Кешелі бері постыма бауырларым сұрақтары мен сындарын толтырып тастапты…Сын деген ол ғалым үшін таптырмас қазына. Олардың сыны деген бүгінгі қоғамдағы діни таным қабаттарының, ерекшеліктері мен методологиялық, ұстанымдық, идеялық бағыттары мен білім алу ошақтарының қоғамдағы платформасы мен мазмұнын ашып береді. Комментариилер қоғам үшін де, тақырыптың ашылуына да, діни танымды нақтылауға да пайдасы бар. Осылайша пікірталастардан елдегі дін ғылымдарының саласы теориялық және практикалық деңгейге көтеріледі . Сонымен қатар зерттеулер мен тақырыптар да нақтылана түседі, инш алла.
Сонымен, бірден басынан бастап алдымен жауап беріп тастайын… Құран аудармалары оған жасалған тафсирлер, Құран ғылымдарындағы бүгінгі ислам әлеміндегі ғылыми талдаулар мен методологиялық эпистемиологиялық ізденістер осы теологиялық мәселелерде Батыстық мектептермен салыстырғанда ең кемі үш ғасыр артта қалғандығын әрдайым айтып жүремін. Өзі әйел мен еркек тең емес олардың жаратылысында «бірлік емес» бөтендік ұстаным іздеуді өткен орта ғасырлардың еншісіне беріңіздер. Ол дәуір бітті. Қазір христандар да сол танымдарынан ұялып исламға кіріп жатыр. Сосын менің ұстанымымда білімім жеткенше Құран ұстанымына, ислам рухына сай танымдардың платформасы мен методологиясына мұқият назар аударамын. Матуридидің «таухид» ұстанымын басшылыққа аламын. Содан табуға болады негізі исламға қалай қарап, қалай тану керек екендігін. Бауырлар менің пост жазуым еріккеннің ермегінен емес. Мына қоғамдағы қалыптасып келе жатқан танымдар мен түсініктерге ықпал ете алсақ сол да жетеді. Ішім пысқаннан емес, ішкі құсалықтан уақытымды арнап отырмын. Ал ислам дінінде де діни таным, діни сана, діни сенім және діни тәжірибеден құралған дін. Ол ақыл мен нақылдың қазақша айтсақ, Алла мен адамның сұхбаты мен үндестігінен тұрады. Сондықтан адамсыз дінді, адамға қызмет етпейтін дінді Алла жібереді деген ойды алып тастаған абзал. Ислам діні адамға қызмет етеді. Оны адам ақылымен ғана соның тиянағы мүмкіндігі жеткен жерге дейін түсіініп, түсіндіріледі.
Сонымен Еркек пен ұрғашы теңдігі болмайды…Еркек бірінші, ұрғашы екінші сатыда тұрады…Еркек патша, әйел құл…Еркек адам, әйел оның қуыршағы, ләззаты мен құмарлығын басатын ет…Енді осы тіркестерге назар аударып саралап қарасаңыз, бірінші теңдік ол құқық мәселесі, екіншісі статус мәселесі, үшінші саясат мәселесі, төртінші акциология мен мораль мәселелері бірінен соң бірі тарқатылып шыға келеді.. Осы түсініктер мен танымдар діни мәтіндердегі «жаратылыс» құбылысына барып тіреліп, болмыстық мәнге айналады.
Адамзат тарихына көз жүгіртсек, адамдар, ата, ру, әулет, хандық, тек, жыныс, ұлттар өздерін жалпы адамзаттың жүріп өткен даму жолынан бөлек қарастырады. Сол себепті өздерін басқалардан үстем, жоғары санап, басқалармен тең бола алмайтындықтарын негіздеуге тырысады. Оған діни негіз де табады. Біреулері «Бізді Тәңір өзіне жақын қылып, басқалардан үстем қылып жаратты. Басқалар бізге қызмет үшін жаратылған. Немесе біз Тәңірдің кеудесінен, басқалар оның аяғынан, қарнынан жаратылды…Немесе біз Тәңірдің қанынан, олар сүйегінен жаратылды деп сенеді». Осындай діни танымдық тұжырымдар бүгін де адамзат тәжірибесінде өмір сүріп келеді. Кешегі «европацентризм» де осындай ерекше, айрықша жаратылыс теорияларына жатыр болған діни танымнан келіп шыққан еді. Себебі оларды Тәңір адамзатты өркениетке, модернизмге, технологиялық дамуға жеткізу үшін жаратқан болатын. Олар ақ, басқалары қара. Олар асыл текті, басқалары жабайы, номад…
Сондықтан бұл тіркестердің ешбірінде адамзаттың теңдігі мен бірлігі түсінігі, танымы, тұжырымы деген идея жоқ. Осындай жалған, менмен, эгоист адамдарға, әулетке, патшаға, тектерге, жыныстарға, ұлттарға Құран «Али Имран» сүресінде жүз он екінші аяты арқылы өте әділ жауабын берген болатын. Ондағы «хаблун мин аллах» пен «хаблун мин аннас» екеуі бірін бірі толықтырып, тұтас тұр. Алланың жібі дегені ол ақиқат, ол табиғат, ол тең құқық, адами құндылық, ар ождан..Жалпы ислам дінінің адамзат тарихында алатын орны осы құндылықтармен өлшенеді.
Расында өздерін басқа тек, ұлттардан үстем артық санайтын ауру тек қана, ұлт, мәдениеттерде қоғамдарда ғана емес, жеке адамдарда да еркектің ұрғашыдан артық, ерекше «жаратылғандығы» ауруының бар екендігі белгілі. Оның тамыры киелі кітаптарға барып тіреліп жатады.
Қазір қоғамдағы кең жайылған пікір, әйел еркектің қабырғасынан «жаратылған», бұл жаратылыстан туған теңсіздік, тіпті әйелдің бөлек, төмен екендігін көрсетеді. Енді қоғамдық негізде, әйел мен еркек қатынасын «теңдік» платформада қарастыру мүмкін емес. Себебі әйелдің еркектің қабырғасынан жаратылғандығына сенетін еркекке әйелді өзімен тең көруі мүмкін бе?
Содан еркек әрі қарай «дәстүрлі түсініктерге» сүйеніп, Алла жер бетінде «халифа» жаратамын деген кезде де алдымен оны «еркек» ретінде ойлапты. Міне, Алла тағала Жаратылыс құбылысының кезінде де ұрғашы туралы ескермепті. Кейіннен Алла еркекке ермек керек екен ғой деп, ұрғашыны жаратуды есіне алады. Міне бір қарағанда еркектің үстемдігі діни мәтіндер арқылы негізделіп, еркектің жанын жай тапқызады..Бірақ осы жаратылыстағы бірінші, екінші деген статустың өзі Алланың құдіреті мен әділдігі, бәрін білушілігі сипатына қайшы келмес пе? Алланың танымы мен білімінде «тәжірибе» «үдеріс» болса, онда ол Жаратушы емес, нұқсан болмыс болып қалмай ма? Міне көрдіңіздер ме, бір сенім негіздерінің өзі барлық байланыстардың бастауына айналып отыр. Демек, алдымен ақыл ойдың саулығы, дұрыстығына көз жібергеніміз абзал. Жоғарыдағы айтқан, «Алланың жібіне» адамдар тек «ақли салиммен» ғана жабыса алады. Сонда дұрыс ой, дұрыс сөз, дұрыс іс өздігінен қалыптасады. Осыған орай жақсы ниет, дұрыс сенім, дұрыс амал да жүзеге асады.
Бүгін Наурыз мерекесі, күн мен түн теңелді деп қуанамыз.. Ал енді адамдар өзара тең, еркек әйел тең деп те неге қуанбасқа!!! Жаңару күні, жаңа жыл дейміз..Жаңаны жақсы көреміз..Неге діни жаңару мен қоғамдық жаңа сілкіністі қолдамасқа! Құдайға шүкір деп айтайын, жоғарыдағы түсініктер Исламда, оның өзі болған Құранда жоқ! Мұндай мұсылмандар арасындағы еркек гегемониясын негіздейтін діни негіздер мен түсініктер ескі діндерден, әсіресе яхудилік пен христиандықтың ықпалымен қалыптасты деуге болады. Ислам діні ұстаным ретінде орта жолды, тепе теңдікті, ақылдың жолы мен «Алланың жібіне» жабысуды тұтас қарастыратын дін. Кеше европацентризм кезінде қоғамға «патриархат және матриархат»деп жіктеліп келді. Ал Ислам мұндай «екі жағалаудан» орын алған емес. Алғашқы адамның жаратылысына қатысты таным дәстүрлері яхудилік пен христандықта патриархат түсінігі, ал Таяу шығыс діни танымдарында да матриархат басым болды. Енді яхудилік пен христиандықтағы түсінікте, Тәңір өзінің күш құдірет сипатының көрінісі ретінде еркекті (Хз.Адамды) жаратады. Кейін еркекті жалғыздықтан құтқаратын, құмары мен қалауын орындайтын ермек керек болып, содан соң оның қабырға сүйегінің бөлшегі ретінде әйелді (Хз. Хаууаны) жаратады. Сонымен еркек негізгі, ал әйел оның ермегі, ойыншығы, ажары…
Тауратта, Такуин; 2\7, 21-23 былай делінеді: «Тәңір Адамды топырақтан жаратты да мұрнына тіршілік демін үрледі. Осылайша Адам жанды болмыс болды. Кейіннен Адамның жалғыз басты қалуы дұрыс емес деді. Оған сай бір «көмекші» жаратамын. Деді де Адамды ұйықтатып тастады…Ол ұйқыда жатқанда қабырға сүйегінен алып, орнын етпен толтырды. Осылайша Адамның қабырғасынан әйелді жаратып,алдына алып келгенде, Адам «Міне бұл менің сүйегімнен алынған, етімнен алынған ет» деді. Оған да әйел делінеді, себебі ол адамнан алынды».. Енді осы мазмұндағы танымды, әлеуметтік желідегі бір имам өзгеріссіз алып, уағызына соғып, елді алдап отыр. Міне байқасаңыздар, барлық діндер мен мифологияда негізі бұзылған, өте қалың аллегориялық түсіндірулермен көмкерілген, адамзат санасында «Жаратылыс қиялын» қалыптастырған «Адам ата қиссасы» да Таураттағыдай «Адам атаның гегемониясы мен біріншілігін, үстемдігін» жариялайды. Сосын бұл өмір сынақ үшін емес, Хаууа ананың кінәсынан туған азапшегу трагедиясы басталады. Бұл тенденцияны одан әрі «Себептілік пен салдар» бойынша Адамды алдап түсірген, Хаууа, оны да алдап соққан «жылан» тура жолдан адастырып жалғастырып кете береді. Осы адасуға себеп болғандар Алланың қасынан «қуылып» тынады. (Таурат; Такуин-3\13-18) Інжіл бойынша да христиандар әлі күнге дейін осы Хаууа анамыздың алғашқы күнәсінің жазасын тартып жатыр екен. Міне адамзат тарихи санасындағы «жаратылыс» осылай түсіндіріліп келе жатыр еді.
Содан адамзаттың тарих сахнасына ислам келді. Бұрын яхудилік иен христиандықта жаратылыс, еркек, әйел, тіршілік түсіндірмесі патриархалды және пессимизмге толы болатын. Ескі шығыстық діндер мен мифтерде де жаратылыс толығымен матриархалды және тәңірлері де «ұрғашы» болатын. Себебі, адамның топырақтан жаратылуы ұрғашылық текті, өсуді осы Тәңірдің жынысына негіздеп түсіндіретін. Топырақ сонымен өсуді, берекетті, молдықты, жасампаздықты бейнелеу арқылы «ананың» символы болатын.
Үнді Ведаларында да «Топыраққа анаға қарай бет түзе» (Риг Веда; Х. 10\18) деп, алғашқы адам да ұрғашы болатын, тәңірлері де…Дін феноменологиясын зерттеген атақты ғалымдардың ішінде Мирча Элиаденің еңбектері осы құбылысқа арналған. Жалпы топырақты, жер суды, отанды, тілді де «ана тұлғасымен» бейнелеуде, аксиологиялық универсализмге сүйенетін мән жатыр. Бұл әрбір мәдениет пен өркениеттің құндылықтық қабаттарын танудағы басты өлшем. Қазақта да ана бейнесіндегі жаратылыс болмыстарды саралап қарасаңыз, жер де топырақ та, тіл де ана бейнесінде суреттеледі. Бірақ, үнділердегідей, еркектің «ана» кеңістігіне (туған жеріне емес) барып орналасуы емес, керісінше еркектің кеңістігіне шаңырағына келуі шарт. Сондықтан нағыз монизм исламнан бұрын түркілік дүниетанымда болғандығын айта аламыз. Екінші жағынан біздің тілімізде тектік (мужской род, женскии род немесе араб тіліндегі сияқты «музаккар, муаннас»), жыныстық жіктемелер де жоқ.
Сонымен ислам жаратылыс тақырыбына қандай өзгешеліктер мен ерекшеліктер алып келгеніне назар аударайық.
Құран жоғарыда тоқталған қоғамды «матриархат, патриархат» жыныстық жіктерге бөлуді, өзінен бұрынғы яхудилік пен христандықтағы, ескі діндер мен мифтердегі таным түсініктерді қолдамайды. Құранның аяттарының түсу себептері мен уақытына саралап енсеңіз, басты мәселе хақ, құқық, теңдік пен еркіндік тақырыптары, әйелдің адамзат қоғамындағы орны мен құқын қайтаруға келгендігін көруге болады. Әйелге деген әділет пен теңдіктің бұзылған кезі жахилия дәуіріндегі жағдай тарихтан белгілі болса керек.
Құранның «Ниса» (Әйелдер) сүресінің бірінші аятына қарасаңыз, онтологиялық, шынайы болмыстық ақиқаттың негізгі бастауы адамзат тарихында Құран арқылы жайылғандығын көресіз. Онда алғашқы адамның еркек не ұрғашы емес, бір ғана түпнегізден (нафс уахида) жаратылып, одан жұп жұбай жаратқан, кейін екеуінен еркектер мен әйелдерді тудырған, өсірген, Раббыңды (жаратушыңды) сезін, атын тіліңнен тастамайтын Алланың ғазабына ұшыраудан сақтан. Отбасы қатынасын байқа, бақыла. Алла бәрін көріп тұр» деген мағынада ескерту бар. Осы аяттағы екі ұғымға назар салғанымыз абзал: «нафс уахида» мен «зауж». «Нафс уахида» сөздіктерде бір дем, бір бастау, бір түпнегіз дегенді білдіреді. Енді өзіңіз салыстырып қарасаңыз, Таураттағы жаратылыс туралы мәлімет пен Құрандағы аятта аспан мен жердей айырмашылық бар. Бірінші еркекті сосын, одан әйелді қабырғадан жаратты деген христиан грек мифологиясындағы «тізбектеліп жарату» түсіндірмесі атымен жоқ. Құранда еркек пен әйелді бір түпнегізден «бір жаннан» (нафс уахида) жаратқандығы анық айтылған.
Ал енді «зауж» сөздіктерде жар, жолдас, жұбай, жұп дегенді білдіреді. Аяттағы «нафс уахида» тіркесіне Адам немесе еркек деп қарай алмайтындығымыз сияқты «зауж»сөзіне де «әйел немесе күйеу» деудің қисыны жоқ. Аудармасы «одан бір жұп, яғни нафси уахидадан» жұп, жұбай жаратты. Бұған негіз болатын аяттар Құранда жеткілікті.
Демек адамның жаратылысының бастауын түсіндіруде Құранда жыныстық артықшылық атымен жоқ. Алла өзінің Жалал сипатын бірінші еркекте, сосын әйелде, немесе Жамал көрінісі ретінде бірінші әйелде сосын еркекте көрсеткен де танытқан да емес. Рас Алланың заты мен сипаты қатынастары ислам теологиясында таласты пікірлер туғызғанын білеміз. Бірақ Алланың «Жалал сипатын» табиғатта, ал ғылым сипатын «адамда» ал жамал сипатын да барлық жаратылғандардан іздеу керектігі біздің діни таным мен діни тәжірибемізде көптеген рухани мұра жәдігерлерінде орын алған. Алланың Жамал және Жалал сипаттарының көрінісі ретінде де еркек пен әйел бірге, бір мезгілде, тең шарттарда, болмысынан «нафс уахида» негізінде жаратылған екен. Бірақ еркек пен әйел деген жаратылысынан болмыстық, жыныстық жіктерге бөліп тастау кездеспейді, бетін аулақ қылсын!!!
Сонымен әйел мен еркек онтологиялық тұрғыдан, яғни Алланың жаратуында нұқсандық жоқ, тең жаратылған. Бірақ мына социумда, диалектикалық тұрғыдан бар нәрсе. Мақсатымыз Құран ақиқатын алаламай, алдамай, ашық түрде баян ете алмай, өзінің қайғысымен Құранды құрал қылып, сен еттен, ол топырақтан жаратылған деп уақытша «тыныштық пен ынтымақты» желеу етіп, исламның адамзат тарихындағы маңызы мен роліне жауапсыздық танытуына, осы саланың, теологияның маманы, ғалым ретінде үнсіз қалуға болмайтын еді.
Жалпы исламда арабтың араб емеске, еркектің әйелге үстемдігі, немесе біріншілігі деген статус жоқ, тақуадан басқа. Исламда адамзаттың тұтастығы, бірлігі, теңдігі басты тұғыр. Европацентристік тенденция антропологиясының қысымынан енді құтылдық па дегенде, өз ішімізден шығып алып, жаратылыс туралы жауапсыз сөз қозғау қаншалықты қоғамға қауіпті болса, дінімізге де соншалықты жала болады.
Dosay Kenjetay facebook парақшасынан алынды



