлық жасамайды. Шетелдіктердің салт-дәстүр, мәдениетін аса сыйлайды. Араласатын голландиялық көршілері қазы-қарта, бауырсақ секілді қазақтың тағамдарына қызығатынын айтады. Нидерландияда адам қартаю проблемасы бар болғандықтан үкімет шетелден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға барып отыр. Нидерландылықтардың өздерінде 1-2 бала болса қазақтарда 4-ке дейін балалары бар. Нидерландыда тұратын қазақ диаспорасы бір-бірімен тату,біркелкі деңгейде өмір сүріп жатыр деуге болады. Іштерінен шыққан бірен-саран бизнес адамдары да бар. Солардың бірі Айдын деген жас жігіт пицца дайындайтын асхана ашқан.
Абдулла Калемнің айтуынша 1986 жылдары келген қазақтардың көбі қәзір үкіметтен беретін зейнетақыға қарап жұмыссыз отыр. Бұған дейін оның Стамбұл қаласында нейлоннан киім-кешек тігетін кішігірім цехы болған. Әкесі қайтыс болған соң Амстердамға келіп, киім-кешек тігетін түрік фирмасында тігін цехын басқарып тұрған. Ол бір жылдары Түркия қазақтары арасынан Түркияның әйгілі «Галатасарай» футбол командасында ойнапты. Соңғы жылдары перде тігетін цехта біраз жылдары жұмыс істеп тұрып, зейнетке шыққан. Қазір арзан қытай перделері көбейіп кеткендіктен перде тігіп сату бизнесі жүрмей қалды,- дейді ол.
Амстердамда тұратын қазақтар дінге берік. Бес уақыт намазын өтемесе де жұма намазынан қалмайды. Біз барардан бұрын Амстердамдық қазақ Абдулла Қаражігіт және әйелі Халима екеуі қажылық парыздарын өтеп келіпті. Қажы Абдулла Қаражігіттің айтуынша, Амстердам қаласында шамасы 50 дей мешіт бар. Қазақтар көбінесе жұмалық намаздарын өтеуге Түрік мешіттеріне барады. Қазақтар аптасына бір рет қала әкімшілігі берген қоғамның мәдениет үйінде кездесіп тұрады.
Амстердам қаласының гүл өсіретін фермасында жұмыс істейтін Мансұр Қаражігіттің 12 жастағы ұлы Елісхан Түркияда өткен құранды мәнерлеп жатқа орындау сайсында жүлделі орын алыпты. Баласының осы дарынын ары қарай дамытып, дін оқуының жоғарғы курсын оқытсам деп армандайды әкесі. Тарихта қызғалдақ гүлінің отаны Қазақ жері деп аталады. Осы гүлдің ұрығын Нидерландыға апарып, бүгінгі күні әлемде үлкен бизнес көзіне айналдырған голландиялықтар сиыр сүтінен жасайтын ірімшіктерімен де мақтана алады. Мансұрдың айтуынша Нидерландыда арнайы өсірілетін қызғалдақ гүліне деген сұраныс өте күшті. Гүлді ең көп сатып алатын елдің бірі Ресей көрінеді. Польша, Түркия, Румыния және Қазақстан да «голландия қызғалдағын» сатып алушы елдер. Міне қараңыз, табиғат өзі бізге ғана сыйлаған осы қызғалдақ гүліне ие бола алмай сонау Еуропа түкпірінен қаншама қаржы жұмсап осы гүлдерді қайта сатып алып жатқанымыз. Бұған не деуге болады. Ешнәрсе айта алмаймыз. Кезінде Азия даласын құлпыртқан осы қызғалдақ гүлдің құдыреті ме кім білсін Амстердамдағы басқа қазақтардай емес Абдулла Қаражігіт қала шетінен 3 қабат жақсы үйді сатып алған қазақ.
Осы жолы Нидерландыдағы өмірдің Германиядан да қымбат екеніне көзім жетті. Осындағы қазақтардың көбі үйлерінде қазақша не түрікше сөйлеседі. Ал алдағы уақытта осы елде тұра бересіңдер ме? жоқ әлде Қазақстанға не Түркияға көшесіңдер ме? деген сұрағыма көпшілігі бала-шағамызды оқытып тұра беру ойымызда, бірақ, жағдаймыз қиындай түссе амалсыз не Қазақстанға не Түркияға қарай көшеміз десті. Қазақстаннан келетін кейбір бизнесмен қазақтарға көмектесіп тұрамыз дейді олар. Ал Қазақстаннан Нидерландыға жұмыс, кәсіп іздеп келген кейбір қазақ отбасылармен араласып тұрамыз, ал қалғандары онша араласпайды дейді олар. Себебі неде? деген сұрағыма олар «өмір сүрген елдеріміздің өзгешелігінде, біз өз арамызда түрікше сөйлесіп кетеміз, ал олар өз араларында орысша сөйлеседі екен» деген жауап берді.
Биылғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын Нидерландыдағы қазақтар алдағы мамырдың 23-24 күндері Амстердам қаласында өткізуге қызу дайындық жасап жатыр. «2015 жылғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізу біздің мойынымызға жүктелген. Сондықтан құрылтайдың дайындық жұмыстарын бастап қойдық. Жас футболшылар доп ойнайтын футбол алаңына, қонақтарға арналған екі қонақ үйге, концерт залына тапсырыс беріп қойдық. Амстердамда тұратын қазақтардың әрқайсысына өз міндеттері жүктелді» дейді қоғам төрағасы Абдулла Калем. Мысалы, Амстердам қаласының гүл өсіретін фермасында жұмыс істейтін Мансұр Қаражігітке Қазақстандық қонақтарға арнап гүл шоқтарын дайындау тапсырмасы беріліпті. Міне Нидерландыда жүрген азғана қазақ ағайындарымыз осылай Еуропа төрінде алаңсыз, еркін өмір кешіп жатыр.
Досан Баймолда, халықаралық журналист
Алматы-Берлин-Амстердам
baq.kz


