– Керей аға, сізді спортсүйер қауым танымал бапкер ретінде біледі. Қазіргі таңда бапкерлер шәкіртін күрестің әдіс-тәсіліне жаттықтырады, ұлттық рухқа, қайсарлыққа үйретпейді дейді? Осы пікірге өзіңіздің көзқарасыңыз қандай?
– Күрес үш нәрседен тұрады. Әуелі, биология, одан кейін биомеханика, үшіншісі – психология. Осының ішінде биологияға: спорт анатомиясы, физологиясы жатады, ал, биомеханикаға күресті үйрету методикасының дұрыстығы, яғни тіректен бастап айла-әдістердің математикалық дәлдігі жатады. Бірақ спортшының дене-тұрқына қатысты, нақтырақ айтқанда, аяқ-қолының ұзындығына немесе қысқалығына, күш-қайратына байланысты ерекшеліктері бар. Психология дегеніміз осының бәрін спортшының санасына сіңіру.
Өз тәжірибемде баланың психологиясын жас кезінде қалыптастырмай одан үлкен спортшы шықпайды. Баланың жылдамдығы, иілгіштігі, ептілігі 14 жасына дейін қалыптасуы керек. Есейе келе жылдамдығы қалады да, басқалары жойылады. Қысқасы, талантты баланы ғылыми негізде дайындаған жағдайда, ол 22 жасында әлемдік деңгейге шығады. Жалпы спорттың өмірі қысқа.
Менің айтайын дегенім – біздің бапкерлер спортшыны, яғни балуанды дайындау барысында, жоғарыдағы ырғақты ұстамайды. Бұған жүйенің де терістігі бар. Өйткені, жасөспірімдерге арналған мектеп-интернаттар бапкерден нәтиже сұрайды. Айлық-шайлығын шәкірттерінің көрсеткен нәтижесіне қарап төлейді. Осы жағдайдан соң бапкерлер қайтеді, бала кезінде қалыптастыруға тиіс ғылыми физологиялық негіздерді ысырып қойып, бірден күреске үйретеді.
Осыдан барып бала жастай жарақат алады, аяқ-қолы мертігеді, өсу процесі бұзылады, жылдамдығы жоғалады. Одан кейін талантты баланың өзі спортты ерте доғаруға мәжбүр болады. Ал, Германия сияқты спортқа ғылыми негіз берген елдерде, бапкердің еңбегі ең соңғы нәтижеге дейін толық сақталады. Біздің спортта осы бір қағидаттар ескерілмей келе жатыр.
– Бізде жасөспірімдерге, жастарға, ересектерге арналған бапкер деген ұғым жоқ, қысқасы мамандандырылмаған солай ғой?
– Жоғардағы ырғақтың бұзылуына себеп жарыстың көптігі деп ойлаймын… Одан кейінгі біздің спорттағы ең күрделі мәселе мамандардың білім-біліктілігі. Бапкер тек балаға күрес үйретумен бапкер болмайды. Ол медицинаны, физологияны, биомеханиканы жетік меңгерген болуы керек. Баламен терең тіл табыса білуі керек.
– Кераға бізде мынадай бір үрдіс қалыптасты. Бапкер даладан дайын спортшыны тауып әкеледі де, үлкен жарыстарға қосып, оның жеңісі арқасында атақ алады, марапатқа ие болады. Шын мәнінде сырттан сатып алған спортшыға оның бір тиын еңбегі сіңген жоқ. Осы дұрыс па?
– Бұл спорттағы жүйеленбеген шаруалардың кесірінен болып жатқан дүние. Жоғарыда айтқанымдай, бізде талантты баланы жастай ығырын шығарамыз да, спорттан кетуіне мәжбүрлейміз. Осы олқылықты сырттан спортшы жалдау арқылы толтырамыз.
Мен ойлаймын, мына түрімізбен көштен қалып қойуымыз әбден мүмкін. Қазір көрші Қытай елінде ғылым спорттың ішіне кіріп кетті. Баланы спортқа тартпас бұрын гендік зерттеу жасау арқылы, оның қандай спорт түріне бейім екенін анықтап алып жатыр. Олар сатылап та жатпайды, бірден бастап жатыр. Дәл қазір Қытайдың спорт-медицинасы әлемде бірінші орынға шықты.
– Сіз айтып отырған гендік тексеріс дегеніміз тұқым қуалау жайы емес пе, ендеше оны бұрынғы қазақтар баланың ата-бабасына, нағашы жұртына қарап-ақ танушы еді ғой?
– Әрине, тұқым қуалаушылық спорттағы басты мәселенің бірі. Қазақ «ұрыдан, қары туады» деген жоқ па. Жалпы тұқым қуалау арқылы балуан болуы мүмкін. Бірақ отбасында қандай тәрбие алды осыған да қарау керек. Қандай оқу оқыды, кімдерден тәлім алды осының бәрінің әсері бар.
– Жалпы қазаққа баласы гендік тұрғыдан қандай спорт түріне бейім?
– Жалпы қазақ халқы әр нәрсеге тез бейімделегіш халық. Бірақ бізде бұрындары, Кеңес кезінде қазақтың жан дүниесін түсінетін, оның табиғи және ұлттық ерекшелегін ұғынатын бапкер болған жоқ. Ұлты басқа баркерлер қазақтардың ішкі қуатын ашудың орнына «қолынан келмейді» деп шығарып жіберетін. Кейде олардікі де дұрыс. Қазақтар тәртіптік жүйеге бағынбай жатамыз. Үлкен спортта бір секундта жасайтын әдісті он жыл үйренеді. Қазір осының бәрі енді-енді қалыптасып келеді.
– Ресейде 180 млн орыс өмір сүріп жатыр, бірақ күрес түрлерінен осы елдің ұлттық құрамасына 2,8 млн халқы бар дағыстандықтар мен кавказдықтар иелік етіп отыр. Бұндай ерекшелік кавказдықтардың тума талантынан ба, рухының күштілігінен бе, тектілігінен бе, имани сенім-танымының биіктігінен бе? Осы жайлы не айтасыз?
– Олардың, яғни кавказдықтардың табиғи ерекшеліктерінен шығар деп ойлаймын. Олар таулы жерде өмір сүреді. Таудың адамы ойдың адамынан қуатты болып келеді. Мысалы, моңғол балуандары әлемде күштілер санатында. Ұлан-батырға барғанда көрдім, балалары таудың етегіндегі бұлақтан 40 литрлік ыдысқа су құйып, иығына көтеріп, өрге шығып бара жатады. Бұл дегеніміз тау адамды төзімділіккке баулайды.
Одан кейін біздегі ең бір сорақы шаруа. Қазақ қыздары кім көрінгеннің етегінен ұстап, шетелге байға тиіп жатыр. Осы арқылы гендік болмыс, қуат күшімізді жоғалтып жатырмыз. Қазақ қызының жатыры қазақты көбейтуге, «алып анадан туады» дегендей мықты балуан балалар туғызуға тиіс емес пе?! Олар болса, орыс, негрдің санын көбейтіп, қазақтың тектілігін басқаның қанына сіңіріп жатыр.
Ал, кавказдықтар да отбасылық тәрбие мықты, олар қыздарына ие болып отыр. Гендік тектілігн жоғатқан жоқ. Одан кейін олар күресті кәсіп етіп алған. Ұрпақ жалғасқан өнер ретінде қабылдайды.
-Рух мәселесі жайлы не айтасыз?
– Рух ұрпаққа қанмен барады. Кавказдықтардың қанына сіңген мынадай ұғым бар: «Менде не бар бәрін ал, бірақ еркіндігімді таста!» деген. Рухы азат емес адамды қанша тәрбиеле, одан ештеме шықпайды.
Менің шәкірттеріме үнемі айтатын жалғыз өсиетім бар: «Тұлғасы ірі қыздарға үйленіңдер» деймін. Орындағандары бар. Соның арқасында балалары ірі болып туды. Одан кейін біз ұлттық тамақтану дәстүрімізден ажырап қалдық. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
– Сіз бас бапкер кезіңізде шәкірттеріңізді бастап акемтеатрға үнемі баратын дейді. Оның спортқа қандай қатысы бар?
– Театр адамның ұлттық санасын оятады. Ұлттық санасы жоқ адам балуан болмайды. Сол үшін алып баратын едім.
-Қазір де барасыз ба?
-Қазір театрдың өзі сақауланып кетті. Бармаймын.
Ерлан Алтай
namys.kz



