
Біз үшін қазақтардың 1837-1847-жылдардағы Кенесары ханның қолбасшылық етуімен тұтас елге қанат жайып, ұлт-азаттық сипат алған көтерілісі әділетті әрі қасиетті соғыс. Өйткені, Әбілқайыр да, Абылай да Ресеймен келісім-шартқа қол қойғанда қазақ елі болашақта генерал-губернаторлар арқылы сырттан басқарылатын отар елге айналатынын болжамаған еді. Дәл осындай отаршылдыққа қарсылық күресті Кавказда Шамиль имамның жүргізгені тарихта біршама белгілі. Ал одан да ауқымды дәрежеде өткен қазақтың азаттық соғысы туралы әлі күнге дейін өзіміз де толық білмейміз. Кенесары, тіптен болмағанда, Ресей империясының автономиясы түрінде болса да, қазақ хандығын қайта қалпына келтірмек болды.
Алайда Палкин деген лақап атқа ие болған, тік мінезді және ымырасыз Николай І-ші «бір патшалықтың ішінде екі патшалықтың өмір сүруіне жол жоқ!» екендігін мәлімдеді. Осы сындарлы кезде Кенесары ешқандай қатерден қорықпады. Керісінше, қазақ халқының абыройын көтеріп, майдандас серігі Нысанбай жырау: «Кенесары ер болды, Ел iшiнде бiр болды!» деп жырлағандай, ұлттың көсеміне әрі қолбасшына айналды. Кенесары ойлары жершілдікпен шектелген, әрі қорқақтығынан отарлаушылармен ымырашыл болып алған «ел қалаулысы» дейтін топтың тоғышарлық «ақылынан» тіптен бөлек еді. Ол, ең алдымен, бөлшектене бастаған қазақ елін біріктіргісі келді, қазақ елін тоз-тоз болып жойылып кетуден сақтап қалғысы келді.
Кенесары не үшін соғысты?
Кенесары ханның соғысы қиын әрі қайғылы жағдайларда өтті. Ол солтүстікте патша әскерімен, оңтүстікте қоқандықтармен соғысса, ол аз болғандай, ел ішіндегі «бесінші дөңгелек» секілді қажырсыз топпен айқасуға мәжбүр болды: бәрі де оған қарсы шықты, тіпті, өз қазақтарынан да соққы жеді. Осы жағдайлар оны террормен шектесіп жатқан күрес әдістерін қолдануға итермеледі. Бұл – қатал күрес жолы еді. Сондықтан болар, мұндай қаталдығы үшін оны қоян-қолтық шайқасудан бас тартқандардың ұрпақтары әлі күнге дейін айыптайды. Әрине, бүгінде оның күрес тактикасын айыптау оңай, алайда оның Тәуелсіздік үшін күресінің жалпы стратегиясының дұрыс болғаны сол кездің өзінде-ақ мойындалған болатын…
Көтерісшілер әскери шептердің қыспағына түскен соң Жетісуға қарай ығысты. Мұнда дулаттарға арқа сүйей отырып қырғыздарды өз билігіне көндіруді, одан әрі, Қоқанды басып алған соң шығыс Түркістанмен бірігуді, сөйтіп, біртұтас түркі мемлекетін құруды мақсат тұтты. Осы кезде Британияның Орталық Азияға экспансиясы басталған болатын. Олар хан Кенеге қолдау көрсетуі әбден мүмкін еді. Егер, сол кезде Кенесарыны Орталық Азияның бүкіл түркі тектес халықтары қолдап, Тұран елі атымен біріккен жағдайда, бәлкім, олардың барлығының тарихы бүгінде басқаша өрбір ме еді, кім білсін?.. Бір ғана нәрсе мәлім: ол – біздің большевиктік ашаршылықтан, қазақтардың үштен екісінің опат болуынан және зиялы тұлғаларымызды жаппай атып тастаудан аман қалатынымыз еді! Бірақ бізді тарих жетелеп жүріп, өз ынжықтығымыздың арқасында осыған алып келді. Есеңгіреп қалғанымыз соншалық, осы зобалаң зардабынан айығуға әлі күнге дейін дәрменіміз жетер емес.
Қазақ даласының Дон Кихоты
Қаһарлы Кене атақты қиялшы Дон Кихот секілді Тағдырға қарсы тұрды, сұрқия құлдық ездікке қарсы ұран тастады. Мұнда күштердің тең еместігі басынан-ақ белгілі болатын: бай-сұлтандар ақ патшаға қыз-мет етуді жеке басының пайдасына бола таңдаса, көпшілік қазақтар да өздерінің отбасыларын бекерден-бекер қауіп-қатерге ұшыратпауды, қаншама қыспаққа түссе де тұрақтылықты сақтап қалуды қалады. Оның үстіне, мыңдаған жылдық тарихы бар көшпенділер өркениетінің өзі де туындап келе жатқан өндірістік капиталистік өркениеттің аяғына тапталып, өмір сүруін тоқтата бастаған еді. Алайда хан Кененің және онымен бірге қайсарлықпен, сағын сындырмай, намысын таптатпай өмірін қиған бабалармыздың ерлігі біздер үшін қашанда бағалы. Халқымыздың тарихындағы бұл ұлы оқиға – «ержүректілік пен көзсіз батырлықтың таусылмас дастаны!» деп бағаланады. Бүгінде біз: – Жатқан жерің жайлы болсын, Хан Кене. Сен біздің бүгінгі еркіндігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін қолыңнан келгенді жасадың. Сенің есімің мен Ерлігің ешқашан өлмейді!- деп бас июге тиістіміз.
Ұлттық Рухқа оралу
Жер бетінде қазақ халқы өмір сүріп тұрғанда қазақ деген абыройлы ат тұғырында бола бермек. Кене, Наурызбай және тарихта аты қалған талай батырларымыз – біздің ғұмырлық бойтұмарымыз және қорғанымыз, биік патриоттық сезіміміз және Отанды түйсінудің, оған қалтқысыз қызмет етудің үлгісі болып қала береді.
Хан Кене – тарих қойнауына сүңгіген ғасырдың емес, біздің заманымыздың қаһарманы. Ол сыбайластық пен ұрлыққа белшесінен батқан, ру мен жүзге бөлініп бір-біріне көз алартқан, алпауыттардың қыспағында түскен, енді, 20 жыл тәуелсіздіктен кейін, бұрынғы «үлкен ағамыздың» зіл батпан қолы астында қайта еніп бара жатқан, мүлгіп-тізерлеп әрең жүрген жігерсіз халық үшін аса қажет.
Бүгінгі таңда Хан Кене біз үшін және біздің ұрпақтарымыз үшін –Отанымызды қытайлық, немесе, өзге де кез-келген агрессиядан сақтап қалуға қауқар мен өжет рух беретін Аруақ, нағыз киелі періште-қорғаушы, қазақтың Үш Жүзінің жеке-дара ұраны. Біз «Хан Кене!» деп ұран салар болсақ, онда бес Францияның жеріндей қазақ жерінде, мейлі, үш жүз қазақ қалғанның өзінде олар еуропалықтардың аңызындағы «үш жүз спарталықтар» секілді қандай жауға болмасын төтеп бере алар еді, тіптен, жеңер де еді.
Хан Кене – қазақтың өз алдына тәуелсіз мемлекеті болуы жолында шалынған киелі құрбандық. Кенесары және онымен бірге құрбан болған үш жүздің батырлары – қазақтардың бірлігі мен жауынгерлік бауырластығының айрықша нышаны. Кейін оның мағынасын «от басы – ошақ қасынан» шықпай отырықшыға айналған, парақор шенеуніктер мен саудагерлерді өмірге келтірген қазақсымақтар бұрмалап, ондай Ұлы Рухты «таяқ ұстаған Ұлы жүзге, қалам ұстаған Орта жүзге, қылыш ұстаған Кіші жүзге» бөліп алды. Осындай Иерархиялық бөлістің арқасында олар қазақты біртұтас жауынгерлік бауырластығынан айырды. Кірмелер де Үш жүзге бөлуге дем беріп, қолпаштап отырды. Соның арқасында бүгінгі олигархтар да бізді іштен шалып, ондаған жылдар бойы жерімізді, байлығымызды аяусыз тонап жатыр. Сондықтан да жұрт арасында мынадай: «қазақтар хан Кененің рухына қайта оралуы тиіс. Олай болмайынша ешқашан бастары бірікпейді − біртұтас ұлт болмайды. Ғұмыры жүзшілдікпен, текшілдік-рушылдық бөлінушілікпен және менмендікпен босқа өтеді» деген алаң пайда бола бастады. Ендеше Хан Кененің рухын ояту, шын мәнісінде, қарғыс атқан трайбализм мен жүзшілдіктен айығуға үндеу мен шақыру болып табылады. Өйткені, әрбір қазақ хан Кене сияқты өз жері үшін өмірін қиюға даяр болмайынша біздің тірі қалуымыз да, аяғымыздан тік тұрып кетуіміз де, еркіндік пен бақытты өмірді көруіміз де екіталай.
Егер біз орыстармен тарихтың бұрынғы келеңсіз беттерін жабуды, «отарланған санадан» құтылуды, олардың қазақтармен тең құқылы шынайы қатынастар орнатуын қаласақ, егер біз өзіміз сайлаған мемлекет басшыларының өз халқына опасыздық етуінен сақтансақ, егер біз төніп келе жатқан қытайлық Аждаһаға біртұтас дала халқы ретінде қарсы тұрғымыз келсе онда, жалпы ұлт болып тәубеге келіп, осындай − хан Кене бара алған серпіліске барғанымыз жөн. Біз ол қадамға бір кісідей жұмылып баруға тиістіміз. Сонда ғана, ұлттық мүде тұрғысынан түкке татымайтын реніштер мен күдіктен тазарған біздер тұтас халық болып бірігеміз және жаңа тарихымызды бастай аламыз. Ендеше, осы бағытта Ұлы Даламызда жаңа өмірдің тұнық бастау-бұлағын ашатын бірнеше қадамдар жасау керек.
Соның бірі ретінде халқымыздың Тәуелсіздігі, Бірлігі мен Теңдігі үшін жанын қиған хан Кене жайындағы фильм үлкен көмек етпек. Онда ханмен бірлесе шайқасқандардың арасында орыстар мен поляктар, башқұрттар және татарлар болғанын жасырмай көрсету қажет. Тек осындай бұқаралық өнер түріне жататын кең тынысты баталиялық фильм ғана өзінің образдылығымен және делебені қоздыру қабілетімен бүкіл халықты дүр сілкіндіріп, орнынан тік тұрғыза аламыз. Қазір Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай Ұлы мереке өткелі жатыр. Ол туралы 10 сериялы фильм түсіру жоспарланған. Осы Бағдарлама аясында Хан Кененің батырлық жолы туралы кең тынысты фильмді өмірге келтіру мүмкіндігі болды. Бірақ олай жасалмады. Мәселен, кезінде мен әзірлеген Кенесары туралы фильмнің идея-жобасы өз киностудиялары бар шетелдік қазақтардың қолдауына алдын ала ие болған еді. Енді соны өз мемлекетіміз жүзеге асыратын уақыт жеткен сияқты. Өкінішке орай, әзірге ондай «ұлттық серпіліс» байқалатын емес… Жоба да жүзеге аспаған күйі қалып барады…
Әмреқұлов Нұрлан, философ, Алматы
(Қазақша нұсқасын баспаға дайындаған Әбдірашит Бәкірұлы)
kazakia.kz


