Қазақстан президенті Минскіде өткен Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында Кеден Одағындағы экономикалық кедергілерді айтып, Ресейдің интеграциялық процестерді саясиландырып отырғанын сынады.
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 24 қазан 2013 жыл.
«АЙТПАСҚА БОЛМАДЫ»
Минскіде өткен Ресей, Қазақстан және Беларусь басшыларының жиынында Назарбаев «Еуразиялық экономикалық комиссия — Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті құруға қажетті шарттарды түзу үшін құрылған, мемлекеттен жоғары орган. Комиссия қызметінде жұмысты саясиландыру, интеграциялық процестерді тереңдетуге бағытталған қаржы мен күш-жігерді орынсыз жұмсау байқалады» деген.
Назарбаев бүдан бөлек, «Комиссияның жұмыс істеу принциптерін бұзуға жол бермеу керек. Еуразиялық экономикалық комиссияның талқылау қажет ететін құжаттары шешім қабылдауға бір күн қалғанда ғана жіберіледі. Келісім бойынша, комиссия мен алқа мүшелері ешбір үкіметке (Ресей, Қазақстан, Беларусь үкіметтерін айтады — ред.) есеп бермейді. Бірақ комиссия алқасына мүше Ресей өкілдері Ресей үкіметінің отырыстарына қатысып, тиісті нұсқау алып отыратынын айтпасқа болмайды» деп мәлімдеді.
Назарбаевтың мәлімдемесі:
«ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬКЕ РЕСЕЙДІҢ КЕДЕРГІСІ»
Қазақстан президенті экономикалық интеграция саласында да бірқатар мәселелер барын атап, оларды бірлесіп шешуді айтқан. Назарбаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан тауарларын Ресей мен Беларусь нарығына кіргізуде кедергілер бар.
— Қазақстанның ет өнімдері Ресей нарығына әдейі өткізілмейді. Себебі Ресейде олардан Қазақстанның санитарлық талаптарында жоқ нормалар талап етіледі. Бірқатар жаңа техникалық регламенттердің енгізілуіне байланысты Беларусь азық-тұлік өнімдерін Ресейге жеткізу де қиындап тұр. Қазақстан электр энергиясын Беларуське Ресей аумағы арқылы, транзит арқылы сата алмайды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«РЕСЕЙ БАСҚАРАТЫН ҰЙЫМ» МЕН ТҮРКИЯ
Кеден Одағы пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құру процесін үйлестіретін орган. Бес ел (Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан) — мүше, үш ел (Армения, Молдова, Украина) — бақылаушы. Қауымдастық бірыңғай қаржылық және энергетикалық нарық қалыптастыруды мақсат тұтады. Атқарушы органы Мәскеуде орналасқан.
Қазақстан президенті бұған қоса, құрамына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіретін Еуразиялық экономикалық қауымдастықты таратуды ұсынған. Ол екі бірдей ұйымның қатар жұмыс істеуіне мұқтаждық жоқ екенін айтып, Қырғызстан мен Тәжікстанды Кеден Одағына бақылаушы елдер ретінде қосуды ұсынған.
Жиында Назарбаев Кеден Одағына Түркияны да қосайық деген пікір айтқан. Оның айтуынша, шетелде өзіне «СССР-ді, я Ресей қол астындағы соған ұқсас ұйым құрылып жатқаны» туралы көп сұрақ қойылады. «Түркия президенті маған Кеден Одағына кіру туралы ұсынысын білдірген. Түркия үлкен ел ғой, оны қабылдасақ бәлкім мұндай әңгімелер де тоқтайтын шығар» деді Назарбаев.
«ДСҰ-ҒА КІРУГЕ КЕДЕН ОДАҒЫ БӨГЕТ»
Назарбаев «Өте маңызды мәселенің бірі — Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі. Ресей бізге бұл ұйымға кіру мәселелерінде қолдау көрсетуге уәде берген еді. Қазақстан ендігі бұл ұйымға кіріп те қоятын еді. Бірақ кіре алмай отырмыз. Өйткені біз Ресейдің нарықты қорғау шараларын қолдадық. Бұл Ресей-Қазақстан қатынастарының мәселесі ғана емес, Беларуське де бұл мәселенің қатысы бар» деген.
Назарбаев бұдан өзге, «кеңес жұмысына қатысушылар Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қоюға уағдаласқанын, одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастауы тиіс екенін, бірақ бұл одақ құрылғанға дейін Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі тиіс екенін» айтқан.
Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 20 желтоқсан 2011 жыл.Жиында Қырғызстан мен Арменияның Кеден Одағына кіруін үш елдің де басшылары қолдайтыны айтылды. Алайда бұл екі елдің басшылары Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына келген жоқ. Қазанның 17-сі күні Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «Жыл басынан бері Ыстықкөл облысында қақтығыстар тыйылмай келеді. Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар тиісті жазасын алады. Олардың бірі Минскіде отыр» деген еді. 2010 жылы сәуір айында Қырғызстандағы революциядан қашқан бұрынғы президент Құрманбек Бакиев Александр Лукашенконың шақыруымен Беларусті паналаған еді.
Ресей, Қазақстан, Беларусь арасындағы интеграциялық ұйымдар туралы Азаттықтың «Еуразия Одағына апара жатқан ұйымдар» мақаласынан толық мәлімет ала аласыздар.





