Қазақтардың көшпелі еркін тірлігі Азияда дүниеге келіп дамыды. Орыстардан шыққан казактар бұған тәнті болғандығын олардың жылнамаларындағы деректер айғақтайды. 1444 жылы қоршауда қалған Мәскеуге казактар келіп, татарлармен соғысады. 1517 жылы Украинада Белгородқа (Аккерман) шабуыл жасайды. Көшпелі түркілерде еркін өмірді аңсаушылық, шаһарларға шапқыншылық ұйымдастыру орыс казактарынан бұрын басталған… Алтын орданың ыдырауы кезінде ұсақ халықтар арасындағы талас-тартыстың салдарынан әртүрлі рулар далаға қоныс аударып, қазақ қауымдарын құра бастады. Сондай-ақ, орыс казактары да әр тектес тайпалардан одақ құрып, казактар деген атауға ие болды.
«Қазақ шежіресі» деген еңбегінде Шоқан Уәлиханов қазақ пен казак туралы осындай мәлімет келтіреді.
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлттық тарихымызды зерделеу жөніндегі үлкен жиындағы баяндамасында «қазақтардың ұлттық тарихының жаңа тарихи ұстанымын қалыптастыру» қажеттілігін атап көрсетті. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде қазақ тарихындағы казачествоның қан-жоса ізі көз алдымызға елестейді. Әуел баста жол торып, қарақшы болған казактар кейін ел қауіпсіздігіне қатер төндіргендіктен ақ патша оларды қызметке тартып, ерекше әскери бірлестік (сословие) жасады, отаршылдық саясатты жүзеге асыруға пайдаланды.
Қазіргі Ресейде казактарды ақтау, олардың қоғамдық-саяси өміріндегі орнын тиянақтау, құқығын белгілеу жөнінде ресми құжаттар бар. Бірақ мұның Қазақстанға қатысы жоқ. Алайда, казачествоны кейбір күштер біздің еліміздің тарихи және этнографиялық, территориялық тұтастығына сенімсіздік көрсететін үлкен саясаттың ұсақталған ақшасы есебінде пайдаланғысы келеді. Мұндай іс-әрекет күні бүгінге дейін тыйылған жоқ.
Мәселен, жуырда республикалық бір басылымда Арқа өңірінде казактардың біздің ұлттық киіміміз деп патша заманындағы әскери формамен жүретіндігін, еліміздің аумақтық тұтастығын бұзуға әрекет жасап, өз ортасынан шыққан жастардан «Ресей империясына қалтқысыз қызмет етемін» деген ант қабылдайтындығын, әулие Георгий лентасын таратып, «Ресей – біздің Отанымыз, біз Ресейді сүйеміз» деген акция өткізгенін, және тағы басқа арандатушылық шаралар туралы сөз болды. Осыған орай кейбір ой-пікірді ортаға салғымыз келді.

Үлкен империя көршілерін кейде күшпен, енді бірде алдап-арбап дегендей, жерін иемденіп, халқын тәуелді етіп, ел аумағын үнемі молайтып отырды. Ресейдің мұндай отаршылық саясатын жүзеге асыруда казактардың үнемі алда жүргені пәлендей құпия емес.
Ақ патша тұсында казачество тұрақты әскердің құрамдас бөлігі есебінде түрік, парсы, швед, Кавказ, Балқан соғыстарына қатысты. Қазан, Астрахань, Сібір, Қырым, Қазақстан, Орта Азия, Польшаны, Балтық жағалауы елдері мен Финляндияны, Қиыр Шығысты жаулап алуда елеулі рөл атқарды. Бұратана халықтарды (Ресейдің ұғымында), оның ішінде қазақтардың наразылығын басып-жаншуда полициялық және жазалау күштері есебінде қолданылды. Сол үшін көптеген жеңілдіктерге ие болды.
Кеңес заманында қазақ жұрты талай талан-таражға түсті. Ол түгелдей одақ қарамағында болса да орталық, неге екені белгісіз, мұнда орыс автономиясын құруға әрекет жасағаны бар. М.Калининнің тікелей нұсқауымен ВЦИК-тің ерекше комиссиясының (1921-1925 ж.ж.) Жетісу (қазіргі Алматы облысы мен Қырғызстанның Шу және Ыстықкөл облыстары) территориясында орыс автономиясын құру туралы жасалған әлеуметтік-экономикалық негіздемесі соның айғағы (М.Қойгелдиев. – «Қазақ тарихы», № 4, 1997).
Ешқандай негіз болмаса да әкімшілік-территориялық аумағымыз үнемі өзгеріп жатты. Біраз жеріміз бөтен елге сұраусыз кетті, қажеті жоқ өлкелер құрылды, ұйғыр, неміс, чешен-ұңғыш автономияларын құруды орталық күн тәртібіне қойды. Партия көсемі Н. Хрущев Тың өлкесі кезінде еліміздің солтүстігіндегі бес облысты Ресейге беруге әрекет жасады.
Кеңес елі ыдырап, коммунистік партия биліктен кетер кезден бастап сепаратистік қозғалыстар жаңа қарқын алды. Ресейдің кейбір шовинистік пиғылдағы күштері Алаш еліне көз аларта бастады. Бұл қазақтың жері-ау, жергілікті ұлт бұған қалай қарар екен дегенді білсе де елемеді. Арандату науқаны астыртын, жасырын емес, ашықтан ашық жүргізілді. Солтүстік, солтүстік шығыс облыстарда қазақтар аз, ал Батыс Қазақстан аймағы көптен бері экономикалық тұрғыдан көрші елдің құрамдас бөлігіне айналып кеткендіктен бұл жер Ресейге кіруі керек екен. Екі елдің арасына осындай от жағатын пікірді КСРО халық депутаттары Г.Попов, Л.Васильева, жазушы А.Солженицын, тарихшы В.Козлов сияқтылар ашықтан ашық қолдады. Президент М.Горбачев та осылардың қатарына қосылды.
Казактар 1990 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне Қазақстанның біраз аймағын Ресейге қосу жөнінде үндеу-хат тапсырған. Оны былай деп дәлелдейді: 1920 жылы РСФСР Совнаркомының шешімі бойынша Қазақ Республикасын құрғанда оның құрамына казактар тұратын «исконно русские территории» кіріп кеткен. «Сейчас это области – Уральская, Гурьевская, Кокчетавская, Павлодарская, Семипалатинская и некоторые другие» екен («Труд», 15.09.1990). Көрдіңіз бе, мәселенің төркінін!
Өткенді қазбалап қайтеміз деуіңіз мүмкін. Егер жоғарыда сөз болған жағдайлар кейін ұмытылса, қайталанбаса, мұндай арандатқыш пиғыл тоқтатылса, оған назар аудармауға болар еді. Алайда, мұндай пікір тасқыны толастар емес.
* * *
(Қазақстан мен Ресей арасында территориялық мәселе шешімін тауып, 2005 жылдың 16 қарашасында екі ел Президенттері қол қойған Келісімшарт Мемлекеттік Думада ратификацияланды. Солай болса да ресми құжатқа сенімсіздікпен қарайтындар әлі бар. Кейбір орыс сарапшыларын тыңдап көріңіз. Қорытындыны өздеріңіз жасаңыз.
Мәселен, ресейлік Саяси және әскери сараптау институты ұлтаралық қатынас проблемасы бөлімінің меңгерушісі Сергей Маркедонов 2008 жылдың 29 қазанында Қырғызстанның оңтүстік бөлігі мен Қазақстанның солтүстігі даулы аймақ, талас тудырар өңір деп жоқ жерден пәле іздегенін қалай түсінер едіңіз («Тасжарған», № 40, 5 қараша 2008 ж.)
Мәскеуден «Родина» деген тарихи журнал шығады. Құрылтайшысы – Үкімет пен Президент Әкімшілігі. ВАК-тің тізімінде бар. Осы басылымның шолушысы Виктор Бондарев: «Сөз жоқ, Ресейдің қазіргі шекарасы орыстарға ұнамайтын шығар – тарихи құқық бойынша Ресей қарамағында қалуға тиісті Қырым, Одесса, Солтүстік Қазақстаннан айырылып қалдық» деп өкінеді («Родина», № 2, 2006 ж.).
Жазушы Николай Стариков: «Бір мемлекет құру керек, ал мұның өзі Кеден одағы негізінде жасалып та жатыр. Бұл одаққа Украинаның қосылуы – шешуші кезең» («Литературная газета», № 15, 20-26 сәуір 2011 ж.).
Кәсіпкер Михаил Юрьев «Третья империя» деген кітабында: «КСРО-ның мұрагері ретінде біздің стратегиялық мақсатымыз – олармен қайта қосылу деп тура мәлімдеуіміз керек. ФРГ-ның ГДР-ге, екінші жақтың еркімен келіспей-ақ Қытайдың Тайваньға жасап отырған әрекеті сияқты… Сонымен бірге шын мәніндегі достық қатынастағы кейбіреулерімен (мұның өзін көп асқақтатпай-ақ) негізінен Қазақстан және Армениямен жеке келісуге болар еді («Свобода слова», № 9, 12 наурыз 2009 ж.).
* * *
Қоғамдық пікір тудырып, елге дұрыс ақпарат берер деген Ресейдің кейбір зиялы қауымы осылай дейді. Енді мұндай ой-өрімді казактар қалай жүзеге асыруда екен, соған үңіліп көрейік. Бұл тек тәуелсіздік жылдарында болған кейбір оқиғалар ғана екенін атап айтқымыз келеді.
l1995-1997 жылдары В. Антошко деген көкшетаулық казак атаманының қылмыстық істері анықталып, дұшпандық қызметіне тосқауыл қойылды, жауапқа тартылды. Ол көрші Қорған облысында содырлар (террористер) дайындайтын әскери база ұйымдастырған. Оның көмекшісі И. Маслов астыртын екпінді топ құрып, қолдан жасалған жарылғыш қондырғыны іске қосуға әрекет жасаған.
lІшкі істер министрлігінің «Казахстанская правда» газетіне берген хабарына сенсек (3.09.1996), Ресейдің казактар одағының құрылымы еліміздің ішкі істеріне қол салуға әрекеттеніп, ашық түрде қоқан-лоқылық жасауды күшейте түскен. Бұған Қазақстан казактарының кейбір өкілдері белсене қатысыпты.
Мәселен, 1996 жылдың тамыз айында еліміздің Мәскеудегі елшілігі алдында Қазақстан жерінен дәмеленіп, наразылық митингісін өткізген. Мұнда казак В. Антошко Қазақстан басшылығының атына дөрекі, өрескел ғайбат сөздер айтып, қазіргі шекараны Ресей пайдасына өзгертуді талап еткен.
lАл мұның алдында мәскеулік казактардың жерлестігі Қазақ елшілігінің алдында Жетісу казак әскерінің (!) атаманы Н. Гункиннің тұтқындалуына орай наразылық жасаған. Бұл бізді басынып, дербес мемлекеттің ішкі ісіне қолсұққандық емес пе?
lӨскемен қаласында еліміздің мемлекеттік құрылымына қастандық жасалып, территориялық тұтастығымен есептеспеген төтенше оқиға бой көрсетті. Әңгіме В. Казимирчук (Пугачев) тобының зұлымдық істері әшкереленіп, ұсталуы жайында болып отыр. Олар «Верхне-Иртышская русская казачья община» ұйымының жекелеген мүшелерімен келісіп, «ұлттық революция» жасамақ болған.
lАқтөбе қаласында Қазақстанның орыс, казак славян ұйымдары үйлестіру кеңесін өткізіп (2008 ж.), сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведевтің атына елімізде орыстілді халықтарға қазақтар қысымшылық жасап жатыр деп хат жолдап, байбалам салған…
* * *
(Азат ел болғандығымызды көре алмай шамасы келгенше тас лақтырып, қазақ жеріне көз алартып жүрген дүлей күштер баршылық. Өкінішке қарай. Бостандық алған жиырма жылдан астам уақыт ішінде олар салған ойран аз емес. Мәселенің ушыққаны сондай, бір кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «ресми құрылымдардың ашықтан-ашық немесе жымысқы, жасырын түрде қатысуы кезінде казачество өкілдерінің тәуелсіз мемлекеттердің аумақтық тұтастығын бұзу ниетімен қоқилана талап қоятын мәлімдемелерін қалай түсінеміз» деп реніш білдірген еді («Егемен Қазақстан», 24.04.1997).
Казачество туралы ой-өрімді жалғастыра отырып, кейбір оқиғаларды еске түсіре кеткен жөн. Қоғамдық бірлестік деп жүрген Ақмоланың «Казактар одағы» ең бірінші рет 1991 жылдың 5 қарашасында ресми түрде танылған болатын. Бұған басқа қоғамдық ұйымдар келіспей қарсылық митингісін өткізді, прокуратура наразылық білдірді. Содан соң ұйымды тіркеуге қол қойған сол кездегі облыстық әділет басқармасының бастығы В. Андрианов қайтадан бұйрық беріп өз шешімінің күшін жойды. Сол үшін қызметінен де кетті.
«Шешінген судан тайынбайды» дегендей, казактар енді шағым арыздарын әділет басқармасының жаңа бастығы Зарлық Лақпаевқа жазды. Ол жарғыны қарап заңсыз деп тапты, тіркемеді. Олар сотқа жүгінді. Бұл текетірес бірнеше жылға созылды. Арыз берушілерді ешкім қолдамады, керісінше, әділет басқармасының шешімі дұрыс, заңға сәйкес деп табылды.
Сөйтіп, жүргенде «казактар тіркелді» деген хабар шықты. Ол кезде мен «Түркістан» газетінің осы өңірдегі тілшісі болып істейтінмін. Зарлық Лақпаевқа келдім.
– Зеке, бұл қалай, казактарды тіркепсіз ғой, – дедім.
– Бұған менің қатысым жоқ. Мұны шешкен Алматы (Астана ауыспаған кез. – А. К.). Көріңіз, оқыңыз, – деп біраз құжаттарды қолыма ұстата салды.
Қарасам – Ақмола облысының казактар одағын тіркеуге болмайды деген әділет басқармасының бұйрықтары, Ақмола облыстық сотының шешімдері, ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі коллегиясының ұйғарымы, қауымдастықтың жарғысы.
1994 жылдың 14 желтоқсанында Ақмола облыстық сотының мәжілісінде облыстық әділет басқармасының өкілі Э.Зеленина арызды қанағаттандыруға болмайтындығын сөз еткен. Қазіргі қоғамдық қарым-қатынаста «казак» ұғымы «казачествосыз» айтылса, заңсыз болып табылады екен. Казактар халық емес, тарихи тұрғыда қалыптасқан әскери бірлестік (сословие), сондықтан киімдері және оның нышандары, шендік белгілері әскери форма болып есептеледі деген уәж айтады, заңгер.
Казак пен казачествоның халық емес, әскери қауымдастыққа (сословие) жататындығын сотта сарапшы Н. Ағұбаев дәлелдейді. Ол казачество «әскери басыбайлы қауымдастық» («крепостное военное сословие») деген қорытынды жасайды. II Александр патшаның 1861 жылдың 24 маусымындағы нұсқауында (рескрипт) былай делінген: «Казаческое сословие предназначено в государственном быту для того, чтобы оберегать границы империи, прилегающие к враждебным и неблагоустроенным племенем и заселять, отнимаемые у них земли». Демек, әңгіме XVIII – XIX ғасырларда Ресей империясының аумағында қалыптасқан тек әскери қызмет ететін топтың жандануы туралы болып тұр.
Казактар өзіндік киім түрлерін және соған қатысты иыққа тағатын, жағаға жапсыратын шендік белгілерін сақтауды талап етеді. Дәстүрлі киім түрі, яғни ұлттық киіміміз бар екен, олай болса оны айқындайтын ерекше нышандары болуы қажет, онсыз казак казак емес дейді, шағым берушілер.
Казак киімінің формасы, оның нышандары мен ерекше белгілері Сібір казактары әскерінің 1808 және 1846 жылдардағы штаты туралы ережемен бекітілген. Яғни, казактардың ұлттық киіміміз деп жүргеніңіз, – дейді сарапшы Н. Ағұбаев, – шын мәнінде Ресей империясының ерекше әскери құрылымының сыртқы пішінін айқындайтын бірден бір белгісі екендігі сөзсіз. Олай болса, патша заманындағы әскери форманы ресми түрде киіп жүру заңсыз болып табылады. Әскери азаматтардың құқығын, қызметін, әлеуметтік жағдайын реттейтін заңдар бізде бар. Бірақ оған казачествоның қатысы жоқ. Пәленбай жыл әскерде болып, сол үшін зейнетақы алатын «таза әскерилердің» өзіне запасқа шыққаннан кейін ғана қызмет стажына қарай оған форма киюге рұқсат па, әлде жоқ па екендігі тиісті командирдің бұйрығымен шешілетінін ескерсек, бұған ешқандай құқығы жоқ казактарға атам заманғы шет елдің көне әскери формасымен көшеде жүруге болады деп рұқсат беруіміз керек пе?
Компартияның ресми журналы «Известия ЦК КПСС» (№ 8, 1991 ж.) казактардың қоғамдағы тарихи орнын «авангардный ударный отряд царской колониальной политики» деп атап көрсетуі де тегіннен тегін емес шығар. Демек, казактар патшалық жүйенің қолшоқпары, баскесерлері, қанішер жендеттері.
Үлкен кеңес энциклопедиясы да бұл пікірді қолдайды, казачество «военное сословие» деп кесіп айтады (БСЭ, 5 т.). Балаларға арналған мәскеулік ғылыми-танымдық басылым «История России» (5-т., «Аванта +», 1995 ж.) деген анықтамалықта да бұларды «особое военное сословие» деп түсіндіреді.
Алайда, ресейлік билік ғылыми тұрғыда әбден мойындалған осындай тұжырымнан алшақтап, саясаттандырылған екіұшты пікір ұстанатын секілді. Мәселен, Ресей президентінің қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау туралы 1992 жылғы Жарлығында казачествоны «культурно-этническая общность людей» деп есептейді. Ал құжаттың 3-бабында олар «могут объединяться в хуторские и станичные общества, создавать окружные, войсковые и иные традиционные для казачества общества» (астын сызған біз – А. К.) дейді. Осы мәтінде қарайтып көрсетілген екі термин бір-біріне қарама-қарсы ұғым. Мәдени-этникалық бірлестікті қоғамдық құрылым десек, әскери бірлестік дегенді қалай түсінеміз? Бұл бір. Екіншіден, ресейліктер казачество, казак деген ұлттың жоқ екендігін біле тұра, мәдени-этникалық топ деп есептеген күннің өзінде біз олардың империялық пиғылын неге қостауға тиіспіз? Айталық, ата тегі белгісіз, жол торып, ел тонаушы, қазақтарды қан қақсатқан атаман Ермакты ресейліктер жүз жерден аспандатып патриот, халық батыры десе де біз үшін ол үнемі қарақшы, қаныпезер, жауыз, отарлаушы болып қала береді емес пе?
Көрші елдің ішкі ісінде шаруамыз жоқ. Өзімізді түзетіп алайық. Бірақ қалай болған күнде де иығында погоны жалтыраған, жағасы әскери қызметшіге тиісті жапсырмамен көмкерілген, қылышын салбыратып, кең шалбарында лампасы бар, басына дәу елтірі бөрік киіп, өткен заманның елесі сияқты көрінетін салт аттыларды – казактарды – азаматтық қоғамдық ұйымның мүшесі деп есептеуіміз ақылға сия ма? Қалай десек те, олардың түпкі мақсат-мүдделері ұлттық қауіпсіздігімізге зиян тигізіп, күдік тудырмай ма деген сұрақ әрдайым көкейде тұратыны рас.
* * *
Сонымен, заңгерлердің талай сараптауына түскен ұйғарым анықталды. Олай болса, казачество қалай тіркелген? Осы сұрақты сол кездегі Ақмола облыстық әкімдігінің мемлекеттік құқықтық бөлімінің бастығы Раис Хадеевке қойдым.
– Раис Тагирович, казактардың жарғысын Әділет басқармасы заңсыз деді, сот оны қостады, бірақ соған қарамастан тіркелді. Неге?
Ол жағдайды түсіндіре бастады.
– Казачество қоғамдық бірлестік, оны тіркеу керек деген ынталы топ әуелде «Ақмола облысының Казактар одағы», «Дала казактарының одағы», «Танаис әскериленбеген қоғамдық бірлестігі» деп аттарын жүз құбылтып, жарғы мәтінін өңдеген болып оны тиісті орындарға қайта-қайта ұсынды. Бірақ нәтиже болмағаны рас.
Раис Хадеев ағынан жарылды.
– Маған облыс әкімінің орынбасары жарғының заңға томпақтау келетін тұстарын жұқартып, қайтсе де жарайтындай етіп, түзетіп беріңдер деген соң кедір-бұдыр жерлерін тегістеп, тігісін жатқызып, тіркеуге жарайды-ау дегендей етіп, редакциялап бердік, – деп қарап тұр.
Мәссаған безгелдек! Демек, казачествоны «заңдастырып», өмірге келуіне қолдау көрсеткен – облыстық әкімдік!
Әрине, мұның артында үлкен сыр жатыр. Өйткені, әкімнің орынбасары мұндай тапсырыс бере алмайды. Яғни бұйрықты берген – әкім. Бірақ ол да осыншама жауапкершілікті мойнына ала қоймайды. Өзінің өлер жерін білетін сауысқаннан сақ Андрей Браун мұндай даулы мәселеге өз еркімен бара қоймайтыны бесенеден белгілі. Біздіңше, пәрмен оған жоғары жақтан түскен.
Әкімдіктен қосымша кеңес алып, құжаттарын тағы бір ретке келтіріп алған казактар шабуылға қайтадан шығады. Енді олар біз Қарағанды, Көкшетау және Ақмола облыстарын қамтитын өңірлік (региональный) бірлестік жасаймыз деп мәселені басқа қырынан қояды. Ал мұны шешу облыстық емес, республикалық ведомстволардың құзырындағы шаруа. Сөйтіп, «Союз казаков Степного края» деген атпен ұсынылған бірлестіктің жарғысын Әділет министрлігі қоғамдық ұйым есебінде 1997 жылдың 7 қаңтарында қолма-қол тіркеп жіберді (№ 2039-1900-00).
Мұның өзі бізді екіұшты ойға қалдырды. Казактар қауымдастығына облыстық шеңберді қимағандықтан емес, заңсыз болғандықтан тіркелмеді. Олай болса, қалайша өңірлік, яғни бірнеше облыс аумағын қамтитын республикалық дәрежедегі ұйым бола қалған?
Жарғы мәтінін айтпаған күннің өзінде оның аты құлаққа түрпідей естіліп тұр. Неге, ол Далалық өлке казактарының ұйымы? Мұндай әкімшілік-территориялық бірлік бізде жоқ емес пе? Үш облыстың бірлестігі болса неге солай аталмады? Ақмола, Қарағанды, Көкшетау облыстары казактарының өңірлік қауымдастығы деп.
Демек, қоғамдық бірлестік құрамыз деп сылтауратқанмен оның түптей келгенде басқа шаруалармен айналыспақшы екендігін аңғару қиын емес. Айталық, келмеске кеткен патша заманының отаршылық нышандарын қайта жаңғыртқысы келетіндігін қалай түсінуге болады?
Мәселен, Далалық генерал-губернаторлық, Далалық өлке – Батыс Сібір генерал-губернаторлығының жойылуына байланысты 1882 жылы Ақмола, Семей және Жетісу облыстарынан құрылған Ресей империясының әкімшілік-территориялық бірлігі. Әкімшілік орталығы – Омбы қаласы. Генерал-губернатор, Омбы әскери округінің қолбасшысы және Сібір казактары әскерінің наказной атаманы қызметін қоса атқарған. Әскери атаманды патша үкіметі тағайындайтын (назначает), наказной атаман деп аталуы сондықтан.
Олай болса, қазіргі басқару жүйесі өзгерді ме екен?
«Руководящие органы: Большой круг, Совет атаманов, Управление. Атаман – Шишкин Геннадий Иванович. Товарищ атамана – Серебряков Георгий Петрович…»
Астана қаласына қоныс теуіп, республикада 12 филиалы бар «Союз казаков Степного края» деген өңірлік қоғамдық бірлестікке қатысты ғаламтордан күні кеше алынған ақпар осындай. Қауымдастыққа «большой круг», «атаман» дегендер басшылық жасайды екен, ал бұл сөздердің төркіні әскери қызметке байланысты емес пе? Мәселен, «әскери шеңбер» («войсковой круг») – казактардың жалпы жиналысы. Мұнда атаман сайланады. Ал оның күн тәртібінде қандай мәселе қаралады десек, орыс зерттеушілері оны: «Войсковой круг решал вопросы объявление войны и заключения мира, посылки войск царю, а также приема и отправки посольств. На кругу «дуванили», т.е. делили добычу и государево жалованье» делінген. Сонда біздің «төл казактарымыз» мұндай басқосуда қандай проблеманы талқылайды деген заңды сұрақ туындайды.
Ресейдің ғылыми-көпшілік анықтамалығының жазғанына сүйенсек, атаман дегеніңіз (шығу тегі түркі сөзі болса керек): 1) мемлекеттік билікке бағынбайтын тұрақты емес әскери отрядтың немесе топтың (кейде қарақшылық топтың) жетекшісі; 2) казактардың әскери және әскери-әкімшілік билігі бар командирі (БСЭ, 2 т.).
Шиырып айтсақ, «казачество» дербес этностық топ емес, Ресей империясының мемлекеттік шекарасын ұлғайтып қорғау міндеті жүктелген әскери бірлестік (сословие). Ал «казак» дегенімізді тура мағынада «әскери-диқаншылық қауымдастықтың мүшесі» деп түсінеміз. Тарихи-ғылыми тұрғыдағы әдебиеттің бәрі осылай дейді. Яғни ол ешқандай этностың немесе қайсібір халықтың субмәдениет өкілі бола алмайды. Казачество үшін атамандық басқару жүйесі, әскери атақ беру, әскери форма мен оның айрықша белгілерін тағып жүру біздің әскери қызметке қатысты заңдарымызда қарастырылмаған. Қоғамдық деп жүрген ұйымымыз қаруланбаған бірлестік болса да ерекше әскериленген топ болып танылуы тиіс, сол себепті оның тіркелуі заңсыз деп есептейміз.
Амантай КӘКЕН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
АСТАНА.


