
BAQ.KZ — Ақын Мұратхан Шоқан 1974 жылдың 25 ақпанында ҚХР ШҰАР Тарбағатай аймағы Толы ауданы Ақбелдеу ауылында туған. 1994-1996 жылдары Шыңжаң университетінің қазақ әдебиеті мамандығы бойынша білім алған ол еңбек жолын ұстаздықпен бастайды. 2001 жылы атажұртына оралған Мұратхан бұл күнде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жиырманың жалыны», «Маған көктем сыйлашы», «Жүрекке жүгіну» және «Тазалыққа ұмтылу» сияқты жыр жинақтары мен «Жаратылыснама» атты философиялық кітаптың авторы.
Жырлары Қытайдың астанасындағы «Ұлттар» баспасынан жарық көрген «XX ғасыр әдебиет қамбасы» атты үлкен жинаққа енген жас ақынның «Тәуелсіздік жемісі», «Қытайдағы қазақ кәсіпкерлері» атты кітаптарды да бар.
Біз ақынның 2007 жылы жарық көрген «Жүрекке жүгіну» атты кітабынан алынған жырларын оқырман назарына ұсынбақпыз.
Саған келдім атажұрт
Алакөлді жағалап,
Алатауды сағалап,
Саған келдім атажұрт,
Басқадан артық бағалап.
Туыңды бер, мінейін,
Тұлпарымды тағалап.
Досым күліп жүрмесін,
Дұшпандарым табалап.
Саған келдім атажұрт,
Кіреуке киіп тартпалы.
Қозы жауырын жебе алып,
Жауыңа садақ тартқалы.
Қарттарыңнан бата алып,
Нарыңа жүк артқалы.
Саған келдім атажұрт,
Елім жатыр артта әлі…
Саған келдім атажұрт,
Қаңғып келген ұл деме,
Тұяғы тозған тұл деме,
Қызығып келіп тұрғам жоқ,
Үлде менен бүлдеңе.
Саған қарай сүйрейді,
Қанымдағы бірдеңе…
Саған келдім атажұрт,
Жібек жолын жүлгелеп.
Көңілімді гүл бөлеп.
Айтарымды жасырмай,
Айтайын деп ілмелеп…
Саған келдім атажұрт!
Саған келдім атажұрт!
Шүкір дейік
Суға түсіп, отқа күйіп жанса да,
Тәуелсіздік бостандық деп жан сала.
Жер бетінде зар боп жүрген Отанға,
Отансыздар қаншама?..
Аңсайды олар шын іштен,
Алапат бір тыныспен,
Мақтан етер өз Отаны болуын,
Айланысар жұмыспен.
Олар үшін Отан қымбат бәрінен,
Мәйек алған ана тілдің нәрінен…
Отан үшін қорықпайды олар ешқашан,
Ештеңенің кәрінен…
Отан жайлы қиялы бар ертетін,
Отаны бар түстерінде көретін.
Ай- жылдары келді олар күтумен,
Аңсап жүрген Отандары беретін.
Суға түсіп, отқа күйіп жанса да,
Тәуелсіздік бостандық деп жан сала.
Жер бетінде зар боп жүрген Отанға,
Отансыздар қаншама?..
Шүкір дейік!
Достарым
Достарым өмірдің сапарында,
Күн кешпейік өлілер қатарында…
Күн кешпейік біреудің қаһарында.
Жоғалтпайық еркімізді,
Тонатпайық көркімізді.
Өшірмейік өртімізді,
Ұмытпайық дертімізді!..
Жазықсыз жазғырынып жау елден кей,
Біз қаншама күн кештік тау өлгендей.
Қаншама арысымыз көзін жұмды,
Жүретұғын күнді аңсап тәуелденбей…
Достарым қалай сүйсе жел теңізді…
Солай сүйіп тәуелсіз өлкемізді.
Төсейік ауыр жүкке желкемізді!
Менің мынау өлкемде
Менің мынау өлкемнен,
Үн шықпасын жазықсыздар өртенген.
Араздықтар болмасын,
Биліксіздер биліктіден жиіркенген…
Менің мынау даламнан,
Менің мынау қаламнан,
Жауыздықтар жол таппасын жаланған!..
Іс болмасын тосыннан,
Адам тұрмақ торғайларда шошынған.
Күлкі естілсін хан сарайдан қосымнан,
Аттамаған жосыннан!
Менің мынау өлкемде,
Басынулар болмасын!
Тасынулар болмасын!
Ашынулар болмасын
Ашығулар болмасын!!!
Қазақстанға
Сені сүйдік, сен де сүй, бауырға бас,
Сен көтерер жүк одан ауырламас.
Біз орманнан айрылған тал-терекпіз,
Тамыр жайып алғанша тәуір қарас!
О, Отаным, міндетсу емес мұным,
Көңілінде жүрген сөз көп естінің…
Жарты жолда армандар күйремесін,
Қол жетпейтін қуалап елесті мың.
Туған айдың неге әлсіз нұры мына?..
Құлақ салшы қайрылып бір ұлыңа!
Сенен үміт күтіп жүр, сенен жырақ,
Сәби халық сенетін ырымына…
О, Отаным, күмәнсыз илан бізге,
Ұялатқан ұрпақпыз иман жүзге.
Сені ойладық жетім шам жарығында,
Қара нөсер қағынып құйған күзде…
Сені сүйдік, сен де сүй, бауырға бас,
Сен көтерер жүк одан ауырламас.
Біз орманнан айрылған тал-терекпіз,
Тамыр жайып алғанша тәуір қарас!
Бұрмаңдар кері ат басын
Жаратқан Алла жақтасын,
…Қырық бір шілтен сақтасын.
Үміттің айы батпасын,
Өз қанын ешкім сатпасын.
Бұрмаңдар кері ат басын!
Тілімді алсаң егерде,
Ерегесіп егерге.
Көшіңді артқа шегерме,
Түйеңді шөлге шөгерме…
Бүгінің үшін алданба,
Кері қайтуды малданба.
Біреуден көңілің қалғанға
Күжірейіп жалданба.
Айтпады деп көкем деп,
Кетемін еше кетем деп,
Айтқаныма жетем деп,
Қайтесің кері тепеңдеп.
Жолығар талай жаз ақпан,
Назалан мейлі азаптан.
Қашқанда қайда барасың,
Қарға тамырлы қазақтан?
Бұрмаңдар кері ат басын!


