Бокстан Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт алтын, екі күміс, екі қоламен жалпы есепте бірінші орын алды.
49 келі. Біржан Жақыпов — Мохаммед Флисси (Алжир).
Біржан Жақып үшін бұл шешуші айқас. Боксшымыздың өзі биылғы біріншіліктен кейін спорттық карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді. Алжирлік Флисси де Біржан сияқты әлемдік сынның финалына алғаш шығып отыр.
Финалдық кездесу барысында Біржан ширакқ көрінді. Алжир боксшысының қабағы жырылып, бірнеше рет дәрігер көмегіне жүгінді. Қорытынды есеп 3:0, Біржан қоржынымызға алғашқы алтынды салды.
— Басты арманыма жеттім. Енді рингке шығу шықпауым белгісіз, — деп қысқа қайырды чемпионымыз.
52 келі. Жасурбек Латипов (Өзбекстан) — Миша Алоян (Ресей).
Бұл кездесуде төрешілер шешімімен Миша Алоян жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Бұл салмақтағы қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменов ширек финалда ұтылып қалған еді.
56 келі. Джавид Чалабаев (Әзірбайжан) — Владимир Никитин (Ресей)
Төрешілер шешімімен Әзірбайжан боксшысы жеңді. Бұл Әзірбайжанның осы сындағы алғашқы алтыны. Осы салма0та сынға түскен Қайрат Ералиев қола жүлде алды.
60 келі. Робсон Консеисао (Бразилия) — Лазаро Эстрада (Куба)
Бұл жекпе жекте Лазаро Эстрада жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. Осы салмақта қазақ Берік Әбдірахманов қола жүлде алды.
64 келі. Мерей Ақшалов — Ясньер Лопес Толедо (Куба)
Мерейдің биылғы біріншіліктегі басты қарсыласы осы Толедо. Кубалық соңғы екі жылда өзі қатысқан жарыстан жүлдесіз қайтқан емес. Бакудегі біріншілікте күміс, Лондонда қола алғаны бар.
Кездесу барысында Мерей өте белсенді қимылдады. Кубалықтың қабағы қанап, дәрігер көмегіне жүгінді. Үш раунд қорытындысы бойынша Мерей Ақшалов жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды! Қоржынымызда екі алтын!
Кездесуден кейін журналистермен тілдескен Мерей Ақшалов жеңісін қазақ еліне және дүниеге келген бүлдіршініне арнайтынын айтты.
69 келі. Данияр Елеусінов — Ариснойдис Диспэйн (Куба).
Қос спортшы да әлемдік сынның финалына алғаш рет шығып отыр. Және екеуінің шаршы алаңдағы алғашқы кездесуі.
Бұл жекпе жекте Данияр өте белсенді бокстасты. Үш раундта да төрешілер Данияр жеңді деген шешімге келді. Қазақстан қоржынында үш алтын медаль!
Данияр өз жеңісін боксшыларды қолдауға келген президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арнады.
75 келі. Жәнібек Әлімханұлы — Джейсон Куигли (Ирландия).
Бокс мамандары биылғы сынның ашылуы ретінде Жәнібекті атап жүр. Шаршы алаңдағы шиыршық атқан қимылымен бұл жігіт талай жанкүйерге үміт сыйлап жүр. Біздің Рио ойындарындағы басты үмітіміздің бірі осы жігіт боларына сенейік. Азия шыңын бағындырған боксшымыз енді әлемдік сынның финалына шығып отыр.
Кездесудің бірінші раундында Жәнібек қарсыласын нокдаундқа жіберіп, рингтегі төреші есеп ашты. Үш раундта да біздің боксшымыз басым болып, төрешілер жеңісті Жәнібекке берді. Есеп — 3:0. Бұл біздің қоржынымыздағы төртінші алтын!
81 келі. Әділбек Ниязымбетов — Хулио де ла Круз Пераза (Куба)
Әділбек Бакудегі әлемдік сынның финалында осы Круздан ұтылған еді. Бұл жолы да Ниязымбетов ұтылып қалды. Ол әлемдік сынның күміс жүлдегері.
91 келі. Клементо Руссо (Италия) — Евгений Тищенко (Ресей).
Бұл салмақта алтынды Италия боксшысы алды.
+91 келі. Иван Дычко — Мохамедрасул Меджидов (Әзірбайжан)
Италиядағы әлемдік сында Каммарелло, Бакудегі біріншілікте Меджидов әлем чемпионы атанған еді. Бұл жолы да Меджидов чемпиондық атағын қорғап қалды. Үшінші раундта Магомедрасул Дычконы нокдаундқа жіберді.
Қазақстан құрамасы Алматы рингінен төрт алтын, бір күміс, екі қола жүлде иеленді. Жалпы есепте де бірінші орында Қазақстан.








