Қиналдың, қазақ, қаншама,
Шашырап жүрген тұмшалы ел!
Жат жұртта жүрген баршаңа
Атажұрт жақтан бір сәлем!
Жинамақ болып баршаны
Алашым сені шақырды!
Атырау сені аңсады,
Алатау сен деп аһ ұрды!
Жетер деп хабар жағымды
Мен жақын етем қашықты —
Сары Арқа сені сағынды,
Алтайым сен деп асықты.
Үміттің отын өшірді!
Биліктің беті қап-қалың –
Тоқтатып Ұлы көшімді
Қарабет болып жатқанын!
Қазағым үшін күрескен
Мен бірі едім мың ұлдың.
Көшіне елдің ілескен
Мен де бір торы құлынмын!
Байлыққа батқан көл-көсір
Биліктей бүгін мешкей кім?
Кешірсең оны, сен кешір,
Мен бірақ оны кешпеймін!
Тарихта бөлек қалды ізім,
Кеңдігін көрдім, тарлығын!
Әр қазақ менің — жалғызым,
Бар қазақ менің – барлығым!
Арайлап атар таң қызыл,
Садақа – жаным, Ар – пірім!
Әр қазақ менің — жалғызым,
Бар қазақ менің – барлығым!
Табысар біздер таяу күн,
Оңымнан туар Ай, Күнім.
Әр қазақ менің — аяулым,
Бар қазақ менің — байлығым!


