Close Menu
Nomadtimes.kz ақпараттық агенттігіNomadtimes.kz ақпараттық агенттігі
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Тарих
    • Қазақ шежіресі
    • Қазақ хандары
    • Қазақ рулары
    • Тұлғалар
  • Тағылым
  • Руханият
    • Әдебиет әлемі
  • Ғылым-білім
  • Спорт
  • Сұхбаттар
  • Media
    • Бейнежазбалар
    • Фоторепортаж
  • Кітапхана
Facebook X (Twitter) Instagram
Nomadtimes.kz ақпараттық агенттігіNomadtimes.kz ақпараттық агенттігі
Facebook X (Twitter) Instagram
  • Қазақ тілі
    • Қазақ тілі
    • Русский
  • Басты бет
  • Саясат
  • Қоғам
  • Тарих
    • Қазақ шежіресі
    • Қазақ хандары
    • Қазақ рулары
    • Тұлғалар
  • Тағылым
  • Руханият
    • Әдебиет әлемі
  • Ғылым-білім
  • Спорт
  • Сұхбаттар
  • Media
    • Бейнежазбалар
    • Фоторепортаж
  • Кітапхана
Nomadtimes.kz ақпараттық агенттігіNomadtimes.kz ақпараттық агенттігі
Басты бет»Сұхбаттар»«ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚОРҒАУ – БАРШАМЫЗДЫҢ БОРЫШЫМЫЗ»
Сұхбаттар

«ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚОРҒАУ – БАРШАМЫЗДЫҢ БОРЫШЫМЫЗ»

28/02/20140

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, «Мирас» қоғамдық Кеңесінің басшысы Мәулен Сағатханұлы ӘШІМБАЕВ мырзамен сұхбат.

«Қазақ әдебиеті»: 2010 жылы мә­дениет, өнер және тарихи мұ­ра­ларды сақтау, дамыту жөніндегі мем­лекеттік саясатты жүргізу мә­се­лесіне байланысты «Нұр Отан» пар­тиясының қасынан «Мирас» қо­ғамдық Кеңесі құрылғанынан ха­бардармыз. Кеңестің алдына қойыл­ған міндет – мемлекеттік ор­гандар мен азаматтық қоғам және ұлт зиялыларымен келелі тал­қылаулар жасау арқылы елдегі мә­дениет саясатын жандандыру бо­латын. Осы Кеңесті басқару, үй­лес­тіру жұмыстары сізге жүктелді. Сұх­батымызды осы Кеңестің ба­ғыт-бағдары, мақсат-міндетінен бас­тасақ.
Мәулен Әшімбаев: «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Ми­рас» қоғамдық Кеңесі зиялы қауым өкілдерімен ақылдасатын, пі­кірлесе келе ортақ ұсыныстар дайындайтын үлкен алаң. Бұл Кеңес­ке төрағалық етуді партия бас­шылығы маған жүктеді. Осыдан аз ғана уақыт бұрын біз биылғы жыл­дың алғашқы отырысын өткі­зіп, алдағы жоспарларымызды бе­кітіп алдық.
Жалпы, бұл Кеңес бас қосып, шәй ішіп, ара-тұра әңгіме қозғап қойып, бір-бірімізге жылы жымиып, ар­тынан тарап кететін алаң емес, қо­ғамдық өмірімізге, мәде­ниет пен ру­ханиятқа қатысты өткір талдап-таразылап Парламент пен Үкіметке нақты ұсыныстар дайындайтын мін­бе болу керек. Өткен жиында біз бірнеше бағытта жұ­мыс істеуге ке­лістік. Бірінші, қазақ тіліндегі оқу­лықтардың, қа­зақ тілін үйрететін оқу-әдіс­те­мелік құрал­да­рының сапасын арт­тыруға қатысты Үкіметке нақты ұсыныстар беру. Ашық айту керек, бұл бүгінгі таңда зиялы қауым, ата-аналар және түрлі қоғамдық ұйымдар тарапынан өткір сынға алынып келе жат­қан күрделі мәселе. Арнайы қа­был­данған мемлекеттік бағ­­дарламаға сәйкес 2020 жылы Қа­зақстан халқының 95 пайызы қа­зақша сөйлеу керек. Ол межеге ал­ты жыл ғана қалды, ал «дәл қа­зір­гідей үрдістермен белгіленген мін­детке жүз пайыз қол жеткізе ала­мыз ба?» деген заңды сұрақ туа­ды.
Жалпы менің ойымша, қазақ ті­лінің қолдану ауқымын арттыру, бүкіл қазақстандықтарды қазақша сөйлету проблемасы бүгінгі күні сая­­си мәселе емес, әдістемелік мә­селе, сондықтан осы жағына кө­­бірек көңіл бөлген дұрыс болар еді. Негізгі басымдық мектеп­тер­дегі қа­зақ тілін үйрету процесін рет­теуге, дұрыстауға берілу керек.
Бәріміз де ата-анамыз, перзент­т­е­рі­міз­­дің болашағына алаңдағандықтан тәр­­бие­сіне, сабағына, оқыту сапасына ұдайы қа­рап отырамыз. Біздің тіліміз сон­шалықты бай, қуатты бола тұра, мектеп бағдарла­ма­ла­рындағы қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдарының, оқу­лық­тардың сапасы тіл үйретуге емес, тіл­ден алшақтатуға ықпал ете­тіндей әсер қалдырады. Оқулықтардың тілі өте күр­делі және заман талабына сай кез-кел­ген баланы тіл үйренуге қы­зық­ты­ра­­тын, үйіріп әкететін амал-айлалар жоқ­­тың қасы. Мәселен, бастауыш сынып оқу­шыларына классиктеріміздің ба­ла түгіл, аға буын әзер түсінетін фи­ло­со­фияға толы дү­ниелерін ұсыну шарт па? Мектеп та­бал­дырығын жаңа аттаған бүлдіршінге тым ауыр жүктемелер мін­деттеген соң, ол ба­ланың санасында «қа­зақ тілі түсінуге тым ауыр тіл екен» де­ген ұғым тумасына кім кепіл? Білім беру ісінде сапалы әдістемелер жоқ емес, тек соның тетігін тауып іске қосуымыз ке­рек. Сондықтан Кеңес кәсіби мамандармен келісе отырып, осы бағытта ке­шенді түрде жұмыс жүргізбек, нақты ұсыныстар даярламақ.
Кеңестің алдына қойылған екінші мә­селе – мәдениет саясаты. Мемлекет бас­шысы мәдени саясаттың ұзақ мер­зімді тұжырымдамасын әзірлеуді тап­сырған болатын. Осы күндері Мәдениет және ақпарат министрлігі тұжырым­да­маның жобасын жасауда, дайын болған соң Кеңесте талқыланады. Бүгін не істеу керек? Ертең ше? Өлшемдермен алып қа­ра­ғанда әлемдік үрдістегі біздің мә­де­ниетіміздің ролі қандай? Болашақта не ат­қарылуы қажет? Қоғамда мәдениет сая­сатына қатысты түрлі көзқарас бар. Мә­селен, белгілі бір топ тарихқа сүйене оты­рып, «біздің мәдени дәстүріміз өте бай, ата-бабаларымыз адамзат өрке­ние­тінің көшіне өз ізін қалдырған» деген се­кілді мақтангершілік сипатта. Ал екін­ші қоғамдық пікір: «мәдени өміріміз әлемдік даму үдерістерінен қалып барады, өз қазанымыздан әрі аса алмай отырмыз, сыртқы күштердің ықпал-әсері артып барады» дегенге келіп саяды. Сондай-ақ, өнердің түрлі саласына қа­тысты сауалдар да аз емес. «Соңғы жиырма жылда адамзаттың ортақ игілігіне айналарлық әдебиет саласында қандай ірі шығармалар жазылды?» деген сауал­дың қойылғанына да біраз болды. Ұлы классиктерсіз бұған жауап беру, әлбетте, қиын­дау. Ал қашанғы сол ұлы тұлға­лар­дың көлеңкесіне тығыла береміз? Кейін­гі жастар қандай ойда? Осы жайттарға кеңінен жауап табуымыз керек.
Үшінші мәселе, қазақтілді БАҚ-тың бү­гінгі жағдайы. Соңғы жылдарда ақпа­рат­­тық кеңістікте оң өзгерістер бар, оны айту керек. «Қазақстан» ұлттық арна­сы­ның толық мемлекеттік тілге көшуі, қа­­зақ тіліндегі «Балапан» сынды арна­лар­дың қалай құрылғанына өзім тікелей куә­мын. Дегенмен де осы жағдайлармен ақ­парат кеңістігінің мәселесі толық ше­шімін тапты дей алмаймыз. Ұлт жанашырлары мен журналистердің басын қо­сып, бұл мәселе де Кеңесте талқылан­бақ.
Төртінші, аймақтардағы, алыс аудан­дар мен ауылдардағы мәдени ошақтардың жай-күйі. Негізінен, аймақтарда тұратын қазақтар. Ал өңірлердегі мәдени тыныс-тіршілік қалай? Әрине, алыс ауылдарда кі­тапхана, Мәдениет үйлері жүйелі жұ­мыс істеп тұр деп айту қиындау. Бұл ба­­ғытта жергілікті атқарушы билік не іс­теуде? Аймақтардан арнайы өкілдер ша­қырып, қоғамдық Кеңесте арнайы зерттеу жүргізу жоспарлануда.



Өмірдерек 

Мәулен Сағатханұлы ӘШІМБАЕВ

1971 жылы Алматыда туған. Әл-Фараби атын­дағы Қазақ Мем­лекеттік Ұлттық университетін бі­тір­ген. Саяси ғылым­да­рының кандидаты.
1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақ­парат ми­нистр­лігінде жұмыс істеді.
1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Ке­ңес депутатының көмекшісі.
1995 жылғы маусым-қараша аралығында – Қауіп­сіздік кеңе­сі аппаратының консультанты.
1995-1999 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Са­раптау жә­не стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сек­тор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары.
1999-2000 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау ор­талы­ғы­ның меңгерушісі.
2000-2002 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау ор­талығының меңгерушісі – ҚР Президенті жанын­да­ғы Стратегия­лық зерттеулер институтының директоры.
2002-2005 жылдары – ҚР Президенті жанындағы Ст­рате­гия­лық зерттеулер институтының директоры.
2005-2006 жылдары – ҚР Қауіпсіздік кеңесі хат­шы­сының орын­басары.
2006-2011 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігі Бас­шы­сы­ның орынбасары.
2012 жылғы ақпаннан бастап V сайланған ҚР Пар­ламенті Мә­жілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіп­­сіздік комитетінің төрағасы. «Нұр Отан» Халықтық Де­мок­ратиялық партиясының мү­шесі, партиялық тізім бойынша сай­ланған.
«Құрмет» орденімен марапатталған. 2003 жылы Джонс – Хоп­кинс университетінің Халықаралық зерттеулер мектебінде (АҚШ) ғылыми тәжірибеден өтті.


«Қазақ әдебиеті»: Жалпы, бұған дейін де осындай сан талқылаулар болды. Ұйым мүшелері, көрнекті тұлғалар, сая­саткерлер бас қосқан «Дөңгелек үс­тел­дерде» қозғалған мәселелердің аяқ­сыз қал­ғаны көп. Бұл сондай бір кезекті дақ­пырт болып қалмай ма?
Мәулен Әшімбаев: Мәселе сонда. Рас, көптеген қоғамдық жиындар нә­ти­же­­сіз қалып жатады. Бірақ «Мирас» қо­ғамдық Кеңесі партияның мүмкін­діктерін пайдаланбақ. Парламентте фрак­ция бар, аймақтарда филиалдарымыз бар, сол арқылы Үкіметтің нақты ше­шімдер қабылдауына әсер етуге бар­лық мүмкіндіктер бар деп санаймыз.
«Қазақ әдебиеті»: Жоғарыда ай­тылған ойдың бәрі де мемлекеттік тілге ба­рып тіреледі. Қазір қоғамда қазақ ті­лінің мәртебесіне қатысты алаңдау­шы­лық­тар аз емес. Сіздіңше мемлекеттік тіл саясаты қалай жүру керек деп есеп­тей­сіз?
Мәулен Әшімбаев: Бұл өте күрделі де ау­қымды мәселе. Осы бағытта мен бір-екі жайтқа ғана тоқталғым келеді. Мемлекет әрбір отбасының тіршілігіне ара­ласып, өз саясатын жүргізе алмайды. Сон­дықтан көп нәрсе балабақша мен мек­тепке тікелей байланысты. Жалпы, мем­лекеттік тілге қатысты іс-қимылды тым саясиландыра берудің қажеті шама­лы, бұл бағытта тек жүйелі және кон­с­трук­­тивті жұмыстар жүргізу керек. Оқу­­лықтар мен әдістемелік құрал­дар­дың са­пасы тағы да алдымыздан шығып отыр. Мен тіл маманы емеспін, бірақ ме­нің түсінігімше қазақ тілінің ал­дын­дағы міндеттің бірі – бүгінгі за­ман­ның үрдістерін сезіне отырып, өзінің даму модернизациясын қалыптастыру ке­рек. Тіл қатып қалған дүние емес, ол да тірі организм секілді даму керек. Тіл де қа­зір­гі заманға, заманның үрдістеріне сай болуы керек. Күн сайын өзгеріп, өте жыл­дам дамып жатқан әлемде, технологиялар заманында тілдің көркемдік жа­ғынан гөрі функционалдық жағына кө­бірек көңіл бөлген дұрыс болады деп ой­лаймын. Ал көркем шығармалар сөз­сіз қазақтың өзінің қуатты да құнарлы ті­лімен жазылатыны даусыз.
Келесі мәселе. Дүниеде пайда бо­лып жатқан барлық ұғымдарды қа­зақ­шаға аудара берудің керегі жоқ сияқты. Қа­зақ тілінің дамуына өз үлесін қосқан тұл­ғаның бірі де бірегейі – Ісләм Жа­рыл­ғапов. Мысалы, сол кісі балмұздақ, аял­­дама, аққайнар, балшарап, басылым, баспагер, ғарышкер, дүниетаным, қойылым, құлтемір, қаламгер сынды өте сәтті баламалар тапты. Ал кейбір ма­мандар шығарған термин сөздердің ба­ламасы өте сәтсіз болып жатады. Осын­дай жағдайда түпнұсқаны пай­да­ланудың тілдік қатынасқа еш зияны жоқ деп есептеймін. Мысалы, түрік ағайын­дар­ды өз елінің патриоттары емес деп кім айта алады? Олар сәтті балама бол­маған соң лимон, адрес, фабрика, кредит, музыка, пакет, доктор, баня сынды сөз­дерді ағылшын, француз, орыс, парсы тілдерінен алып, өз тілдеріне еркін кі­ріктіріп жіберген. Әрине, бұл басқа тіл­дердің сөздерін алды-артына қарамай пай­далана берейік деген әңгіме емес. Ға­лымдарымыз айтатын тіл тазалығын ескерген дұрыс. Бірақ кейбір халық­ара­лық деңгейде қолданып жүрген сөздерді қа­зақ тілінде пайдаланғаннан үлкен зиян бола қоймас деп ойлаймын.
Сонымен қатар, заман ағымына сай өзге тілдерді де меңгергеніміз абзал. Тек қа­зақ тілін зерттеумен және талқы­лау­мен оты­ра берсек алысқа бара алмаймыз. Ағыл­шын, орыс, қытай тілдерін білу ке­рек. Қоғам басқа, заман өзге, сон­дық­тан біздің перзенттеріміз әлемдік ілім-бі­лімді игеру үшін, жауһарларды түп­нұс­қадан тікелей оқу үшін тіл білу керек. Әлемдік білім қазіргі заманда ағылшын тілінде. Мен өз басым әлемдік экономика, ғаламдық саясатты сараптайтын ір­гелі еңбектерді ағылшын ті­лінде оқи­мын. Бұл деген сөз ұлттық әдеби мұ­ра­ларын оқымайық деген ой емес. Өзіңіз бі­лесіз, менің әкем қазақтың көрнекті әде­биет сыншысы, ұлтшыл азамат болды. Мен өз әкемнің шығар­маларын сәт сайын парақтамасам, Абай, Мұхтар Әуезов, Ахмет, Жүсіпбек бас­таған Алаш қай­раткерлері, Қасым, Жұ­бан, Мұ­қа­ғали, Жұмекен, Тәкен Әлім­құлов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оң­ғар­сынова сынды клас­сиктерімізді, әкемнің тұр­ғы­лас­та­рын оқымасам, қазақтығымның құны көк тиын. Сонымен қатар, әлемдік ақыл-ойдың қайнар көзі саналатын дү­ние­лерді де түпнұсқадан оқуға тиіспіз. «Ті­лі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет атамыз тегін айтпаған. Қазақ тілі – ұлттық болмысымыз, жұлын-жүй­кеміз, жүрегіміз, бар бай­лығымыз, ал шет тілі әлемдік дүние­лерге қол созатын құ­ралымыз.
«Қазақ әдебиеті»: Президент Атырау өңіріне барған сапарында мемлекет атауын өзгерту туралы ойын білдірді. Ха­лықтық талқылауға салу туралы ұсы­ныс айтты. Қазіргі күні бұл мәселе ақ­парат құралдарында, әлеуметтік же­лілерде, интернет-порталдарда кеңінен сөз болуда. Осыған қатысты сіздің көз­қа­расыңыз қалай?
Мәулен Әшімбаев: Меніңше, Ел­­­­ба­сының бұл ойының түп төркіні ал­дында ға­на Қазақстан халқымен бө­ліскен «Мәң­гілік ел» идеясында жатыр деп есеп­теймін. Тәуелсіздікті қорғау – бар­ша­мыздың борышымыз! Мемлекет атауын өзгертуге қатысты ой-пікір де осы­дан шығып отырған болу керек. Жал­пы, әлемдік саясатта Тәуелсіздіктен айы­рылып қалу аса ірі қауіптердің бірі. «Біз Тәуелсіз ел болдық, енді біздің Тәуел­­сіздігіміз мәңгілік» деген дұрыс бола қоймас. Қазіргі заманда Тәуел­сіз­дік­тен айырылып қалудың экон­оми­ка­лық, саяси, рухани, ұлттық мүддеден айы­рылу, сол арқылы өзін-өзі жоғалтып алу сынды түрлі формалары бар. Тәуел­сіздігіміз тұғырлы болу үшін эконо­ми­калық жағынан қуатты болу керек, эко­­номикалық дербестік ел Тәуел­сіз­дігінің басты тірегі.
Енді мемлекет атауын өзгертуге қа­тысты. Жалпы, өз басым, ерте ме, кеш пе ел атауын «Қазақ Елі» немесе «Қазақ Рес­публикасы» деп өзгерту заңды деп есеп­теймін. Әрнәрсенің өз уақыты бар, сон­дықтан бұл пісіп-жетіліп келе жат­қан идея деп түсінем. Бірақ бұл бағытта қо­ғамдағы талқылаудан бөлек, біздің же­рімізде түрлі ұлт өкілдері тұратын­дық­­тан тү­сіндіру шараларын да өте сапалы дең­гейде жүргізуіміз керек.
«Қазақ әдебиеті»: Сіз ҚР Парламенті Мә­жілісінің Халықаралық істер, қор­ға­ныс және қауіпсіздік комитетінің тө­­ра­­ға­сысыз. Елдің ішкі, сыртқы қауіп­сіздігі са­­ласының нәзік қырлары мен соңғы уа­қыттарда тікелей өзіңіздің ара­ласуыңыз­бен жүзеге асқан айрықша мем­лекеттік маңызы бар құжаттар туралы айтып берсеңіз.
Мәулен Әшімбаев: Біздің комитет елі­міздің ішкі-сыртқы қауіпсіздігіне, қор­ғанысына қатысты, болашақ дамуына байланысты көп шаруа атқарды. Мен со­лардың бәріне бірдей тоқталмай-ақ қояйын, өзім тікелей қатысқан тарихи маңы­зы бар екі мәселені баса айтайын. Бі­рін­ші, былтыр ғана қолданысқа енген мем­лекеттік шекарамыз туралы құжат. Кез-келген мемлекет шекарадан басталады. Тәуелсіздік берік болу үшін, шекара тасқамал болу керек. Шекара туралы алғашқы заң 1990 жылдардың ба­­сында қа­былданды. Одан бері неше алуан өз­герістер болды, шекарамыздың делимитациясы болды, демаркациясы жүзеге асы­рылуда. Сондықтан уақыттың өзі жан-жақты қамтылған, сан мәрте електен өткізілген мемлекеттік шекара тура­лы жаңа құжат қабылдау қажеттігін алға тартты. Сөйтіп, ҰҚК Шекара қызметінің басшысы, полковник, аса білікті маман, қыз­мет бабында қаза болған Тұрғанбек Стамбеков бастаған мамандар тобымен бірге, жаңа тарихи құжатты дайындадық. Ко­митеттегі әріптестерім бөлініп-бө­лі­ніп Қазақстанның барлық бағытындағы ше­караларды түгел аралап, жан-жақты танысып шықты. Мен баршамыздың жанымызға жара салған «Арқанкерген» шекарасында болдым. Әріптестерімнің еліміздің төрт тарапындағы шекараларда отряд басшыларымен, сарбаздармен, шекарашылармен кездесулерде жинаған ақпараттары, ұсыныстары жан-жақты сарапталды.
Осындай талқылаудың негізінде ше­карада қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақ­ты жолдары, тетіктері және режим­дері Заңда жан-жақты жазылды. Сондай-ақ, шекарада қызмет ететін кадрлардың да сапасына қатысты нормалар енгі­зіл­ді.
Мәселен, осы Заңға шекара күзетіне бар­лық жағынан дайындығы жоғары сар­баздарды таңдап алуға мүмкіндік бе­ретін арнайы норма кіргізілді. Бұған дейін өзге әскери бөлімдерге ілінбей қал­ған сарбаздар ғана шекара қызметіне жіберілген болса, ендігі жерде әскерге шақырту кезінде шекара қызметкерлері бірінші болып таңдау жасай алады. Сонымен қатар, барлық шекара қыз­мет­те­рінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға осы Заң ықпал етеді. Сосын, бұрынғы заңда және жобада шекараны өзгертуге мүмкіндік беретін нормалар бар еді… Біз табандап отырып осы нормаларды түбірімен алып тастадық.
«Қазақ әдебиеті»: «…шекараны өз­герту­ге мүмкіндік беретін нормалар» де­ген­ді қалай түсінуге болады?
Мәулен Әшімбаев: Бұрынғы қабыл­дан­ған құжат бойынша «мемлекеттермен шекараны ауыстыру, ары жылжыту, бері қозғау» деген секілді жағдайларға мүмкіндік беретін нормалар болатын. Ен­дігі жаңа Заң бойынша біздің ше­ка­ра­лық ендіктер мызғымайтын болады жә­не оны өзгертуге ешкімнің құқы жоқ. Бар­лық көршімен шекаралар қазығы то­лық қа­ғылып болды, енді ешкімнен жер сұра­маймыз және ешкімге бір қарыс та жер бермейміз. Және осы Заңның не­гізінде шекара қызметіне қомақты қар­жы бөлуге де біздің септігіміз тиюде, ал ол қаржының қалай жұмсалып жатқаны екінші мәселе. Әрбір деталіне дейін мұ­қият зерттелген Заң Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалды. Заң жобасын әзірлеген жұмысшы тобы Еуропаның, Ресейдің, тіпті шекарасынан шыбын ұшып өте алмаған Кеңестер Одағының құ­жаттарын да қарап шықты. Сөйтіп, Елбасының қол қоюымен бұл Заң күшіне енді. Бұл Заңға марқұм, өз елінің шексіз пат­риоты Тұрғанбек Стамбековтің ең­бегі орасан екенін баса айтқым келеді.
Келесі құжат жақында қабылданған Ха­лықаралық келісімдерді реттейтін Заң. Бұған Қуаныш Сұлтанов, Зағипа Ба­лиева және мен бастамашы болдық. Осы Заңға Халықаралық келісімдерді жа­сау процесін жүйелеуге бағытталған нор­маларды енгіздік. Әрине, бұған дейін де біраз мемлекеттермен шарттар жа­са­дық, бөркімізді аспанға атар жағдайлар бар. Ал кейбір министрліктер арасын­да­ғы шарттар делегация келетін сәтте не­месе біздің басшылар барар кезде асы­ғыс-үсігіс, қате дайындалғандықтан жә­не мемлекеттік органдар мен ми­нистр­ліктер өз жауапкершілігін соңына дейін түсінбеуінің кесірінен, тіпті кейбір шартта өздері не жазғанын сезінбей қалған жайттар кездесті. Осындай жағ­дайларды болдырмау және сыртқы сая­сат­тағы келісімдерді жүзеге асыру про­це­сі тікелей осы Заңның аясында жүзеге асы­рылады. Әрбір мемлекеттік орган жыл­дың басында өз ұсыныстарын, тұ­жырымдамаларын Үкіметтің қасында ар­найы құрылған комиссияда қорғайды, егер ведомствоаралық комиссия қуаттаса ұсыныс ортақ жоспарға кіреді. Сосын ба­рып ол Елбасымен келісіледі. Бұл Заң сырт­қы саясатымыздағы келісімге қол қою және дайындау процесін бір жүйеге кел­­тірді, келісімдердің ішінде ұлттық мүд­­делерді қамтамасыз етуге толық мүм­­кіндік берілді. Құжатқа сыртқы ке­ліс­сөздер барысында ұлттық мүд­де­лерімізге, қауіпсіздігімізге қайшы келе­тін, Тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін жағдайларға жол берілмейді деген норма кіргізілді. Ол нормаларды бұзған адамдарды жауапкершілікке тарту туралы және бір норма бар.
Сондай-ақ, осы Заңдағы ең үлкен жаңа­лықтың бірі – мемлекеттік тілдің сая­си қызметтегі қолданылуын кеңей­ту­ге бағытталған норманың енуі. Кейбір мемлекетаралық келісімдердің мем­ле­кеттік тілдегі мәтінсіз қол қойылып жүр­гені жасырын емес. Осындай олқы­лық­тарды болдырмау үшін, жаңа Заңға екі мемлекет арасындағы келісімнің бір мәтіні міндетті түрде қазақ тілінде болу ке­рек деген норма енгіздік. Түсіне білген адам­ға бұл үлкен жеңіс. Сондай-ақ, Заң бұ­ған дейін орын алып келген қазақ ті­лін­дегі келіссөз құжат­тарындағы ор­фог­рафиялық, граммати­калық, тіпті маз­мұндық қателерге жол берілмеуіне үле­сін қосады деп сенеміз. Өйткені, ми­нистр­ліктердің қазақ тіліндегі құжат­та­рынан өрескел қателер шығып, ұятты болған тұсымыз да бар.
«Қазақ әдебиеті»: Министрліктерде қан­шама мамандар отыр? Жалпы, ке­ліссөздердің мәтінін қатесіз әзірлеуге бол­май ма?
Мәулен Әшімбаев: Сұрағыңыз өте орын­ды, дегенмен, кейде халықаралық шарт­тарды дайындайтын мамандар же­тіспейді. Көп жағдайда құжаттар ең әуе­лі орыс тілінде дайындалып, артынан қазақ тіліне аударылып жатады. Жал­пы, қазақ тілінде халықаралық келі­сімдерді дайындайтын мамандар көп емес. Бірақ Заң қабылданғаннан кейін осы салада оң өзгерістер болады деп се­неміз. Сондықтан сыртқы сая­сат­тағы тіл­дік мәселені ғана емес, Тәуел­сіз­ді­гімізді қорғау идеясын тұғырландыра түсетін өте мазмұнды Заң болды деп есеп­теймін. Президент бұл құжатқа да қол қойды, Заңымыз мемлекеттің ны­ғаюына қызмет етуде.
«Қазақ әдебиеті»: Ғаламдық геосаяси өріс­те алпауыт елдердің Орта Азия ел­де­ріне, оның ішінде қойын-қонышы кен­ге толы Қазақстанға өз ықпалын жүр­гізгісі келетіні сөзсіз. Сәт сайын құ­былып тұрған саяси ойындар жұмыр жер­дің апшысын қуыруда. Осындай сын са­ғатта Қазақстанның алыс-жақындағы ірі­лі-ұсақты елдермен қарым-қатынасы қа­лай болу керек деп есептейсіз?
Мәулен Әшімбаев: Біз жер көлемі жө­нінен де, минералды ресурстар жөнінен де өте бай мемлекетпіз. Рас, көз алартушылар да жоқ емес. Сондықтан қандай жағ­дайда Қазақстан тепе-теңдік саясаты мен көпвекторлы бағыттан айнымауы қажет. Бізге бұдан өзге таңдау жа­­сайтын жол жоқ. Және алпауыт мем­лекеттердің ықпалын бір-біріне теңес­тіріп отыру керек. Қытаймен, Ресеймен, Еуропамен, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-пен, Ислам мемлекеттерінің бә­рімен тепе-теңдік саясат жүргізген жағ­дайда ғана біз Тәуелсіздігімізді сақтап, қауіп­­сіздігімізді реттей аламыз. Бар­шаңыз­ға мәлім, мемлекет басшысы сыртқы саясатқа қатысты жаңа Концепциясын бекітті. Бұған дейінгі тепе-тең­дік саясаты ары қарай жалғасатыны Кон­цепцияда нақты көрсетілген. Және Концепцияда алдағы жылдардағы ба­сым­дық Орта Азияға берілетіні де анық ай­тылған. Орта Азия елдерінің арасында қайшылықтар аз емес. Қырғыздар мен өзбектер, өзбектер мен тәжіктер ара­сындағы этникалық жанжалдар, бұ­дан бөлек су бөлісі, терроризм, есірткі тран­зиті және шекаралық мәселелер соң­ғы жылдары аймақтағы ынты­мақ­тастыққа кері әсер етуде. Орта Азия даму өңірі емес, қайшылықтардың ортасына айналып барады, егер жағдай осы­лай жалғаса берсе үлкен проб­ле­ма­ларға келіп тіреледі. Және бұл бүгін-ер­тең шешілетін мәселе емес. Көрші елдермен су мәселесі бар, барыс-келісіміз бар және сол елдерде қандастарымыз тұ­рады. Орта Азияда тыныштық болмай, Қазақстан­ның оңтүстігінде ты­ныш­тық болмайды. Сондықтан Қаз­ақс­­тан ай­мақ­та конс­трук­тивті ын­­­ты­мақтастыққа ұйыт­қы болатын, эко­номикалық жобалар ар­қылы өңірдің жақсы бағытқа бет алуына ықпал ететін фактор болуы керек. Әрине, бұл да оңай шаруа емес. Де­генмен, бірін­ші, екінші келіссөздер же­міссіз болар, дегенмен, түбі бір нәти­жеге қол жет­кізіп, аймаққа дұрыс импульс беру ке­рек. Өйтпеген жағдайда жанжал­дар­дың көкесі Орта Азиядан шығатын бо­лады.
«Қазақ әдебиеті»: Осы арада Иран фак­­торына баса назар аударған дұрыс се­кілді. Себебі, біз соңғы уақыттардағы ірі экономикалық жобаларымызды Парсы шығанағымен байланыстырудамыз ғой…
Мәулен Әшімбаев: Дұрыс айтасыз, Иран өте маңызды мемлекет. Концеп­ция­да Иранмен қарым-қатынасты одан әрі жолға қою, дамыту туралы сөз бар. Бұған дейін АҚШ, Еуропа тарапынан Иранға қарсы түрлі санкциялар салынып келген. Дегенмен, Иран қуаты мен мүм­кін­дігі, рухы жағынан мыңдаған жылдық та­рихы бар мықты мемлекет. 80 миллион халқы бар, ішкі жалпы өнімі 500 мил­лиард доллардан астам. Мұнай, газ қо­ры жағынан алдыңғы мемлекет­тердің бірі. Соңғы уақытта Батыстың Иранға қа­тысты саясатында жақсы нышандар бай­қала бастады, бұл бітімгершілік жобаларда Қазақстанның да үлесі бар. Иран­ның ядролық бағдарламаларын тал­­қылайтын ірі жиындар Алматыда өт­кенінен баршаңыз хабардарсыз және ол конструктивті аяқталды. Әлемнің Иранмен қарым-қатынасы реттелсе, Қа­зақстан экономикалық зор мүм­кін­дік­ке ие болады. Біз өз теміржолымызды Түр­кіменстанның шекарасына дейін салып қойдық. Ресми Ашхабад өз аума­ғындағы шойын жолды биыл бітіруге уәде етіп отыр, ал ирандықтар әлдеқашан дайындап қойған. Егер Түркіменстан бөлігі іске қосылса, бізге Парсы шыға­на­ғына тіке шығатын және шығанақ арқылы мұхитқа шығатын өте тиімді жол ашылады. Иран халқы көп, яғни үл­кен сауда-саттыққа қолайлы мемлекет. Сонымен қатар, осы күндерде үлкен қар­жы құйылып жатқандықтан біз Иран­­мен экология, қауіпсіздік және эко­номикалық бағытта Каспийдің құ­қық­тық базасын және мәртебесін анық­тап, бекітіп алуымыз керек. Бұл Каспий қай­раңын бөлісіп жатқан өзге елдерге де қатысты мәселе.
«Қазақ әдебиеті»: Украинадағы жағ­дайлар өзіңізге мәлім. Елде саяси дағда­рыс орын алды. Мемлекет екіге бөлінудің аз-ақ алдында тұр. Сіз маман ретінде Ук­раи­­наның болашағын қалай болжайсыз?
Мәулен Әшімбаев: Қазіргі кезде Ук­раинада өте күрделі процестер жүріп жа­тыр. Бұл ел – Қазақстанға жақын мем­лекеттің бірі болғандықтан, біз онда қа­лыптасып отырған жағдайларға алаң­даушылық білдіріп отырмыз.
Жалпы, Украина – экономикалық, оның ішінде өнеркәсібі мен ауыл шаруа­шы­­лығы, транзиттік әлеуеті мен мүм­кін­­діктері мол мемлекет. Алайда, осы елде соңғы жылдары билік бұл мүм­кін­дік­терді дұрыс пайдалана алмады. Ел ішінде сыбайлас жемқорлыққа жол бе­ріліп, әртүрлі топтардың билікке таласу процестері орын алды. Оның ақыры бұл халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұр­мыс деңгейіне кері әсерін тигізіп қана қой­май, олардың наразылығын туғызып, кө­шеге шығуына бірден-бір себеп болды.
Бүгінгі таңда осы елдегі жағдай қиын­­­дап тұр. Ішкі және сыртқы байланыстары тұйықталып, мемлекеттің тұ­тас­тығына сына қағылды. Украинада Ба­­­тыстың да, Ресейдің де мүддесі бар. Сон­дықтан дәл қазір билікті ұстап тұр­ған топ Еуропа мен Ресейдің ықпалын теңестіруге күш салуы тиіс. Яғни олар Ресеймен де, Еуропамен де ынтымақ­тас­тық орнатып, тепе-теңдікті сақтауы ке­­­рек. Егемендіктерін, аумақтық тұтас­тық­­тарын сақтаудың жолы – осы. Тек қа­на Еуропамен кету немесе тек қана Ре­сеймен бірге болу деген позицияны ұс­танудың дұрыс емес екенін және құр­дымға апаратын жол екенін атап көрсету қа­жет.
Сыртқы күштерге келетін болсақ, олар Украинаның тәуелсіздігін сыйлап, егемендігімен санасуы тиіс, сондай-ақ олар­дың осы елдің ішкі істеріне қол сұқ­пау және аумақтық тұтастығын қам­та­масыз ету қағидаттарын сақтауы өте маңыз­­ды. Жалпы, бұл мемлекетте жуық ара­да тыныштық орнап, Украина халқы бейбіт жолмен ортақ бәтуаға келеді және даму­дың жолына түседі деп сенейік.
«Қазақ әдебиеті»: Әліпби ауыстыруға қа­тысты қоғамда үлкен талқылаулар бол­­ды. Жалпы, латын әліпбиіне көшу идеясына Сіз қалай қарайсыз?
Мәулен Әшімбаев: Латын әліпбиіне көшу мәселесіне дұрыс қараймын. Бі­рақ, бұл бірте-бірте, кезең-кезеңімен, дайын­дық жұмыстарын толық реттеп, халыққа түсіндіру шаралары оң нәтиже-ге қол жеткізген соң ғана жүзеге асу керек. Мұны науқаншылдыққа айналдырмау қажет. Бұл бағыттағы іс-қимылдар тек Елбасына есеп беру үшін ғана, кө­з­ал­дау болса, не кириллицада жоқ, не ла­тында жоқ, дүбәра жағдайда қалып, көп жағдайда ұтыламыз. Арғы кезең­дерді айтпағанда, бергі дәуірдегі тарихи, әде­би дүниелеріміз төте және кириллицамен жазылды. Сол байлығымыздан көз жазып қалмау керек. Елбасы мә­се­лені дұ­рыс қойып отыр, осыған қатысты Үкімет нақ­ты жоспар, нақты ұсыныстар, кешен­ді бағдарлама жасау керек. Соларды жү­зеге асыратын нақты тетіктер болу ке­­рек. Жалпы, бұл мәселеге жүйелі және ғы­лыми тұрғыдан келгеніміз абзал.
«Қазақ әдебиеті»: Көптеген маңызды іс­термен аймақтарға барасыз, Парламент қабырғасында жаңа заң жоба­ла­ры­ның мәтіндерімен жұмыс істейсіз. Ко­митеттің де шаруасы жетерлік. Өзіңіз жазу­­ш­ының ұлысыз. Бір сөзіңізде «Ме­нің идеалым – әкем!» деп едіңіз. Осынау қым-қуыт жұмыстың арасында кітап оқу­ға уақыт табасыз ба?
Мәулен Әшімбаев: Әкем маған жас­тайымнан көп нәрсеге үйретті, ба­ғыт­тады, соның ішінде ең бірінші кітап оқу­ға қатты күш салды. Алғаш мектепке барған кезімде әкем маған Еуропадан бастап, мұсылман әлемінің, ақыр аяғы өзіміздің қазақ ертегілерін оқуға жағдай жасады. Есейе келе қазақ қаламгер­лері­нен бастап, әлем классиктерінің шы­ғар­маларын жата-жастана оқыдым. Кітап оқуға бала күнімнен қалыптастым. Қай қиырда іссапарда жүрсем де, жұмыста да, үйде де күн сайын кітап оқуға міндет­ті түрде уақыт табамын. Әрине, ең әуелі әкемнің әдеби мұраларын қастер тұтам. Ел аузында жүрген қазақ қаламгер­ле­рінің шығармаларына жиі оралып тұрам. Соң­ғы уақыттарда көбіне өзімнің кәсіби салама қатысты әлемдік ғалым­дардың, сарапшылардың шығармаларын оқи­мын. Тегі үндістандық, қазір Америкада тұратын Фарид Закария дейтін беделді саясаттанушы, сарапшы-журналистің соңғы жылдары «Либералды демокра­тия­ның болашағы және АҚШ супер­державалықтан айырыл­ған­нан кейінгі саясат қандай болады?» деген бағытта екі кітабы жарық көрді. Өте қызығып оқы­дым. Сосын АҚШ-тың бұрынғы Мем­лекеттік хатшысы, әлемдік дең­гейдегі беделді саясаткер ақсақал Генри Киссинджердің Қытайдың императорлар заманынан бастап бүгінгі кезеңі, ішкі және сыртқы саясатына қатысты жа­рық көрген жаңа еңбегін оқып шық­тым. Людмила Улицкаяның рухани адам­гершілік құндылықтарды дәріп­тейтін кітаптарын жиі оқимын. Нобель сыйлығын алған Перу жазушысы Марио Варгос Льосаның «Ақырғы заманның соғысы» деген романын үлкен қызығу­шылықпен оқығам. Өзіміздің көрнекті қаламгерлеріміздің шығармаларын ұдайы қарап отыруға тырысамын. Кейін­гі буындағы Бақытжан Алдияр, Ба­қыт Беделхан, Танакөз Толқынқызы, Алмат Исәділ, Ерлан Жүніс, Азамат Тасқара сынды ақындардың жырлары жақсы әсерлер қалдырды.
«Қазақ әдебиеті»: Сіз кітапты интернеттен оқисыз ба, әлде қолға алып оқи­сыз ба?
Мәулен Әшімбаев: Мен бала кезімнен қалыптасқан әдет, кітапты қолға алып оқи­мын, ал отандық және шетелдік бе­дел­­ді саяси-экономикалық газет-жур­нал­дарды интернеттен қарауға тырысамын.
«Қазақ әдебиеті»: Уақыт бөліп арнайы сұхбат бергеніңізге рахмет, қыз­ме­тіңіз­ге, отбасыңызға табыс тілеймін!

Жанарбек САДЫХАНҰЛЫ.

Қазақ әдебиетi

Әдебиет, мәдениет және өнер газеті.

Share. Facebook Twitter LinkedIn Email VKontakte Telegram WhatsApp Threads Copy Link
Previous ArticleГерманияның астанасы Берлинде Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығын атап өту көзделіп отыр
Next Article Украинаның жаңа үкіметіне кіргендер кім?

Оқи отырыңыз...

ДЖОН ВАН ’Т ШКИП: «ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ЕСІГІ БАРШАҒА АШЫҚ»

12/08/20261

Берік Әбдіғалиұлы, саясаттанушы: Дәл қазір қазаққа нұрлы ақыл мен ыстық қайрат қажет

24/04/20151

«ҚАСҚЫРДЫҢ ҚАСҚЫРЛЫҒЫ ТІСІНДЕ ЕМЕС, ІСІНДЕ!..» (немесе Отпан таудың басында Көк Бөрі неге тұр?) Сабыр Адаймен сұхбат (үзінді)

22/04/20151
Фоторепортаж

Бейнежазба









Серіктестер
Бізбен байланыс
Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com
Жарияланған материалдарды сілтемесіз көшіруге болмайды.. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
Demo
Top Posts

Есте қалар ел тарихы

20/07/201473

Шежіре — Оймауыт пен Бөгежіл руы

13/11/201464

Самырат шежіресі

30/09/201346
Stay In Touch
  • Facebook
  • YouTube
  • TikTok
  • WhatsApp
  • Twitter
  • Instagram
Latest Reviews

Subscribe to Updates

Get the latest tech news from FooBar about tech, design and biz.

Demo

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

Facebook Instagram YouTube WhatsApp Telegram
©2025 - 2026 / Nomadtimes.kz - ақпараттық агенттігі / Барлық құқықтар тіркелген.
  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Демеушілер

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.