
Түркияның регби ұлттық құрамасында Еуропадағы қазақ диаспорасының жігіті де ойнайды. Бұл туралы TRT сайты хабарлап отыр.
Бұл жігіттің аты-жөні – Бөкейхан Сүрер. 19 жасар Бөкейхан Алманияның Хайдельберг қаласында өмір сүреді. Бегби ойнауды бастауыш мектептің екінші сыныбында бастаған Бөкейхан лицей бітірген екен. Ол медицина саласы бойынша жоғары оқу орнында білімін жалғастырғысы келетін көрінеді.
U-18 Алмания регби ұлттық құрамасында да ойнаған ол кейін түрік құрамасына енген. Таяуда Словакияда өткен Регби турнирінде түрік құрамасында ойнады.
Ол Еуропадағы, әсіресе регби ойыны дамыған Франция, Ұлыбритания сынды елдерде өмір сүретін қазақ жастарын спорттың осы түрімен айналысуға да насихаттап жүр. Қандасымыз Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясы арқылы регби сайыстарын өткізуді армандайды.
Бөкейханның болашаққа деген талаптары да таудай. Ол регби спортын Қазақстанда жетілдіруді мақсат етіп, алдағы уақытта ұлттық құраманы жаттықтырсам деп армандайды.
baq.kz


