«Оқталған мылтық атылмай қоймайды» деген сөз бар. Сол мылтық атылды, Жаңаөзенде. Қара көз қазақтың қанын ағызған қара мырышпен бірге қазақты қаралайтын, әсіресе, шеттен келген қандасқа қаһар шашатын уытты зәрлер де атылып жатты арсыз ауыздардан. Сол зәр тоқтаған жоқ, ақыры дүбара шикі заң болып, қазақты қазақтан бөлетін қасіретті құжат болып қабылдануға дайын тұр.
Айтпағымыз, жақында Мәжілістен өтіп Сенатқа жеткен, Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы». Ескерте кетерлігі, кейбір БАҚ-тарда айтылып жүргендей бұл заң жобасы Президенттің қол қойылуына әлі кеткен жоқ. Сенаттың қарауында жатыр. Екінші оқылымда қайта талқыланбақшы.
Көзі қарақты оқырман бұл заңнан әлдеқашан хабардар. Себебі, Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың ұжымы әзірлеген заңдағы өзгертулер мен түзетулер қоғамды дүр еткізген. Тоқ етерін айтсақ, бұл құжат өзіміз елге келген соң «оралман» деп атайтын, шеттегі қазақтардың Қазақстанға келуін шектейтін ерекшелікке ие екен. Яғни, өзгеріс енгізілген заң жобасындағы кейбір баптар оралманға берілетін квотаны бүкілдей алып тастамақ. Одан да сорақысы – отанына келген қазаққа бес жылға дейін Қазақстан елінің азаматтығы берілмейді. Ал, үй беру атымен жоқ, үйді былай қойып оны салатын жер де ала алмайды. Тек саяжай салып, бағбандықпен айналысуға уақытша ғана жер телімін беру қарастырылған.
Заң жобасы Мәжілістен үнсіз өтіп кеткені таңқалдырады. Тек Сенаттың жалпы отырысында қаралған 10 қазан күні ғана белгілі болды. Бір қызығы, Мәжілісте аталған Заң жобасын қараған жұмыс тобына Киколенко Ольга Андреевна деген депутат жетекшілік етіпті. Ал, Сенатта қосымша баяндаманы Кубайчук Юрий Алексеевич есімді сенатор жасаған. Қазақтың мәселесінен қазақ қашатын кер заманның көрінісіндей. Қанша тыраштанғанымызбен Мәжіліс пен Сенаттағы бірнеше депутаттан заң жобасына қатысты пікір ала алмадық. Біздің тақырыпты ести сала бәрі қолы бос емес, қарбалас екенін айтып ақталып шыға келеді.
Сөзіміздің басында Жаңаөзенді бекер айтқан жоқпыз. Оралманға деген оғаш пікір осы жерде айтылып еді. Анау-мынау емес, сол кездегі «Самұрық-Қазынаның» жетекшісі Тимур Құлыбаевтың аузынан. Ал, одан бұрын оралманға Данияр Әшімбаев сынды ұлттың жаулары уытын шашқан. Кейін оған Е.Ертісбаев сынды «бұлбұл» қосылды. «Қазақстанда бәрі керемет, халықта уайым-қайғы жоқ, ішкені алдында, ішпегені артында» деген әсіре мақтауды ғана естігісі келетін басшылар Жаңаөзен оқиғасының туындауына өздерінің де «еңбектері сіңгенін», екі жақтың да қателіктері болғанын мойындағысы келмеді. Сол үшін де осының бәріне кінәлі бүлікші топты, бәле тудыратын белгілі адамдарды іздеді. Ақыры оны оралман деп тапты. Себебі, тек қазақ тілінде сөйлейтін, ұлттық рухты биік көтеретін, Қазақстанның ұлттық мемлекет болуын жеделдете түсетін шеттегі қазақтардың келуі биліктің айналасындағы қазақтың жылы-жұмсағын шайнамай қылғып, байлығын білгенінше талан-таражыға салып жүрген орыс тілді топтарға ұнамайтын еді. Және оларды айтақтап, қазақтың бірігуіне қарсы пайдаланып отырған Ресей сынды сыртқы күштің әсері тағы бар.
Әйтпесе, қарапайым қазақ бірін-бірі ешқашан жау көрген емес. Шеттен келген ағайынын осындағы жергілікті жұрт қуана қарсы алды. Қазақ қанды зиялы қауым, жастар, ауылдағы ақ еділ жұрт алыстан келген қандастарынан жылы ниетін аяған жоқ. Себебі, олар Қазақстан дейтін мемлекетті тек қазақ дейтін ұлттың бірлігі, көптігі арқылы ғана сақтап қалатынын қапысыз түсінген еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанның экономикасы әлсіз еді. Соған қарамастан Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл қазақты отанына шақырды. Әр елден жүз мыңдаған қазақтар толассыз келіп жатты. Бүгінде олардың саны 1,5 миллионға жетті. Бұл басы сайда, денесі тауда қалған қазақ үшін үлкен бақытты заман емес пе еді?! Ал, қазіргідей әл-қуаты артып, мемлекеттің тұғыры бекіген тұста шетелдегі қазақтан ат-тонын ала қашудың сыры неде? Біздіңше, бұл Ерболат Досаев сынды шала шенеуніктердің мемлекетшілдік санадан жұрдай біліксіз әрекетінен туған қателік. Себебі, сауатсыз заңды өзінше ақтамақ болып бұлдыр-салдыр бірдеңе деген Досаев «квотаны алып тастау арқылы келетін оралмандардың санын көбейтеміз» деп соқты. Оның өте пәс пайымынша оралмандар квотамен шектеліп, тек соның аясында ғана келеді екен-мыс. Кешіріңіз, министр мырза, қазіргі күні оралмандардың көші бүтіндей тоқтау алдында десе де болады. Оның бір себебі, Жаңаөзен және сол оқиғадан кейінгі квота берудің тоқтауы. Мәселен, 2003 жылы шетелден оралған қандастардың саны 65 мың адам болса, 2011 жылы 38 мың адамға азайған. Ал, жыл сайын берілетін 20 мың отбасыға арналған квота тоқтамаған жағдайда келуге ниет етушілердің қатары көп болар еді. Сонымен қатар, квотаға қарамай, өз бетімен келіп жатқан қазақтар да жетерлік. Міне, қолдан жасалатын кедергі жоқ кезде ештеңеге қарамай көшіп келіп жатқан қазақтың жоқты сылтау қылып жолын тосып отырмыз. Бір сөзінде министр Ерболат Досаев әлемдік тәжірибе солай дегенді айтты. Ал, өз қандастарын шақырып жатқан Израил елі шеттен келген еврейге шекарадан өте азаматтығын дайындап, қолына ұстатады. Осындай өтірігі шығып қалудан қорықты ма, заң жобасы қаралған күні Досаев тілшілерге түсінік беруден жалтарып, томпаңдай қашқанын теледидардан көрсетіп жатты. Егер, министрдің беті жарық болса неге заң туралы халыққа ашық сөйлеп, кеңінен түсіндіріп бермейді?
Сонымен қатар, осы мәселені парламент қабырғасында мақұлдап жіберген депутаттардың дәрменсіз, жігерсіздігін де жұрт көңілге түйіп отыр. Сенаттағы екінші оқылымнан да оң шешім шықпауы мүмкін. Ең соңғы үміт – Елбасында. Заң жобасындағы қазақтың отанына келуіне тосқауыл болатын мына өзгерісті естігенде бар қазақ, әсіресе, шеттегі елге келуге дайын отырған қандастарымыздың көкірегі қарыс айырылды. Өз қазағына бермеген азаматтықты Қазақстан кімге береді деп «аһ» ұрды.
Иә, шетелдегі қазақ Қазақстанға пайда табайын, тегін мал-мүлік алайын деп келмейді. Себебі, олар басқа елдің отарында, ашығын айтсақ, құлдығында отыр. Материалдық жағдайлары жақсы шығар, бірақ, алыстағы ағайын тойған жерінде қалуды емес, Ақордаға тігілген көкбайрақтың астына жиылуды көздейді. Түбі Қазақстан деген тәуелсіз отандарына оралып, ұрпағын өз еліне жеткізгісі келеді. Бірақ, олар жетейін десе желкеден қиюға дайын мынадай Заң жобасы алдынан шығады деп ойлаған жоқ еді. Олар ғана емес, бар қазақ бұны күткен жоқ қазақтың үкіметінен. Ендігі үміт, соңғы сенім – Президент, қазақтың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевта. Әрқашан қазақ үшін қам жейтін Елбасы осы жолы да өз әділдігінен, айқын ұстанымынан таймай, қазақтың қара шаңырақ еліне құйылатын көшін тоқтатпайды деп бек сенеміз. Қысқасы, шеттегі қазақтың ендігі тағдыры Елбасының қолында тұр.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы:
«Заң жобасы шеттен келетін, қазақтан басқа келімсектерге тосқауыл ретінде жасалса ол басқа әңгіме»
– Қазір қазақтың үштен бір бөлігі шет жұртта отырғанын ескерсек, заңдағы бұл өзгерістерге тосырқай қараймыз. Себебі, әр қазақ баласы өзінің тәуелсіз мемлекетінің бауырында өсіп-өнуі, өз отанында бақытты өмір сүруі талас тудырмайтын заңдылық. Ал, осы бағытта күш салу, азаматтық көрсету Қазақстан билігі мен мемлекетшіл тұлғалардың және қарапайым қазақ қандастарымыздың парызы деп едім. Яғни, біз бен сіздің борышымыз. Егер қазақтың ата жұртына көшіп келуіне кедергі жасайтын баптары бар заң жобалары дайындалып жатса, бұл әрине, шеттегі қандастарға өте жайсыз, тіпті ұлттың тамырына балта шабатындай жағдай туғызуы мүмкін. Егер, заң жобасы шеттен келетін, қазақтан басқа келімсектерге тосқауыл ретінде жасалса ол басқа әңгіме. Ал, өзге де көшіп келушілерді шектейміз деп, олардың арасында өз қандастарымызды да бір сырықпен айдап, құрбандыққа шалып жіберсек, бұл мүлде ауыр жағдай болар еді. Бұл заң дәл қазіргі қалпымен қабылданып кеткен күннің өзінде шеттен келетін қазақтарға азаматтық алғанша, ерекше құқықтар беретін бөлек куәлік, құжат берілуі тиіс. Сонда біз өз қандасымызды, басқа көшіп келушілерден айырып алатын боламыз. Ал, басқа келімсектерге заңмен кигізген кебінімізді өз ұлтымыздың басына кигізе салсақ, күніміз қараң болып қалмақ.

Қайрат БОДАУХАН, республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
«Бес жыл бойы азаматтық бермесе, босқын мәртебесін берсін!»
Бұл расында өте түсініксіз жағдай болды. Шынын айтқанда көші-қон, демография саясаты шеттегі қазақтардың ғана саясаты емес қой. Ол – Қазақстан мемлекетінің басым саясатының бірі емес пе? Қазақ елінің тәуелсіздігін, тілін, дінін, демографиясын, салт-дәстүрін сақтау ел дамуының басты бағыты екені анық. Осыны біле тұра шеттегі қазақты керексіз қылу, жалпы қазақты көзге ілмеу деп түсінемін. Бұндай болғанда қазақ мемлекетінің тағдыры көлеңкелі деген сөз. Басқаша түсінік табуға тырысу бекер әурешілік секілді. Бүкіл әлемге есігімізді ашып отырмыз. Кедендік одақты құрып тастадық. Қазақстан Орта Азиядағы ашық мемлекет дейміз де, өз қазағымыздың келуіне, елдің азаматы болуына қарсы боламыз. Сонда қазақты кім деп қарайды билік? Жау ретінде санай ма? Осының түпкі себебін айтқан адам, шенеунік жоқ. Бес жыл бойы азаматтық алмай жүрген адам ертең не істей алады? Қылмыскер болып шығуы, азып-тозып жоғалуы мүмкін. Ондай болса оларға босқын мәртебесін берсін. Сонда оралмандарға халықаралық ұйымдар көмектесіп, қаржы беруі ықтимал. Әйтеуір күнін көрсін, аштан өліп қалмасын деп. Азаматтығы жоқ, ешбір құжаттық мүмкіндігі жоқ адам қалай тиянақ табады. Ең құрығанда азаматтығын беріп, «қазақсың ба, осы елдің қазағымен бірге күніңді көр, өмір сүр» деу керек еді ғой. Негізі, бұрын да солай болып келген. Шеттегі қазаққа жарытып беріп тастаған ештеңесі жоқ шынын айтқанда. Ал, мынандай заң шығаруы тіпті, үлкен масқара жағдай болды.

Әміржан ҚОСАНОВ, тәуелсіз саясаткер:
«Оралман мәселесіне мемлекеттік мүдде, ұлттық қажеттіліктер тұрғысынан қарау қажет!»
– Осы заңға қатысты Үкіметтің келтірген уәждері тіпті көңілге қонымсыз. Меніңше, өз атажұртына оралғысы келетін қандастардың тағдырына Қаржы министрлігі не Экономика министрлігі тұрғысынан қарамау керек, біздің шенеуніктер өздерінің кез келген бастамасына дәлел табуға әбден машықтанған ғой. Оралман мәселесіне мемлекеттік мүдде, ұлттық қажеттіліктер тұрғысынан қарау қажет! Оның өзі саяси ерік-жігерді талап етеді. Өкінішке орай, сол ерік-жігер біздің өкіметтің бойынан табылмай тұр. Ол үшін осындай заңдар мен жобаларды жасаушылардың өзі ұлттық тұрғыдан ойлап, шешім шығаратын азаматтардан тұруы тиіс.
Өз басым осыншама қазба байлығы мен жері бар Қазақстанда оралмандарға дәл осындай шектеулер қоюды тіпті ақылға сыйымсыз деп білемін. Кім біледі, қалың жұртшылықтың пікірін ескеріп, Елбасы ол заңға өз ветосын қояр ма? Оны уақыт көрсетер, ал әзірше БАҚ арқылы мейлінше дабыл қағып, осы бір келеңсіз заңға Президенттің назарын аудару керек деп ойлаймын!

Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым:
«Көш тоқтаса ұтыламыз»
– Расында, біздегі қазақтардың көбеюіне шет елдердегі қандастарымыздың елге оралуы да аз ықпал еткен жоқ. Бірақ, бұл үдерістің тоқтап қалуына осы мақсатқа арналған қаржының дұрыс игерілмеуі, жемқорлық, заңсыздық, тәртіпсіздіктің орын алуы себеп болғаны анық. Енді жаңа заң бойынша, елге «оралман» статусымен көшіп келгендер осы елде қалуға міндеттелуге тиіс. Одан кейін бұл жұмысты мақсатты түрде жүргізу керек. Сырттағы қазақты қаражат бөліп, көшіріп әкелген соң, оларды негізінен қазағы аз аймақтарға, әсіресе, солтүстік облыстарға қоныстандыруымыз шарт. Ол үшін баспанасын беріп, алдына малын салып, сырттан келген қара-көздерімізді сол жерге жерсіндіру амалдарын жасауымыз қажет. Біз қазір оралмандарды атамекенге көшіріп әкелудің тоқтап қалуынан қатты ұтылыс көріп отырмыз. Біздің өсу динамикамыз біршама тежеліп қалды. Табиғи өсім мен көші-қон саясаты демографиялық өсіміміздің екі қанаты болып келсе, қазір осының бір қанатымен ғана келе жатырмыз. Сол үшін қандай жағдай болмасын, шеттегі қандастардың көшін мүлде тоқтауға болмайды.
Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ
«Жебе» газеті, 24 қазан 2013 жыл


