Өткен аптадағы ұлттық валюта девальвациясы халықтың біраз мазасын қашырғаны белгілі. Міне, біздегі осындай шетін жағдайды пайдаланған біреулер отқа май құйып, Қазақстандағы бірқатар банктің банкроттығы туралы өсек-аяң таратқан. Салдарынан ғаламторда аты аталып, түсі түстелген отандық банктер бір сәтте дүрбелеңге тап болып, зиян шеккен. Қазір бұл іске қатыстылардың ұсталғаны мәлімделді. Бірақ оның кімдер екені әлі жарияланбады. Ал баспасөздегі мамандардың бір болжамына сүйенсек, отандық банк секторына «от салушы» Ресей жақтан қол сұққан көрінеді. Өз кезегімізде «Алаш айнасы» осы болжамның мәнісіне тереңірек үңілуді жөн көріп отырмыз…
Экономика маманы МЕРУЕРТ МАХМҰТОВАның пікірінше, банкроттық туралы сыбыста ресейлік «таңба» бар.
– Соңғы кездері ақпарат кеңістігінде ресейлік сарапшылар тым белсенді боп кетті. Фейсбуктегі «Қазақстандағы девальвация туралы шындық» деген атаудағы Стариковтың бейнежазбасын көрдім. Одан Кремлдің саясаты «аңқып» тұр. Ондағы ой Қазақстан мен Ресейдегі девальвацияның басты себебі АҚШ дегенді жеткізеді. Сөйтіп АҚШ-қа бірігіп қарсы тұру үшін бірыңғай эмиссиялық орталық құрып, бірыңғай валюта шығару жайы қозғалады. Бұл сыбыс та осы ойды күшейте түсудің қамы үшін жасалған секілді. Сондықтан отандастарыма мұндай негіздегі ақпаратты шындық деп қабылдамауға, оның қасақана жасалып отырғанын түсінуге кеңес беремін, – дейді Махмұтова.
Маман пайымынша, отандық банк секторында өсек-аяңмен тұрақсыздыққа белгілі бір деңгейде түрткі болған Ресей деп алсақ, онда бүгіндері олардың ішкі тұтыныс нарығында да осындай ахуалды қайталауының куәсі боп жатырмыз. Әсіресе, шекарааралық аймақтарда. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысынан көршілес Ресейдің өңірлеріндегілер көптеп қант сатып алуды үдеткен.
Еске сала кетелік, теңге девальвациясы орын алған соң Мемлекет басшысы халықты дүрбелеңге бой ұрмауға шақырып, қап-қап қып ұн алудың қажеттігі жоқтығын мәлімдеп еді. Сондай-ақ Президент елімізде нан, ет және сүттің қоры жеткілікті екенін айтқан. Халық та сабырға келе бастағаны сол еді, солтүстік көрші жақтан келген «ақпараттық шабуыл» қайтадан елді әуре-сарсаңға сала бастады. Көбісі банктердегі депозиттерін бұзып алып, мөшектеп үйлеріне тамақ тасуды жөн көрген. Шынтуайтында, осындай дүрмекке мүлде негіз жоқ. Осы мәселеге қатысты Ұлттық банк басшысы да жедел түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, қазақстандық банктердің банкроттығы өтірік сөз екенін, бұл арандатушылардың ісі екенін, осыған қатысты құқық құрылымы органдарын іс-қимыл жасауға шақырғанын мәлімдеген еді. Шындығында да ел экономикасы, соның ішінде банк секторы аяғынан әлдеқашан тік тұрған. Баз біреулер секілді ішкі көрсеткіштеріміз нашар болғандықтан емес, тек сырттан келген қауіп-қатерден экономикамызды қорғау үшін девальвацияға барып отырмыз. Расында, Қазақстанға қарағанда Ресейдің жағдайы қиын. Сондықтан ондағы келеңсіз процестер бізге зардабын тигізбеудің қамын жасаудамыз. Саясаттанушы ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 6 пайызды құраса, бұл көрсеткіш Ресейде небәрі 1,3 пайызды әрең қамтығанын айтады. Ал биылғы ақпан айында олардың жалпы ішкі өнімі көрсеткіші керіге, яғни минусқа қарай құлдыраған. Осы фактілерді негізге алған саясаттанушы Әзімбай Ғали «Ресей уысынан шығып бара жатқан Украина секілді Қазақстанды да жоғалтып аламын ба деп қатты қауіптенеді, сондықтан біздің мемлекеттің күш алғанына олар мүдделі емес», – дейді.
– Шыны керек, халықаралық экономикада күрделі жағдайлар орын алып жатқанда Қазақстан экономикасы өсімінің жоғары деңгейді қамтуы көпті таң қалдырып отыр. Соның ішінде Ресей, Украина сынды ТМД елдерін де. Олар бізге қызыға қарайды. Әрине, ықпалы мен мүмкіндігі жоғары Ресейге бұл онша ұнамасы белгілі. Тағы бір жағынан, күш алып тұрғанда Қазақстан Украина секілді уысымыздан шығып кетеді ме деп те қорқады. Біз Кеден одағы аясында тек экономикалық бірігуге ғана келістік. Елбасымыз биылғы халқына Жолдауында егемендік сөзін бірнеше мәрте қолданды. Мәңгілік ел тұжырымдамасы да кеңінен талқыланды. Бұл да Қазақстанның Ресейге экономикалық бірігуден арыға бармаймыз дегенін білдіреді. Сондықтан Ресей бізсіз жолдарың болмайды дегенді білдіріп, ұдайы араға ши жүгірту әрекетін енді үдете түседі. Ендеше бұл ретте халық арасына осыны мықтап ұғындыру жұмысын жүргізген дұрыс секілді, – дейді ол.
Маман сөзінің жаны бар. Аузымызды жиып үлгерместен жаңа ғана ресейлік оппозиционер Эдуард Лимоновтың Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Қазақстанның солтүстігін басып алу туралы ұсыныс жасағанын анықтадық. Қазақстанның Ішкі министрлігі де бұл мәлімдемеге тез әрекет етіп, Ресейге түсініктеме беру жөнінде талап-хат жолдады. Жазбадағы сөзге сүйенсек, әлгі ресейлік сойқан саясаткерге Украинадағы және Қазақстандағы қиын жағдай ұнайды екен (бұл арада Ресейдің экономикалық ахуалы бізден де жаман екенін ескерте кетелік – авт.). Осындай сәтті пайдалану керектігінен Кремльге кеңес берген ол, Украина мен Қазақстанның бір бөлігін басып алуды ұсынған. Әрине, Ресей ел арасына іріткі салатын мәлімдемесі үшін міндетті түрде жауап беруі тиіс. Бұл арада да Ресейдің ахуалы Қазақстанға қарағанда қиын екендігіне қарамастан саясаткердің тағы да өздерін керемет етіп, басқаларды кіріптар, бейшара секілді көрсетуге тырысқаны барып тұрған өтірік, надандық екені анық.
Саясаттанушы УӘЛИХАН ТӨЛЕШОВ те Кеден одағы, ел ойлағандай, бұрынғы КСРО-ға оралу емес, керісінше Қазақстан мен Ресейдің ақырындап ажырап, әбден кетісуінің алаңы деп санайды.
– Біз, үш мемлекет (Қазақстан, Ресей, Беларусь) Кеден одағы аясында бәсекелестік додасында тізгін қағып кеттік. Ал бәсекелестік тартысы аяусыз болатындығы белгілі. Қаралық та жасалады. Міне, біз осыған бой үйретуіміз керек. Қазақстан осы форматта бәсекелестігін әбден қайрап алған соң Дүниежүзілік сауда ұйымына кіреді, ол кезде біз онша қиналмаймыз. Қазіргі қыспақ (Кеден одағы аясындағы) Дүниежүзілік сауда ұйымына енгеннен кейінгі жағдайдың жанында түкке тұрғысыз боп қалады. Сондықтан біз кез келген қауіп-қатерге (ақпараттық, психологиялық шабуылдарға) төтеп берудің тетіктерін әзірлеп, оған дайын болуымыз керек. Соның ішінде сыбыстардың күшін алдын ала жоюшы тетіктерді де құра білгеніміз жөн, – дейді маман.
Автор: Кәмшат Сатиева



