Ежелгі досым Арман Сқабылұлы ҰЛТ.КЗ сайтында Тоқтар Әубәкіровтың «оппозиция» деп жүргендердің «бірін-бірі итеріп, Ақордаға баратыны» туралы сөзіне неге мен жауап бермейді деген сыңайды сырттай сұрақ қойыпты. Тақырып та «күшті»: «Үндемегендері – мойындағандары ма?». Шынымды айтайын, тақырып тиіп кетті.
Қысқаша жауап берейін.
1998 жылдан, оппозицияға кеткелі мен біреуді «итеріп», яғни таласып, тырмысып Ақордаға барған емеспін.
Мен кезінде Үкіметте істегендіктен, қазір сол жақта менің дос-жарандарым баршылық. Аракідік той-томалақта, аста кездесіп қаламыз. Пікір алысамыз. Онымды кемшілік деп санамаймын. Керісінше, билікте жүрсе де мені тойға шақыратын немесе бір жерде көріп қалып, қашып кетпейтін азаматтарға разымын.
Мені талай мәрте билік тарапынан кездесуге шақыру болғаны да рас. Бірақ онда әңгіме тек менің жеке басыма қатысты болған, яғни мемлекеттік қызметке оралуым туралы. Және де ол кісілердің атын мен қазір атай алмаймын. Уағда солай болған.
Екі рет өзім Ақорда жетекшілерімен кездесуге сұранғаным рас.
Бірінші рет Әкежан Қажыгелдиннің оққағарларын соттағанда. «Ешбір кінәсі жоқ азаматтарды неге түрмеге жауып жатсыңдар?» деген сауалмен. Бірақ ол азаматтар сотталып кетті бәрібір.
Екінші рет оппозициядағы жақын серіктестерімнің тікелей өтініші бойынша барғаным рас. Тақырып та әріптестермен келісілген болатын. Яғни, елдегі ахуал, саяси реформа, оппозиция өкілдерін қудалауды доғару, әділ сайлау механизмін құру, шынайы көппартиялық дегендей. Әңгіме барысында осы тақырыптардан ауытқыған жоқпын.
Сонымен болды.
Жалпы мен саяси оппозиция мен билік арасында өркениетті диалог болу керек деп ойлаймын. Ол екі жаққа да, ең бастысы – қоғам үшін пайдалы. Тек сол диалог барысында оппозиция өкілдері өздері жариялап жүрген принциптері мен әріптестерін сатпауы, билікке жығылмауы, одан ақша алмауы қажет. Ол – қылмыс!
Айтпақшы, Тоқаң айтып отырған «оппозиция» деген жалғыз мен емес. Өзім үшін жауап бере аламын. Тақырып қызық болса, басқалардан да сұрай жатарсыздар.
Әміржан Қосановтың facebook парақшасынан алынды



