Тағдыр
Жетiсудың XIX ғасырдағы саяси тарихында, сонан кейiн жалпы, қазақтың әдебиетi мен мәдениетiнде өшпес iз қалдырған тұлғалардың бiрi, сөз жоқ, Абылай ханның ұрпағы – Тезек төре. Осы ардақты, атақты бабамызды кеңестiк қызыл саясаттың арқасында “елдi қанаған зорлықшыл адам” ретiнде “танып” келгенiмiз де – өмiрдiң ащы шындығы. Тезек төренiң ел басқарудан басқа да әдебиеттегi, жалпы тарихтағы үлгi тұтарлық жақтарына үңiле қарай алмағанымыз – өткен уақыттың әсерiнен туындаған үлкен қателiгiмiз.
Қазiргi уақытта Тезек төренiң өмiр жолын, ел үшiн еткен еңбегiн зерттеп жүргендер баршылық. “Тезек төре” деп аталатын арнайы қор да ашылды. Осы қордың қолдауымен Тезек төре туралы кiтап та жазылып жатыр. Қазақ, қырғыз хан атаған осы үлкен тұлға туралы айтылар сөз әлi алда деп есептеймiз.
ТЕЗЕК ТӨРЕНIҢ ЕКI СУРЕТI ХАҚЫНДА
Тезек төренiң Шоқан Уәлиханов салған суретi
Тезек төренiң көзi тiрiсiнде салынған екi суретi бар. Бұл екеуi де бiзге аман-есен жеттi. Бiрi – тура қарап отырған, екiншiсi – қырынан салынған сурет. Бұл суреттердiң құндылығы – мынада: бұл суреттер суретшiлердiң қиялынан салынған сурет емес. Тезек төренiң бет-әлпетiне, киiмiне, бой-басына қарап отырып салынған.
Қазақ зерттеушiлерi Тезек төренiң қырынан қарағандағы суретiн атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың салғанын дәлелдедi. Бұған ешкiмнiң де таласы бола қоймас. Бақ пен өнер қатар қонған Шоқан Уәлихановтың суретшiлiк өнерi де зор болғаны баршаға мәлiм. Әкесi Шыңғыс сұлтанның “Құдай маған бақ берсе, iнiм Ханқожаға (дәулескер күйшi) өнер берген” деген сөзi бар емес пе?!
Тезек төренiң Томскiлiк П.Кошаров салған суретi
Шоқан Уәлихановтың “Тезек төре” атты суретiне мамандар былайша баға бередi: “Ш.Уәлихановтың үздiк туындыларының бiрi–“Тезек төре” (портретi) кескiнi. Мұнда қазақтың белдi сұлтаны, үлкен дипломат бейнесi айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескiнделген. Шоқан суреттерiн мұқият қарар болсаңыз, оның ұлы суретшiлерге тән әдiс-тәсiлiн байқайсыз. Оның көптеген суреттерi “Қайта өрлеу дәуiрi” суретшiлерiнiң туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдiстерiн қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшiлер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидiң графикалық суреттерiмен таныс болғанын бiлдiредi. Әсiресе, оның долбар суреттерi (наброскiлерi) Леонардо да Винчидiң эскиз суреттерiне өте ұқсайды. Шоқанның шоқтығы биiк жұмыстарының бiрi де – оның осы нобай суреттерi”. (Сейсен Мұхтарұлы. “Шоқан және өнер”, “Өнер баспасы”, 1985 жыл).
Бiздiң ойымызша, бұл сурет Шоқан Уәлиханов пен Тезек төренiң алғашқы кездесулерiнiң бiрiнде, 1856 жылы салынса керек. Оны Тезек төренiң бас киiмiндегi Қытай өкiметi берген (билiктi бiлдiретiн) асыл тас та бiлдiрiп тұр. Ол тұста Ресей билiгi қазақ арасына толық дендей қоймаған-ды.
Тезек төренiң тура қарап отырған суретiн орыс зерттеушiсi П. Семенов-Тянь-Шанскийдiң көмекшiлерiнiң бiрi, томскiлiк суретшi П. М. Кошаров салған. Және ол өз еңбегiнде (“Алатауские очерки”) Тезек төренi былайша сипаттайды: “…қымбат, жылы шапан киiп, асыл, жалпақ белбеумен буынған. Кең өрнектi шалбар киiнiп, басындағы бөркi бағалы терiлермен әдiптелген. Ашық көздерiнiң жанары өткiр. Бастырылған мұртты, сиректеу сақалды. Ашаң өңдi, өр мiнезi шешiмдi, ақылды кiсiнi көрсетiп тұр. Бет-әлпетi бiр қарағаннан-ақ ұнамды және тумысынан асып туған зерек екендiгi байқалады”.
Кейiнiрек А.Гейнс Тезек төренi “…орташа бойлы. Өткiр көздi, тiке қарағанда жанары өңменiңнен өткендей. Сөйлегенде шешендiкпен ағылып, өз ойын анық жеткiзедi…” деп суреттейдi.
Семенов-Тянь-Шанскийдiң өзiнiң айтуынша: “Тезек – Ұлы жүздiң сұлтандарының iшiндегi ең ержүрек әрi алғыр адам. Қазақтың кең даласына тегiс танымал кiсi”.
П.Кошаровтың суретi Семенов-Тянь-Шанскийдiң Ыстықкөл саяхаты кезiнде, яғни 1857 жылы салынған. Осы сурет 1889 жылғы Ташкентте шыққан Е.Т.Смирновтың “Султаны Кенесары и Садык” атты кiтабына енген. Суреттiң астына “Тезек торе. Потомок Чингис хана” деп жазылған. Бұл кiтапта Тезектен басқа Абылай ханның, Кенесары ханның, Сыздық сұлтанның, Шыңғыс Уәлихановтың суреттерi де басылған.
ТЕЗЕК ТӨРЕ МЕН БӨЛТIРIК ШЕШЕНГЕ 2010 ЖЫЛЫҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКIШ ТУРАЛЫ БIРЕР СӨЗ

Тезек төренiң өзi көзi тiрiсiнде салдырған, ақын Түбектiң өлеңдерiнде айтылатын сәндi, өрнектi күмбезi бұзылып, қараусыз жатқанына бар елдiң iшi удай ашитын. Сол күмбездiң үйiлiп жатқан орнын 1970 жылы атаммен бiрге барып көрiп едiм. Атам құран оқып, жан-жаққа қарап ұзақ отырды…
Бiздiң Алтынемел елiнде мынандай сөз бар: “Мақпалдағы” Тезек Төренiң өзi көзi тiрiсiнде тұрғызған күмбезiнiң бiр шетi 1900 жылдар шамасында аздап құлап, кiрпiштерi көрiнiп тұрыпты. Сол күмбездi бұзып, кiрпiштерiнен 1920 жылдары орыстар өздерiне үй салыпты. Орыстардан өлердей қорқатын қазақтардың бiреуi де “қой” дей алмаған. Үйлерiне кiрген күнi түнде екi жанұя, бала-шағасымен барлығы он жетi адамды төбе құлап, басып қалыпты. Елдiң айтуына қарағанда, алты адам өлген. Содан қалғандары “проклятая могила…” деп, кiрпiштi қайтадан орнына апарып тастаған көрiнедi”.
Аруақты адамның бейiтiн қорлағандардың сазайын тартатындығына еш күмән жоқ. Қайткенмен де бұрынырақ бiз көргенде сол күмбездiң орнында кiрпiштер үйiлiп жатар едi. Көргендердiң бәрi де күрсiнушi едi…
Осы жағдайды Дiнмұхаммед Қонаев атамыз да бiлген. Талдықорған облысын басқарған Әрiпбай Алыбаевтың естелiгiнде Жаркент өңiрiнен бiрге қайтып келе жатқанда Димаш атамыздың Ә.Алыбаевтан “Бұл жерде кiм жатқанын бiлесiң бе?” – деп сұрағаны және мұнда атақты Тезек төренiң жатқанын айтып, ал Тезек төре болмаса атақты Сүйiнбайдың, Түбектiң, Бақтыбайдың, Құланаяң Құлманбеттiң, Бөлтiрiк шешеннiң, Егiзбайдың одан да басқа көптеген ақын, батыр, билердiң танымал болмасын, ол кiсiлердiң барлығының да аттары Тезек төремен тығыз байланысты екендiгiн түсiндiрiп, ең болмаса Тезек төренiң қабiрiн қоршатып қою туралы тапсырма бергендiгi айтылады. Сол кезде ұялып қалған Әрiпбай Алыбаев Димаш атамыздың айтқан тапсырмасымен 1970 жылдардың ортасында қорымды түгел қоршатады.
Тезек төренiң күмбезiнiң орнын көрген Шота Уәлиханов: “…Апырм-ай, бұндай атақты адамның арты қараусыз қалғанын-ай… Тезек төре тек сұлтандығымен ғана емес, суырып салма ақын, философ, өз заманының өнер иелерiне қайырымды меценат едi-ау. Бұл кiсiден әлдеқайда төмен адамдарды да сонша қолпаштап жатқанда, қазiргi ұрпақтарының iрi капитал иелерi болмағандығы ау-ә, осы артының қараусыз қалғаны…”, – деп жазды өкiне. Өзiнiң осы мәселенi тиiстi орындардың алдында көтеретiндiгiн де айтты.
Ақыры, осы шаруа оңынан келiп, облыс әкiмi Серiк Үмбетовтiң қолдауымен үкiметтiк “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Тезек Төре мен Бөлтiрiк шешенге арнап, бұл тұлғалардың елдi береке-бiрлiкке шақырған жерлерiн әйгiлей, сол Алтын Емел етегiне екеуiнiң сөздерi жазылған ескерткiш (монумент) қойылатын болып шешiлдi.
С.Үмбетовтiң арқасында Тезек төренiң басына көрнектi белгi-тас қойылып, күмбез орны қоршалып, ескерткiш ашылған күнi атақты атамыздың басына құран оқылды. Құрбандық шалынды.
Ескерткiшке Тезек атамыздың өз сөздерiне бiр-екi ауыз сөз қосылып бiр шумақ өлең жазылды:
Ескерусiз қалғанға Ұлы Тезек,
Жанғандай болушы едi күйiп өзек.
Түнектi жарып шыққан күндей болдың,
Бiр аунаңыз, Сiзге де келдi кезек!
Азамат Ақылбеков,
Талдықорған қаласы.
Жас Алаш