Едіге билігінің соңғы жылдарында Алтын Орданың ханы етіп, Дервишті тағайындайды. 1420 жылы Дервиш Жайықтағы қанды шайқасқа қатысып, ұрыста қаза табады. Оның орнына – Алтын Орда тағына Қажы Мұхаммед ханзада отырады.
Жайықтағы шайқаста Қажы Мұхаммед оғлан өз әскерімен Едіге жағында соғысады. Шайқастан кейін 1421 жылы Едігенің ұлы Мансұр Қажы Мұхаммед оғланның хан болуына көмектескен еді, бұл еңбегі үшін Қажы Мұхаммед оны өзінің хан сарайына әмір етіп алады. Қажы Мұхаммед Бату ханның інісі Шайбанның ұрпағы болып келетін. Ол Алтын Орданың шығыстағы ұлыстарына хан болып үлгермей жатып, Орда Ежен ұрпақтарынан тарайтын бақталастары пайда болды. Негізі қарсыласы – Барақ еді. Барақ алғашқыда Алтын Орда билігін басып алуға ұмтылып, бұл әрекеті сәтсіз аяқталады. 1243 жылы Ақ Ордаға – Сығанақ аумағына келіп, бұл жерде ұлыс билеушісі лауазымын иеленеді. Сығанаққа бекінгеннен кейін ол Қажы Мұхаммед ханға қарсы аттанып, оны еріксіз Сібірге кетуге мәжбүр етеді.
Сібірдегі Шайбан ұлысында Қажы Мұхаммед ханның екі бәсекелесі бұған қарсы бірігеді. Шайбан ұлысының ақсүйектерінің ауызбірлігі болмағандықтан, олар өздеріне тағы бір сұлтан – Жамұдықты хан сайлайды. Көп ұзамай екі ханға қарсы үшінші мықты бәселекес тұлға – Әбілқайыр сұлтан қарсы көтерілді.
Ұлысты билеуге ұмтылған үш ханның да сүйенетіні – үшеуі де белгілі бір ақсүйек дәрежелерін иеленген дәулетті адамдар еді. Бұрынғы Орда Ежен иеліктерін өзіне қайтарып алу үшін темірліктермен күресте жеңіске жеткен Барақ хан Шайбан ұлысында билікке талас жүріп жатқанын көріп, оларды тұтқиылдан басып алуға ұмтылды. Оған Қажы Мұхаммед хан өршелене қарсы шығады. 1428 жылы Барақ хан өлгеннен кейін, Жантар-Жалқын елді мекенінің маңында Жамұдық хан мен Әбілқайыр арасында соғыс жалыны қызады. Ұрыс барысында Жамұдық хан әскері жеңіліс тауып, ханның өзі де мерт болады. Әбілқайыр елге хан сайланып, оның айналасына көптген тайпа көсемдері шоғарланады.
Әбілқайыр Қажы Мұхаммед хан сайланға Тара (Тюмень) қаласына әскери жорық жасап, үлкен күшпен қаланы басып алады. Осы уақытта Қажы Мұхаммед Сібірге қайта оралып, Тобыл өзінінің бойында екі хан бір-біріне қарсы тұрады. Қажы Мұхаммед әскері ауыр жеңіліске ұшырап, ханның өзі тұтқынға түсіп, жау қолынан қаза табады. Бірақ, Әбілқайыр қалада ұзақ биліп құра алмады. Сол жылы Қажы Мұхаммедтің екі ұлы Махмұтек пен Ахмет оған қарсы бүлікке шығып, Орда Ежен ұлысына дейін қуып, Әбілқайыр Орда базар шаһарын басып, өзінің астанасы етіп жариялайды.
1428 жылы Әбілқайыр Тюменьнен кеткеннен кейін, Махмұтек хан сайланады. Сібір хандығы өз атауын Шайбани ұлысының алғашқы астанасы – Сібір қаласының атымен атаған. Кейіннен Тюмен қаласы салынғанда, астанасы соған ауыстырып, жұрт оны Сібір Іскер (Ескі) қаласы деп атай бастайды.
Хандық шекарасы Орал жоталарының шығыс қапталдарынан бастап, Обь және Ертіс өзендерінің аңғарларын қамти отырып, бүкіл Шайбан ұлысын және Орта Ежен ұлысының көп бөлігін алып жатты. Солтүстікте оның шекарасы Обь шығанағына дейін, сол сияқты Обь шығанағынан Сібір хандығының шығыс шекарасы саналатын Надим және Пим өзендерін бойлай өтіп, Сургут қаласына барып тірелсе, одан кейін Ертіс жағалауымен оңтүстікке қарай бұрылып, Обь өзені алабында Ертістен шығысқа қарай біршама ауытқып, Барабин даласын қамтитын еді.
1563 жылы өзара қақтығыстан кейін Сібір жұртының тағына Көшім хан отырды. Ол шайбаниліктер әулетінен тарайтын. Сібір хандығы да барлық түркі мемлекеттер сияқты өздерін Алтын Орданың заңды мұрагері санайтын.
Сарай ішінде өзара қақтығыс болса да, Қазан мен Астрахан хандары құлағаннан кейін, сыртқа жаудан сезіктеніп, ынтымақ орнады. Орыс аймағының шекарасында қалалар мен бекіністер көбейе бастағаннан кейін, Сібір хандығы оларға шабуылдап тұрды. Мұндағы мақсаты орыстардың жаулаушылық саясатын Сібір жеріне жеткізбеу еді.
Бұл уақытта Строгановтар әулетінің дәурені жүріп тұрған. Негізгі өнеркәсібі тұз өңдіру. Бұрынғы Орда территориясында өз кәсібін жүргізу үшін ештеңеден тайынбады. Кама өзені бойында Канкор қалашығын салып, жергілікті тайпалардың ашуын туғызып, көтеріліс жасауына әкеп соқты.
Осы уақытта Еділ бойынан Ермак бастаған казактар орыстарға жәрдем беріп, көтерілісшілерді қуып шығады. Бұған риза болған Строгановтар зеңбіректер, азық, қару-жарақты молынан сыйға тартады. Олар Сібір хандығының байлығы жөнінде өз әңгімелерінде казактарды одан сайын қызықтырып, Сібірге қарсы тонаушылық жорыққа бел буады.
Строганов тезірек жету үшін Орал өзендерімен жүзіп барып, шабуыл жасау ең тиімді деп ұйғарды. Сөйтіп Ермак кемелері Қашлыққа 1500 шақырымның 1200 шақырымын Сібір өзендерінің ағысымен төмен қарай жүзді. Көшім хан казактардың келіп қалғанын білгеннен соң, жергілікті тайпалардан астананы қорғайтын жасақ жинады. Күш әлсіз екенін түсінгеннен соң (бүкіл негізгі әскері сол мезгілде Оралдың арғы бетіне жіберілген болатын) Қашлықтың түбінде тоқтатуды ұйғарды. Осы мақсатта ол өз жұртына Чуваш мүйісінде тосқауыл жасауды бұйырды.
Көшім хан тосқауылды басқаруды Мәметқұл сұлтанға тапсырып, өзі алыстағы тау беткейіне жайғасады. Казактар Сібір хандығының қылыш-садақпен, найзамен қаруланған әскерін «отты қарумен» қарсы алып, оңай жеңді. Көшім әскері казактарды көп шығынға батыра алмады. Олардың жеңілу себебі – таңдаулы деген, соғыса алатын ханзада Алей бастаған әскері Камадағы көтерілген тайпаларды қолдауға жіберіліп, мұнда болмай қалды. Ал, манси және ханты жауынгерлері «отты қаруды» бірінші рет көріп, қорқып кетеді.
Көп шығынмен оралған Алейді Көшім хан астана түбіндегі Абалық қаласына жібереді. Бұл жерді де алуды жоспарлаған Ермак тағы шабуылға шығады. Көп шығынмен мұны да алады. Көшім хан оңтүстікке қарай үдере көшіп кетеді.
Ермак Сібір хандығында екі жыл шыдайды. Бұл арада Мәметқұл сұлтанды тұтқында алып, өз мақсатына да пайдаланып, талай ұрысқа қосқан.
1585 жылы Мәметқұл тұтқындалғаннан кейін әскербасшысы болып уәзір Қараша тағайындалады. Ол астананы Тараға көшіріп, өзі Қашлық қаласын қоршауға алады. Казактарды аштық екенін біліп, аман-есен шығып кетуіне жол бермеуге асықты. Көктемнің басына дейін Ермак әркерін Қашлықтан сыртқа шығармай құрсауда ұстайды.
Десе де Ермак тұсаудан шығып, Қарашаға соққы береді. Бірақ Қарашаны жеңгенімен, жергілікті халықтан сескеніп оңтүстік-шығысқа қарай ұмтылады. Вагай өзіне бойында келе жатып, Көшім ханның адамдарына жолығып соғысқа түседі. Азғантайы қашып үлгергенімен Ермак қаза табады.
Қашлыққа оралғанымен, Көшім хан бүрыннан бақталасы болған Сейіт ханмен ұрысып, кетуге мәжбүр болады. Бірақ Көшімді бір жолата құрту мақсатымен, орыс патшасы В. Сукин, И. Мясной, Д. Чулков бастаған әртүрлі әскери топтарды жаңа әскери жорықты және бастайды. Олар әртүрлі бекіністер салып, бір жолата орнығып алуды көздейді. Ал Сейіт ханды Мәскеуге алдырып, жоғары лауазымды қызметке тағайындаған.
Көшім хан Бұхара билеушісі Абдуллах ханнан әскери көмек сұрайды. Бірақ бұл кезде ол Хорезм үшін соғыс қимылдарын жүргізіп жатқандықтан, көмек бере алмайтынын жеткізеді. Көшім ханның иелігіндегі жерлер тарыла түсіп, ақсүйектер арасында алауыздық орын алады. Кейбірі өз жерлерін сақтап алу үшін, орыстарға ант беріп қызмет ете бастайды. Олардың арасында Шын мырза Жүсіп (Чин-мурза Юсупов) болды.
Орыс билігінің басында отырған Борис Годунов Көшім ханды патшаға қызмет етуге тартады. Кезінде Мәметқұл сұлтанмен бірге тұтқындалған ұлы Әбіл-Қайырға әдейі хат жазғызып, жағдайы жақсы, өз иелігінде қала мен болыс берілгені жайында айтқызып, патшаның қол астына өтуді ұсынады. Алайда, Көшім хан бас тартып, соғысты ары қарай жалғастырады.
Бұны естіген патша ең мықты деген әскербасшысын жіберіп, түпкілікті жойып таста деп бұйрық береді. Олар хан ордасын тауып шабады. Шайқас түске дейін созылып, Көшім хан ордасының шаңырағы ортасына түседі. Орыстар Көшімнің бес кіші баласы мен сегіз әйелін тұтқынға алады. Өзі үлкен ұлы мен отыз шақты жауынгерімен қашып кетеді. Кейін шайқас орнына оралып, екі күн бойы соғыста шейіт болған кеткендерді жерлейді. 1598 жылы күзде орыстар Көшім ханға балалары мен әйелдерін қайтаратынын және патшаның арнайлы сый-тартуларымен марапаттайтынын жария етіп, мемлекетті қызметке шақырады. Көшім хан «өзінің жас кезінде орыстарға қызмет еткісі келмегінін, ал қазір қартайғанда оны тіпті қаламайтынын және бұлай ету қолынан келмейтінін» айтады. 1601 жылы ол Ноғай татарларымен болған өзара алауыздық қақтығыстардың бірінде қаза табады. Көшім хан аянышты қазасынан кейін Сібір хандығы да түпкілікті өмір сүруін тоқтатады.
Дайындаған Рүстем Нүркен
namys.kz



