Сейітхан Кенесарыұлы – таэквондодан Азия чемпионы және қатты зат шағудан әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ
Сейітхан1971 жылы қарашаның 10-жұлдызында Моңғол елінің астанасы Ұлан-батыр қаласының іргесінде қоныс тепкен Налайқы қалашығында туған. Ол 1990 жылы 10 сынып бітірген соң Кореядан арнайы келген маманның қол астында таэквонда спортымен шұғылдануды бастайды. Арада екі жыл өткен соң, яғни 1992 жылы маман сарапшылардың сынынан өтіп, І дан қарабелбеу иесі атанды. Іле 1993 жылы Өзбекстанда өткен Азия чемпионатына іріктеу турнирінде күміс жүлдеге қол жеткізеді.
– Менің осы бір тырнақалды жүлдем ауылдастарымның таэквондаға деген қызығушылығын оятты. Сол себепті, спортқа тартылған жастардың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру үшін 1995 жылы Налайқы қалашығында «Арыстан» таэквонда клубын аштық, -дейді Секең
Клуб алғаш ашылған 1995 жылы Моңғол елінің тарихында тұңғыш рет Дархан қаласында таэквондодан өткізілген ел чемпионатында жүлделі 3-орынды иеленеді. Бұл да болса, жас таэквондашылардың үмітін оятып, істің ілгерлеуіне себеп болғаны сөзсіз. Осылай 1995 жылдан бастап ел чемпионатына тұрақты қатысып келе жатқан клубы спортшылары: 1996-1998 жылдары қатарынан үш рет 3-орынға ие болса, 2001 жылы 2-орынға көтеріліп, жаңа белесті бағындырды.
Сейітхан болса тек клубтың шеңберінде шектеліп қалмай, шәкірттерін жаттықтыра жүріп, өзі де дайындықтан қол үзбеді. 1997 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында болған әлем чемпионатына Моңғол елінің атынан қатысып, өз алмағында 5-орынды қанағат тұтты. 2002 жылы Ұлан-батырда болған Азия чемпионатында алтын медаль иеленіп, моңғолиялық қазақтар арасынан тұңғыш рет таэквонда спорт түрі бойынша Азияны бағындарған азамат ретінде тарихқа енді. Сондай-ақ осы жарыс үстінде Сейітханның шеберлігіне тәнті болған кореялық мамандар таэквондадан 4-ші дан атағын берді.
Сейітхан Кенесарыұлы таэквондадан басқа, яғни қазақ баласы әлі шұғылдана қоймаған спорттың жаңа түрі қатты зат шағумен 2000 жылдан бастап тұрақты айналысып жүр. Нәтижесінде 2003 жылы Грекияның Тессалоник қаласында өткен әлем чемпионатында қатты зат шағудан 2-орынға ие болып, күміс медаль олжаласа, 2010 жылы Белорусь елінің бас қаласы Минискіде қатты зат шағудан әлем чемпионаты атанып, тағы да тұңғыштар қатарын толықтырды.
Спортшы бауырымыз қазір Ұлан-батыр қаласындағы жекпе-жек спорт түрлері бойынша жұмыс жасайтын мемлекеттік «Жігер» клубына жаттықтырушы болып еңбек атқарады. Сондай-ақ, өз ауылында өзі құрған «Арыстан» клубының да бар ауыртпашылығын жалғыз өзі арқалып жүр.
Болашақта Сейітхан бауырымыз, өзі құрған клубты толық спорттық базамен жабдықтай отырып, дәрігер, психолог және тағы басқа қажет мамандардың жұмыс жасауына орай туғызуды қолға алмақшы. Ол үшін әрине, жалғыздың шаңы шықпайды, мемлекет тарапынан қамқорлық қажет. Сонда ғана басқа мәселелерге алаңдамай, жарысқа алаңсыз дайындалып, жеңіс шыңына шығуына жол тартуға толық мүмкіндік туар еді.
Соңғы жылдары Секең өз аумағында ғана шектеліп қалмай достары Жұбайхан және Батырбектермен бірлесе отырып, шәкіттері Нарбек және Ерқұланды жіберіп, орталықтан алыс жатқан Бай-өлке аймағының Өлгей қаласына қазақтың бір туар ұлы Мұстафа Өзтүрік атында жас таэквондошыларды дайындайтын «Мұстафа» клубын ашып, жұмыстатып отыр.
Ерлан Алтай
namys.kz



