Бүгінгі қазақ – мың жылдан бері біртұтас халық. Беріден сызғанда жеті-сегіз ғасыр. Жошы ұлысы – Алтын Орданың рулық құрамына қараңыз. Түгел өзіміз. Қазақ Ордасы тұсында Алаш ұранымен біржола ұйысыппыз. Үш жүз, немесе Үш Алаш – этникалық емес, әкімшілік, аймақтық бөлініс болатын. Жүздер, ішінара алғанның өзінде де, басқадан етене, жақынырақ туыстық жөнімен емес, жер ыңғайы бойынша жіктелді.
*****
Обалы қазақтың өзіне болатыны – отбасында орыс тілінде сөйле деп кім нұсқау беріпті. Ана тілін білмегендерге айрықша сыбаға бар деген де жарлық шықпады. Өкімет пен партия тарапынан, басқа болса да, дәл осындай шешім, қаулы түспегеннен соң, қыжыртпай айтсақ, тағдырлас алыс-жақын көршіңіз – ұлттық санасы, адамдық намысы сақталған жұрттардың ешқайсысында ана тілдері дәл біздегідей аяқ асты қалып көрген емес. Ұлыстық, автономиялық құрылымдар тұрыпты. Жат ортада отырған жалғыз үйлінің өзі от басында ана тілінен ажырамаған.
*****
Ұлттық сыпат, ұлттық сананың айқын әрі жария бір көрінісі – ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш болса керек.
*****
Әуелден өзін қор, басқаның өзін зор санайды дейін десең, осыдан не бәрі жүз жыл бұрын, отаршылдық түнегінде Батыстың озық ғылым-білімінен мақұрым кезінің өзінде бойына жан теңгермеген – Абай сөзін еске алайықшы, шамасына қарамай, орыс-орманды, сарт-ноғайды ешкімді менсінбейтін қазақ еді ғой. Соңғы ғасырда соншама қиындық көрді, ашаршылық азабын, қуғын-сүргінді өткерді, ұлттық және рухани езгіге түсті дейін десең… ол рас, азабымыз ақтабан-шұбырынды заманынан он есе асып кетті – алайда кейбір халықтар, мәселен, чешендер бізден әлдеқайда артық қиыншылыққа ұшырады ғой – бірақ тілінен де діні мен ділінен де айырылған жоқ, күні бүгінгіше өзінен саны жүз-жүз елу есе көп халық, қоңыр фашизмнен де өткен рахымсыз, арғы ғасырлық тарихта ғана ұшырасқан ашық геноцидке қарсы қайыспай күресіп жатыр, соңғы кісісі қалғанша, ар-ожданын сатпасы анық.
*****
Құдайға шүкір, қаншама зобалаңды бастан өткерсек те, біздің халқымыз біржола жұтаған жоқ. Көлеңке тартқанымен, бар қасиеті бойында. Кез келген үлкен халықтың генофонды өте күрделі. Ортаяды, тоқырайды, белгілі бір тарихи ділгір кезеңдерден соң тұтастай болмаса да, біршама қалпына түседі. Халық болған соң, көп болған соң, жиын жерінен қайнап шыға береді. Ерлікке – ақыл, парасатқа – пайым, ер-азамат атаулыға күш, қуат беретін, қара ормандай қалың қазақтың мәңгілік асыл рухы итжемеде өлуге тиіс емес. Бүгінгі күн – әлі ес жия алмай жатқан, қалжырап тұрған бір кезіміз болар. Әйтпесе… парасат та бар, білік те бар. Іскерлік те жетіп артылады. Еңбеккерлік, адалдық, тұрақтылық, жігер мен қайрат… адам ұлына тән абзал қасиеттің бәрі бар халқымыздың бойында.
*****
Өнерде қашанда бар түйінді жеке тұлғалар шешеді. Көп ит емес, көк ит жеңеді. Яғни, шығарманың саны емес, сапасы. Жазарманның жалпақ есебі емес, жеке тұлғасы. Ежелден белгілі, әдепкі ақиқат.
*****
«Құлды бәрекелде өлтіреді» демекші, бізді «көне бер, бере бер» тұралатқан сияқты. Тәуелсіздікті алар-алмастан-ақ, сырттай қарағанда, қазақтың қамын жеген, елдің тыныштығын ойлаған, шын мәнісінде тек сүйекке сіңген қорқыныш пен құлдық психологияның ғана көрінісі болып есептелетін, ақыр түбі еселі сыбаға, тиесілі несібеден ғана емес, ар-намыс, кісілік кейіптен айырған сұрықсыз тіршілікке жеттік. Бұрынғы құлдықтан өткен қорлық!
Дайындаған Рүстем Нүркен
namys.kz



