Азатхан қажы Мұқанұлы. Қытайдан мұсылманның күнін, құнын жоқтаған қазақ
Тарих қойнауына үңілер болсаңыз 1930-1950 жылдар арасы қазақтар үшін бастарына қиямет қайым орнағандай күйзеліске түскен жылдар болғанын пайымдай аласыз. Әсіресе осы бір жылдарда ең көп зорлық жапа шеккен де қазақтар болды десек асыра айтқандық бола қоймас. Олай дейтініміз 1932-38 жылдардағы сталиндік репрессияға да ең көп қазақтар ұшыраса, одан кейінгі 1941-46 жылдардағы ІІ дүниежүзі соғысы жеңісіне де үш елдегі қазақтар өз үлесін қосты. Дәл осы тұста Шығыс Түркістанда басталған ұлт азаттық күрестерінің басты кейіпкерінде қазақ халқы көрінді. Үш бірдей алып мемлекеттердің қитұрқы саясаты салдарынан біріне жем, екіншісіне жеңіс әперуге де себепкер болған тағы да осы қазақ халқы болды. Жем болды дейтініміз 1942 жылы Кеңестік коминтерін тарапынан қытай империясының күшпен билік жүргізіп отырған халықтары арасынан аттай таңдап қазақ ұйғыр мұсылмандары өмір сүріп жатқан өлкесінен Шығыс Түркістанды дербес мемлекет деп жариялауы болса, жеңіс болуы осы бір жасанды жымысқы саясаттары нәтижесінде біртұтас Қытайды коммунистік мемлекет етіп құрумен қатар Моңғолияның тәуелсіздігін Қытай еліне мойындату жеңісіне ие болуы еді.
Осы бір халық аралық сауданың құрбанына айналған Шығыс Түркістан өлкесінде өмір сүріп отырған Түрік тектес ұлттардың арасында табандысы да, ер жүрек батыры да, намысшыл шынайы мұсылманы да қазақтар болғаны тарихи шындық. Осы өлкеде өмір сүріп жатқан қазақтарға 1940-50 жылдар арасында үш бірдей үлкен империяның арасынан Шығыс Түркістан деген мемлекет құрамын деп өз тәуелсіздігін талап еткізген жағдай не деген сауалды бүгінгі жастарымыз біле бермеуі ықтимал. Шығыс Түркістан өлкесінде өмір сүрген халықтар арасында қазақ керейлерінің басым көпшілігі өмір сүргендіктен біздің де тарихымыз сабақтасып жатқанын, тіпті әуелі бірнеше буын ата бабаларымыздың сол өлкелерде өмір сүргенін ескерер болсақ біз бүгінгі таңда өзімізді Шығыс Түркістаннан Алтайдан ажыратып қарай алмайтынымыз анық. «Ағажай Алтай» әнін естігенде көзіне жас алатын ата апаларымыз қарасы әлі үзіле берген жоқ. Олай болса жігіті кердең, баласы мерген болып өскен керейдің ата қонысы, тіпті сонау Түрік дәуірі тайпалары арасында хандық құрған керей Торы хан заманынан керей, найман, қоңырат, меркітке мекен болған Алтай өлкесі адамзат өркениет тарихының алтын бесігі болғанын әлем тарихшылары жазып жүрген киелі мекеннен ел бастаған батыр да, сөз бастаған нелер бір шешендердің шыққаны тарихымыздан мәлім. Тарихтың нағыз дәлелі дер болсақ керей елінің Өр Алтайға қоныстанған тұстарында Ер Жәнібектен кейін Тауасар би бастатқан топ Әбілпейіз ұрпақтарын осы елге төре етіп, белгілеген болса одан кейінгі жылдарда төрелер жанынан қазақтар арасынан би сайлап әр руды өз билері яғни керейдің төрт биі Көкен, Топан, Бейсенбі, Құлыбектердің тағайындалғанын, онда да ру саны мол жәнтекейлерден екі, жәдіктен екі би сайланғанын білеміз.
Тоғырұл хан заманынан дербес хандық құрып келген керейлер төрт би заманында да өз билігін руаралық ішкі саясаттармен кейбір келелі мәселелерді мемлекеттік дәрежеде шешіп келуі, басқа ел арасында керейден Мәмидей ұл туыпты, қара басы ханға бергісіз деп бағалатқанынан-ақ қазақ керейлерінің жеке ел болып кететін мүмкіндігін байқатқандай еді. Міне, осы бір биліктің шарықтаған тұсында бұл елдің тірлігі де оңға басып қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дейтіндей төрт би дәуірінен сескенген империя Алтай керейлері арасында билігін нығайтуды мықтап қолға алды да Шыңжаң аумағын империя ішінде қанқұйлылықпен аты шыққан өңшең әскери генералдарына билету салдарынан алым салықтар түрі молайып оның үстіне бөліп ал да билей бер саясатымен ру руларды тағы да бөлшектеп, рулар арасына Қытай билігінің лауазымдыларын кіргізумен елді бөлшектеп, ел берекесінің күшін әлсіретіп жіберген еді. Оның үстіне гоминдан лаңы тіпті күшейіп ел ағалары мен дін басыларын тұтқынға алуы, текті елдің азаматтарының тегін жапқызбады. 1940 жылы 6-ақпан күнгі ел қолындағы құрал сайманды жинау науқаны мен Ақыт қажының ұсталуы, Шәкүртідегі Ақыт мешітінің кітап Құрандары тәркіленуі елді елең еткізген оқиға болды. Басқаның бәріне тіпті әуелі Оспан бидің басына ноқта салғызғанына дейін шыдаған халық хажының ұсталуымен мешіттің жабылуына төзе алмады. Ел басына күн туып, ат ауыздығымен су ішіп, азамат етігімен су кешті. Елге ендігі жерде әділдік өлшемі оқпен ғана өлшенетін заманға әкеліп соқты да Ырысхан Ноғайбайұлы, Есімхан Иманбайұлы қозғалысы бұрқ ете қалды. Осы қозғалысты Ақыт қажы Үлімжіұлы былай деп тұжырымдайды.
Басында Қаратаудың бір топ шілік
Айтайын мен ойымнан аз мұңшлық
Шың-Шисай жоқты тап деп қысаған соң
Есімхан Шәнді өлтіріп салды бүлік- деп қыспаққа шыдамаған халықтың ұлт азаттық қозғалысқа шыққанын паш етеді.
Дәл осы жағдайды ұлт азаттық қозғалыс басшыларының бірі Шығыс Түркістан республикасының сегіз генералының бірі Оспанның үзеңгілесі Нұрғожай батыр: «қазақтар үшін ақиқатты оқпен өлшеуден басқа жол қалмады. Үш жерде жасап жатқан қазақтардың басынан өтіп жатқан ауыр күндер мені өз үйімде тып тыныш мал бағып, тек жүрсең тоқ жүресіңге келтірмеді» дейді. Нұрғожай батырдың үш жердегі қазақ деп отырғанының бірі Өр Алтай Іле қазағы болса енді бірі Моңғол қазағы. Моңғолия қазақтары осы Шығыс Түркістанды құруда өз үлесін қосқанын, тіпті Моңғолия мемлекет басшысы Х.Чойбалсаннан бастап қарулы күштер министрі Б.Дорж /Мажиг деген бүркеншік атпен жүрген/, Ш.Ноғай, О.Қалқабай, М.Құрманхан, Б.Қабилар бастаған ел ағалары қатысқаны белгілі. Осы қозғалыста елге бас болған Оспан Ісләмұлы, Ырысхан Ноғайбайұлы, Елісхан, З.Солтаншәріп, Н.Келес, Б.Сүлеймен, Т.Бүркітбай, С.Сұлубай, Нұрғожай, С.Дәлелхан, Қалибеккәкім, Әліп, Жәнібек батырдың немересі Зарыхан батыр, Халел тәйж, Ақтеке би Қоңырұлы, Келес батыр, Сұмғазы, Қапас Тірекешұлы, Мұса мерген Тұрықбайұлы, Манат батыр, Қуанышбай, Шамғұн мерген, Жәмет, Ақтайлақ, Үмітбай, Кәмел, шыбарайғыр Т.Қапас қатарлы ержүрек азаматтарды туғызып, қазақ деген халықтың осал еместігін дүниеге тағы бір танытып кетті. Осы мақаламызда әңгіме арқауы болып отырған жәнтекейдің шақабайынан тарайтын Нұрғожай батыр 1931 жылы Моңғолияда, Тұлба, Дэлүүн, Сагсай, Даян өлкелерінде болғанын ботағара Ақтышқан тәйжінің Үммет залыңның ауылдарында болумен қатар жаңа мизам үкіметіне қызметке орналасқан қазақ азаматтарынан ботағара Нарын шеруші, Әжікен Сәдуұлының Кеңес одағынан оқу бітіріп келіп аймақ басшылығына жұмысқа орналасқанын, шыбарайғыр Оразбай Нәжікешұлы ақсақалдың Қобда сауда ұйым басшысы, Зейнолланың Т.Үмбет залыңмен Ақтышхан тәйж Бардамұлының тілмашы болғанын құдасы Т.Үмбет залыңның салауатымен Моңғолиямен жақсы араласқанын айтады.
Осы бір туыстық қимастық араласымызды гоминдан бұзды дей келіп көтеріліс барысында өлкелік өкімет басшысы Суң-Шилан Шіңгіл Көктоғай, Бәйтік жеріне барған армияның 60 мың әскерінің 7-ақ мыңы аман қайтты. 53 мың әскерімізден айырылдық, осыншама әскерді кімнің күшіне сеніп өлтірдіңдер. Енді қандай бітім жасағың келіп жүр, сенің бітім дегенің жалған іс деген сұрағына: «Біздің қазақта шаңырағыңа қарап сөйле дейді. Ең әуелі осы өлке кімнің жері. Шығыс Түркістан кімнің жері. Түрік тарихынан бері бүгінгі Бейжің сол кездегі ханбалық Түріктердің астанасы еді. Олардың ұрпағы қайда Естемидің құшардан барған Тұрдаш дейтін ұлының бір миллион адамымен барған ұрпағы қайда, сенің жерің ақ қорғанның іші еді. Сол заманнан бері Шығыс Түркістанның 6 миллиондай мұсылманын құртып, бүгін соншалық күшпен бұл жерге дейін бізді жаулап алатын сенің не әкеңнің құны бар. Егер екі жағымыз ата құн даулар болсақ онда менің ата бабам құны сенде, сенің ата бабаңның менде түк те құны жоқ. Бұл тұрған жерің тарихтағы Түркістан жері. Сенің 300 жылдық езгіңе біз 17-ақ күн ғана қарсылық істедік. Осыны көп көріп отырсың ба?
Біздің осы Жоңғариядағы дәуіріміздің бір ғасырында 630 мың қазақ бар едік. Сол кезде сен ішкі өлкеде 150 мың адам едің. Қазір сен қаншасың, біз қаншамыз- дедім. Осы жауаптан кейін генерал басыла берді дейді. Қандай жүректілік, қандай қайсарлық.Үш үлкен империяның алдында бүгежектемей ұлттық рухын жоғалтпай, ел болам деген рухы биік асыл ерлердің ерлігіне сүйсіне тәнті болмасқа шараң жоқ.Тек ұлтын сүйген, дінін қастерлеген текті халық қана тегеуірінділік таныта алады.


