
2011 жылы өткен әлем чемпионатынан 1 алтын, 1 қола медаль олжалаған Қытай құрамасының боксшылары Алматыдағы әлем чемпионатының iрiктеу сынынан сүрiндi. Он боксшының тоғызы алғашқы айналымда атынан ауып қалса, бiр боксшысы екiншi айналымда дүбiрден шет қалды. 2008 жылы Бейжiң олимпиадасында, былтыр Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарында жерлесiмiз Бiржан Жақыповтың жолын кескен Зоу Шимин кәсiпқой боксқа ауысқалы Қытай боксының қызыры бiрге көшiп кеткендей көрiнедi де тұрады. 31 жасқа дейiн әуесқойлар арасында алшаңдай басып, Олимпиаданың алтын медалiн екi мәрте, әлем чемпионы деген мәртебелi атақты үш рет иленген Зоудан кейiн Қытай боксшыларының шабысы баяулап қалғандай. Әлде бiр тырнағын iшiне бүккен ханзулардың көздегенi басқа ма? Әлем чемпионатын көруге арнайы келген Қытайдағы бiлiктi бапкер Мұрат Бошайұлынан көршiлердiң қандай мақсатпен келгенiн сұрадық.
– Зоу Шимин кәсiпқой боксқа ауысқалы Қытай боксының туы төмендегендей ме қалай? Азия құрлығындағы жарыстарда бiздiң жiгiттердiң алдынан үзеңгi бауын үзердей шiренiп шығатын Қытайдың боксшылары ә дегеннен сайыстан шығып қалды. Неге бұлай болды?
– Шиминмен бiрге ханзу боксының басынан ырыс көштi деп айтуға болмайды. Қытай құрамасының бас бапкерi, спорт саласының басшылары бiрлесе ақылдасып, Алматыдағы әлем чемпионатына өндiрдей жастарды алып келудi ұйғарды. Әлем чемпионатына қатысқан он боксшы да 19-21 жас аралығындағы жастар.
Қытайда төрт жылда бiр мәрте өтетiн өздерiнiң спартакиадасы бар. Кей споршылар үшiн әлем чемпионатының, олимпиада ойындарының жүлдесiнен қытайдың төрт жылда бiр айналып соғатын жарысының бәйгесi ыстық. Бас бапкер осы сайыста екiншi, үшiншi, төртiншi, бесiншi орын алған боксшылардың бәрiн әлем чемпионатының көрiгiне салып көрдi. Бiрақ тәжiрибенiң аздығы, баптың кемшiн соққаны кедергi болып бәрi де iрiктеуден өте алмады.
– Зоудың жасы отыздан асқан соң кәсiпқой боксқа ауысты делiк, бiрақ өзге салмақтағы боксшылары бар емес пе? Одан бөлек жаңа өзiңiз айтқан төрт жылдық сайыста жеңiске жеткен боксшыларды неге алып келмедi?
– Қытайдың көздегенi – қол созым жердегi емес, көз ұшындағы нәтиже. Олар 2016 жылы Бразилияда өтетiн жазғы олимпиада ойындарында қалай болмақ деп бас қатырып отыр. Қытайдың ұлттық құрамасындағы бiрнеше боксшы шау тартып қалғандықтан бапкерлер сенiм артпады. Ал ендi төрт жылда бiр мәрте өтетiн сайыста жеңген боксшылардың да жасы спорттағы өлшеммен алғанда “жер ортасына келiп қалған”. Олардан Қытай боксының келешегi үшiн қайран болмайтын болған соң жастардан құрама жасақтады.
– Қытай бокстан соңғы бес жыл көлемiнде күрт өрледi. Ханзулар табысқа бастар баспалдақты қалай тапты?
– Бейжiң олимпиадасының алдында Қытайда спорт заңы қабылданды. Жалпыхалықтық жұмыс жүйелi жүргiзiлiп, миллиондаған адамдардың арасынан спортқа икемi бар балаларды iрiктеп алып баптады. Шетелден бiлiктi бапкерлердi ат жiберiп алдырып, тәжiрибесiн пайдаланды. Үкiмет спорт үшiн қаржыны қыстаған жоқ. Спортшы болам десең, қажет нәрсенiң бәрiн тауып бердi.
– Қытай ұлттық құрамасының бас бапкерi ауысты. Мүмкiн, бұрынғы бас бапкердi қызметiнен алмағанда бұлай болмас па едi? Нелiктен бапкерiн ауыстырды?
– Мен Алматыға Қытай құрамасының делегаттарымен бiрге келгем жоқ. Әлем чемпионатын тамашалауға Қазақстанның бокс федерациясының басшылығы арнайы шақырды. Сондықтан Қытай құрамасындағы ауыс-түйiс туралы ешнәрсе айта алмаймын. Бас бапкердi қызметiнен босатуды спорт басқармасындағы шендiлер шешедi. Оның себебiн бiзге айтпайды. Боксшылардың iрiктеуден өте алмауын жаңа келген бапкердiң бiлiктiлiгiмен де байланыстыру қисынды.
zhasalash.kz