Арғынбек Апашбайұлы
КҮҢІРЕНІП ӨТКЕН ӨМІР
Күрделі тағдыр. Кешкен күй, арқалаған азабы, әсіресе, ақыл азабы ауыр, айтқандары көргендерінен көп, жазғандары өлеңнің ең биік өлшемі болған ақын. Қияннан қиянға қуылып, не хат-хабары, не ақпараты жоқ әлемде жүріп, дүние ахуалын, халқының хал-күйін дәлме-дәл білу, болашағын анық айту даналыққа тән құбылыс. Қай өлеңін оқысаң да құйылып кетеді, жүрегіңе ұйып кетеді. Артығы да, кемі де жоқ, көкірегіңе түп-түгел сыйып кетеді:
Қалам алып Арғынбек,
Сөз жазады мұралы.
Алыстан тартып абайлар,
Ер жігіттің қыраны.
Шын жүйріктер баспайды,
Ұра менен жыраны.
Шежіре мен шешеннен,
Түрлі кеңес шығады.
Алла берген анық бақ,
Адамзаттың қүралы.
Оқымаса, надан боп,
Мұздаған талдай сынады…
Құлағымда екі дауыс тұрады. Бірі – бесігімде өлеңмен әлдилеген, әнді үзілтіп салатын, қиссаны қисындарына қарай құбылтып, маңызына орай мәнерлеп айтатын өз анам Зәкіманның даусы. Екіншісі – өлең-жырды бір таңға талмай тарта беретін Болмастың даусы.
Айтпақшы, Болмас бізге туыстас адам. Бабасы Бекбай Зайсан төртуылының ең алғашқы болысы болған бедел иесі. Оның ұлы Төлемістен Қожакелді, Қайықбай, Болмас туады. Батыстың бәлекеті шығысты шарпи бастаған тұста (1916 – 1917 ж.ж) Қожакелді өз құзырындағы қырық шақты отбасын арғыбет асырып әкетіп, өрдегі керейлер ортасынан қоныс алған. Бірте-бірте, төңірегіне қашқан-босқандарды топтап, төртуылдың зәңгісі (жүзбасы) атағын алған. Ерке Болмас бала кезінен салдықтың сәнін сақтауға әуестеніп, өнер қуып, ел кезіп жүретін болған. Қыста біздің ауылдарға да келіп, қисса айтып, қызық көрсететін еді. Қытайдың қызыл өкіметі құрылғанда оның ұлы көсемі Маоцзедунның алдында ән шырқап, қазақ деген халықты өлеңмен таныстырыпты. Ұлы Қытайда «ҚХР халық әртісі» атағын тұңғыш алған сол ағамыздың тағдыры да «Мәдениет төңкерісімен» тұйықталыпты.
Бәлкім, бесігімде құлағыма сіңген шығар, бәлкім, қыстың ұзақ түнінде, әкемнің тізесінде қалғып-шұлғып отырып тыңдаған Болмастан жұққан шығар, әйтеуір, осы шумақтарды мен есім кіргеннен бері білемін. Ойнап жүрсем де ойымда тұрады, кез келген сәтте тілімнің ұшынан төгіліп кетеді.
Кей жігіттің мінезі,
Сыр алдырмас ылпылдақ.
Кей жігіттің мінезі,
Жел қайықтай бұлтылдақ.
Кей жігіттің мінезі,
Сөз көтермес шыртылдақ.
Кей жігіттің мінезі,
Арам безді быртылдақ.
Кей жігіттің мінезі,
Бос сөйлейтін қыртылдақ.
Кей жігіттің мінезі,
Бос күлетін жырқылдақ.
Кей жігіттің басы бар,
Сынасаңыз миы жоқ.
Кей жігіттің миы бар,
Жұртқа жағар күйі жоқ.
Кей жігіттің күйі бар,
Көпшілікке сыйы жоқ.
Қайшыласқан дүние-ай,
Бірі болса, бірі жоқ.
Адам — пенде болған соң,
Бір-бірінсіз күні жоқ, – деймін де, осында қанша мінез айтылғанын бармағымды бүгіп санаймын.
Келе-келе өлендердің мәніне үңіліп, теңеулеріне таң қалатын, тағылымдарын аңғаратын болдым. Ақынның атын естідім. Ол да елден ерте айрылған, өзіміз сияқты мұңлық екен. Ақыры, өлең мені баурап алды. Көп іздедім, көп таптым. Тек бәрі ақынның өлеңін айтады да өмірін айтпайды.
“Алтынның қолда барда қадірі жоқ”. Тіпті, өзіңнің пір тұтатын туысқаныңның бойында қанша қазына жатқанына мән бермейді екенсің. Әкемнің інісі Түсіпхан Мағзиұлы заманның зобалаңдарын көп көрген адам еді. Өткен ғасырдың 30-жылдарында қуылып Қытай өтіп, үш ағасын бірдей жат топырақта қалдырып, 1955 жылы солардан қалған жетім-жесірдің бәрін жинап, Атамекенге алып келген. Сол жетімнің бірі мен едім. Жетелеп отырып жеткізіп еді. Өзі жазған “Қабанбай батыр” қиссасы мен жинаған мұралары екі-үш папка болып, Ғылым Академиясының қорында жатыр.
Қартым қалжырап қалды. Қадірін сонда білдім. Қалқайып қасында отырмын. Аузын ашса — су тамызамын, көзін жұмса — дем саламын. Кең тыныс тарылып, жаңғырықсыз үн жарықшақтанып, төкпе сөз түйіліп, жұтылып, жұтынып жатыр. “Қайран дәурен» өтіп, “Қайран дәрмен” – деп жатыр.
“Жан тәсілімі алдында адам бір бой жасайды” деген рас шығар. Қайран Түсем, кенет түзеліп, тілге келді. Арыз (қоштасу) айтқызбауға тырысамын, алдарқатып, өзім бірдеңе айтамын. Аузыма Арғынбек түсті.
– Қызыл дән қауыздан, қызыл сөз ауыздан кеткенде не айтам. Мына дәптердің “Жер – адамның анасы” деген тұсында бірдеңе бар, – деп, жастығының астындағы қалың қара дәптерді берді.
* * *
“Бір күндік қасірет бес жылдық өмірді қысқартады” — депті бір дана. Оған бақсақ, мен бұл дүниеден баяғыда кететін жан едім. Өмірімнің үштен екісі сандалумен, сарғайған сағынышпен өтті. Тегі, 50 жасымда елге оралғанымның арқасы шығар, сергелдеңдетіп жүріп, сексеннің үшіне келіппін. Бірақ сол зардап төсекке алып ұрды. Көкірек шіркін текірек қағады. Өлмейтін-ақ кезең. Бастан кешкен бар істің ақиқатын білгің келеді. Теледидардан көз алмаймын. “Еңді ел тәуелсіз, жер тонаусыз болады. Ұлттың ен-таңбасын түгендейміз” дегенді естігенде есің шыға қуанасың.
Жасырып қайтейік, біз жаңа үкіметті жатырқамадық. Шығыстағы Зайсан жердің шеті болса да Кеңес бұл өңірге басқалардан бұрынырақ келген. Онда мен он бір жаста едім. Кеңес мектебінде оқыдым. 1928 жылы Ақаралда құрылған “Езілген күншығыс” атты колхозға жиырма екі жасымда бастық болдым. Үш ағамның бірі Ауыл кеңесін, бірі Тұтынушылар одағын басқарды.
Голощекиннің “Кіші төңкерісі” жетті. Екі ағам “құлақ” болып айдалып кетті. Жеті атамнан қуалап келіп, мені де жер аударып жіберді. Ақтөбе айдалдым, одан Ташкент түсіп, Мырзашөлден бір-ақ шықтым. ХТЗ-ның бірімен Мақтаарал тыңына мен де түрен салдым.
1935 жылы қайта оралғанда ауылымның жұртын сипап калдым. Азып-тозып, ақыры арғыбет асып кетіпті. Шекараны шиырлап жүрген біреуіне ілесіп, тым ұзап кетпеген туыстарыма барып мен де қосылдым.
Шекара асып кетсем де Кеңестің куғынынан құтылмадым. 1936 жылы Қара Ертістің бір түбегінде алтын қазып жатқанда ұстап алып қамады да тастады. Бұл – қызылдардың сұраған адамдарын ол жақтың қайтарып беріп жатқан кезі. Құдайдың құдіретін қараңызшы! Дәл сол күндері Алтай аймағының генерал-губернаторы Шарыпқан Көгедаев Кеңестен бір жүк машинасын алдырыпты. Оның тілін білетін тірі жан жоқ. Содан, тұтқындағы мені тапқан.
Менің шофер емес, тракторшы едім дегеніме қараған жоқ. “Жүргізіп-тоқтата алсаң, одан әрі көресің” деді де рульге отырғызды. Сөйтіп, аймақтағы алғашқы “шофер” болдым да шықтым.
Алтай аймағы Қазақстаннан трактор, техника, асыл түқымды мал ала бастады. Ертістің суы көтерілген кезде Бораннан (Қазақстан) Буыршынға дейін жеңіл пароход жүріп түрады. Сонымен барған тракторларды дарылдатып, мен түсіріп аламын. Алғашқы тракторды шығарған күн есімнен кетпейді. Арылдатып, дарылдатып, шотаяқ тракторды Буыршынның ақ құмын бұрқылдатып, жүргізіп келемін. Кішкене қалашықтың бар адамы шуылдап еріп келе жатыр. Қақ жарылып қарап тұр. Мен өзімді космостан түскен корабльді зырылдатып айдап келе жатқан Ай адамындай сезіндім…
Кейін тракторы, веялка, сеялкасы бар, темір-терсектің бәрін жинап, Абитаннан егістік алаң (заимке) құрып, менің билігіме берді. Алғашқы тракторшы-механизатор дайындадым. Мен енді аймақтың алғашқы агрономы болып шыға келдім.
Ертіс жағалап, алтын қазып жүрген ағайындарым да жер кепелерден тез шығып кетті. Дәуітқан дейтін ағам, мал тұқымын асылдандыратын орынды басқарып, ол жақтың құлағы естімеген “зоотехник” атанды. Назыпхан мұғалім болды. Тек, Мақсұт деген інімді орыстар ұстап әкетті.
Енді қатарға қосылдық деуге болар еді. Бірақ, оның бәрін жат жердегі жалтақ тірлік, баянсыз бақыт сезіндік. Қымс етсе қысым көресің, қиянатқа ұшырайсың. Алыссаң — жығыласың, айтыссаң — жеңілесің. Байысаң, тапқаның өзіңе толық бұйырмайды. Үкіметте заң, биде әділдік жоқ. Жаныңды бір жегі жей береді, жей береді.
Ол жақта кешкен күнді одан әрі айтудың қызығы болмас. Менің білетінім – “Құдай туған жерден табаныңды аудармасын!”. Тәп-тәуір өлең айтатын Зәкіман деген жеңгем бар еді. Баяғыда мен келіп қосылғанда қуанудың орнына сол жеңгем айтқан мына бір шумақты өмір бойы үмытпаймын.
Аспанда ұшып жүрген ала құр-ды,
Адамнан адам артық ана құрлы.
Әркімді алсын құдай өз елінде,
Жат елде қадірің жоқ бала құрлы.
1955 жылы мамырдың 24 күні паспортыма он жеті отбасын тіркеп алып, туған жерге қайта оралдым. Ем қонбайтын кәрілік болмаса, сай-сүйекті сырқырататын сағыныш дертінен мен айыққан адаммын. Бірақ сағынышпен сарғайып көз жұмған тағдыр көп. Соның бірі ақын Арғынбек Апашбайұлы. Айтпасам, мойнымда кеткен аманат болар.
Зайсан ауданы, Қара Ертіс болысы, Ақарал ауылында Арғынбек 1882 жылы өмірге келген. Әкесі кедейдің кеуделісі, еті тірі адам болыпты. Арғынбекті әуелі біздің ауылға сіңген Сайд Мұстафа деген араб шейхынан оқытыпты. Одан әрі пәлен мектепті оқыды дегенді естігем жоқ. Араб, парсы, түрік тілдеріне жетік, орыс, қытай тілдерін де білетін. Ақындығы – тума дарын. Егер ол әлде біреуден дарыды десек, онда…
Арғынбектің анасы Әйең көрікті, ақылды, өлеңші болыпты. Тойларда айтысқа, өлім-жітімде жоқтауға отырғызады екен.
Бәлкім, анасының әсері шығар, бәлкім, тума талант ерте түртпектеген шығар, Арғынбек он жасынан өлең еме бастапты.
Оны:
Он жасымда қағазға,
Салып едім көзімді.
Әкем өліп жасымда,
Қалдырды надан өзімді.
Бәрін босқа өткіздім,
Өнер табар кезімді, – деп өзі айтады.
Арғынбектің “Қазақ Сырдан ауғанда”, “Атажұртым, қазағым”, “Россия туралы”, “Дум-дүние” деген дастандары ертеден мәлім. “Найман шежіресі” мен “Жер — адамның анасы” деген толғауын мен 1944 жылы Оспан батырдың жасағында жүріп, ақынның өзінен толықтырып жазып алғам…
Ақынның “Жыл” өлеңінде:
Екінші жылдың аты болар сиыр,
Зайсанда найман елім қалды қиыр.
1894 жыл, октябрьде,
Керейге жоғары өрлеп келдім биыл, – дейтіні бар.
Ақарал негізінде құдагелдер мекені. Сол атадан шыққан Халит – төртуылдың үшінші болысы. Ол тартқызған “Халит тоғаны”, ол отырғызған “Халит тоғайы” әлі күнге дейін бар. Сол құдагелдің Архат атасынан Халит болыс, Бұрхатынан Арғынбек, Бөлекейінен Жақиялар өрбиді. Екеуінің нағашылары да өрдегі керей. 1894 жылы ағасы Жақияға ілесіп, Арғынбек те нағашылап қайтыпты. “Жыл өлеңі” сол жолы айтылған “қонақ кәде” еді дейтін.
Жақия молда сауда жасап, барып-келіп жүріп, 1908 жылы Ақаралдан көшіп кеткен. Арғынбек содан төрт жылдан соң – 1912 жылы көшкен…
Сарысүмбеде біз қатты қүрметтейтін Жақыпбай Түйежанов дейтін ақсақал болды. Төртуылдың соңғы болысы. Бірде Арғынбек екеуі Заимкедегі біздің үйге келіп, үш-төрт күн жатты. “Қазақ Сырдан ауғанда” дейтін толғауының тобықтыға және төртуылға арналған тарауларын мен жазып алып жаттадым. Сонда Абай туралы, оның өлеңдерінің өрге қашан, қалай келгені туралы әңгімелесіп отырды.
– Абайдың 1909 жылғы тасқа басылған өлеңдері, Міржақыптың “Оян, қазағы” менде болды. Біреуден біреу көшіріп әкетіп жатты. Ал, “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр”, “Тәуке батырлар” бұрын келіпті. Абай мен Шәкәрімнің бұл өлкеге кең жайылуы Сейтқазы Нұртаев, Кәрім Дүйсебаев, Зият Шәкерімұлдарының келуімен байланысты, – деді.
Шынын айтайын, өз басым Абай туралы Арғынбектен \1924 жылы \ артық айтқан ақынды әлі естіген емеспін.
Өскенбай, қажы Құнанбай, мырза Ыбырай,
Абайдың жаннан асқан білімін-ай.
Затың қазақ болған соң, амал бар ма,
Арманда зарлап өттің дүлдүлім-ай.
Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың,
Атыңыз бақи қалды бұлбұлым-ай.
Низамия болмаған атаң қазақ,
Табылмас енді сенің бір күнің-ай.
Құдайдан әмір болып қайта келсең,
Жапырлап айтар еді ел мұңын-ай.
Далиған даладағы бұл қазаққа,
Алла енді келтірер ме сендей ұлды-ай!..
Арғынбек – бойы ортадан озық, ойы ортасынан озық, сақал-мұрты селдірлеу, ашаң жүзді адам еді. Халық оны ақын, ақылмандығымен қоса, мінсіз мінезі, өте қарапайымдылығы, білгенін де, бойындағы бар-жоғын да бодаусыз бере салатын сахилығы үшін де қатты сыйлайтын. Керейдің сол тұстағы көсемдері – Шәріпқан, Мәңкей, Дәлелқандар ақылдасуға шақырып, кеңес тыңдап отыратын. Ұзақ-ұзақ толғауларында не ұйқас, не ой, не сөз қайталауы кезікпейтін. Өлеңінің бәрінде елге, жерге құрмет сезіліп тұратын. Жүрек сыздап бара жатқанда “Жер – адамның анасын” оқып, сағынышты ортайтатынбыз. Оңда Өр найманға құтты қоныс болған жүзден астам мекен-жайды (орыс тартып алған шұрайлы жерлерді) айтып, жылап отырып жоқтайды. Сол қасиетті қоныстардың бұрынғы аттары өшіп, Горный, Заречный, Черняевка, Бобровка… — дейсің бе, мүлде бөтен болып кеткен. Осы сылқым жырдағы солқылдаған сезімді, сағынышты, перзенттік сүйіспеңшілікті былай қойғанда, сол жерлердің ежелгі есімдерін білуге септігі тиері даусыз. Осы жыр ел қүлағына жетсе, Арекең аруағына менің де соңғы қызметім болар еді…
Қайран қартым ағасының аманатын орындай алмай көз жұмды. Құлазып қалдым. Кереғар тіршілік, кезбелі несібе не істетпеген. Ақылмандығымен қоса, он саусағынан өнер тамған шебер еді. Етік тігетін. Бұзылған сағат, іс машиналарын, радио қобдиларын жөндей салатын. Ағаштан түйін түйетін. Қаңқасын қызыл қарағайдан құрап, қабырға, қақпақтарын қалың фанерден қиюластырып, бетін қамыстың жылтырымен құрсаулап, өзі жасаған ұзынша ғана шкафы болушы еді. Темір төсегінің басына таяу, ұсынғанда қол жететін жерде тұратын. Қамығып отырып, сол шкафтың құлпын аштым. Үстінгі қаттамада әлгі, Арғыбекке арналған сияқты, нөмірлеп қойған, қалың алты қара дәптер тұр. Парақтай жөнелдім. Шежіре, шешендік сөздер. Дені діни қисса, хикмет. «Бақтиярдың бұтақтары», «Тотының тараулары». Әсеттің «Шеризаты», «Нұғыман- Нағымы», «Ағаш аяғы», «Салиха -Сәмені». Біздің құлаққа сіңісті «Еңлік- Кебек», «Қалқаман –Мамыр», «Ер Тәуке», «Батыр Баян», «Сәтбек батыр». Діни кітаптардың ең ескілері – Құран тәпсірлері – «Әл Итқан», екі том, 1904 жыл, «Мұхамедия» – 1870 жыл, «Алты Бармақ» \1878 ж\… Бұл кітаптар баяғыда Майқапшағай кеденінде қалған сияқты еді. Қисса дастандары өзінің көшірмесі. Ал, ана атынан адам шошитын дүниелерді қалай жинап алғанына ақылым жетпеді. Осылардың арасынан да Арғынбектің үзік-үзік өлеңдері кезікті.
Түсіпқан ағамның осы жазбасын алғысөз етіп, еларалық «Шалқар» газетіне Арғынбектің бір топ өлеңін жарияладым. Бұл менің екі абыздың рухына бағыштаған дұғам, әрі, күллі өмірін күңіренумен өткізген ақынды туған еліне тұңғыш таныстыруым болды.
Осы тұста (1990 жылы,шілде) құрамында Жәнібек Кәрменов, Нұрғали Нүсіпжанов (ансамбілімен), Қапаш Құлышева, Жанар Айжанова, айтыскер ақындар Ерік Асқар, Жадыра Құтжановалар бар, бір топ өнерпаздармен, бірге Түрік еліне бардық. Мұның өзі Қазақстанның сырттан ағайын іздеген тұңғыш тәуекелі еді. Туысқандармен қауышып, табысып, сырласып, мұңдасып, жүректі жүз жылатып, мың күлдіріп, жиырма төрт күн жүрдік. Осы сапардан «Сағыныш саздары» атты кітап жазылды. Осы жолы баяғыда Арғынбекті арғыбетке алып кеткен аталасы Жақия молданың ұлы Қамза қажыдан (98 жаста), Ұядан Ақай, Мәделім Шалышқан, Зейнел Сүрмелі деген шежіре қарттардан ақынның бір талай мұрасын жазып алдым. Шыңжаң өлкелік халық мұраларын жинайтын мекеменің қызметкері, зерделі зерттеуші Қалиолла Нұртазаұлы 2004 жылы ақын өлеңдерінің өзі құрастырып бастырған («Арғынбек шығармалары», 400 бет) жинағын әкеліп берді. Алғысөзде сан жыл сабылып, көп еңбек жұмсалғаны аңғарылады. Тек, текстологиялық сарапталмай, әр кімнің айтқаны бойынша беріліпті. Шұбалаңқы шумақ, бұралқы буын, бұзылған ұйқас, тіпті, айтушы қосып жіберген бөтен сөздер кезіге береді. Құрастырушы мұны халық мұрасын жинаудың қағидасымен түсіндіреді. Ал, біз қолға түскеннің бәрін салыстырып, сараптап, өлең ырғағын, ой жүйесін, тақырып табиғатын бір қалыпқа түсіруге тырыстық. Қазір біздің қолда осындай текстологиялық сараптау жасалған, ақынның қырық баспа табақтай мұрасы бар.
Биыл Арғынбек Апашбайұлының туғанына 130 жыл толады. Осыған орай ақынның туған жерге деген ұлы сағынышын ұрпақтарына ұсынып отырмыз.
ЖЕР—АДАМНЫҢ АНАСЫ
Қазақ еді халқымыз
Мекендеген Алтайды.
Ұлы жайлау тарылып,
Өңірінен мал тайды.
Жайлаушы едік жаздыкүн
Алтай көлі Марқаны.
Көшіп-қонып жүруші ек,
Өрлеп-құлдап әр сайды.
Сол жайлаудан айырылып,
Көңіл, шіркін, шаршайды.
Туған жерің – өз анаң,
Айырылған жандар аңсайды.
Мекеннен сөз қозғасам,
Ішкі қапам тарқайды.
Шығушы едік Алтайға,
Ертістен өтіп, дүрілдеп.
Бозбалалар жылқы айдап,
Қыз-келіншек күлімдеп.
Жүйрік, жорға мінгені,
Қалжыңдасып, ілімдеп.
Көш жөнекей мырзалар
Сұлуды жанап күлімдеп.
Басымыздан сол күндер
Өтіп кетті-ау, жүгірмек.
Басқа тарлық келгенде,
Өткен күндер білінбек.
Құлақ салсаң, жамағат,
Мұны айтамын шыным деп.
Қураймолды, Шығанши,
Орыс қала салған үй.
Бұл күзеуді алған соң,
Біздің елден кетті күй.
Қайран жерім десеңдер,
Айрылмайтын ақыл жый.
Бытырамай ала боп,
Берекелі бірлік қыл.
Ел бастаған ұлыңның
Тілін алып, ісін біл,
Байқағанға абайлап,
Көрініп тұр барлық сыр.
Жаман қала арада,
Он үй орыс болды би.
Өнер-ғылым бізде жоқ,
Ойлана алмас баста ми.
Сорқұдық пен Ашылы,
Ойласақ көңіл жасыды.
Киіз үй тігіп қонған ел,
Жарасып қызыл-жасылы.
Топырағының асты алтын,
Бетінен майы тасыды,
Айта берсем таусылмас
Алтайымның асылы.
Қайсы бірін айтсам да,
Жоқ еді биттей жасығы.
Тиянақ қылған жер еді,
Өр найманның нәсілі
Бар дөртуіл мекендеп,
Өз қотырын қасыды.
Бағы жанып, малы өсіп,
Дария судай тасыды.
Ақсақалдар, ойласақ,
Ішіміз удай ашыды.
Қала болып, қабынып,
Басты орыс масылы.
Алқабек пен Теректім,
Елге қоныс, керектім.
Кір жуып, кіндік кескен жер,
Бетін ашып желектің.
Қызығын қалай ұмытам,
Жемісін терген өзектің.
Жер қайғысын ойласа,
Күйдірер ішін зеректің.
«Қарақазан, Сарбала»
Қайран жерім деп өттің.
Атадан қалған асылым,
Айырылып қалам демеппін.
Надандықтың кеселі,
Дәл осылай себептің.
Енді бізге ол жерді
Қайтарып берер демеп кім?
Ар жағында Дерелі,
Асабір көшкен көп елі.
Алтай өрлеп, тырмысып,
Жонға шығып келеді.
Сай-салалы Сарбонды
Елі жақсы көреді.
Мекендеген қазағым,
Ата қоныс жер еді.
Маңқан сайы дейтұғын
Алтындықтың кені еді.
Қайта түскен елі оның
Жемістерін тереді.
Бүлдірген терген келіншек,
Үлбіреген желегі.
Шұрқыраған балалар
Жеңгесіне ереді.
Сұлудай шашын тараған
Қайың менен терегі.
Сағынғанмен амал жоқ,
Енді оны кім береді!?
Асып түссең – Қарағаш,
Бар төртуіл аралас.
Қозы сойып, ерулік
Беруші еді қонақ ас.
Бәсекелі салтанат,
«Шерік аты қаралас».
Осы күнде болды ғой,
Ит тигендей арам ас.
Қымыз ішіп қыдырып,
Қызық қуып, көңіл мас.
Сол күндер еске түскенде,
Көзімізге келер жас.
Туып өскен қайран жер,
Жоқтамасам жарамас.
Ақжайлау мен Шөпті көл,
Орысқа қарап кетті ол.
Білімді туған қайдасың,
Ақыл табар ептілер!
Елдің қамын ойлаңдар,
Асыл туған, тектілер.
Мұны жазған Арғынбек,
Жер жүйесін бек білер.
Ұшқыр-Меңкер, Төрқуыс,
Сай-саласы ел қоныс.
Төртуылға бел еді,
Ата жолдас, бір туыс.
Жон жайлауда болатын
Күнде базар, жиылыс.
Құт мекеннен айрылып,
Түсті басқа қиын іс.
Салбыраған саладан
Жер тимеді бір уыс.
Жайылған жылқы көрінбей,
Жатушы еді шалғында.
Сайда бие байлаулы
Есіктің бет алдында.
Сапырылған, сарқымыз,
Енді адыра қалдың ба?!
Көзі көрмеген ағайын,
Айтқаныма нандың ба?
Ата қоныс жеріңе
Амандаса бардың ба?
Сол мекеннен бұл кезде
Жұда болып қалдың ба?
Қайран жұртым, қам қылып,
Ойламадың алдында.
Алдырып ап атыңды,
Өзіңе кісен салдың ба!
Кешке жақын қыз бала
Қой алдында ән салып,
Бозбалалар жиылған.
Құлағын тігіп тамсанып,
Таң атқанша жүгірсек,
Неге, құрбым, шаршалық.
Өлең десе бозбала,
Бір-біріне жар салып.
Ызғытып жорға салдырған,
Қолына бір-бір қамшы алып.
Бұрала басып сыңғырлап,
Сұлулар келер қарсы алып.
Қысқа таңда амалсыз
Дейміз әрең тарқалық.
Сол бір қызық дәуренді
Ойға алып аңсадық.
Құзғынды мен Жайдағым,
Жайлаушы еді аймағын.
Қаратай мен Саржомарт
Мекендеген найманым,
Ойлағанда іш күйер,
Алтайдың қызық сайранын.
Ерік өзіңде тұрғанда,
Емін-еркін жайладың.
Қазақ халқы, сол тұста
Шалқып өсіп жайнадың.
Ата мекен жеріңнен,
Қасірет болды тайғаның.
Қалам алсам қолыма,
Ойыма түсер қайдағым.
Балықтыбұлақ, Марқакөл,
Айнала қонған қалың ел.
Өзінен өзі толқиды,
Соқпаса да самал жел.
Көз тойғысыз қараса,
Айнала өскен балғының,
Жылқы түссе көрінбес
Шүйгін шыққан шалғының.
Разы болар жеріне,
Көңілі өсіп малдының.
Тілегі қабыл болар ма,
Жылаған қазақ зарлының.
Тыңдайтын адам табылса,
Айтатын арыз, бар мұңым.
Бабамның жұртын ойласам,
Ішіме толар қайғы-мұң.
Шыбарағаш, Шүмегім,
Қозғалар ойлап жүрегім.
Сар жазықтан айырылып,
Болмады, халқым, тілегің.
Иен-тегін тау мен ой,
Соған да симай жүр едің,
Жер иесі, пірлер-ау,
Қайда барар бұл елің?!
Сайлау болса үй тігіп,
Ұлық әмірін қабылдап.
Мансап қуған май шүйде,
Сөйлеуші еді арындап.
Жұрт иесі болғансып,
Ақырын басып мамырлап.
Тілмаштары сайрайтын,
Балапан құстай зарылдап.
Қозы сойып, қымызды
Ішуші еді дамылдап.
Бастарына қонғандай
Дүние дәулет, қалың бақ.
Қайтушы еді сайлаудан
Көңілдері жайланып.
Старшын, болыс, би деген
Бір-бір атақ байланып.
Кетуші еді сол атақ
Бақытына айналып.
Шүйдесі шығып, елді жеп,
Семіруші еді майланып.
Солар да кетті орыстың
Малайына айналып.
Бара жатыр бұл заман
Қазағымды қайда алып!
Кеткен жоқ па Шүмек те
Осы күнде қала боп.
Жатушы еді жағада
Ел бара алмас дара боп.
Бұл өңірде орыстар
Игермеген сала жоқ.
Төлетеді күнде мал,
Бермеймін деуге шара жоқ,
Орыс атып өлтірсе,
Қимылдауға шама жоқ.
Бұл қастықты ойласақ,
Қинайды жанды жара боп.
Қайсы бірін айтарсың,
Жүректе жатқан нала көп.
Қайтiп адам боламыз,
Жұмылмасақ, ала боп.
Қарсы шығар қасқайып,
Далада әлі дана жоқ.
Түрі жаман тірліктің,
Хақтан басқа пана жоқ.
Қызылашы, Тарлаулы,
Оның бәрі барлаулы.
Жолды жыртып тастаған
Орыс қастығы арнаулы.
Ары-бері көшкенде,
Басып кетсе мал даулы.
Бір қараға бес сомды
Бермей қазақ алмаулы.
Ал, олардың мал, жаны
Қысы-жазы қамдаулы.
Мықты болсаң ал енді
Сары орысқа сал дауды.
Айналайын, бар құдай,
Алтайға бердің бар жауды.
Бала Қалжыр, Бақайым,
Қай жерімді айтайын.
Қағазға жазбай ол жерді,
Қайтiп шыдап жатайын.
Алтайымды жыр қылып,
Аз әңгіме ашайын.
Көз алдыма келтіріп,
Көңілімді басайын.
Ана болған қазаққа
Ата мекен Алтайым!
Шаңды бұлақ, Қараойым,
Жер болды ғой бар ойым,
Құрбан айтта қой сойып,
Қыз-бозбала жиылып,
Болушы еді әр ойын.
Жорға тайлар салдырып,
Тамашаға қандырып,
Салушы еді бала ойын.
Томырылып жылқыда,
Тұрушы еді тоңмойын.
Тасқайнат, Сартау, Көлшілік,
Жайлаушы еді ел шығып.
Ішкен мас, жеген тоқ еді,
Қандай еді молшылық,
Уайымсыз жатқан ел,
Малынан өсіп төл шығып.
Уайым түсті бұл күнде,
Жерінен кетіп қол шығып.
Тесіктас, Биқазаным,
Қандай еді қазағым.
Бәйбішелер толтырған
Бес саулықтың қазанын.
Берекелі жерді сағынып,
Зарыққаннан жазамын.
Сөге көрме жырымды,
Миы толық, мазалым.
Жер мен суды ойласам,
Қайнайды жүрек қазаным.
Қара Жардың қаласы-ай,
Күршімнің шалғын жағасы-ай.
Майқапшағай, Майтерек,
Малға толы арасы-ай.
Отырушы еді мекендеп,
Ақнайманның баласы-ай.
Қалқұты, Сынтас, Ақтүбек,
Тамашасын қарашы-ай.
Дарствен мен Құмашта
Орыстың болды қаласы-ай.
Сол жерлерді ойласақ,
Ұлғаяр жүрек жарасы-ай.
Маметек, Ойсаз егізім,
Марқакөл үлкен теңізім.
Кәрі бие, қатпа тай,
Жүре алмайтын семізім.
Шүй, Бұқтырма, Шәңгіштай,
Айтып бір бітпес негізім.
Бұғымүйіз, Сырлтым,
Қарағайлы бүрлі там.
Қызарып жарық шашатын,
Жаздыкүнгі нұрлы таң.
Салбыраған саласы,
Қызғылықты нұрлы там.
Қандай адам сөгеді
Туған жерді жыр қылсам.
Самал жота, Бесбұғы,
Алтайдың биік шатыры,
Мағлұм ғой баршаға,
Сөздің балдай татыры.
Биіктары, Қашалы,
Балбыраған шашалы.
Ойласаңдар еске алып,
Алтайдың бар ма нашары.
Қалам алып Арғынбек,
Жыр жазып көңіл басады.
Ауырлап тұр бұл күнде
Замананың нышаны.
Сол жерлерге қона алмай,
Мал өріске оралмай,
Қонысын тартып алған соң,
Барады халқым оңалмай.
Арада Қалжыр, Тақыр-ай,
Қолдан кетті ақыр-ай.
Жер сағынып жылайды,
Қазақтың бала, қатыны-ай.
Тау мен тасқа тығылып,
Зарланып қазақ жатыр-ай.
Әділетіне патшаның,
Болды ма бұл да мақұл-ай!
Жерін алып, елін қуғанда,
Шыдар ма халық, япырым-ай?!
Патшаның заңы, жарлығы,
Болды ма осы ақыл-ай.
Жер – адамның анасы,
Шыдаймыз қайтіп, япыр-ай!
Жаза берсем таусылмас,
Алтай тауы жерлерін.
Түгендейді шежіре
Қаламменен тергенін.
Ғибырат ал, жарандар,
Арғынбек жазды көргенін.
Шүкірлік қыл, қазағым,
Бағыңа құдай бергенін.
Тіршілік қыл тырбанып,
Қарап жатып өлмегін!
1931 жыл
Дайындап, ұсынған
Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ



