«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясының басшысы болып уақытша Айдар Әріпханов тағайындалды. Ол осыған дейін басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды «31 арна».
Мұндай шешім «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысында қабылданды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, Айдар Әріпханов 1974 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, ҚР СІМ Дипломатиялық Академиясын үздік деген бағамен аяқтаған.
1996-2004 жылдар аралығында Айдар Әріпханов бақылаушы-тексеруші, бас маман, бөлім бастығы, басқарма басшысы, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директорының орынбасары. 2004-2006 жылы ҚР қаржы вице-министрі, 2006 жылы Айдар Әріпханов ҚР премьер-министрінің кеңсе басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2006 жыл мен 2007 жылдары ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі болды. 2009 жылы Айдар Әріпханов ҚР премьер-министрінің кеңесшісі болды. 2009-2010 жыл аралығында ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, 2010-2011 жылдары «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры болды. 2011 жылдың мамыр айынан бері Айдар Әріпханов «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып келді.



