
1-сәуір «Күлкі күніне» орай «Аңыз адам» журналына атақты актер Чарли Чаплинді жаздық. Өмірі де, өнері де аңызға толы актердің көзіме жас алдырған, өзіне тәнті еткен бір дүниесі болды. Ол Париж сахнасында биші ретінде өнер көрсетіп жүрген, кейін Голливудтың атақты актрисасына айналған Джеральдина атты қызына жазған хаты еді. Хат ұзақ(толықтай журналдан оқырсыздар). Бірақ мені тебіренткен мына жолдарды салмай кетуге болмады:
«Джеральдина, сен өмір сүріп жатқан әлем тек би мен музыкадан ғана тұрмайды! Түн ортасында, үлкен залдан шыққан кезіңде, өнеріңе бас июші қалтасы қалың адамдарды ұмытуың мүмкін, бірақ сені үйіңе дейін жеткізетін такси жүргізушісінен оның әйелі жайлы сұрауды ұмытпа. Егер оның аяғы ауыр болса, егер олардың жарық дүниеге енді келетін сәбилеріне жаялық алуға ақшалары болмаса, көмектесіп, ақша бер. Мен сенің осы шығындарыңның банк арқылы төленуін орайластырып қойдым. Алайда, қалған нәрселерге ақшаны қатал есеппен жұмса. Ара-тұра метроға отыр немесе автобусқа мін, жаяу жүр және қаланы арала.
Айналаңдағы адамдарға көз сал! Жесірлер мен жетімдерге қара! Тым болмаса күніне бір рет өз-өзіңе: «Мен де солар секілдімін» деп айтып отыр. Иә, сен де солардың бірісің, қызым! Оның үстіне, өнер адамға қанат бітірмес бұрын, ол шарықтап ұшуы үшін әдетте оның аяғынан шалады. Күндердің күнінде өзіңді көпшіліктен биік сезінетін болсаң, бірден сахнадан кет. Алғаш кезіккен таксиге отыр да, Париждің шеткері аймақтарына бар. Мен ол жерлерді өте жақсы білемін! Сен ол жақта өзің сияқты, тіпті сенен де әдемі, сенен де сымбатты, тәкаппар бишілерді көресің. Онда сенің театрыңдағыдай жарығы көз қарықтырар прожекторлар атымен жоқ. Олардың прожекторы – Ай.
Жақсылап қара, назар сал! Олар сенен жақсырақ билей ме екен? Мойында, қызым менің! Сенен жақсырақ билейтін, сенен жақсырақ ойнайтын адам қашанда табылады. Есіңде сақта: Чарлидің отбасында арбакешті сөгіп ұрсатын немесе Сена жағасында отырған қайыршыға күлетін дөрекі болған емес. Мен өлемін, алайда сен өмір сүретін боласың. Сенің ешқашан кедейшілік көрмегеніңді қалаймын. Осы хатпен бірге қалауыңша жұмсауың үшін чек кітапшасын жіберемін. Алайда екі франк жұмсасаң, үшінші тиын сенікі еместігін есіңе салып отыруды ұмытпа. Ол соған мұқтаж бейтаныс адамға тиесілі болуы керек. Ал сен ондай адамды оңай табасың. Тек бейтаныс кедейлерді көргің келсе болғаны, сен оларды бар жерден кезіктіресің. Мен сенімен ақша туралы сөйлесіп отырмын, өйткені, мен оның әзәзіл күшін таныдым»
Marfuga Shapian facebook парақшасынан алынды


