Футболдан Қазақстан құрамасы Евро-2016 жылғы чемпионаты іріктеуіндегі кезекті матчын Астанада өткізді.
Матчтың бірінші таймында Қазақстан қарсыластар қақпасына төрт соққы, Исландия сегіз соққы жасап үлгерген. Өкінішке орай, біздің жігіттердің соққысы нәтиже берген жоқ. Ал қарсыластарымыз екі мәрте Сидельников қорғаған қақпадан саңылау тапты.
20-минутта 36 жастағы «Барселона» мен «Челсиде» ойнаған Эйдур Гудионсен қорғаушылардың қателігін пайдаланып, Сидельниковке жақындай келе оң қапталға шірене тепкен. Біздің қақпашы Гудионсен тепкен доптың бағытын анықтаған, бірақ үлгермеді.
32-минутта Биркир Бьярнасон командаласы тастаған айып добын сәтті пайдаланып, есепті еселеп кетті.
55-минутта Красножан Азат Нұрғалиевтің орнына Ұлан Қонысбаевты шығарып, тактикалық өзгеріс енгізуді ойлаған. Қазақстан есепті қысқартуға барын салған. 62-минутта Бауыржан Исламхан шығарған айып добын Ренат Абдуллин қарсыластар қақпасына баспен бағыттаған. Алайда Исландияны қақпа бағанасы құтқарып қалды.
64-минутта Марк Гурманның орнына Ермек Қуантаев шықты. Қуантаев ойынға шыға сала ескерту алып, ерекшеленді. Матч кезінде Қазақстан бір гол салуға тырысқанымен нәтиже болмады. Ойын соңында төреші қосқан үш минутта исландиялық Биркир Бьярнасон тағы да қорғаушылардың өрескел қателігін пайдаланып, матчтағы екінші голын салып кетті. Қорытынды есеп — 0:3.
Исландия іріктеудегі бесінші матчын өткізіп, төртінші жеңісіне қол жеткізді. Олар 12 ұпаймен бірінші орынға шықты. Ал Қазақстан төртінші рет жеңілді. Красножан баптайтын командада бір ұпай бар.
Матчты шамамен 13000 адам тамашалаған.
Қазақстан 30-наурызда Мәскеуде Ресеймен жолдастық матч өткізеді.
Қазақстан — Исландия 0:3 (0:2)
Гол: Гудьонсен 20 (0:1), Бьярнасон 32 (0:2), Бьярнасон 90 (0:3)
Ескерту: Нұрғалиев 55, Қуантаев 70 — Скуласон 63
Қазақстан: Сидельников, Гурман (Қуантаев 67), Воротников, Абдулин (Щеткин 80), Сымақов, Суюмбаев, Логвиненко, Исламхан, Тағыберген, Нұрғалиев (Қонысбаев 56), Тәжімбетов
Исландия: Хадльдорссон, Севарссон Б., Сигурдссон, Арнасон, Скуласон А., Бьярнасон Б., Сигурдссон Г., Гуннарссон (Хадльфредссон 72), Гудмундссон, Сигторссон (Бедварссон 70), Гудьонсен (Финнбогасон 83)
Төреші: Сидиропулос (Грекия)
alaman.kz



