
Шеттен келген қандастарымыздың қатарында белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері жетерлік. Тәуелсіздіктің таңы ата салысымен бөрікті бөгде елде аспанға атып жата бермей, Қазақ еліне еңбек ету үшін қоныс аударып келген қандастарымыздың өз саласы бойынша қосқан үлестері ұшан-теңіз. Осыдан 20 жыл бұрын Моңғолиядағы көшті атажұртқа бастаған қазақ зиялыларының бірі, халықаралық журналист, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Досан Баймолда бұл күнде Польша елінде ғылыми зерттеумен айналысып жүр. Бір жылдық ғылыми тағылымдама барысында Адам Мицкевич университетінен Абайтану орталығының ашылуына мұрындық болу, қазірге дейін зерттелмеген Мұстафа Шоқайдың Польшадағы өміріне үңілу және екі ел БАҚ-ын салыстырмалы зерттеу сияқты жүктерді арқалап барған қандасымызды әлеуметтік желі арқылы әңгімеге тарттық.
– Досан аға, сізді шетелде деп естиміз. Қай елде, нендей мақсатпен жүрсіз?
– «Болашақ» бағдарламасы бойынша Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетіне ғылыми зерттеу жұмысымен келгемін. Келгелі көп бола қойған жоқ. Мен жұмыс істейтін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университет (АМУ) арасындағы оқу, ғылым саласындағы келісім негізінде бір жыл уақыт боламын. Ал менің ғылыми тағылымдамам халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша іске асырылады.
– Ғылыми жұмысыңыздың бағыты мен мақсаттары жайлы айта отырсаңыз?
– Ең негізгісі қазіргі бүкіл әлемді шарпып жатқан «globalization», яғни, жаһандану кезеңіндегі БАҚ-тардың жай-күйін салыстырып зерттеу болмақ. Соның ішінде Польша еліндегі бүгінгі БАҚ жағдайы бізді қатты қызықтырады. Оны Қазақстандағы бүгінгі БАҚ жағдайымен салыстырып зерттеу менің ғылыми жұмысымның басты мақсаты деуге болады. Оның сыртында, қазақтан шыққан ұлы тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқайдың іздері осы Польша елінде жатыр. Бұл әлі жақсы зерттелмеген тақырып. Тағы бір мәселе ол поляк халқының ұлы ақыны Адам Мицкевич пен қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың әдебиет саласындағы шығармашылық байланыстары туралы болмақ. Бұндай зерттеу жұмысы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Абайтану ғылыми зерттеу орталығы тарапынан жаңадан қолға алына бастады. Жалпы, Польша жұртшылығына Абайды кеңірек таныстыру мақсатында Абайтану орталығын Адам Мицкевич университетінде ашу жөніндегі Қазақстан жағының ұсынысы барын да айта кету керек. Соған байланысты Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиев мырзаның Адам Мицкевич Университетінің ректоры Пан Бронислав Марсиниак мырзаға жолдаған ресми хаты таяуда тапсырылды. Қазақстан жағы және Польша ғалымдарының бұған үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Мысалы, жақында ғана осы университеттің профессоры, белгілі түрколог ғалым Генрих Янковскийдің жетекшілігімен Абайдың қара сөзі поляк тіліне «Slowo» деген атпен аударылып, жеке кітап болып шықты. Алдағы көктемде осы орталықтың ашылуы болып қалар деген үмітіміз бар.
– Не себептен Польшаның БАҚ-тарын таңдадыңыз?
– Бірнеше себептері бар. Біріншіден, бұрынғы социалистік жүйеде болған Польша елі бүгінгі күні Еуропаның НАТО, Еуропалық Одақ секілді белді ұйымдарына мүше ел. Кез-келген мәселеде өзінің көзқарас, ой-пікірін ешкімге жалтақтамай, ешкімнен қорықпай айта алады. Бұны поляк тілінде шығатын күнделікті газет, журнал және сондай-ақ электронды БАҚ-та жарияланып жатқан ақпараттар негізінде қадағалап біліп отырмын. Польшаның бүгінгі географиялық жағдайына қарасақ батысында Еуропаны экономикалық жағынан билеп-төстеп отырған Германия, ал шығысында Еуразия кеңістігін өз уысынан шығармауға жанталасып отырған Ресей елі бар. Соған қарамастан Польша өзінің ұлттық саясатын ешкімге жалтақтамай- ақ жүргізіп отыр. Әрине қандай бір халықаралық деңгейдегі аса маңызды мәселелерге келгенде «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей өзінің батыстық одақтастарымен кеңесіп, талқылап отыратыны байқалады. Бұл осы мемлекеттің тұғыры биік әрі тұрақты болуымен бірге халықаралық қауымдастықтағы өзіндік рөлі барлығын білдіреді.
– Сіздің байқауыңызша Польша БАҚ-тары қандай тақырыпқа баса назар аударады екен?
– Әрине, күнделікті ел ішіндегі саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік маңызды оқиғалар ерекше назарда. Бұдан кейін Еуропа Одағы елдеріндегі, ал соңында әлем жаңалықтары айтылады. Орта Азия елдері туралы хабарлар көп болмайтыны таң қалдырды.
– Демек, полякша жақсы білетін болдыңыз ғой?
– Мен осыдан 30 жылдай бұрын Польша елінде жоғары білім алған қазақпын. Ол кез Польша елі социалистік жүйедегі ел болатын. Моңғолияда туып өскен, сонда орта мектепті бітірген маған 1973 жылы Польшаға барып оқу бақыты бұйырған еді. Алғашында Лодзь қаласындағы Университет жанынан ашылған поляк тілін үйренуші шетелдіктерге арналған мектепте 8 ай оқып поляк тілін үйрендім. Содан кейін Варшава университетінде және Люблин қаласындағы Мария Кюри Склодовская атындағы университететтерде оқып, физика магистрі атағын алдым. 1973 жылдан бастап 7 жыл өмірім осы елде өтті. Поляк тілінде еркін сөйлейтін деңгейге көтерілдім. Алайда 1980 жылы Польша елінде коммунистік билік, социалистік жүйеге қарсы көтерілістер басталған кезде оқуымды аяқтап, физика магистрі деген табақтай дипломымды құшақтап елге қайтқан едім. Содан кейін келгенім осы.
– Соншама жылдар өтіпті, поляк тілін ұмытпапсыз ба?
– Алғашқы күндері біраз қиындау болды. Қазір жақсарып қалдым. Басында поляк, чех, орыс сөздерін араластырып сөйлеп жүрдім. Күн сайын радио тыңдаймын, ондағы айтылып жатқан хабарларды естіп, ұмытылған сөздерді еске түсіре бастадым. Өткен аптада Польшаның электронды БАҚ өкілдері қатысқан Адам Мицкевич университетінің Саяси ғылымдар және журналистика факультетінде үлкен бір конференция болып өтті. Сол конференцияда «Орталық Азия елдеріндегі БАҚ жағдайы» деген атпен поляк тілінде баяндама оқыдым. Залда отырғандар мені полякша сөйлейді деп ойламаған болулары керек. Өйткені менің алдымда баяндама оқыған Киевтен келген ғалым украинша сөйлесе, Ресейдің Воронеж университетінен келген профессор орысша баяндама қойған болатын.
– Поляктар Қазақстан туралы, қазақ халқы жайлы қаншалықты біледі екен?
– Өте жақсы біледі десем артық айтқандық болар. Ал түк білмейді десем олардың білімін мүлдем бағаламағандық. Меніңше олардың Қазақ елі туралы түсінігі орташа. Жоғарыда айтқан конференция кезінде қойылған сұрақтарға қарағанда Қазақстан туралы нақты ақпараттар мұнда жетпейді, немесе мүлдем жоқ. Көбінесе Қазақстан мәселесі Ресей, Украинаның тасасында қалып қояды. Соңғы жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі шетелге магистрант, докторанттарды және мен сияқты ғылыми тағылымдамадан өтуге ғалым мамандарды, оқытушыларды жібере бастады. Бір байқағаным, биылғы оқу жылында Қазақстаннан Польшаға келіп оқитындар саны көбейген. Тек Познандағы А.М. университетінде 50 шақты қазақ білім алып немесе алған білімін шыңдап жатыр. Осы қазан айында университеттің Азия тілдерін зерттеу орталығына тек Абай атындағы ҚазҰПУ-нен 20-дай магистранты келіп қысқа мерзімді тағылымдамадан өтті. Бұл екі ел халықтарының бір-бірін жақсы түсінісуі үшін өте керек деп ойлаймын. Поляктардан үйренетін нәрсе жетерлік. Олар отаншылдық рухтары өте жоғары халық. Соның өзі осында келген әр қазаққа ой салады деп ойлаймын.
– Қазақ деген халық туралы Еуропаға шынайы хабар таратқан поляктар деп айтылады. Рас па?
– Бұл шындық. XIX ғасырда Патшалық Ресейдің қол астында болған Польша елін азат ету үшін күрес жүргізген поляк революционерлерін патша жандайшаптары Сібір мен Қазақ даласына айдағаны тарихтан белгілі. Солардың бірі Адольф Янушкевичтің қазақ даласын аралай жүріп, қазақ халқының көшпенділік мәдениетімен, ауыз әдебиетімен етене жақын танысып, кейін еліне қайтып барған соң «Сібір сапарынан күнделіктер» және «Қырғыз даласынан жазылған хаттар» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Кейін осы кітаптың неміс, француз және ағылшын тілдеріне аударылуы арқылы Еуропа жұртшылығы қазақтарды Патшалық Ресейдің кемсітіп айтқандайындай «бұратана, жабайылар» емес көшпенділік үлкен мәдениеті бар, болашағы бар халық ретінде түсінген. Жалпы Қазақ даласын зерттеген, зерттеу еңбектерімен алғаш танылған Адольф Янушкевич, Бронислав Залеский секілді поляк революционерлерінің кейінгі өмірі де зерттеуге тұрарлық қызықты тақырыптың бірі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Майгүл СҰЛТАН
baq.kz




