Үмiткерлер мен күдiктiлер
Жақында “Республика” ақпараттық-талдамалы порталының редакциясына хат жолдаған оқырман елде мемлекеттiк төңкерiс дайындалып жатқанын, күзде Қазақстанды Назарбаев емес, басқа бiреу билейтiнiн жазыпты. Өзiн “Болжамшы” деп атаған оқырман бұл ақпаратты жақсы танысынан естiп-бiлiптi. “Республиканың” редакциясы “хатта айтылған болуы мүмкiн оқиғалар елдегi қоғамдық-саяси жүйенi түбiрiмен өзгертуi ықтимал болғандықтан, оны жариялауды жөн көрген. “Оның үстiне редакцияның қолындағы ақпараттарға қарағанда, хатта жазылған кейбiр мәлiметтер расымен де орындалуы мүмкiн”, – дептi “республикалықтар”.
“БОЛЖАМШЫНЫҢ” ЖОРАМАЛЫ
“Болжамшы” хатының ұзын-ырғасы мынаған келiп саяды: “Жақын арада Қазақстанда мемлекеттiк төңкерiс болады. ҰҚК бұдан хабардар, бiрақ қандай да бiр шара қолданудан қорқады. Негiзiнде билiк ауыспайды, Назарбаев президент болып қала бередi, бiрақ бұдан былай ештеңе шешпейдi.
Төңкерiстiң мақсаты – оның ең жақын айналасындағы әлдебiреудi билiктен аластату. Бұларға қатаң түрде өз орындарын босату ұсынылмақ. Бас тартқан жағдайда, оларды путчистер “ел басшылығын көп уақыттан берi адастырып, Қазақстан экономикасын құлдыратып жүрген ұлттың жаулары” деп жариялайды.
“Ұлт жауларының” атын атап, түсiн түстемей-ақ қояйын. Бiрақ орындаушыларға кез келген қатаң шара қолдануға, тiптi қан төгуге рұқсат етiлдi. Әсiресе, Iшкi iстер министрлiгiндегi әлдебiреуге қарсы өте қатаң әрекет етедi.
Төңкерiстiң ұйымдастырушысы кiм екенiн бiлмеймiн. Алайда осы ойынның немен тынатынын айта аламын. Ұлтты құтқарушының орнына төңкерiсшiлер Тасмағамбетовтi шақырады. Оған елде кезектен тыс сайлау өткенге дейiн уақытша үкiмет ұйымдастыру тапсырылады.
Назарбаев жоғарыда айтқанымдай, де-юре президент болып қала бередi. Бiрақ шын мәнiнде, бәрiнен алыстатылады. Төңкерiсшiлердiң жоспары бойынша, қараша айында ол “денсаулық жағдайына” байланысты отставкаға кететiнiн жариялайды.
Төңкерiсшiлер қатты асығуда. Өйткенi Папаның ауруы асқынып, күзде шиеленiске әкеп соқтырса, Қазақстанның жаңа президентiн Мәсiмов пен Назарбаевтың отбасы таңдайтын болады.
Ресейлiк арнайы қызмет төңкерiс жайлы хабардар”.
“ТӨҢКЕРIСШI – ТАСМАҒАМБЕТОВ, ӘШКЕРЕЛЕУШI – МӘСIМОВ”
Бұл хат әлеуметтiк желiлерде және “Республиканың” өз парақшасында көп пiкiр туғызды. Мұндай хатты жариялаған ақпарат құралын “кәсiбилiгi төмен, өсек-аяң шығарумен айналысатын сары басылымға” теңегендер де болды.
Билiк қандай жолмен ауысады, Назарбаевтан кейiнгi Қазақстан қандай болмақ деген тақырыптарды қоғамға ара-тұра тастап қою – бұл басылымның бұрынғы әдетi.
Осы хаттың iзiнше iле-шала “Республиканың” шолушысы Мұхамеджан Әдiловтiң “Қазақстанда элиталардың астыртын сөз байласуы мүмкiн бе? деген мақаласы жарияланды. Онда автор Қазақстанда революция болмаса да, төңкерiс болуы мүмкiн деген тезистi алға тартып, оның бiрнеше нұсқасын ұсыныпты. Мақаланың бүкiл мазмұнына тоқталмай-ақ осы нұсқаларды келтiрсек.
Бiрiншi нұсқа – Назарбаевтың айналасындағы топтардың бiрi билiктi ауыстыру процесiн бастауды шештi. Бұл топтың көшбасшысы президенттiң жақын көмекшiсi және сенiмдi адамы. Сөйтiп, осы топ ұлт көшбасшысына сол сценарийдi ұсынды. Ол жоспар бойынша, Назарбаевтың өзi таңдаған адам мұрагер болмақ.
Бiрақ билiк ауысқан соң елде аяқ астынан проблемалар басталады. Олардың iшiнде азаматтардың қарсылық көрсетуi, террорлық актiлер де бар. Нәтижесiнде ахуал Ақорданың уысынан шығып кетедi, жаңа президент билiгi мен беделiнен айырыла бастайды, саяси жүйе әлсiрейдi. Бұл жағдайға араласуға мәжбүр болатын елбасы өзiнiң мұрагерiн ахуалды тұрақтандыра алатын және билiктi құтқаратын өзге адамға алмастырады.
Екiншi нұсқа – Назарбаев өз мұрагерiн белгiлеп, өз орнына отырғызады. Бұл уақытта элиталық топтардың бiр бөлiгi елбасын тақтан тайдырып, конституциялық құрылымды күштеп өзгерту үшiн мемлекеттiк төңкерiс жасауға дайындалғаны әшкереленiп қалады. Бұл топ Мұхтар Әблязов және Рахат Әлиевпен бiрiгiп жұмыс iстегенi, президенттi қолға түсiрген соң оны өлтiрмек болғаны ашылады. Тағы бiр қосымша нұсқа – алдымен астыртын сөз байласу ашылады, ал президент пен елдi арашалап қалған басты қаһарман мұрагерге айналады”.
Мұндай таңғажайып сценарийлердiң түр-түрi бар. Бiрақ бұл мақалада “Республиканың” шолушысы осы нұсқалар арқылы “Болжамшы” жазған хаттың астарын ашуға ұмтылыпты. Оның ойынша, биылғы күзде элиталардың саяси қастандық ұйымдастырмақ болғанын әшкерелейтiн адам – Кәрiм Мәсiмов те, астыртын сөз байласқандардың басшысы – Иманғали Тасмағамбетов. Тасмағамбетовке бiрге қосаққа оңтүстiктiң кланы және “кәрiстер” де кiрiп кетедi.
Мұндай нұсқаға сенбейтiндер үшiн шолушы 2011-12 жылдары террорлық актiлердi, Жаңаөзен және Арқанкерген оқиғасын еске салыпты. “Ал ендi мынаған қараңызшы, Назарбаев Аслан Мусиндi қызметiнен алып, орнына Кәрiм Мәсiмовтi қойып едi, мұндай келеңсiз оқиғалар сап тыйылды. Террористердi тауып, түрмеге тоғытқанымен, терактiлер болып жатқан жоқ. Халықтың үрейiн ұшырған жаппай өлiмдер де жоқ, – дей келе шолушы бұл оқиғалардың артында Аслан Мусиннiң тобы тұрды дегендi меңзейдi. – Батыс Қазақстанды билеген А.Мусин осындай жолмен Н.Назарбаевқа өзiне билiктi тастауға мәжбүрлегiсi келдi. Ал К.Мәсiмов бастаған топ президентке Мусиндi әлсiретiп, Рысқалиевтердiң ұйымдасқан қылмыстық тобын талқандауға көмектестi. Сөйтiп, елбасының сенiмiне кiрiп алған соң Мәсiмов билiк ауысуының сценарийiн ұсыныпты-мыс. Президенттiң көңiлiнен шыққан бұл жоспарды iске асыру басталып кеттi. Мемлекеттiк қызметкерлердi А және Б корпустарына бөлу, құқық қорғаушыларды кезектен тыс атестациядан өткiзу осының басы көрiнедi. Нәтижесiнде бүгiнде мемлекеттiк аппараттың басым бөлiгi және күштiк құрылымдардың бiр бөлiгi тiкелей Мәсiмовтiң бақылауында”.
Осындай қисынға сүйенген М.Әдiлов К.Мәсiмов төңкерiсшiлердiң арам пиғылын әшкере еткен соң, әлгiлер қамауға алынып, қатаң жазаға кесiледi. Ал бәрiн жеңiп шыққан Мәсiмов өзiне лайықты марапат сұрайды. Осы кезде билiктi барған сайын уысынан шығарып, қартайып жатқан елбасы Мәсiмовке тоқтам жасайды-мыс.
ҚАРСЫЛАСТАРДЫ ҚАРАЛАУ КҮРЕСI ЖАЛҒАСУДА
Оқырмандарды тарту үшiн ара-тұра осындай болжамдарын ұсынып, элита арасындағы қақтығысты ойнатып беретiн “Республиканың” бұл жолғы жорамалы расымен таңғажайып. Жазда, саяси жаңалығы жоқ өлiара кезеңде қолдан жаңалық жасау ақпарат құралдарында бұрыннан бар үрдiс. Әсiресе, күзге қарай елде өзгерiс болмақ деген әңгiменi жыл сайын гулетедi. Бiрақ қоңыр күзде бұрынғы тiршiлiк баяғы iзiнше жалғасып жатады. Саяси жүйесi жабық, шымылдықпен бүркеулi жерде әртүрлi алыпқашпа әңгiмелердiң туындауы заңдылық.
Бiрақ мұндай жоспарды iске асыру үшiн элиталық топтар не өте қауқарлы, не президент өте қауқарсыз болуы шарт. Әзiрге президент айналасынан салмағы өзгелерден асып түскен, мемлекеттiк төңкерiс жасауға құлқы мен күшi жететiн топ байқалмайды. Бұл – бiр. Екiншiден, бұл хатта Тасмағамбетовтiң аты аталғанына қарағанда, оны дискредитациялау науқаны көктемде зиялы қауым тақ мұрагерi ретiнде Астана әкiмiн қалдыруды президенттен сұрап қол қойды делiнген жалған хатпен аяқталмаған сыңайлы. Соған қарағанда, элиталық топтардың арасында президентке ықпал ету мен қарсыластарын қаралау күресi жалғасып жатыр. Үшiншiден, президент денсаулығының сыр бергенi жөнiндегi ақпаратты алғашқы болып жариялаған да осы “Республика”. Қуықалды безi рагына шалдығып, Израильде ота жасатып келгенiн жазған портал президенттiң асып кетсе бiр жылдық өмiрi қалғанын айтып жар салған. Ендi мiне, төңкерiс болуы мүмкiн деген ақпаратты суыртпақтап жүр. Көп уақыт бойы Әблязовтiң қарамағында болған басылым меншiк иесiн ауыстырды деген ақпараттың басы көктемде қылтиған. Guljan.org сайты “Республиканы” Путиннiң досы Потанинге телiп, “жиренiштi ақпарат таратады” деп айыптағаны бар. Әйтеуiр, артында шетел ауғандар немесе ресейпиғылдылар тұрса да, билiктiң ауысу жолдары кеңiнен талқыланса дегендi көздейтiн топтар бар екенi түсiнiктi. Мұндай ақпарат тарату арқылы әлгiлер, бiрiншiден, элитаның қитығына тиiп, қорқынышы мен күдiгiн арттыра түседi. Екiншiден, осы жарияланымдардың бастамашылары осындай ақпарат Қазақстандағы ахуалды тұрақсыздандырып, наразы топтарды белсендi әрекетке бастайды деп есептесе керек.
Десек те, түптеп келгенде, мәселе “Республиканың” не жазғанында емес, мәселе президенттiң кетуiнде, билiктiң алмасуында екенi түсiнiктi. Билiк транзитi қалай өтедi, одан кейiнгi саяси жүйе қалай өзгередi, ең маңыздысы осы. Өкiнiштiсi, мұндай жобаны ұсынып жатқан ешкiм жоқ. Билiктiң ауысу сценарийлерi әзiрге қоғам арасында өсек-аяң түрiнде ғана талқыланып жатыр.
З.ЖЫЛҚЫБЕК.
Жас Алаш №60 (15830) 1 тамыз, бейсенбі 2013


