Босанбай шетте шерлі ана,
Елінде өссін ер бала.
Алаштың тәжі алтын алтын күн,
Алаштың тағы кең дала.
Қобда Моңғолияның оңтүстігінде орналасқан шағын қала. Мұнда ықылым заманнан бері тұратын қазақтар өте көп. Бұл жер біздің ата-бабамыз тұрған ата қонысымыз. Географиялық, шекаралық өзгерістерге байланысты Моңғолия азаматына айналғанымызбен, мен өзімді оралман емес, нағыз қазақ санаймын. Мен шынын айтсам, Моңғолияда жүріп моңғолдарға қызығатынмын. Өз елінде тұрып, өз тілінде сөйлеу, өз жұртында ұрпақ жалғастыру – мұның өзі бір бақыт. Моңғолдардың суын ішіп, топырағын басқаныммен, аңсарым өз еліме оралу болды. 2011 жылы Ұлан-Батырда оқып жүргенде студенттердің арасында жоғары нәтиже көрсетіп, шетелде білім алу грантын жеңіп алдым. Ол грант бойынша Чехия, Польша, Ресей, Түркия, Қазақстанның кез келген университетіне түсуге болатын еді. Мен әрине, Қазақстанды таңдадым. Сол кезде Еуразия Ұлттық Университетінің құрылыс-сәулет факультетіне қабылдандыңыз деген хабар келді. Сол жылы бірден сапарға шыға алмай, сәл кешігіп келгенімде, бұйырған гранттан да айырылып қалғанымды естідім. Бірақ, оған мойыған жоқпын. Қарағандыда бір жыл дайындық бөлімінде оқып, тағы да бақ сынадым. Бұл жолы тек өзіме ғана сенім арта алатынымды білдім.
Әрине, елім деп елжіреп келіп, өзім аңсаған қазақы ортаға ұқсамайтын жерге келгенімде көңілім суыңқырап қалды. Шынымды айтайын, өкпеледім де. Себебі дүкенге барып, қалаған дүниемді алу да оңай болған жоқ. Қазір әрине, әркімнен қазақша сөйлеуін талап ете аламын. Ал ол кезде бойымда ұяңдық пен сенімсіздік басым еді. Әлі есімде, алғаш Қарағандыға келгенімде қарным ашып бір дүкенге кірдім. Қазақтың әдемі екі қызы отыр екен. Моңғолдардың “хуушуур” атты ұлттық тамағына ұқсас тағамды көзім шалды (чебурек қой). Сатушыдан сұрасам, бажырая бір қарап үндемей отыра берді. Әрине, өзге елден келген жас жігітте қандай түр бар дейсіз. Шаш қою үлгім, киімім мені ұстап беріп тұрған болар. Оның үстіне бір ауыз орысша білмеймін. Сөйтіп, қысыла-қысыла, тағы да қайталап сұрадым. Бұл жолы орысша бірдеңе деді. «Түсінбедім, қазақша айтыңызшы» деп едім, жанындағы құрбысына орысша бірдеңе деді. Екеуі қарқылдап күлді. Бетімнен отым шығып, сыртқа атып шықтым. Асқазан ұятқа қарасын ба, тағы да бармаққа бел будым. Жақын маңда басқа дүкен де жоқ. Енді ағылшынша айтсам, түсінер деп ойладым. Ағылшынша сұрап едім, екеуі бір мезетте өзгеріп, бәйек болып тұра жүгірді. Қолына калькуляторын алып, мылқау адамдай бағасын көрсетіп жүр. Сонда ойладым, қазақша сөйлей алмағанына ұялмап еді, ағылшын тілін білмегеніне қысылып жүр-ау…
Қазір, армандаған университетке түсіп, 2-курста оқып жүрмін. Қысылғанда қол ұшын беріп, соңғы нанын бөлісетін нағыз достарым, бауырларым бар. Ақыл берер, арқа сүйер аға-апаларым бар. Кез-келген есікке именбей өзімсініп кіре аламын. Өз елімде жүр емеспін бе? Мұны не үшін айтып отыр дерсіз. Бұл жатбауыр ұлдың өкпе-реніші емес. Туған елге өзім деп еркелеген ұлының назы. Әр қазақ өз елінде бөтенсімей, еркін сезінсе деймін. Өз тілінде сөйлеп, өз салтын ұстанса деймін. Өз ұлтын ұлықтап, бір бірін бауырындай көрсе деймін. Мен Қазақстаннан алайын деп емес, берейін деп келгенмін. Оралман емеспін, қандас бауырыңмын!
Автор: Аманбек Мағзұмхан
columnist.kz



