Қазақтың арғы бергі тарихында ұлтқа қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған арыстар қаншама. Міне сол хандар мен билер, бертін келе алаш арыстары «қайтсек ел боламыз» деп «түн ұйықтамады, күндіз отырмады». Содан бері арада бірнеше ғасыр өтті. Бірақ алаш арыстарының «қайтсек ел боламыз?» деген жанайғайы алдымыздан кесе көлденеңдеп шыға береді. Рас, қазіргі таңда тәуелсіз мемлекет болып, өз тізгініміз өзімізге тиді. Әйтсе де әлі де бола «әттеген-айлардан» арыла алмай келеміз. Мысалы тіл, діл, дін мәселесі кез келген қазақты алаңдатады. Оған әу баста экономикалық интеграция болып басталған, қазіргі таңда саяси сипатқа ие бола бастаған бірқатар ұйымдарды, одақтарды қосыңыз.Оның үстіне «ұлттың жоғын жоқтап, кем кетігін түгендейміз» дейтін белсенділердің де берекесі болмай тұр. Ұлтшылдарды айтымыз біз. Ортақ іске қатысты ұлт жанашырларының да кейде өзара келіспей қалатындары бар. Бірақ, бұл берекенің кеткендігін көрсетпесе керек-ті. Тек пікір алуандығы деп ұғамыз. Дегенмен, «Мәңгілік ел» болып, азатттықты сақтап қалудың жолы ұлтшылдардың бірігуіне де ткелей қатысы бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.
Ұлтшылдардың басын кім біріктіре алады? Дәл осы сұрақ бойынша «Серке.орг» сайты сауалнама жүргізіп, бірнеше азаматтың атын атап, түсін түстепті. Олардың ішінде «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атанған Мұхтар Шаханов 49 пайызбен көш бастап тұр екен. Ал Мұхтар Шахановтан кейінгі орындарды Ғабиден Жәкей (18%), Мұхтар Тайжан (17%), Айдос Сарым (9%), Мақсат Нұрыпбаев (8%) иеленген. Бұл арада аталған сайттың жүргізген сауалнамасына баса назар аударудың қажеті жоқ сияқты. Әйтсе де қазіргі таңда ұлтшылдардың басын Мұхтар Шахановтың біріктіре алуы мүмкін бе? Өйткені күрескер ақынның жасы қанша дегенмен жетпіске жетті. Осы ретте «ұлтшылдардың басын біріктіре алатын Шахановтың ізбасарлары әлі күнге дейін шыққан жоқ па?» деген заңды сұрақ туындайды. Әлде ұлтшылдардың ойы «құрылтай өткіземіз» дегеннен арыға аса алмай жүр ме?
Ұлтшылды ұлтшыл неге қолдамады?
Жалпы қазақ ұлтшылдарын табалап, мұқатып қалу қазіргі кезде үрдіске айналғандай. Орыс ағайындарды былай қойғанда тіпті қазақ тілінде қызмет көрсететін «Серке.орг» сайтының өзі ұлтшылдарды аяқтан шалып қалуға тырысады. Әйтсе де соған қарамастан ұлтшыл азаматтар күннен-күнге күш алып келе жатыр. Бұл баршаға белгілі шындық. Алайда олардың кейбір мәселеде бір мәмілеге келе алмай жататыны жасырын емес. Мәселен, соңғы кездері Ғабиден Жәкей, Мақсат Ілиясұлы, Болатбек Біләл бастаған үш азамат ұлт-демократтарының құрылтайын өткіземіз деп алашапқын болып жүр. Ал Мұхтар Тайжан мен Айдос Сарым болса аталған құрылтайды өткізуге құлықты емес. Бір қызығы аталған азаматтардың барлығы дерлік өздерін ұлтшылмыз деп есептейді. Солай бола тұра бұл мәселеде олардың бір мәмілеге келе алмауы қалай? Әрине азаматтардың арасында пікір қайшылығы болып, әркімнің өз ұстанымын қорғағаны жөн-ақ. Әйтсе де оның арты алауыздыққа ұласып кетпесе жарар еді. Өйткені құрылтайды ұйымдастырушылар «қалай болғанда да бұл басқосуды өткіземіз» деп алған бетінен қайтпай отыр. Тіпті олар күн тәртібінде үш мәселе қаралатынын айтуда. Біріншісі, Ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастырудың тұжырымдамасының жобасын бекіту. Екіншісі билікпен де, оппозициямен де, халықпен де тығыз байланыса отырып, ұлттың, халықтың мүддесіне жұмыс істейтін, бағдарламалар дайындап, жоспар құрып, нақты жұмыс жасайтын Үйлестіру кеңесін құру. Үшіншісі, Президенттің, Үкімет басшысының, Парламент жетекшілерінің атына қазіргі қалыптасқан жағдайды сараптай келіп, нақты ұсыныстар мен тілектер, талаптар қоятын ұсыныс-хат беру.
Әлбетте қандай бастама болмасын алдына игі мақсаттарды қоятыны белгілі. Ал енді бұл құрылтайдың халыққа қаншалықты пайдалы болатынын басқосудан кейінгі жұмыстар әйгілейді. Өкінішке қарай біздің бойымызда Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен «жұрт жұмысын» жасауға деген құлшыныс жоқ.
Тарих қайталана ма?
Ахмет Байтұрсынұлы демекші, бұл құрылтай дауы осыдан 100 жыл бұрын алаш арыстарын да айналып өтпепті. Мәселен «Айқап» журналының 10-шы нөмірінде қазақтың басын қосу үшін құрылтай өткізуді Райымжан Мәрсеков көтерген екен. Іле шала сиез өткізу керектігін айтып Жанша Сейдалин, Жұбекен Тілеубергенов, Омарғали Хангерейұлы, Сауырбай Тоқбайұлы «Қазақ» газетіне мақала жолдайды. Әйтсе де «құрылтай өткіземіз» деген аталған азаматтардың пікірін редакция басшылығы қолдамайды. Ахмет Байтұрсынұлы «Бас қосуды біз де керек нәрсе дейміз. Керек болса да, бас қосалық деп айта алмаймыз; кейбір істі істеу керек бола тұра, істеуге болмайды» дейді өзінің «Бас қосу турасында» атты мақаласында. Тек Ахмет Байтұрсынұлы ғана емес, сонымен қатар Алашорда мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлы да «құрылтай өткіземіз» деген «Айқап» журналынының бастамасына қарсы болады. Әйтеуір не керек осы даудан кейін Райымжан Мәрсеков көтерген құрылтай өтпей қалған болатын. Осы ретте ойшылдардың «тарих қайталанады» деген қанатты сөзінің растығына көзің жетеді
Құрылтай өтпесе құрдымға кетеміз бе?
Енді міне 1913 жылғы құрылтай мәселесі алаш арыстарының ұрпақтарының алдынан 100 жылдан кейін шығып отыр. Осы жағдайға қарап бір ғасырдың ішінде ештеңе өзгермегенін анық аңғаруға болатындай. Солай баяғы тіл, діл, дін мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппай тұр. Бұған Ресейдің Қазақ еліне деген қысымын қосыңыз. Ұзын сөздің қысқасы, азаттық алғанымызбен әлі күнге дейін күрмеуі қиын мәселелер өз шешімін тапқан жоқ. Ал енді құрылтай өткеннен кейін қазақтың бақ жұлдызы жанып кетеді дегенге кім сенеді. Өйткені тәуелсіздік алғалы бері әр түрлі құрылтайлар өтті. Оның көпшілігінде «анау керек, мынау керек, олай істеу, былай істеу керек» дегеннен басқа ешнәрсе айтылмады. Сол сияқты бұл құрылтайда да еш нәтиже шықпаса, онда бұл басқосуды өткізудің қажеті қанша? Өйткені бұл жиынға қарсылар құрылтайдың асығыс жасалып жатқанын айтуда. Тіпті мұны құрылтайды өткізушілердің бірі Мақсат Ілиясұлының өзі мойындап отыр. «Шындығын айту керек, құрылтай шұғыл жасалып жатыр, тіпті асығыс деуге болады. Біздің асыққан себебіміз, келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында Еуразиялық одақ құру туралы келісімге қол қойылуы мүмкін, ресми ақпараттар солай деп жатыр. Еуразиялық одақ біздің ұлттық экономикамызға да, ұлттық, мемлекеттік тәуелсіздігімізге де, жеріміздің тұтастығына да үлкен қатер», – дейді ол.
Қош, сонымен құрылтай дауы тағы да алдымыздан кесе-көлденеңдеп шықты. «Тағы да» деуіміз тегін емес. Өйткені 2010 жылы «Ұлт тағдыры» қозғалысының өкілдері Қазақ құрылтайын өткізді. Аталған басқосудан кейін кейбір азаматтар сол құрылтайдың нашар ұйымдастырылғанын айтып сын айтқан болатын. Сондай-ақ, осы жиыннан кейін іле-шала Қажымұхан Ғабдолла дейтін ағамыз «құрылтай өткіземін» деп құлшынып шықты. Бірақ Қажымұхан Ғабдолланың бұл құрылтайы жұрттың жағасын ұстатты. Өйткені ол «кіші жүздің құрылтайын өткіземін» деп айды аспанға шығарған болатын. Кейін келе Қажекең басқосудың атын «Қазақ елі Батыс аймағы қазақтарының 1-ші құрылтайы», одан кейін «Ұлтшыл реформаторлар платформасының құрылтайы» деп екі рет өзгертті. Әйтсе де Қажымұхан Ғабдолланың ұйымдастырамын деген құрылтайы өтпей қалды. Осы сияқты ұлт-демократтарының құрылтайы да өтпей қалуы мүмкін. Өйткені Қ.Ғабдолланың кезіндегідей қарсылық болмаса да қазақтың белді ұлтшылдары бұл жиынды қолдап отырған жоқ. Ал қолдау болмаған жерде аталған құрылтайдың өту-өтпеуі екіталай. Тіпті өткен күннің өзінде ол кезектің басқосудың бірі болып қалары анық.
Жоғарыда «Серке.орг» сайты сауалнамасын бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Өйткені қазіргі таңда «Ұлтшылдардың басын кім біріктіре алады?» деген сұрақ өте маңызды болып тұр. Біздің ойымызша ұлтшылдардың басын М.Шаханов емес, жастардың ортасынан шыққан М.Тайжан мен А.Сарым сынды азаматтар қоса алуы мүмкін. Міне, осы азаматтардың бастамасына ақын ағамыз қолдау көрсетіп, ақ батасын берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
«ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҚҰНЫН ТҮСІРМЕЙІК»
Бұл құрылтай туралы әлеуметтік желілердегі жазулардан оқығаным болмаса одан хабарсыз екенмін. Әрине, осы құрылтайда қазақтың тілі, діні сияқты толып жатқан мәселелерді көтерсе құба-құп болар еді. Алайда құрылтай деген қазақ үшін ерекше маңызды ұғым. Сондықтан да оны бір-екі адам бірігіп ұйымдастыра салатын күнделікті көп жиындардың бірі деп түсінбеуіміз керек. Бәлкім ұйымдастырушылар бұл шараны құрылтай демей-ақ, дөңгелек үстел немесе форум деп атаса дұрыс болар ма еді? Менің ойымша бұл шараны асығыс-үсігіс өткізе салу құрылтай деген қасиетті ұғымды кірлетіп алуға жол ашады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бастамашыл жігіттерге құрылтайдың құнын түсірмейік дер едім. Әрине, жігіттердің қазақтың мәселесін шешуге талпынып әрекет еткенін қос қолдап қолдаймын. Бірақ та «құрылтай өткіземіз» деген жігіттер зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып, олардың не ойлайтынын білгені жоқ. Қанша дегенмен зиялы қауым өкілдерінің пікірін біліп, олардың айтқан ақылдарын назарға алу керек еді. Жалпы құрылтай деген істі атақ үшін өткізбейді ғой. Оған тек қана Астана мен Алматының ғана емес, барлық облыстағы азаматтардың тыңғылықты дайындығы керек.
Ал енді ұлтшылдардың басын қосу бір адамға байланысты болмауы керек. Қандайда бір азамат, тіпті ол біраз жасқа келсе де өзінің шама-шарқынша ұлтқа қызмет етуі керек. Менің ойымша қазақтың намысын ту етіп көтеріп жүрген Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков сынды ағаларымыздың беделі халық арасында өте жоғары. Сондай-ақ жастардың арасынан да мықты-мықты ұлтшыл азаматтар өсіп келе жатыр. Мәселен, орта буынның арасынан Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Қасым Аманжол сынды азаматтардың атын атар едім. Тек қана Астана мен Алматыда ғана емес, сонымен қатар өңірлерден де небір мықты азаматтар шығып жатыр. Олар қоғамдағы өзекті мәселелерде өздерінің пікірлерін білдіріп, нақты іс-шараларды атқарып жүр.

Мақсат ІЛИЯСҰЛЫ,
«ШАХАНОВТЫҢ ОРНЫ БІЗ ҮШІН ЕРЕКШЕ»
Әрине, Мұхтар ағамыз барша ұлтшылдардың көшбасшысы. Ол жырымен де, сөзімен де, бітім-болмысымен де, жан-дүниесімен де ұлтшыл. Осы тәуелсіздік алғалы бергі ұлтшылдардың бірнеше буыны Мұхтар ағамыздың жалынды жырларымен сусындап, ұлтшылдығына еліктеп, артынан жүріп, шәкірті бола жүріп қалыптасып келеді. Сондықтан Шахановтың орны біз үшін ерекше. Ал енді ол кісі ұлтшылдардың басын қоса ала ма дегенге келсек, әрине қоса алады. Ақын ағамыз өзінің беделін, тәжірибесін, ақыл-парасатын пайдалана отырып, барлық ұлтшыл күштердің басын біріктіріп, бір Үйлестіруші кеңеске жинаса, ақылын айтып, бағыт-бағдар ұсынып, жөн сілтеп отырса қалған ұйымдастыру, жүгіру жұмыстарын біз қашан да атқаруға дайынбыз. Әсілі солай болуы керек те…
Сондықтан Мұхтар ағамыз Алла денсаулық беріп, арамызда, алдымызда аман жүрсе, біздің ол кісіден үйренеріміз көп. Мұхаңның жүрсе аяғы, сүйенсе таяғы бола жүріп, барлық ұлтшылдарды біріктіріп, бір үлкен саяси күшке айналдыра алсақ өте тамаша болар еді. Біздің мақсатымыз да осы. Біз алдыңғы буын ұлтшылдарымызға Мұхаңа, Дос, Жасарал, Хасен ағаларымызға арқа сүйеп, Мұхтар (Тайжан), Айдос, Расул, Қасымдармен біріге отырып, арттағы жастарды ерте жүріп ұлт мүддесіне қызмет етуіміз керек. Бізге бірігу керек, бірлік, бірлік арқылы тірлік, ісімізге ірілік керек. Сондықтан барша ұлтшыл бауырларымды, ағаларымды, інілерімді бірлікке шақырамын.
«Жебе» газеті, 3 қазан 2013 жыл


