ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа, әрі өркениеттілік тұрғыда қалпына келтіруге тырысқан Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі қазақ байлары болғаны талас тудырмайды. Алаш қозғалысының халық арасында кең таралуына, Алашорда автономиясы жарияланғаннан кейін жергілікті қазақ комитеттерінің берік орнығуына аталмыш әлеуметтік топ өкілдері өз септігін тигізді. Бұрынғы Ресей империясының территориясында патшалық билікті алмастырған атқарушы үкімет тарапынан мойындалмаған Алаш автономиясы қазақ қоғамының негізгі экономикалық тірегі саналған қазақ байларына арқа сүйеді. Жаңадан құрылған Ұлттық Алашорда автономиясының қаржылық және материалдық қажеттіліктері қазақ байлары тарапынан өтеліп отырды.
Қаражан Үкібайұлы
Ике Әділұлы
Алашорда үкіметінің экономикалық және қорғаныстық тірегі саналған қазақ байлары қатарында семейлік Үкібайұлы Қаражан мен Оразалыұлы (немесе Оразалин: 1-сурет.) Жұмеке, шыңғыстаулық Медеу Оразбайұлы, Ике Әділұлы, Қарқаралы өңірінен Ақайұлы Хасен, ағайынды Бекметевтер, Ақбайұлы Ыбырай, жетісулық Маман байдың балалары және Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінен қобдалық Иса Көпжасарұлы, Сырым батырдың шөбересі Салық Омарұлы, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Әлниязұлы Тобанияздарды ерекше атап өтеміз. Қазақ байларының алаш мұраты жолындағы ерен еңбегі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының Ресей империясының және әлемнің жоғары оқу орындарында білім алуына жәрдемдесуі еді. Мәселен, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедұлы Сырым батырдың шөбересі — Салық Омарұлының көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Қазақ байларының жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына шәкіртақы тағайындауы, демеушілік жасауы әлі де болса зерттелуге тиіс. Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Мәселен, 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. Мәселен, “Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю” деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойған. Аталмыш науқанды іске асыру барысында петицияны ұйымдастырушылар қырдағы халыққа беделді, сөзі жүретін ел ағаларына, байларға сенім артты. Осы саяси науқан Алаш қайраткерлері мен енді ғана қалыптаса бастаған ұлттық буржуазия өкілдерінің тізе қосып қимылдаған алқашқы қадамы болғаны анық.
Жоғарыда аталған саяси оқиғалар Алаш қайраткерлерін ұлт мүддесі жолында қызмет етуге, туған халқының құқығын қорғауға жұмылдырды. Осы әрекеттері үшін ұлт зиялыларының кейбірі жергілікті отаршыл әкімшілік тарапынан қуғынға ұшырап, бірі түрмеге жабылса, өзгесі отаршыл орыс империясының ішкі гүбернелері мен «ит жеккенге» айдалды. Сондау қиын-қыстау сәтте Алаш қайраткерлеріне көмек қолын созып, демеу болған қазақ байлары еді. Оған төмендегі деректер айқын дәлел бола алады. 1906 жылы Міржақып Дулатұлын түрмеге қамағанда, сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібайұлы оны кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлепті. Одан кейін Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль төлеп шығарған. Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін 1907 жылдың желтоқсанында С.-Петербор округтік сотының айрықшы отырысының үкімімен 3 ай мерзімге түрмеге кесіліп, жазасын өтеу үшін 1908 жылы өз ықтиярымен Семейге келіп, түрмеге қамауын 3 ай күтіп жатады. Бірақ отаршыл әкімшілік Алаш көсемін тар қапаста 3 ай емес, сот үкімін бұзып 8 ай ұстайды. Абақтыда отырғанда ауырды деп естіп, «Әлекеңдер қазаққа керек адам» деп тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды биені Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып, 8 айын 8 күндей өткізіпті.
Қазақтың ақсүйек байларының меценаттық қызметінің келесі кезеңі – ұлттық баспасөздің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасауы. Бұл тұрғыда 1913-1918 жылдар аралығында 265, соңғы мәлімет бойынша 266 нөмірі жарық көрген “Қазақ” газетінің жарыққа шығуына және тұңғыш жалпыұлттық басылымның ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтардың болғаны шындық. Мәселен, “Қазақ” газетінің 1915 жылғы санында “Ауқатты алаш азаматтарына” атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесуге шақырған үндеу жарияланады. Көмек берушілер қатарында Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсенділік танытқаны аңғарылады. Жетісудың Қапал оязын (уезін) жайлаған Маман байдың балалары Есенғұл, Тұрысбектердің жиған-терген байлығын ұлт мәдениетіне, мектеп-медресе ашу ісіне бағыттай білгенін қазақ меценаттығының айқын көрінісі деп айта аламыз. Атап айтар болсақ, 1913 жылы “Қазақ” газетінде басылған Есенғұл қажы Мамановтың қазақ романына бәйге жариялағаны туралы хабары қазақ оқығандарының арасында сілкініс тудырды.
Қазақ баспасөзі тарихына қаржылай көмектескен келесі бір бай – Қаражан Үкібайұлы. Қаражанның игілікті істерінің бірі – “Абай” журналының жарық көруіне қол ұшын беруі еді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезұлы 1918 жылы «Абай» атты журнал шығаруға Қаражан Үкібайұлына қаржы жағынан көмектесуін сұрап барыпты. Миллионер бай Мұхаңа: «Журналды шығарсаңыздар болды, оған қанша қаражат керек, үнемі беріп отырамын» — дейді. Жоғарыда келтірілген мысалдарды тұжырымдай келе айтарымыз, баспасөз, мәдениет саласындағы байланыстар Алаш қайраткерлеріне қазақ байының бейнесін анықтап берді. Алаш қайраткерлері мен ұлттық буржуазия өкілдері үшін сын сағат 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін басталды…
Алашорда үкіметі Орынбордан Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшірілгенде, жергілікті өңірде оларға үлкен қолдау жасаған қазақ байлары болды. Жаңадан орналасып жатқан үкіметке жергілікті байлар, оның ішінде Үкібайұлы Қаражан үлкен демеушілік жасады. Мәселен, 1918 жылғы Семей Земство басқармасының жиналыстары хаттамаларында, мұрағат деректерінде көсетілгендей, Үкібайұлы Қаражанның Алашорда үкіметіне берген үйлерінде өтіп тұрған. Смахан төре Бөкейханның естелігінде Алаш қаласында Алашорда үкіметі өзінің мәжілістеріне жергілікті бай көпес Жұмеке Оразалиннің үйінде жиналатынын жазады. Оның ішінде 1918 жылдың көктемінде Алашорда автономиясының басшылары Совет өкіметінің көсемдерімен (В.Ленин, И.Сталин) арадағы тікелей телефон желісі бойынша алғашқы келіссөзін осы Жұмеке Оразалиннің үйінен жүргізді.
Әділұлы Икенің жеке ісіне келетін болсақ, онда былай деп жазылған: Әділұлы (түпнұсқада Әділов) Ике — шыққан тегі қазақ, Семей округіне қарасты Шаған болысында тұрады, орта білімді, 2 әйелі бар, отбасы мүшесі 7 адамнан тұрады. 596 ірі қара, 900 ұсақ малы бар.
Бұрын болыс (немесе волостной управитель) және би болған. Колчак үкіметі тұсында басқарушы және облыстық Қазақ Атқару комитетінің мүшесі болған. Мақтау қағаздарымен және алтын медальмен марапатталған. Азамат соғысы жылдарында Алашорда үкіметіне материалдық жағынан белсенді түрде қолдау көрсеткен және Алашорда әскерін жасақтауға қатысып, Қызыл әскерге қарсы атаман Анненковпен тығыз байланыста болған. 1927 жылы Әділұлы Ике басқа байлармен қоса Рубцовск округіне жер аударылады, одан 1928 жылы қашып шығып, Шаған тауларына келіп жасырынған. Содан бастап өзі ниеттес байларды қасына жинап, 100 адамнан тұратын аттылы жасақ құрып, Кеңес әскеріне қарсы бандалық әрекеттермен айналысады.
“Қазақ” газетінің 1917 жылғы 14 қараша күнгі санында жарияланған үндеуде “Өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады…” – делінген осы мақалада 5 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезін шақыру жөнінде құлақтандыру жарияланып, барша аймақтардағы абыройлы азаматтарға сауын айтылады. Сөйтіп екінші жалпықазақ съезінде қоғамда болып жатқан талан-тараж, бүлікшілікті ескеріп, қырғыз-қазақты бүліншіліктен қорғау үшін милиция құру мәселесіне байланысты 12 тармақтан тұратын ереже қабылдайды. Онда жасақ құру мәселесінде бүкіл қажеттіліктер Алашорда өкіметі есебінен бекітілген. Алаш автономиясының қауіпсіздігіне кепіл болатын Ұлттық Алаш милициясын құру ісіне қазақ байлары айтарлықтай қолдау көрсетті. Солардың бірі — аты жоғарыда аталған Үкібайұлы Қаражан еді (2-сурет). Кеңес үкіметіне қарсы құрылған Алаш атты әскерін үйымдастырушылардың қатарында атақты бай Үкібайұлы Қаражанның есімі аталады. Сонымен қатар, Қарқаралы өңіріне аты шыққан бай әрі Алаш қайраткері Жақып Ақпайұлының туған ағасы Ақпайұлы Ыбырайды тәркілеуге байланысты декреттегі жеке ісінде мынадай мәліметтер кездеседі: «…1918 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Алашорда жасағы үшін Алаш полкінің қолбасшысы полковник (өзге дерек бойынша, шені «капитан») Тоқтамышевқа 600 жігіт аттандырды және осы қызметіне орай 2-нші корпус командирі генерал Лукин атаман Анненков арқылы 13. 08. 1918 г. Ақпаев Ыбырайды алтын медалмен марапаттаған». Ақпайұлы Ыбырайдың 600 жігіт шығарып беруі қисынға келмеуі әбден мүмкін. Бұл ОГПУ-дің Ақпайұлдарына нақақ жала жауып, қылмысын зорайтып көрсетуге тырысып баққаны болса керек. Алайда Ақпайұлы Ыбырайдың Алаш қозғалысына, Алаш милициясына, ашығын айтсақ, қазақтың ұлттық армиясына қатысы бары анық. Бұл жағы әлі де зерттеуді қажет етері сөзсіз.
Алаш армиясын (милициясын) жасақтау Алашорданың батыс бөлімшесінде де қарқынды жүрді. Жергілікті бай, Алаш партиясының мүшесі Иса Көпжасарұлы Алаш милициясын жасақтауға көп еңбек сіңіріп, оның пайдасына өз дәулетінен 100 ат берген болса, Сырым Датұлының шөбересі Салық Омарұлы 1918 жылы ақпанда Орал қазақтарының Қаратөбеде өткен 3 съезінде Алаш әскеріне өз табынынан 200 бас мініс жылқы бөліп берген. Сонымен қатар, Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен.
Жоғарыда аталған байлардың барлығы да 1928 жылғы 27 тамыздағы “байларды тәркілеу және жер аудару туралы” декреттің қаулысына сәйкес, мал-мүлкі тәркіленіп, Қазақстанның басқа аудандарына және республикадан тысқары аймақтарға жер аударылды. Байлардың біраз бөлігі 1929-1931 жылдары бүкіл Қазақстан территориясын қамтыған күштеп ұжымдастыруға және тәркілеуге қарсы бағытталған көтерілістерге қатысты. Атап айтар болсақ, Әлниязұлы Тобанияздың Адай көтерілісіне басшылық жасауы, Оразбай ұрпақтарының Шыңғыстау көтерілісіне жетекшілік етуі, Үкібайұлы Қаражан мен Ақайұлы Хасеннің Абыралы көтерілісіне қолдау көрсетуі алашшыл байлардың ұлт-азаттық күрес жолындағы соңғы тұяқ серпуі болатын. Алаш қозғалысының ақсақалдары саналған, Алаш қайраткерелері мен бұқара халық арасындағы негізгі байланыстырушы күш болған қазақ байлары түгелдей дерлік 1931 жылғы репрессияның құрбаны болды.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда тарихшы-ғалымдар тарапынан Алаш қозғалысы тарихы зерделеніп, Алаш қайраткерлеріне объективті баға берілуде. Алайда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында кеңестік баспасөз тарапынан «алашордашыл», «қарақшы-банда», «буржуазияшыл ұлтшыл» деп айыпталған қазақ байлары мемлекеттік деңгейде әлі ақталған жоқ. Алаш партиясынның төңірегіне топтасып, қазақтың ұлттық мемлекеттігін өркениеттілік тұрғыда қалыптастыруға тырысқан Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамында арқа сүйеген тұлғалары – қазақтың байлары, ақсүйектері – дала аристократиясы болды. Қазақ халқының сол кездегі негізгі әлеуметтік құрылымындағы үлкен экономикалық тізбекті құраған қазақ байлары ХХ ғасырдың басындағы прогрессивті оқиғалардан тыс қалмады. Жаңаша тың саяси идеялармен қаруланған Алаш арыстарына қаржылық және материалдық қажеттіліктер тарапынан қолдау көрсетіп, Алашорда деп аталатын мемлекеттік жүйенің қажеттіліктерінің түзілуіне мұрындық болған алашордашыл байлар арнайы зерттеу нысанына айналуы тиіс. Және саяси қызметтері ақталып, аталмыш топ өкілдерінің тізімі жасалып, Алашорда энциклопедиясына енгізілсе, Алаштанудың ақтаңдақ беттері түгенделер еді.
Бұл Алаш қозғалысы тарихын зерттеудің ендігі сатысы болмақ.
Еркін РАХМЕТУЛЛИН,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.
«Жебе» газеті, 3 қазан 2013 жыл


