Блогсапардың үшінші күні Аягөз қаласына келіп тоқтадық. Пойыздан түсе салысымен бірден мұражайға тарттық. Бұл жерде құнды жәдігерлер көп екен. Ауданның түгел тарихымен танысып шықтық.




Бұрын Аягөз ауданық тарихи-өлкетану мұражайында Ақтамбердінің сауыты бар деп еститінмін. Келе сала, сол сауытты іздедім. Мұражай директоры Аңсаған Мұқаметқалиқызын әңгімеге тартым сауыттың тарихына қатысты сөз суыртпаған едім.

«Біздің мұражай 2013 жылы ашылды. Сауыт та сол кезде келді.
Ақтамбердіден қалған жәдігерді мұражайға батырдың тікелей ұрпағы Асқар Жұмаділов атамыз әкеліп табыстады», – деді Аңсаған Мұқаметқалиқызы.

Ақтамбердінің мына жырын бәріміз білеміз, солай ғой?
Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз,
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз!
Міне, бабамыз өзі жырға қосқан торғай көз шығыршығы бар сауыт алдымызда тұр. Сауыт әбден ескіріпті. Кейбір жерлерін тот басқан. Шығыршық көзді темірден жасалған екен. Аңсаған апай «Сауыттың салмағы шамамен 10 келіден асады» деді. Асса асатын шығар, тұтас темірден жасалғаны көзге ұрып тұр. Жеңі қысқа, мойны домалақ келген кәдімгі көне сауыт.

Ақтамберді осы өңірінен шыққан тұлға. Содан ба, Семейдің өлкетану музейінде сақталған сауытты Аягөзге әкелген. Жырау, батыр, қолбасы, тіпті қазіргіше айтқанда дипломат болған баба жайлы бүгінгінің балалары біліп жүрсін деген болар.
Дұшпаннан көрген қорлығым,
Сары су болды жүрекке.
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке,
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп құдай тілекке! – дейді жырау.
Ақтамберді он жетісінде қылыш көтеріп жауға шапқан, ал біз не істеп жүрміз? Ел сөзін сөйлеп, жерімізге қорған бола алып жүрміз бе? Сауытты көргенде бірден осыны ойладым!

Ақтамберді жырауды алтыншы ұрпағы Асқар Жұмаділов ағамыз Аягөзде тұрады екен. Соны естіп, іздеп үйіне бардық. Өкінішке қарай, біз барғанда атамыз ұл-қыздарына қыдырып кетіпті. Үйде кенже қызы Гүлшекер апайымыз ғана бар екен. Киелі шаңыраққа бас сұқтық!

Гүлшекер апай әкесі туралы әңгімеледі. Сауыттың осы уақытқа дейін қалай сақталып келгенін сұрадық. «Сізге әкемнен естігенімді ғана айтып берейін. Бұл сауыт бұрын әкемнің Таскескенде тұратын Ақантаев деген туыстарында сақталған. Өкінішке қарай, 1937 жылы Ақанаевтар Қытайға ауып бара жатқанда сауытты шекараға тастап кеткен. Әскерилер сауытты арғы бетке өткізбей, алып қалған. Кейіннен оны шекарашылар тауып алған. Сөйтіп Семейге әкеліп, музейге табыстаған. Бірақ ол кезде ол сауыттың кімге тиесілі екенін ешкім білмеген. Кейін әкем Семейдегі музейге барғанда сауыттың Ақтамбердінікі екенін бірден танып, Аякөздегі мұражайға алдырған болатын», – деді Гүлшекер апай.

«Ақтамбердінің қанша ұрпағы бар?» деген сұрақты төтесінен қойдық. «Барлығы он бес шаңырақ түтін түтетіп отыр. Мен сізге аталары туралы зерттеп жүргендерін ғана айтайын. Семейде Бораш Сейсенов деген аға бар. Ол кісі – әкемнің туған бауыры. Ақтамберді атамыз туралы көп деректерді сол кісі біледі. Үржарда Жанатбек Ақантаев деген кісі бар. Бабамыз туралы туралы сол жігіт те көп ізденіп жүр», – деп жауап берді.

Асқар атамыз құдай қаласа биыл 90 жасқа келеді. Кіндігінен 11 бала өрбіген. 7 ұл, 4 қыз тәрбиеледі. Ол кісінің туған жері – осы Аягөз. Бұрын Үржар ауданындағы Таскескен ауылында тұрған. Зейнетке шыққан соң, қара шаңырақ деп Аягөзге көшіп келді. Қазір Ақтамберді туралы зерттеу жүргізіп, кітап жазып жатыр екен.

Ақтамбердіден Қабылан, одан Жумай, одан Сәсен, одан Ұзынболат, одан Бұғыбай, одан Рысбай, одан Жұмәділ, Жұмәділден Нұртаза мен Асқар тараған. Атамыз осылай түртіп қойыпты!

«Әкем 1942 жылдың қараша айында әскер қатарына алынып, Қиыр Шығыстың Чита қаласында әскери міндетін өтеген. 1943 жылдың 10 ақпанында Ленинград азат етуге қатысты. Кейін Финляндия, Чехияға дейін барған. Жеңісті Прага қаласында қарсы алған. Енді үйге қайтам-ау дегенде, 1945 жылдың маусымында Жапон соғысына алып кеткен. Сөйтіп 1947 жыл дегенде майданнан оралған. Екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары елге келіп қызмет жасады. Біраз жыл Шұбартауда зоотехник болды. Кейін Қазақстан, Таскескен совхоздарын құруға атсалысты», – деді Гүлшекер апай әкесі туралы әңгімелеп.

Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет, – деген баба жырын іштей қайталай бердім. Қайталай бердім! Ақтамберділердің балалары мына біздер емес пе? Ендеше, баба өсиетіне құлақ түрсек, өкінбейміз. Мұражайға барып, жыраудың қара шаңырағына қонақ болып, ерекше тебіреніп қайттым. Кім біледі, атаның өзімен сөйлесіп, жүздесу бақыты бұйырғанда бұдан да керемет әсерге бөленер ме едім…
#qazaqia2015 #блогсапар
facebook парақшасынан алынды



