Неге әлемге ақыл айтқыш «державаның» күші «Нива» машинасының дизайны мен саяси жүйесін жаңартуға жетпейді?
Неге ядролық кнопкасын шерткілеп күшеніп отыратын «державаның» 50 мыңнан астам қалашығы мен ауылында газ тұрмақ тас жол жоқ (асфальтты айтпай-ақ қояйық)?
Неге өзімен бір одаққа кіруге мойынұсынған аз ғана көршілерін белгілі қоғамдық тұлғалары мен саясаткерлері ашық кемсітіп, анық қорлайтын үкімет; нәсілшіл скинхедтерінің астанада еркін тайраңдап жүруіне, кісі өлтіруіне жол беріп қойған үкімет; өз ішіндегі аз ұлттардың кеудесін езіп, жанын шығарып жатқанын мақтана сес қып көрсетіп отырған үкімет бізге үлгі болуы тиіс?
Неге дүниеде жалғыз сол елдің ғана саясаткерлері мен мемлекеттік БАҚ журналистері күшеніп, кектеніп, тістеніп, нығыздап, сазарып, жұлқынып, мысқылдап, кекеп сөйлейді де, сосын «Неге бізді дүниеде ешкім жақтырмайды?» деп сұрап ап, «Тағдыр-табиғатымыз ерекше асыл халық болғасын көре алмайды ғой бәрі» деп қорытынды жасайды? Және неге бұл кальканы біз айна-қатесіз көшіруге тиіспіз?
Неге араққа қызған кезде жейдесін жыртып, іш киімін басына киіп ап «патриоттық ұрандар» айтатын, «Ресейдің жарқын болашағы» туралы екілене сөйлейтін сол елдің саяси және экономикалық элитасының көптеген өкілдері капиталын Батыста сақтайды және Прага — француз Ривьерасы — Мальорка — Лондон арасындағы ең қымбат үйлерді сатып алып, тұтас шағын аудандарды «на всякий случай» қаңыратып қояды?
Неге сіз бен біз ТМД-ның үш-ақ елінде қолданыс құралы болып қалған «саяси тілде» сөйлеп, сол тілде ғана ақпарат алуымыз керек?


