Биғожин Қаратай елге танымал фольклоршы-ғалым. 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Айымжан ауылында дүниеге келген. Текті атаның ұрпағы. Арғы түбі Дәулен батырдан басталатын Толыбай сыншы, оның жиырма ұлының үлкені Қарабас шешеннен тарап берісі атақты Шақшақ би, оның немересі Баһрамұлы Сегіз сері (Мұхаммед-Қанапия) әулетіне жалғасады. Сегіз серіден Мұсайын ақын, одан Нұрмұхаммед, одан Нұрғожа, Биғожа туса, Қаратай Сегіз серінің төртінші ұрпағы, яғни шөбересі. Қаратай 1955 жылы Баян орта мектебін жақсы бітіріп,Қызылжар қаласындағы техникумда экономист-бухгалтер мамандығын алады. Бір айта кетерлігі туа біткен дімкестігі бойындағы буырқанған талантын іске асыруға, жас кезінде де, өмір бойы да көп бөгет жасады. Техникумдық білімді қанағат тұтпаған талапты жігіт мүгедектігіне қарамай Қарағанды қаласындағы мұғалімдер дайындайтын инситутты тәмамдап, өзінің ес білгеннен арманы болған тарих пәнінің мұғалімі қызметіне ие болады. Облысымыздағы Сартомар орта мектебінде Қаратайдың қалап алған мамандығы бойынша қызметтегі алғашқы қадамдары басталады.
Жасынан оқуға, білімге деген бойына біткен талпыныс қазақ халқының өткен тарихын білуге, ел өмірін тануға деген құштарлыққа ұласып Талдықорған қаласындағы тарихи мұрағатқа алып келеді. Не нәрсені емеуріннен ұғатын талант иесі көзге түспей қойсын ба? Ол Республикалық ғылыми-зерттеу институтының «Қазақ батырлары» бөліміне қызметке алынады. «Іздегенге сұраған» деген осы емес пе, 1970 жылдардан бастап қазақ халқының өткен тарихын, сол ел тарихына үлес қосып, елдің ел болуына әсерін тигізген көрнекті тұлғалар мен батырлардың, ақын-жыраулардың өмірлерін зерттей бастайды.
Қаратайдың ауыз әдебиетін зерттеуші, фольклоршы ретіндегі еңбектері тек 1990 жылдардың басынан бастап шыға бастады. Ол жалғыз мұрағат материалдарымен шектеліп қалмайтын. «Бәлен жерде көсіле сөйлеп көсем, шешіле сөйлеп шешен шығатын аузы уәлі адам бар» дегенді естісе жаяулап-жалпылап сол адамға жетуге тырысатын. Ол адамның бір ауыз жобалы сөзі, құнды дерегі болса соны тиянақтап жазып алатын. Әдебиет зерттеушісі ретінде ол тапқан деректерін қайдан, кімнен алғанын арнайы журналға тіркеп отыратын. Ол 90-шы жылдардан бастап «Ауыл арайы», «Солтүстік Қазақстан», «Мәдениет», «Қазақ батырлары», «Орталық Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ» және т.б. газет-журнал беттерінде өзі жинаған материалдарын жариялап тұрды.
Қожаберген жырау, Сегіз сері сияқты тау тұлғаларды тарих тозағынан тазалап алуда бар саналы өмірді сарп еткен, қинала жүріп қуанған, қуана жүріп қиналған қазақтың қажымайтын «қара тайын» тау көтерген Толағайға теңесе артық болмас еді.
Қаратай өзінің өлермендік қимылымен артына өлмес із тастап кетті. Бірақ тірісінде ешқандай атақ-даңққа ие бола алмады. Керек десең, өзі атынан жеке бір жинақ та шығара алмады. 2009 жылдың 29 маусымында Қарекең өзі туған ауылында дүниеден өтті. Сүйегі ата-бабасының қорымында жерленді. Осы кітапқа кірген біраз материалдар Қаратай ағаның жеке архивінен алынды.
Т.Жетеев,«Ауыл арайы» 05.02.09.



