

Baq.kz – Сөз – қарым-қатынас құралы, ақыл-парасат, даналық өлшемі, рухани асыл қазына, ой маржаны, сезім шуағы, айбын қаһары, дүниетаным деңгейі, тіл мен діл, дін нәрі, адамдықтың белгісі. Түркі тілдес халықтардың шыққан тегі, тарихы, мақсат-мүддесі бір болғандықтан олардың тілдік бай қорында көне сөздер көп. Заман ағымына сәйкес қазір олар күнделікті тұрмыс, тіршілікте қолданылмайтындықтан, біразы ұмтылып, мағынасы белгісіз болып барады. Солардың бір тобы ежелгі әскери атаулар.
«Түрік» сөзінің мағынасы
Тіл ғылымында түрік сөзінің мағынасы бай. Ол көне түркі тілінде тіпті, алғашқыда екі мағынада да қолданылған. Олар: 1. Қосын, әскер; 2. Нұһ пайғамбар ұлының есімі.
Діни әфсаналарға зер салсақ, Әубәкір мүфти ақырзаман жөнінде жазған шығармасында мынандай жағдайды риуаят етеді: «Ұлы Тәңір айтады: «Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түріктерді қарсы аттандырамын! …Жер жүзінде ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, «Өз қосыным» деп атаған».
Түрік термині ҮІ ғасырдың екінші жартысындағы жәдігерлерден бастап кездеседі. Соғдылар турк десе, қытайлықтар түріктің көпше түрін «туцзюе тюркют» деп атапты да, қытайлар түркілермен елшілік қарым-қатынасты соғдылар арқылы жүзеге асырыпты. Қағанат құрылғанға дейін тіпті, түрік сөзі «он тайпаның одағы», кейін «он екі тайпаның одағы» мағыналарында қолданылыпты. Көне түркі тілінде «еркліг түркліг» деген де сөз бар. Осы екі сөз қосарлана айтылғанында «күшті», «мықты» ұғымын білдіреді. Сол бойынша ой қорытсақ, «Еркліг түркліг улуғ еліг» — «Мықты, күшті, қуатты ұлы билеуші».
985 жылы жазылған орыс жылнамаларында түрік термині – тюрк түрінде кездеседі. Ежелгі заманда түрік сөзінің мынандай бірнеше мағынасы болған:
1. Қосын, әскер; 2. Күшті, мықты, қуатты, ержүрек; 3. Халық (тайпа); 4. Нұһ пайғамбардың ұлының аты. Осы төрт мағына да түркі тілінің эпиграфиялық ескерткіштерінде, Қытай жәдігерінде жазылып қалған. Түрік қағанатына керген тайпаларды кезінде түрік сир деп атап, оларды моңғолша-туркот, қытайша – тюкюс, грекше — тойрхот, санскритше – туруска, пракритше – турукка, соғдыша – түрік деген. Түрік атауы ғұндар заманынан келе жатыр. Біз енді ежелгі түркілердің әскери атауларына тоқталсақ.
Отыз бір әскери жасақ
Түркі сөздерінің тарихын, мән-мағынасын зерттеушілер ескі жазбаларда, тарихи шығармаларда көп қолданылған әскери атауларды былайша топтап, талдап, түсіндіреді:
Сү (әскер), йадағ сү (жаяу әскер), йақалығ сү (жауынгер пілдерден құралған әскер), қаңлылығ сү (жауынгер арбалардан құралған әскер), кімі сү (кемеге мінген әскер), ілкі сү (алдыңғы әскер), іч сү (ішкі әскер), қалың сү (сансыз әскер), оңлұғ (он сарбаздан құралған әскери бөлімше), йүзлүг (жүз сарбаздан құралған әскери бөлімше), алп алпағұт (әскери нөкер), акынчы (шапшаң қимылдайтын әскери бөлімше), быңа (мың сарбаздан құралған әскери бөлім), йағы (жау әскері), йортуғ (жорықтағы күзетші бөлімше), йәлмә (жылдам жортуыл жасайтын әскери бөлімше), йезәк (шекарадағы күзетші бөлім), йезәк тұтғақ (күзет бөлімшесі), пусуғ (тосқауылдаағы әскери бөлімше), қаңлығ сү, (хан әскері), қарағу (күзетші бөлім), үзун йелмәг (барлаушы бөлім), арқуй (күзетші топ), тұтғақ (түнгі атты күзетші бөлім), хайл (атты топ), йадағ оқчы (жаяу садақшылар бөлімі), інгек көлік (сиырға мінген әскер), ілкі сү (алдыңғы әскер), теркін сү (шоғырланған әскер), адырғу (алдыңғы әскери бөлім), одүргү (айғақшы әскери бөлім).
Мінеки, көрдіңіз бе, ежелгі түркілердің біз білетін әскери құрам, бөлімше, топтарының қанша ма екенін, отыз бірге жетеді. Ал біз білмейтін, ұмыт қалғандары ше? Бұл түркілердің елін, жерін жаудан қорғайтың қалың әскері болғанын, оның арнайы жасақтарға топталып, белгілі бір әскери қимыл, міндеттерді атқарғанын, оларды бір-бірімен байланыстырып, соғыстырған әскери тактика, тәртіп, басшылық салтанат құрғанын танытады. Осылайша, біз түркілердің ежелгі әскери атауларынан-ақ бабаларымыздың әскери өнерді жетік білгенін, айбынды қарулы күштері бар іргелі мемлекет орнатқанын біле аламыз. Яғни, көне түркілерде қарулы күштердің ең басты түрлері төртеу болған. Олар: атты әскер (атлығ сү), жаяу әскер (йадағ сү), жауынгер арбалардан құралған әскер (қаңлылығ сү), пілдерден құралған әскер (йақалығ сү). Өздеріңізге белгілі, түркілер әлемінде атты әскердің рөлі өте жоғары болғандығы. Содан, Модэнің 300000 атты әскері, Түрк Кичин қағанның 100000 атты әскері, Шабала қағанның 400000 атты әскері болған. Сол заманда ат-ер қанаты, соғыс күші болып саналды да, өреде тұрған атты ұрлаған адам өлім жазасына кесілді. Бұл – ҮІ ғасырда жазылған түркілердің мемлекет қағидасында – Ел төресінде, сондағы бесінші бапта жазылған жаза еді. Негізінен, осы мемлекет қағидасы жеті баптан тұрды.
Он бір атау туралы ойлансақ
Ежелгі түркілердің тарихын, тілін зерттегенде ғалымдарымыздың арқа сүйетіні М.Қашқаридың «Диуани луғат ит-түрк» сөздігі, Ж.Баласағұнидың «Құтадқу білік» дастаны, «Ырқ бітіг» ескерткіші, санкскрит тіліндегі сөздер, «Тоныкөк», «Күлтегін» ескерткіштеріндегі жазбалар, орыс жылнамаларындағы сөздер, тағы да басқа көне қолжазбалар, тарихи, ғылыми шығармалар. Олар бойынша, көне түркі тіліндегі әскери атауларда кеңінен қолданылатын сөздердің, яғни, түркілердің ежелгі он бір әскери атауының мән-мағынасы мынандай:
1. Сү. Отыз бір жасақ атауы туралы әңгімемізден байқаған боларсыздар, бұл сөз түркілердің ежелгі әскери атауларында жиі кездеседі. Ғалымдар оның көне түркі жазба ескерткіштерінде, жылнамаларда жиі кездесетінін айтады. Сү сөзінің мағынасы: 1. Әскер, қосын. 2. Әскери бөлім. Яғни, бұл сөз екі мағынаны білдіреді. Оны зерттеушілер М.Қашқаридың «Диуани луғат ит-турк» сөздігінен, Ж.Баласағұнидың «Құтадқу білік» дастанынан («Ырқ бітіг» ескерткішінен), ҮІІІ ғасырдағы ұйғыр әрпімен жазылған ескерткіштерден тауып, пайымдаулар жасап жүр.
Ежелгі түркілер әскери жасақтың көп екенін білдіру, хабарлау, айғақтау үшін оларды «қалың сү», «окүш сү» деп те атаған. Тек, түркілердің «сү» термині ХІІ ғасырдан бастап қолданыстан шығып, ескірген сөзге айналады да, оны «Черіг» термині алмастырды.
2. Черіг. Санскрит тілінен енген. Көне түркі жазбаларында (ескерткіштерінде) «Сү» сөзі тәрізді «әскер» деген мағынада қолданылды. Олар тіпті синонимдік қатар түзеп те «черіг сү», «сү черіг», — деп «әскер, қол» деген мағынада пайдаланды. Негізінен, көне тарихи жазбаларда кездесетін түрі: Черіг чек (жорыққа аттану), черік түзүп (әскер түзіп), черіг артатур (әскердің бұзылуы) черіг сангмыш (әскерді талқандау). Зерттеушілердің пікірінше, черіг чек – «шеру тартты», «әскер тартты» мағынасына ие. Әйтеуір, черіг шеру болып, қарулы қол, жасақ деген мағынада, шерік болып, сарбаз, жауынгер, әскер деген мағынада біздің қазақ тіліне еніп, сіңісіп кеткен.
3. Қарағу – негізгі әскери қолдың алдында жүріп отыратын «әскери күзетші бөлім». Әскери атауға ие болған осы сөздің түбірі – «көру, тексеру, аңғару, байқау, бақылау» мағынасын білдіретін етістік – «қара», ал ғу – жұрнақ, ол етістіктен есім сөз тудырып отыр. Ғу қосымшасы ҮІ-ХІІ ғасырларда жиі қолданылған көнне аффикстер.
4. Йортуғ. Бұл сөздің мағынасы: «жауға жорыққа аттану, жорту». Көне түркі тілінен қазақ тіліне аздаған дыбыстық өзгерістерге ұшырап жеткен, — дейді тіл мамандары. Яғни, йортуғ сөзінің алғашы «и» дыбысы қазақ тілінде «ж» дыбысымен алмасып, айтылып кеткен.
5. Ақынчы. Шапшаң, жылдам қимылдайтын шағын әскери жасақ. Бұл сөз көне түркі тілінде ауыспалы ла мағынада қолданылған. Сөйтіп, ол «жау әскерінің кенеттен, тосыннан пайда болуы» деген де ұғымды білдірген көрінеді. Содан, көне түркілер тосын селді «мундуз ақын», — деп, түн ішінде сеңдей соғылысып келген әскерді «ақынчы кәлді» деген екен.
6. Бың, быңа. Мың сарбаздан құралған ірі әскери құраманы осылай деп атаған. Әскер құраманың дәл санын білдіру үшін қолданған. Бың, быңа сөзінің дыбыстық өзгерістерге ұшыраған түрі – мың екені мәлім. М.Қашқаридың жазуынша, оғыз, қыпшақтар, сувар тілінде сөйлегендер сөз басындағы «М» әрпін «Б» әрпіне айналдырып айтып кеткен.
7. Йезәк. Кішігірім барлаушы әскери бөлім. Йезәк тутғақ сөздері жарыса қатар қолданылып, синонимдік қатар түзегенде осы мағынаны білдіреді, дейді түркі сөздерінің мағынасын, тарихын зерттеушілер. Йезәк сөзі жеке дара қолданылғанында «барлаушы бөлімше» мағынасына ие.
8. Йәлмә. Шапшаң шабуылдайтын, жорық-жортуыл жасайтын шағын әскери жасақ (бөлімше). Йәлмә – желдей есіп жүретін, тез, шапшаң қимылдайтын, барымта жасайтын. Тоныкөк, Мойын Чор ескерткіштерінде жазулы тұр. Көне түркі тілінде ҮІ ғасырдан бастап кездеседі.
9. Йадағ оқчы. Жаяу атқыштар бөлімі. Әскердің алдында жүріп отырған. Кейіндегі жасақ келіп жеткенше бөлім садақшылары алыстан оқ жаудырып, жау әскерін қозғалтпаған.
10. Узун йелмәг. Алысқа, жаудың тылына (қосына) жасырын жіберілетін барлаушы әскери бөлім. Бұл сөз тіркесі қазір ескірген. Ол тек Орхон ескерткіштерінде ҮІ ғасырдан бастап кездеседі.
11. Пусуғ. М.Қашқаридың сөздігінде бұл сөздің, әскери атаудың мағынасы: «Жауға тосыннан тию үшін жасырын орналасқан әскери бөлімше, тосқауылдағы әскери бөлімше».
Көне түркі тілінде бұл сөзден басталатын мынандай да сөз тіркестері бар: пусуғчы (жасырынған адам), пусуғлуғ йағы (жасырынған жау), пусуқ (тосқауылға тап болу), пусус (бір-біріне тосқауыл жасау).
Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН


