Менің ауылдағы ағамның ұлы тоғыз жылға жуық уақыт бір перзентке зар болды… Қай жылы екені есімде жоқ, ауылға бір бара қалғанымда құлағыма сыпсың жеткен: інім мен келіннің арасы үзілуге шақ жүр екен…
Құдай айдап апарған шығар, сол жолы бауырымды үйден жырақ алып шығып, шаңын сілкігенім бар-тын. Қай-қайдағы сөзді тауып қайрағаным есімде. Үзілгелі тұрған дүниені жалғаудан қиын жоқ. Қия бассаң бар нәрсенің өзін қиратып алуың оп-оңай ғой. Сондықтан, саясатпен сөйлеуге тура келген…
Алланың құдіретінде шек жоқ. Содан, бір жыл өтісімен өмірге Сағыныш деген құлыншақ келді. Сағыныштың ізін ала тағы екі қыз дүние есігін ашты. Төртіншісі де қыз бала еді, шетінеп кетті…
Пенде баласының арманы таусылушы ма еді? Інімнің енді ұл деп жүргенін айтпаса да сезетінмін…
Міне, бүгін ауылдан сүйіншілеген хабар жетті. Келін аман-есен босанып, мына жарық әлемге маңдайы торсықтай ұл әкеліпті.
Ауылдағы ағама хабарластым. «Сары майдай сақтап жүрген атың бар шығар?», – деймін ғой баяғы жорта сөйлеп. Ол кісі қақ-соқпен ісі жоқ, өзімен-өзі жүрген томаға-тұйық жан. «Өзіңнің қойғаның жөн шығар», – деді. Өзімнің күткенім де осы еді. «Мұндайда атасы қояды, болмаса жолды беру керек», – деп әдейі тақымдап қойдым.
Сонымен не керек, ағаның алдында арылып алған соң, ұлдың атын «Ислам» деп қойдым. Сонда, «Ислам Русланұлы Қанат» болып шықты!
Кеше дүниеден мезгілсіз өткен інімнің туған күні еді… Алла Тағаланың біздің әулетке берген нығметіне баладым бұл сәбиді. Сіздердің шаңырақта да дәл осындай қуаныш болсын!
Kayrat Abdollaтың facebook парақшасынан алынды



