Астана іргесіндегі Қояндыдан қуанышты хабар жетті. Сегіз жыл бойы үйімізді қашан күреп тастайды деп үрейленіп келген қандастарымыз жерлерін заңдастыра бастады. Билік Қояндыдағы 170-ке жуық баспананы трактормен бұзбаймыз, мемлекеттік актілерін жасап береміз деген уәделерінде тұрды. Шетелден көшіп келген ағайын, телімдерінің құжаттарын ендігі жерде қалай реттеуіне болады, әкімдік қандай тәсілдер ұсынып отыр? Астаналық әріптесіміз Гүлбану Әниятқызы біліп көрген еді.
Астана іргесіндегі Қоянды ауылындағы 170-ке жуық үйді шеттен келген ағайын 2007 жылдары тұрғызған. Яғни, Қытай мен Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыз «Жаңа қадам» қоғамдық бірлестігі арқылы 24 гектар телімді сатып алып, заңсыз баспана соққан. Алайда, содан бері үнсіз келген билік өткен жылы жер дауы ушыққан кезде, заңсыз үйлер салынған 167 телімді заңдастырып беруге уәде берген болатын. Жергілікті әкімдік содан бері жер иелерімен келіссөздер жүргізді. Осылайша 8 жыл бойы қашан үйіміз трактордың табанында қалады деп үрейленіп келген ағайынның телімдерін заңдастыру басталды. Бүгін алғашқы 9 тұрғын қолына мемлекеттік актісін алып, күпті көңілдері орнына түсті.
ӘНУАРБЕК МҮЛІК, Қоянды ауылының тұрғыны:
Мен Қытай елінен келіп осындай жер телімін, акті дейміз ғой қолыма бірінші рет ұстап тұрмын. Расында да тебіреніп аузыма сөз де түспей жатыр. Өзім үшін емес балам үшін, салған үйім мықты болсын.
Қуанышымен бөлісіп тұрған бұл азаматтар үйлері салынған жердің иесімен келісім-шарт жасап, телімді нарықтан екі-үш есе арзан бағаға сатып алып жатыр. Ал Целиноград ауданы әкімдігі, қожайындармен келіссөз жүргізіп, әр тұрғынның телімін қатаң қадағалауында ұстап, заңгерлік көмек көрсетуде. Яғни, шенділер Қоянды әкімдігіне тұрғындарға кеңес беретін адвокат пен құжаттарды бірден реттейтін нотариус әкеліп қойған.
АЛМА АЙТҚОЖИНОВА, Ақмола облысы, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары:
Біз заңгерлік жағынан көмектесіп жатырмыз. Яғни, жер иесі телімді басқаларға емес, заңсыз салынған үйдің қожайынына сатуын қадағалаймыз. Ертең үй біреудің атында, жер басқа біреудің атында болмас үшін.
Ал заңсыз басып алған 167 жердің 78-і мемлекетке тиесілі. Жерге мораторий жарияланғандықтан әкімдіктің ағайынға кешірім жасауға құқы жоқ. Сондықтан, қандастарымыздың үйлері күрелмес үшін, әкімдік жекеменшік фирмалармен келісім-шарт жасасып, жер алмастырмақшы. Заңсыз үйлер салынған телім кәсіпкердің қарамағына өтіп, орнына басқа жер беріледі. Ал тұрғындар олардан арзан бағаға сатып алуына болады. Ал жер тәлімін заңдастырудың тағы бір тәсілі 6 сәуірде өтетін аукцион дейді шенеуніктер.
АЛМА АЙТҚОЖИНОВА, Ақмола облысы, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары:
Егер үйдің іргетасы салынған болса, онда ол жерді аукционмен сатып алса болады. Ол жерге дүкен, кез-келген ғимарат салуына рұқсат. Біз бұл жеңілдікті, Қояндыдағы бос жерлерді заңсыз басып алмас үшін істеп отырмыз.
Ал қызыл сызықта тұрған үйлер де күреліп кетпес үшін, ауылдың жоспары да солардың ыңғайына қарай өзгертіліпті. Сондай-ақ Қояндыдағы жерлерді заңдастыру басталғалы бері ауылда әкімдік тегін телім таратып жатыр деген сыбыс тарап кеткен. Алайда, шенділер мұндай қаңқу сөздерге және алыстан келген ағайынның арасына іріткі салып, наразылық шараларын ұйымдастырып жүргендерге сенбеуге шақырады. Және 167 үйден бөлек, жерді заңсыз басып алғандарға ешқандай жеңілдік болмайтынын қатаң ескертеді.
Гүлбану Әниятқызы, Санат Иманғалиев.
31.kz


