Мұқан Исахан. заңгер, дінтанушы
Ардақ сіз Оспан туралы жазбаңызда құр далақтап жайдақ шауыпсыз. Сізді не түлен түрткенін білмеймін, өкпе-назға толы мақалаңызда тарихи талдаудан көрі эмоцияға көбірек ерік беріпсіз. Айтар ойыңызды нақты деректермен (болса мұрағаттық) айтсаңыз бір жөн. Іліп алар дәнеңе таппай дал болып отырмын. Мына жазбаңыз баяғы 40-шы жылдары большевиктердің ойдан шығарған «керей-найман» дауы секілді былдыр-быдырақ бірдеңе… Сол кезеңде өмір сүріп, тағдыр талайды басынан кешірген марқұм Х.Оралтай өзінің мемуарлық шығармасында (Елім-айлап өткен өмір) шидің неден шыққанын (керей-найман дауы), кімдер тарапынан ұйымдастырылғанын, екі елді арандатуға кімдердің мүдделі болғанын жан-жақты талдап, тайға таңба басқандай жазып қалдырды. Жалпы, Оспанның кезіндегі қым-қуыт жағдайды руаралық (керей-найман) мәселеге әкеп тіреп қоюды — тарих кешірмейтін қылық дер ем. Ол кезде Өр Алтай мен Тарбағатай және Ілеге, қала берді күллі Шыңжан аймағы үшін Гоминдан мен Кеңес билігінің, Шин Сысай мен Моңғолдың арасында талас жүріп жатты. Рас, Кеңес билігінің дем беруімен құрылған Шығыс Түркістан мемлекетін алғашқыда Оспан қолдады. Бірақ, кейін Шығыс Түркістан қуыршақ «Үш аймаққа» айналғанда одан сырт айналды. Себебі, Оспан коммунистік қызыл империяның Қазақстанда жасаған қанды-қырғынынан хабардар еді (Нұрғажай батырдың естелігін қараңыз). Генерал Д.Сүгірбаевпен арадағы кикілжің осыдан басталды. Екеуінің арасындағы келіспеушіліктің соңы қарулы қақтығысқа апарып соқты. Осы кезде алпауыттар Шыңжандағы қазақтың басын біріктірмеу үшін «Оспан найманның 200 жігітінің мойнына тас байлап ертіске батырып өлтірді» деген жалған ақпарат таратты. Өз басым осы деректің ойдан шығарылған мәлімет екеніне жүз пайыз сенімдімін. Себебі, бұл деректі дәлелдейтін бірде-бір мұрағаттық материал табылған емес. Бұл бір. Екіншіден, егер 200 найманның жігіті шынымен суға батырылып өлтірілген болса, сол боздақтардың кемі 2 000 туысы қайғыдан қара жамылар еді. Сол қара жамылған 2 000 қазақтың бүгінгі күнге кемі 20 000 ұрпағы жететін еді. Бұл ақпар рас болса, қазір 20 000 қазақ: «Аталарымыз Оспанның қолынан қаза тапқан» деп ұлардай шулайтын еді ғой. Құдайшылығымызды айтайықшы, қай қазақты көрдік: «Ойбай, бабамның жанын Оспан қиған» деп арыз қылған. Жол түсіп 2000-шы жылдары Қытайға екі рет сапар шектім. Сонда байқағаным Қытайдың жарты ғасырдан бері «Оспанды банды» деп оқытып келе жатқан идеологиясы кейбір қандастарымызға қатты сіңіп кетіпті. Иә, мына жазба авторы да осы дертті өзіне жұқтырып алған тәрізді. Менің айтар базынам: «Салқар шабыттың иесі болғымыз келсе, қазір «Қазақты ірітетін емес, бір ететін» туындыгерге айналайықшы. Қалғанының бәрі қысыр сөз, қырт әңгіме.
Мұқан Исаханның facebook парақшасынан алынды


