Шыны керек, бұған дейін жеткіншектер додасында атой салған боксшыларымыздың көбісін бұл күндері ұлттық құраманы айтпағанда, шаршы алаңнан да көре алмай жүрміз. Бұл ненің белгісі? Жеткіншектеріміз есейе келе өздеріне деген жауапкершілікті төмендетіп ала ма, әлде құрама командалар арасындағы байланыс нашар ма?
Украина астанасы Киевте өткен бокстан жасөспірімдер арасынджағы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін орасан жеңіспен аяқталды. Сегіз боксшымыз жартылай финалға шығып, оның екеуі алтынмен апталса, біреуі күміспен күптеліп, қалған бесеуі қола медальға қол жеткізді.
Боксшыларымыздың жасөспірімдер арасындағы додаларда жетістіктерге жетіп жүргендері бүгін ғана емес. Бұған дейін де жеткіншектер арасындағы әлем чемпионаттарында қоржынға жүлде салып жүрген боксшыларымыз болған. Мәселен, соңғы үш әлем біріншілігін айтайық, 2007 жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен жаһандық додада бір алтын, үш қола медальды қоржынға салдық. 2009 жылы Армения астанасы Ереванда бас жүлде бұйырмаса да, үш боксшымыз финалға шығып, біреуі қола жүлдегер атанған. 2011 жылы әлем біріншілігі еліміздің бас қаласы Астанада өтті. Рас, өз жерімізде өткен дүниежүзілік доданы өте сәтті өткіздік дей алмаймыз, дегенмен ол кезде жасындай жарқылдап, тіпті жеңіс тұғырының жоғарғы сатысынан көрінген жігіттеріміз де болды. Бірақ, шыны керек, дәл осы жолғыдай толағай табысқа қол жеткізбегенімізге көп болыпты. Украина астанасына 13 боксшы апарып, соның сегізі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Екеуі әлем чемпионы атанып, біреуі финалда сүрінді. Тағы бесеуі үшінші орынды иемденді. Яғни, Киев төрінде көк туымыз көкке сегіз рет көтеріліп, Әнұранымыз екі рет шырқалды деген сөз. Жалпыкомандалық бейресми есепте Ресей мен Кубаны ғана алға жіберіп, үздік үштіктен көріндік.
Енді осы боксшыларымыз Рио Олимпиадасында болмаса да, 2020 жылы Токио төрінде топ жарса екен дейміз. Әйтпесе, шыны керек, бұған дейін жеткіншектер додасында атой салған боксшыларымыздың көбісін бұл күндері ұлттық құраманы айтпағанда, шаршы алаңнан да көре алмай жүрміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін, алысқа бармай-ақ, жоғарыда келтірген мысалдарды қайта қаузап көрелік. Әлбетте, 2011 жылғы әлем біріншілігіне қатысқан жерлестеріміздің бүгінгі жайы туралы сөз қозғау ертерек болар. Оған дейінгілерге тоқталсақ та жеткілікті. Мәселен, 2007 жылғы әлем чемпионатында Жандос Мұқанов алтын алып, Данияр Елеусінов, Нұрсұлтан Абылаев және Ерлан Сейдалиев қолаға қол жеткізді. Осылардың ішінде тек Данияр ғана үнемі көз алдымызда. Әлі де талай додаларда топ жаруға жететін біліктілігі бар. Жасырып қайтеміз, қалған үшеуінің есімдерін соңғы кездері естімей де кеттік. 2009 жылы Арменияда өткен аламанда Бағдат Уайдаев, Ерболат Сейдалиев және Талғат Бертілеуов күміспен күптеліп, Ерасыл Сейфолданов қолаға қол жеткізген. Содан бері бір Олимпиадалық цикл өтті, ересектер арасындағы додаларға қосылатын уақыттары да болды. Бірақ бұл жігіттердің желпініп, жеңістерінің тасып жүргенін көрмеппіз.
Бұл ненің белгісі? Жеткіншектеріміз есейе келе өздеріне деген жауапкершілікті төмендетіп ала ма, әлде құрама командалар арасындағы байланыс нашар ма? Әрине, бәрі де боксшының өзіне байланысты екені белгілі. Сондықтан, жеткіншектер құрамасынан жастар сапына, жастар арасынан ересектер құрамасына суырылып шығу спортшының өзіне тікелей байланысты. Ендеше, Киевте өткен әлем чемпионатында атой салған сегіз серкеміз бар, басқа да жігіттеріміз бар, өздеріне деген жауапкершілікті төмендетпей, шеберліктерін жетілдіре берсе екен дейсің. Сонда ғана бүгінгі жеңімпаз жеткіншектерімізді ертеңгі Токио Олимпиадасының төрінен көре аламыз. Ал егер бағы басым болып, мықтылығы тасып тұрса, бұл жігіттердің бір қатарына Рио Олимпиадасына қатысуға да мүмкіндік бар. Тек, медальдің буына масайып, жеңіске деген жігерліктерін жоғалтып алмаса дейміз. Бәрі де өз қолдарында. 
Әзиз ЖҰМАДІЛ
http://alasharena.kz


