Қазанның 12 күні Татарстан астанасы Қазан қаласында «Еске алу күні» өтеді. «Жалпы татар қоғамдық орталығы» мен «Азатлық» татар жастары одағы ұйымдастырған бұл акция Қазан қаласын 1552 жылы Ресей патшасы ІҮ Иванның басып алып, халықты қырғынға ұшыратқан күніне арналып отыр.

Акцияға Жәдігер хан мен Сүйінбикенің тұсында Қазанды қорғауға қатысқан күллі түркі халықтарын өкілдері шақырылыпты. Күмбезі көк тіреген Қазанды 1552 жылы татармен бірге, башқұрт, чуваш, мари, мордва, удмурт сынды халықтардың өкілдері қорғаған екен. Қазақтың да тарихында Қазанға қатысты әпсана аз емес. Ықыластың «Қазан жорығы» күйінің аңызында бұл қаланы қорғауға Шора батырдың аттанғаны айтылады. Сөйткен Қазан қаласы бүгінде татардың рухани оянуының, азаттыққа деген ұмтылысының ордасы болып отыр. «Еске алу күніне» орай татарлар Ресей Федерациясы басшылығына бұл күнді ресми түрде мойындау талабын қойып жатыр. Чаллы қаласындағы «Жалпы татар қоғамдық орталығының» белсенділері Ресей билігінен татар және Еділ бойындағы өзге халықтардан ресми түрде кешірім сұрауды талап етіп отыр. Өйткені, Еділдің бойын жайлаған талай ұлт пен ұлыс Ресей империясының басқыншылық соғыстары кезінде, колонизациялауы мен шоқындыру саясаты кезінде зардап шеккен. Татарлардың «Ресей бізден кешірім сұрасын» деуінің сыры да осында.
Айтпақшы, татарлар Еділ бойын мекен қылған халықтарға өтемақы төлеуді де, БҰҰ Бас ассамблеясының «Байырғы тұрғындардың құқы туралы» декларациясын бұлжытпай орындауды да шарт ретінде қойыпты. Сонымен бірге Татарстан билігінен «Еске алу күнін» күнтізбеде ресми түрде аталатын күндердің қатарына қосуды да сұрады. Сондай-ақ, мұсылмандардың діни үлгідегі киім киюіне, ислам әдебиеттеріне тыйым салмауды да талап етіп жатыр. Тарихты да бұрмаламауға шақырды татарлар. Қысқасы, татарлардың Ресей билігіне қояр талаптары аз емес. Ал, «Еске алу күніне» келер болсақ, бұл акция 12 қазан күні Қазан қаласы, Азаттық алаңында өтеді. Шара барысында Қазан кремліне дейін шеру жасау, Сүйінбике мұнарасының іргесінде намаз оқу, Қазанды қорғаушылардың рухтарына арнап дұға оқу, татар зиратына зиярат ету қарастырылған.
Жалпы, бүгінгі Татарстанынң астанасы 1552 жылға дейін Қазан қаласының орталығы болып саналған қала. Сол жылы ІҮ Иван, яғни қанішер Иван бастаған орыс әскерлері 40 күнге созылған шайқастан соң қаланы басып алып, өртеп жіберген. Ресей патшасы қаладағы барлық еркек кіндіктілерді өлтіріп, әйелдер мен балаларды құлдыққа сатқан. Қаза болғандардың денесін бөренелерге байлап Еділге ағызыпты. Еділ бойындағы өзге түркі халықтарын қорқытып-үркіту үшін жасаса керек мұны. Сол жылы Ресей әскерлері аймақта 418 мешітті өртеп, халықты күшпен шоқындыруды бастаған. Өкініштісі, Қазан қаласы жан алысып, жан берісіп қорғанып жатқанда Еділдің бойындағы өзге түркі хандықтары көметесуге асықпаса керек. «Ұлы Ноғай ордасының биі Жүсіп мырза әскер шығарса Қазанға екі аптада жетер еді» дейді біздің қазақ. Алауыздықтың зардабын кейін барша түркі халықтары тартты. Ал, ХХІ ғасыр түркі баласының бірігетін дәуірі. Қазанда өтетін акцияның түгел түркіге берері де осы болмақ.
«Жебе» газеті, 3 қазан 2013 жыл


