деген ұранмен Алаш полкы азамат соғысы жылдарында қазақ даласында ойран орнатқан қызылдар әскерімен соғысқанын қазіргі кезде біреу білсе, көпшілік білмейді.
«Біз жүрген Алаштың: шын кемеңгеріміз.
Егессек, ел бермес, еңіреген ерміз!..
Ер түрік ежелден… оқ тескен етіміз…
Жаусын оқ, ақсын қан, шықсын жан қорқу жоқ»
деген өлең жолдары намыстан жаратылған қазақ ерлерінің шын жауынгерлік рухын, Еліне, жеріне деген зор сүйіспеншілігін айғақ танытады. Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытовтың осы «Алаш ұраны» атты өлеңі шынымен де сол кезде Алаш атты әскерінің ән ұранына айналған-тын.

ХХ ғасыр басындағы қос төңкерісті аумалы-төкпелі заманда Қазақ елінің ұйытқысы бұзылып, әбден берекесі қашқан болатын. Әсіресе, азамат соғысы сұрапыл жылдарында қазақ жеріне кезек-кезек келген ақ гвардияшылар мен қызылдар әскерлері ауылдарды жан-жақтан тонап, әбден басынғаны белгілі. Осындай аласапыран уақытта Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері қысқа уақыттың ішінде панасыз қазақ ұлтына қорған болатын Алаш полкын құрған-тын. Қазақ зиялылары алдымен үш адамнан тұратын Әскери Кеңес құрған. Ал 1918 жылдың 25 маусымы – ақ гвардияшылар мен ақ казактар және большевиктер әскерінен бірнеше жақтан қыспаққа түскен қарусыз қазақ халқын қорғау, елдегі тұрақсыз саяси жағдайды бақылауға алу мақсатында Алашорда үкіметі шешімімен Алаш халықтық милициясы құрылған күн. Сөйтіп алаш зиялылары Ресей бодандығын қабылдаған кезден бастап араға жүз жылдан астам уақытты салып тұңғыш рет Қазақ ұлттық әскерін жасақтауға қол жеткізеді.
Алаш халықтық милиция жасақтарын Қазақстанның 6 облысында, атап айтқанда, Бөкей- 1000, Орал- 2000, Торғай- 3000, Ақмола- 4000, Семей- 1500, Жетісуда- 2000, барлығы 13 500 адам құрамында құру белгіленді (Алаш Орда: Сборник документов (сост. Н.Мартыненко). Алма-Ата,1992. С.73.). Сондай-ақ, 1917 жылы желтоқсан айының басында өткен ІІ Жалпықазақ съезі шешімімен барлық тұрғындарға әр отбасынан 100 сом көлемінде арнайы әскери салық алуды тағайындаған.
Алаш халықтық милициясы атты әскер түрінде жасақталды. Оның қатарына әскери қызмет атқаруға жарамды 30 бен 35 жас арасындағы қазақ ер азаматтары еріктілік негізінде алынған. Алайда милицияға ең алдымен еріктілерді, ал егер ерікті азаматтар табылмаған жағдайда міндеттеу негізінде алу жүргізілген.
Әр ауылдық қоғамдар алғашқы кезде өз милицияларын атпен, ер-тұрманмен, киіммен қамтамасыз етуге міндеттелді. Ал милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қоры қаржысынан алынған.
Алашорда Жалпықазақ Халық Кеңесі халықтық милиция қатарына әр болыстан 30 адамнан алуды ұйғарады. Осы ұйғарым бойынша милиция қатарына адам жинау шараларын ұйымдастыру земство басқармаларына тапсырылған. Дегенменен қазақ зиялылары Алашорда Қарулы күшінің негізін салуды 1918 жылдың басында-ақ қолға алғаны мәлім. Бірақ, өкінішке орай, дәл сол кезде (1918 жылдың қыс айларында) Қазақстан территориясында Кеңес билігі орнай бастайды да, алғашқы Ұлттық әскер большевиктер үкіметімен таратылып кетеді. Ал шын мәніндегі І Алаш әскері халықтық милиция поручик Давыдов-Зубарев қатысуымен Семейде құрылған болатын.
Алашорда атты әскерінің Семей бөлімін құруға сол кездегі уездік земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаров басшылық жасаған (Шығыс Қазақстан облысы Жаңа тарих құжаттар орталығы (алда -ШҚО ЖТҚО). 37-қ.-1-т.-126-іс.-2-п.). Әр болыстан қажетті құрал-саймандарымен және ат, ер-тұрманмен қамтамасыз етілген милиция құрамына қажет 30 адам Семей қаласына жіберіліп отырған (ШҚО ЖТҚО. 37-қ.-1-т.-126-іс.-5-п.).
Бірінші қазақ атты әскерін қалыптастыруға Семейдегі Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов сияқты және тағы да басқа алаш зиялылары белсене қатысқан. І Алаш әскерінің басшысы капитан Хамит Тоқтамышев болған. Өкінішке орай, Х. Тоқтамышевтің өмірбаяны мен әскери қызметіне қатысты мұрағат құжаттары беймәлім.
Милицияға ең алдымен орыс тілін білетін қазақтар қабылдануы тиіс болды. Әскери шеберлікке үйрету Орынбор казак әскері офицерлерінің басшылығымен жүргізілген. Милиция қатарына әскери іспен таныс емес бұқара халық өкілдерінің алынуы, оларды маманды тұрғыдағы әскер етіп дайындау ісінде қиыншылықтар туғызады. Сол себептен, жүз милиционерге бір офицер, ал елуіне бір нұсқаушыдан белгіленген. Ал арнаулы офицерлер даярлайтын алғашқы оқу орны 1918 жылдың екінші жартысында Алаш қаласында ашылған. 1918 жылы жазда Семейде 1200 милиционер болған, бірақ қару-жарақ жетіспегендіктен және Алашорда оларды қамтамасыз ететін өз қаржысы болмағандықтан, әскерге шақыртылғандарды таратуға мәжбүр болған.
1918 жылдың соңы мен 1919 жылдың басында еріктілер ретінде және Анненков дивизиясының толықтыру штабы арқылы І Алаш әскеріне офицерлер шақыртылған, олар басқару қызметіне тағайындалған. Әскерде пулеметтік, жаттығу, медициналық қызметкерлер бөлімдері болған. Сонымен қатар Алаш әскері жауынгерлері барлау жұмыстарына да белсене қатысқан.
Алаштықтардың әскери әрекеттерді ұйымдастыруында өзіндік әскери тактикалық ерекшеліктері де болған. Мәселен, олар бейбіт тұрғындардан «запас кісі» атты тұрақты резервін пайдаланған. Нақтылап айтқанда, «запас кісілер» шайқастарға қатыспаған, бірақ, ұзын таяқтармен – сойылмен қаруланып, күш басымдығын көрсетіп, жауды алаңдатқан. Саратовка мен Антоновкадағы 350 қызыләскерлермен шайқаста жақын ауылдағы дәл осындай 120 аттының қатысуы шайқасты жеңуге көмектескен. Бұл оқиға 1918 жылғы 29 қазанда болған. Оқ-дәрінің жетіспеуі және жауынгерлердің екі есе кем болуына байланысты Алаш әскері бөлініп, жігіттердің бір бөлігін тылға қарусыз ауыл тұрғындарын жинау үшін жіберген. Олардың әр жерден жағылған оттарын қызылдар қосымша күш деп қабылдап, шегінген. Мұндай тәсіл алаштықтармен бірнеше рет қолданылған(Аманжолова Д. Казахский автономизм. История движения Алаш. Москва, 1994. С.62.). Алаш халықтық милициясын жасақтау іс-шаралары Семейден басқа Орал, Торғай, Жетісу облыстарында да жүргізілген.
Ақыл мен парасаттың шын данасы болған ХХ ғасыр басындағы Алаш интеллигенциясы осылайша халқының басына «қара бұлт» үйірілгенде қолына қару алып, басын оққа тігіп, бар жан-тәнімен ұлтын сақтап қалу үшін аянбай соғысқан. Өйткені олардың рухы асқақ, мұраттары биік еді. Олардың көкейіндегі жалғыз мақсат: тәуелсіз Қазақ елін құру болды:
Алаштың жолында жан қимақ ниетіміз!
Өлсек хақ шаһитпыз…
Сау қайтсақ боламыз
Қазақтың шын ұлы…
Жасаған жар болып, қазақтың еліне,
Жасасын, сақтасын, Алаштың ордасын!
Теңгеш ҚАЛЕНОВА,
т.ғ.к., Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ еуразиялық
зерттеулер кафедрасының доценті.
zhebe.com


