
Бексұлтан Нұржеке-ұлы
Біріншіден, бұған ғалымдардың шалағайлығы себеп. Олар Шыңғысханға қатысты тарихтың негізгі қазығын кейінгі орынға ығыстырып, ал екінші қатардағы мәселені негізгі қазық есебінде қарастырып жіберген. Соның салдарынан Шыңғысханның түп бабасы Бөрте-Шина келіп қоныс тепкен, кейін Шыңғысхан меркіттерден қашып тығылған Бұрқан-Қалдын тауының, туған жері Көде-Аралдың және өз туыстарынан қашып тығылған Түргеннің, тайпа-ласы Жәмікемен соғысқан жері Қапшағай мен Күйтеңнің қайда екенін анықтамай жатып, оның туып-өскен жері Моңғолиядағы Онон мен Керулен өзендерінің бойы деген шалағай тұжырым жасаған. Моңғолияда Шыңғысханның өміріне қатысты айтылатын Онон, Керулен, Арғұн өзендері мен Ундир мекені бар екенін картадан көруге болады. Алайда ол атаулардың дыбысталу жағынан бұрмаланған атаулар екені Тілеуберді Әбенайұлы «Шыңғыс-Қағанның қузауырын» аударғаннан кейін белгілі болып отыр. Оған дейінгі аудармашылар «мұңғылша түп нұсқаға адал болуға күш салдық» дейтін («Моңғұлдың құпия шежіресі», Қытай, «Ұлттар баспасы», 2005, 2-бет). Жер-су аттарын түрікшелеуді бастаған Тілеуберді ғана.
Шыңғысханға қатысты жазылған шығарманың ең көнесі – «Моңғолдың құпия шежіресі», 1240 жылы жазылып біткен. (Өлгий, 1979), оны +1 деп белгілейік. Оның Тілеуберді Әбенайұлы қытай пішігінен оқыған шын аты – «Шыңғыс-Қағанның қузауыры» («Құпия шежіренің» құпиясы»,Алматы, 2010) +2. Міркамал Жәлелханұлы мен Әбдірешит Тойлыбайұлы оны «Моңғолдың құпия шежіресі» деген атын сақтай аударып, Қытайдың «Ұлттар баспасынан» шығарыпты (2005. 2-басылым) +3. Одан кейінгі мәлім болған шығарма – Лубсан Данзанның «Алтан тобчиі» («Алтын шежіресі», Москва, 1973), +4. Сонан соң Рәшид әд-Діннің Тілеуберді аударған «Түгел тауарихы» («Түгел тауарихтың» түбінде не жатыр?» Алматы, 2011) +5, т.б.
Шынын айтқанда, Моңғолияда Керулен деген өзен жоқ, ондағы өзеннің аты – Хэрлін. «Керулен» дегенді енгізген – орыс ғалымдары. Алайда бұл сөз өзеннің шын атына жақын. Оны Тілеуберді Кі-лу-лән, Кер-үлән, Кере-лім деп оқыйды (–2, 219– бет). Мен «Керүлән» дегенін дұрыс деп білем, өйткені ол Хэрлін сияқты мағынасыз сөз емес, Кері-өлең, яғный кері ағып жатқан, Терісаққан өзен дегенді білдіретін түрік сөзі. Онон дегенді Тілеуберді қытай пішігінен Өнән, Өнен деп оқыйды. Мен Ө-нән дегенге тоқтағанды дұрыс көрем, өйткені ол да Онон сияқты мағынасыз сөз емес, нән, үлкен өзен дегенді білдіретін түрік сөзі.
Аталмыш үш кітәптің жазуына қарасаң, Керөлеңнен гөрі Өнәннің үлкен өзен екені аңғарылады, өйткені ол «Мұран», «Дария» деп дәріптеледі. Ал Моңғолияның Шығыс аймағындағы Керулен Ресей жеріндегі Далайнор атты көлге барып құйса, Онон бар-жоғы Шилка деген өзеннің саласы ғана, ал оның өзі Ресейдің Амур өзеніне барып қосылады. Бірақ, қалай болғанда да, Онон мен Өнәннің бір-біріне дыбыстық жағынан ұқсас екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен атақты ханның өзі туып-өскен жеріндегі екі өзенді біржолата Моңғолияға бағындыра алмай, жарым-жартылай иемден-геніне тек таңғаласың. Тіпті нанымсыз-ақ!
«Шыңғыс-Қағанның қузауыры» деп аталатын кітәптің қытай пішігімен (ие-роглифімен) жазылған түпнұсқасында сол Өнен өзені алқабында Түрген, Қапшағай (Зерен Қапшағай), Нарат, Шаты, Құлжа, Қарқара, Шарын (Шарғын) деген жер аттарының бар екенін көресіз… Демек, алдыңғы кітәпте айтқанымыздай, бұларға қарай отырып, «Өнен» (Онон) деген өзеннің қазырғы Іле дариясы екенін тап басып білуге болады», – дейді Тілеуберді Әбенайұлы (+5, 430-бет).
Сол өңірде туып-өскендіктен, Шыңғысханға қатысты тарихи шығармаларда айтылатын Бұрқан таудың Іле бастау алатын тұста бар екенін, соның батыс іргесінен ағатын Үсек (Өсек) өзені бұрын Түрген аталғанын Шоқан жазғанын, Қапшағайдың, Сөгетінің, Үлкен Шілік пен Қарқараның, Күйтеңнің, Аралтөбе немесе Көде (Хөдөө) Аралдың – бәрінің Іле алқабында бар екенін мен бала күнімнен білемін. Қартадан қарасам, Құлжа мен Нарат та Шығыс Түркістан жерінде, Іленің басында тұр («Атлас Туран на старинных картах», Алматы – Москва, 2008, 11 – бет).
Сонда қалай, бірі Моңғолияда, бірі Жетісуда екі Өнән өзені бар ма? Солай болған күнде де, бірі Ононның бойында, бірі Өнәннің бойында туып-өскен екі Шыңғысхан болуы мүмкін емес қой. Бірақ Моңғолияны билеген Шыңғысхан ұрпақтары өздерімен бірге ол елге өз жер-су аттарын ала баруы да мүмкін емес пе? «Мына жер біздің Керөлеңдей екен, Өнәндей екен» деп жү-ріп, ұқсас жер-су аттарын қалыптастырып тастау – тарихта кездесе беретін заңдылық. Кәзіргі Моңғолия жері бір кезде құн мемлекетінің мекені болғаны тарихтан белгілі. Сақ, құн, үйсін, қаңлы, түрік, қыпшақтың қазаққа ата-баба екені рас болса, ол арада бірлі-жарым ата-баба сөзі сақталуы да заңды емес пе?
Олай болса, Шыңғысханды Жетісудағы Өнән-Іленің бойында ма, Моңғолиядағы Ононның бойында ма, қайда туды дейміз?
Бір кітәп оның туған жері «Дэлүүн болдогы» десе (+1, 30-бет), бірі «Өнен бойындағы Теліген-Бөлтақ тауының қапталында» (+2, 478-бет), тағы бірі «Дэлигүн-Болдаг деген жерде дүниеге келді» дейді (+4, 65- бет). Ешбір тарихшы мұндағы «Дэлүүн», «Дэлигүн» сөзінің не моңғолша, не қазақша мағынасын айтқан емес. Ал Тілеуберді: «Теліген – тел өскен, егіз жаралған, қатар біткен деген мағынада… Бөлтақ бөлек тау, дара тау дегенді білдіріп тұр. Сонда тұтас атаудан басқа таулардан дара тұрған қос шоқы, қос тау деген мағына шығады», – дейді (+2, 92-бет).
«Үшбу дестір Ұлы Құрылтай шақырылғанда, Тышқан жылдың тамызында Тұлыған-Бөлтақ пен Шарын-Жырадан (Шарғын шек) аққан Керелім өзені арасындағы Көде-Арал жеріне Орда қонғанда байыды», – дегенге (+2, 559-бет) қатысты Тілеуберді: «Мұндағы «Тұлыған» сөзі тұл, жалғыз деген мағына береді. Сонда тұтас жер атынан жалғыз, дара тау деген мағына шығып тұр», – деп түсінік береді (+2, 469-бет).
Шыңғысхан 1227 жылы қайтыс болады. Содан 26 жылдан кейін 1253 жылы ұлы хан Мөңке болып тұрған кезде Моал жеріне (Моңғол жеріне емес) Еуропадан келген миссионер Гильом де Рубрук былай деп жазыпты: «Біз бұдан кейін Күйік ханның ордасы тұрған жазыққа келдік. Бұл жер бұрын Наймандардікі болған. Мен бірақ бұл жолы ол орданы көре алмап едім, оны кейін қайтып келе жатқанда көрдім («Путешествия в Восточные страны», Алматы, «Ғылым», 1993, 118-бет).
Бұдан нені аңғаруға болады? Күйік ханның ордасы моңғол жерінде емес, найман жерінде болғанын аңғарамыз. Ары қарай оқыйық: «…біз жоғарыда айтқан ұлы әміршінің (Мөңкенің – Б.Н.) сарайына келдік. Бұл араға жетуімізге әлі бес күн қалғанда, үйіне біз қонып шыққан бекетші бәрімізді әлдебір айналма жолға салып жібергісі келді, өйтсек біз тағы он бес күн қиналатын едік. Кейін білдік, ол бізді Онанкеруле арқылы, яғни Шыңғысханның ор-дасы тұрған өз жерлері арқылы өткізгісі келіпті, біреулердің айтуынша, жолымызды ұзаққа созып, өздерінің мәртебесін зорайтып көрсеткісі келген көрінеді… Біздің жолбасшымыз тура жолмен жүруге зорға дегенде көндірді» (Сонда, 119-бет).
Еділ бойындағы Бату ханның ордасынан жақында ғана шыққан бұлар, әрине, батыстан шығысқа бет алып келе жатыр еді. Былайша айтқанда, Моңғолияға әлі жеткен жоқ болатын. Бірақ соған қарамастан, Шыңғыстың өз ордасының маңайынан өтеді. Мұны қалай түсінуге болады? Мұны тек Шыңғысханның ордасы моңғол жерінде болмаған деп қана түсінуге болады. «Сол оқиғаға байланысты бізді таңертеңнен күндізгі сағат үшке дейін кідіртті. Сол сапарымыздың кезінде Қайлақта біз күтіп алған хатшы маған былай деген»,– деп, одан ары өзі жайында өсек бар екенін жазып кетеді.
Қайлақ немесе Қойлықты академик В.Бартольд пен тарихшы М.Тынышбаев Қапал мен Көксудың ортасындағы көне қала деп жазады. Алайда кәзіргі тарихшылар Қойлықтың Алакөл маңындағы Қойлық ауылының қасында екенін дәлелдеді. Бұған қарап, меніңше, Шыңғысханның өз ордасы сол маңайда, Жетісу жерінде болғанына көз жеткізу соншалық қиын емес. Өнән мен Керө-леңді Рубрук қосарлап бір ғана жердің атынша Онанкеруле дейді. Соның өзі екі өзеннің маңайлас екенін айғақтай түседі. Рубрук «Онон» демейді, «Онан» дейді. Ол өзеннің шын аты Онон емес, Өнән екеніне бұл да дәлел. «Хэрлі» демей, «Керуле» дейді. Бұл өзеннің де шын аты «Хэрлін» емес, «Керөлең» болғанына бұл да дәлел. Қытайдағы «Ұлттар баспасы» да «Керолон өзені» деп аударыпты (+3, 210- бет). Қайлақ (Қойлық) та, Онан (Өнән) да, Керуле (Керөлең) де – бәрі Жетісудың жерінде тұрса, Шыңғысханның атамекенін неге онда Моңғолиядан іздеуге тиіспіз? Әлде оның жазып отырғаны Жетісу жері екені күмәнді ме? Онда Рубруктың бұл араға қалай жеткеніне үңіліп көрелік.
«Бірер күннен кейін біз Қарақытайлар мекендейтін тауға жеттік, сол арада үлкен өзенге тап келіп, одан сукөлікпен өтуімізге тура келді. Одан кейін әлдебір Эквиус аталатын әдемі қалаға келдік. Онда парсыдан алыста тұрып жатса да, парсыша сөйлейтін Саррациндер тұрады. Келесі күні оңтүс-тіктегі таудың сілемінен өттік те, оң жағымызда тауы, ал сол жағымызда 25 күн бойы бізбен жарысып отырған әлде көлі, әлде теңізі бар аса тамаша жазыққа шықтық. Таудан шығып, бәрі де әлгі теңізге құятын көп өзен сол жазықты суғарып жатыр… Біз сол арадан базары бар, көпестер келіп-кетіп жататын Қайлақ атты үлкен қалаға кезіктік. Мөңкенің сарайына барғанда біздің жолбасшымызға көмектесетін Батудың хатшысын күтіп, біз сол арада 12 күн аялдадық» (сонда, 111-бет).
Рубруктың 25 күн бойы жағалай жүрген көлі Балқаш, қайықпен немесе басқа бір сукөлікпен өткен өзені Іле, Эквиусы Екі Өгіз, Қайлағы Қойлық қаласы екенін Жетісу тарихынан хабардар әр адам-ақ аңғара қояды. Оның солай екеніне ғалымдар да түсініктемелерінде тоқталады. Шыңғысхан бұл араны Моңғолиядан келіп жаулап алған болса, Рубрук айтып отырған екі қаланың қалайша быт-шыты шықпай, саудасының қызып жатқаны кісіні еріксіз ойлантады. Неге олай? Өйткені олар – Шыңғысханның өз атамекеніндегі қалалар. Ал Рубрук пен Карпинидің Саррацин деп жүргені «сарүйсін» дегенге сырттай ұқсап тұрғанмен, сарайшын, яғни «сарайшылар» деген сөз шығар деп ойлаймын. Өйткені Шыңғысхан өзін қорғайтын қосынды қоршын деп атаған ғой. Ал Эквиусы, яғни Екі Өгізі Тынышбаев пен Бартольд Қойлық қаласы деп жүрген, кәзіргі Талдықорғаннан 18 шақырым батыста Көксу бойындағы көне қала орны болар, сірә.
Сонымен Жекетау мен Егізтаудың Көде-Арал (Аралтөбе) маңында бар-жоғына көз жеткізу үшін, 1912 жылдың 11 маусымында Тілеуберді екеуміз Алматы обылысының Кербұлақ ауданына жүріп кеттік. Ауданның әкімі Нұрбай Жантілеуов кейде Жекетау, кейде Шаған аталатын таудың түбінде Жаңалық деген ауылда туған (1949 ж.) болып шықты. Жекетау Қаспан ауылының солтүстігінде шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Сарөзек–Қорғас жолының Қоғалы жаққа бұрылар тұсында жігіттер ғажап бірнәрсені көрсетуге тоқтады. Жекетауымыздың дәл қыр жотасында шалқасынан түсіп тасмүсін қыз жатыр екен. Басы, маңдайы, иегі, мойны, төсі, аяғы – барлық мүшесі айқын. Және ойқы-шойқы емес, әдемі. Жекетаудың оңтүстік қарсысында Шоқан бейітінің ар жағында – Матай тауы. Матай – ХVІІ– ғасырдың аяғында, ХVIII– ғасырдың басында өмір сүрген адам. Қазыбек бек Тауасарұлының атасы, Шапыраштының Ата шежіресін жазған кісі. Сол таудың баурайында туған (1954) Жанат Бурахановтың айтуынша, Матай тауының ескі аты Қара-қорым болыпты. Мұндай жер кәзір Моңғолияда, Қытайда, Қырғызстанда бар. Тілеубердінің айтуынша, Ұлытауда да болған. Алтынеміл мен Түлкілі тауының ортасында, Доланалы ауылының желкесінде Шыңғыс сай деген сай да бар болып шықты. Бірақ неге олай аталғанын ешкім білмейді.
Ертесі аудан әкімінің орынбасары Болысбай Момбаев бастаған топ Аралтөбеге келдік. Сырт пошымына қарап, ол төбені басқаша атау мүлде мүмкін емес. Солтүстігінде созылып жатқан ұзынтауды әр кезде Бұрқантау, Арқас, Бурақожыр, Жоңғар деп әртүрлі атаған. Оңтүстігіндегі Қоянды тауы одан гөрі кішілеу. Сол екі таудың ортасындағы жазықта дөңгеленген алып төбе жатыр, төрт жағы да ашық, оқшау. Төбенің биіктігі орташа есеппен 50-60 метір. Үстіне шығып көріп едік, 80 гектардан астам ойқы-шойқы жазықтың бетін жаппай ақшулан көде басып тұр екен. Көде-Арал десе, дегендей. Бірақ жергілікті жұрт Аралтөбе дейді. «Хөдөө» деген моңғолша «қыр» деген сөз екен (Қазақ-моңғол сөздігі, Уланбаатар, 1977, 205-бет), Қыртөбе мен Арал-төбе мағыналас. Ал қазақтар үйінді шөп пен маяны да көде дейді. Ол да «төбе» сөзімен мәндес.
Аралтөбенің шығысында, осы жазық тұйықталатын тұста, шамамен 60-70 шақырым аралықта Үсек (Түрген) өзені мен Бұрқан тау бар. Ал батысында, 15 шақырымдай аралықта осы жазықты тұйықтап екі шоқы тұр. Біздің тануымызша, Көде-Аралдың қапталындағы Теліген-Бөлтағымыз – осы. Бірін Үлкен Қотырқай, екіншісін Кіші Қотырқай дейді. Ал әлгі Жекетауымыздың шығыс жақ іргесінен шығып, Аралтөбе жаққа қарсы аққан өзеншені Терісаққан дейді. Аралтөбенің шығысында, Үйгентас деген белден тіке батысқа аққан өзен-шені де бұрын Терісаққан деген, кәзір Белдің суы дей салады. Сол су Қарғалының, Ақсудың, Есенғұлдың, Ордың, Қос Қояндының, Қайыңдының суын жол-жөнекей қосып алып, Қарғалы аталады да, Аламанның суы қосылған соң Кескентерек деген атпен келіп, дәл Қотырқайдың түбіндегі Терісаққанға құяды. Қос Қотырқайдың қарсысындағы жазық Шұбар аталады, сол арада Шұбар атты ауыл да бар. Бұл Шұбар – әйгілі Нұрмолда Алдабергеновтің ауылынан басқа Шұбар.
Шығысқа қарай аққан Терісаққан өзені Қотырқай тауын іргесінен айналып өтіп, тіке батысқа бет бұрады да, біраздан кейін дәл Қотырқайдың солтүстігінен Шұбар жазығына шыққан Көксу өзеніне барып құяды, ал Көксу Шұбар қорығындағы жазыққа түскен соң Қараталға барып қосылады. Екі Терісаққан да басы боп саналғандықтан, Қараталдың кезінде Кері+өлең аталмасқа амалы да қалмаған сияқты.
Сонда Теліген-Бөлтағымыз, яғни Қос Бөлек Тауымыз Үлкен Қотырқай мен кіші Қотырқай болса, Көде-Аралымыз немесе Хөдөө аралымыз Аралтөбе болса, онда 1228 жылы Ұлы Құрылтай шақырылған Тұлыған Бөлтағымыз Қотырқайдың батысында тұрған Жекетау–Шаған болады. Осының бәрін жүйелей келгенде, Шыңғысханның Аралтөбе қапталындағы Қос Қотырқай тауының іргесінде туғанына көз жеткізесің.
Моңғолияда Өнәнге ұқсатқан Онон, Керөлеңге ұқсатқан Хэрлін, Ырғынға ұқсатқан Арғын өзені бар болғанмен, соның бәрі баурайынан өріп жатқан Бұрқан тауы жоқ, тек Бұрқантау дегеніміз осы болу керек деп ғалымдар зорлықпен міндеттеген Кентей немесе Хэнтай тауы ғана бар (К. д/ Оссон «От Чингисхана до Тамерлана», Алматы, 1996, Түсініктеме, 217-бет. Бұл кітәп алғаш рет 1935 жылы Парижде шыққан). Моңғол жерінде туып-өскен қазақ ғалымы Ислам Қабышевтың айтуынша, Моңғолияда Көде-Арал да, Хөдөө арал да жоқ, тек «Бұл қазіргі МХР-дың Хэнтай аймағының Баян Улаан тауы болуға тиіс деген болжам бар» («Керейлер керуені», 1978, 13-бет).
Жәміке мен Темежән бірінші рет Өнән өзенінің бойындағы Зерен-Қапшағайда соғысса, екінші рет Бұрқан таудың маңайындағы Күйтең деген жерде соғысады. Моңғол тілінде «хүйтэн» деген – «суық» деген сөз. Бірақ Моңғолияда «хүйтэн» деген сөз болғанмен, Күйтең деген жазық жоқ. Ал Жәркент өңіріндегі Бұрқан таудың оңтүстік батысында Китің жазығы, Құдайға шүкір, әзірше бар. Жер-судың бәрін жаппай өзгертіп жатқандар оған әлі тие қойған жоқ. Қазақ «күйтең жер» деп суық өңірді емес, шөбі күйтті, күйлі, шұрайлы жерді атаған. «Тепсең», «ойпаң», «сортаң», «жайсаң» секілді тәртіппен жасалған сөз келе-келе «Китің» аталып кеткен.Шығыс Түркістанда «Күйтің» аталатын жер бар, алайда, менің географиялық білімім бойынша, Шығыс Түркістан Моңғолияға жатпайды.
Сонда туған жері Көде-Аралы (Аралтөбесі) жоқ, өсіп-өнген жері Бұрқаны жоқ жерден Шыңғысханды неге іздеуіміз керек, неге ол сол арада тууға тиіс?
Керулен, Керүлән дегеннің түрік сөзі екенін мойындамағандар ол өзенді ешқашан түрік жерінен іздемеген. Тек дыбыстық ұқсастығына қарап, Хэрлінге жабыса берген. Бұрынғы қазақтың сөзіне бүгінгі қазақ құлақ қойса, халық ақыны Қазанғап Байболов «Еңсегей бойлы ер Есім» атты дастанында Есімнің арғы бабасы Шыңғысхан жайында: «Бір күні абасы айтты: «Сенің мыналармен абаң бір болса да, атаң басқа еді. Бір күні болмаса бір күні зорлық қылар. Осылар есейіп, өз беттерімен жеткенше, Іленің басына барып, садақ атып күн көр. Іленің беті құстың жүні болса, сенің тірі екеніңді білемін», – дейді. Темушин Іле басына барып, аң атып, құс жүнінен кепе қылып жатады», – деп, Шыңғысханның туып-өскен жері Іле бойы екенін ап-айқын-ақ жазады («Төле би», Алматы, 1991, 19, 20-бет).
1981– жылы Қытайда «Батысқа саяхат естеліктері» атты кітәп жарық көріпті. Сонда Шыңғысхан 1218 жылы өзіне шақыртып алған, көп жыл қасында болған атақты ғалым дәрігер Елюй Чуцайдың (лақап аты– Чжань-Цзойши) «Батысқа саяхат естелігі» жарияланыпты. Онда:«Сонымен, Цзюйши сол адамдарға өзінің басып өткен жолдарын былай деп баяндап берді: «Ең бірінші, біз Юн-аньнен жолға шығып, жол-жөнекей Цзюйонды басып өтіп, онан әрі қарай У-чуаннан өттік. Одан әрі қарай жүргенде, Юнь-чжунның оң жағынан жанай өтіп, әрі қарай жылжып барып, Тянь-Шан тауының терістік жағына жеттік… ақырында қаған ордасына бардық… Ол жерде жорық ал-дында қарбалас даярлықтар жасап жатқан қара нөпір қалың қолдан жер қайысады» («Шыңғысхан» жұрналы, № 2 (3) 2012, 195-бет). Тянь-Шань тауы Іле бойында екені белгілі. Ол белгілі болса, қаған ордасы да сол маңайда екені өз-өзінен белгілі. «… әрі қарай көп ұзамай Алмалық қаласына баруға болады… Одан батысқа қарай жүргенде Иле деген үлкен дария бар… Одан батысқа қарай жүргенде неше жүз ли жерде Тараз қаласы бар», – деп, бәрін ап-анық жазған (сонда, 196-бет). Сол кездің өзінде-ақ Іле аталғанына қарағанда, оны тек маңайын мекендеген жұрт қана Өнән өзені , Үлкен өзен деп атаған болу керек.
«Арғұнды» Тілеуберді «Ырғын» деп оқыйды, ол орналасу жағынан Тентекке дәл келеді. «Өндір» сөзінің қазақта екі мағынасы бар: бірі жас, балғын дегенді білдірсе, бірі көрнекті, үлкен дегенді білдіреді, «өндіріп істепті» деп жататынымыз содан. Моңғолдар «биікті» «өндөр» дейді.Тарихи кітәптің бәрінде ол тау Өнән өзенінің, ал Моңғолияда Хэрлін өзенінің бойында. Ақсақ Темірдің тұңғыш ресіми тарихы саналатын «Зафарнамеде» (ХҮ– ғасыр) Же-тісуды шапқанда, оның Сычкан-дабан деген жерге келіп, содан кейін Іледен өтіп Губашин-Индурге барғаны айтылады («Материалы по истории киргизов и Киргизии», Москва, 1973, 108, 109-бет). Ал 1424, 1425 жылдың бірінде жазылған екінші «Зафарнамеде» әлгі жерді Дубасин-Ундур асуы деп жазады (сонда, 139-бет). Сычкан (Тышқан) деген жайлау Жәркенттің желкесінде, Бұрқан тауының шығысында әлі бар. Шын Өндірдің осында екенін екі таудың орналасу жағдайы-ақ дәл айқындап тұр.
«Ұлттар баспасынан» шыққан кітәпте «Түргенді» «Тергуне шоқысы» деп қазақшадан алыстатыңқырап аударыпты (+3, 23– бет). Алайда оның дұрысы «Түрген» екенін «Алтан тобчи» әбден айқындапты. 1470 жылы таққа Бату Мөңке Дайан-қаған деген Шыңғысханның ұрпағы отырады. Ол ұйқтап жатқанда қытай әскері келіп қалып, Майн-тал деген жер арқылы қашып құты-лып, Керөлеңге өтіп кетеді. Бір күні Түрген өзенінің бойындағы өткелде түнеп жатқанда, Чгурхэй деген Далат, яғни дулат батыры тұтқиыл шабуыл жасайды. Қаған да, әскері де қатты сасады. Қаған ат-матымен суға құлайды. Әйтеуір, зорға дегенде Түрген өзенінің сағасына жетіп демалады (+4, 281- бет).
Бұл оқиғадан Керөлеңнің, Түргеннің дәп Қорғас маңында екені ап-айқын көрінеді. Өйткені Иінтал (Майн-тал) – Қорғас өзенінің бойында ет комбинаты болған белгілі жер. Ал дулат – Шығыс Моңғолияда емес, Моғол-Жетеде билік жасаған тайпа. Қысқасы, жер-судың бәрі Шыңғысхан Жетісуда туып-өсті деп айғайлап-ақ тұр.
Екіншіден, Шыңғысхан шыққан тайпаға және ол тайпаны қоршаған өзге тайпаларға, олардың қай араға орналасқанына мүлде ғылыми мән берілмей келді. 1676 жылы жазған «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» кітәбінде Қазыбек бек Тауасарұлы, атасы Матайдың шежіресіне сүйеніп, Шыңғысханды жалайыр тайпасынан шыққан қазақ дейді (Алматы, 1973, 95-бет). Тарихқа жүгін-сек, Есукей меркіт жігітінің қоңырат қалыңдығын жол-жөнекей тартып алып үйленеді. Демек Есукейдің өмір сүріп жатқан мекені меркіт пен қоңыраттың орта жолында. Меркіттердің ежелгі әрі кәзіргі мекені Сауыр тауының баурайындағы Жеменей өзенінің алқабы Бұрқанның солтүстік шығысында жатса, қоңыраттардың мекені Хорезм, яғни Сарт-Ауылдың шегарасы Шекжерде (+2, 478-бет), яғни Отырар маңында. Шыңғысханның бәйбішесі Бөртенің де қоңырат қызы екені белгілі. Әкесі Тай-шешен Бөртені Орақтылардың шетіне дейін ұзатып салады (+2, 485-бет). Жалайыр тайпасынан тарайтын орақтылар ежелден Іленің Балқашқа құяр тұсында Жиделі деген жерде отыр.
Тарихи кітәптің бәрі Жәміке мен Темежәннің ауылдас екенін, екі рет Шұбарда анттасып анда болғанын, Жәмікенің жалайыр екенін жария қылып жазады да, Шыңғысханның қай тайпаға жататынын бүгіп қалады. Екінші рет Шұбарда анттасқанда, екеуі бір жарым жылдай бірге болады да, Шыңғысхан Бөртенің ақылымен Жәмікенің қасынан бір түнде көшіп кетеді. «Түнімен көшіп, ертесі қараса» (+2, 492-бет), бірталай жұрт бірге көшіп келіпті. Шұбардан Көреңлікке, яғни Баркөрнеуге бір түнде көшіп баруға емін-еркін болады. Темежән «Көреңлік ішінде Сеңгір өзенін (Бурақожыр–Б.Н.) бойлап, Қара-Зұрық өңіріндегі Көк-нор деген көл жағасына қонды» (+2, 493). Мұндағы Көк-нор кәзіргі Жасыл көл болу керек. Осы арада тайпаластары мен одақтастары оны хан сайлап, әрі биік, әрі терең деген мағынада Шыңқұз хан деген мәртебе береді. Шыңғыс, Чингис деп түрлендіріп жүргеніміздің төркіні – сол сөз.
Хан сайланғаннан кейін де Шыңғысханға қосылушылар толастамайды. Солардың бірі – әйгілі Мұқалы. Ол Жәмікеге де, Темежәнге де туыс. Жалайыр Мұқалы діні бөлек, тілі бөлек, танымайтын-білмейтін, не тайпаласы, не туысы емес моңғол Шыңғысханды қай себеппен жер түбіне іздеп барады? Не Мұқалы жалайыр емес, не Шыңғысхан моңғол емес қой онда? Мұсылман қоңыраттар мен пұтқа табынатын моңғолдар ежелден құдандалы болыпты дегенге де илану қыйын. Шыңғысханның бірде-бір моңғол әйелі немесе келіні болған емес, бәрі қоңыраттан, найманнан, керейден, үйсіннен. Жалайырдан да болған емес, өйткені ол – өз туысы.
Моңғолияда тұратын қазақ ғалымы Ислам Қабышев ХVII – ғасырда құрылған Жоңғар хандығының құрамында чорос, дөрвөд, торғауыт, хошуд деген тайпалар болған дейді («Керейлер керуені», Өлгий,1978, 54, 55-бет). Қазақ оның бәрін бір атпен қалмақ дей салады. Бірде-бір ғалым Шыңғысханды сол тайпалардың бірінен шыққанын дәлелдеген емес. Өйткені ол оның ешқайсысынан шықпайды. Себебі ол моңғол емес.
Рәшид әд-Дін жалайырлар туралы: «Олардың бір бөлім жұрты Өнен бойы аймағында еді»,– десе (+5, 91-бет), К. д/ Оссонның аталмыш кітәбіндегі түсініктемеде: «В другом месте Рашид говорит, что чжелаиры обитали по берегам Керулана»,– депті (213-бет). Іле (Өнән) мен Қараталды (Керөлеңді) сол заманда жайлаған жалайырлар кәзір де сол орнында Алматы обылысының Балқаш, Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Қаратал аудандарын мекендеп отыр. Олар Моңғолияға көшіп кетті, Моңғолиядан көшіп келді деген тарихи дерек жоқ.
Ақсақ Темір Жетісуды үшінші рет шапқанда, Жетенің билеушісі Дулат Камар ад-Дінге қарсы Сары-Бұғы, бахрам Жалайырдың ұлы Әділ шах Жалайыр бастаған бір топ әмірді 30 мың әскермен 1376 жылы аттандырады. Жетеге жеткеннен кейін Сары-Бұғы мен Әділ шах қасындағы әмірлерді тұтқындайды да, жалайыр мен қыпшақ туыстарын жинап алып Темірдің өзіне қарсы шығады. Онда «собрав свои народы – жалаиров и кипчаков» деп ап-анық жазылған («Материалы по истории киргизов…», Москва, 1973, 132-бет). Бұған қарағанда, ХIV– ғасырда да жалайырлар Жетісудан ешқайда кетпеген.
Тарихи кітәпте: «Жайықты төлі Бөрте-Шайна әзім еді де, жұбайы Құба-Марал (Қуа-Марал) Теңіз тумасы болатын»,– делінген (+2, 471-бет). Жер ыңғайына қарағанда, Жайықтымыз Ұлытау маңындағы Қарақорым жазығы болуға тиіс. «Жалайыр руы» деген тарауда Рәшид әд-Дін: «Айтуға қарағанда, олардың әсілгі жұрты Қара-Қорымның құтаймасы екен»,– дейді (+5, 91-бет). Тілеуберді Қарақорым Ұлытауда деп дәлелдейді. Ал Теңізді Байқал деп көр-сетушілер Моңғолияға жақындату мақсатымен ғана айтады (+3, 211-бет). Байқал ешқашан Теңіз аталып көрген емес, ежелден Байкөл аталады. Ал Балқаш ұзақ уақыт Теңіз аталған. Қазақтар оны Көкше Теңіз деген. Мәселен, 1777 жылғы картада «Озеро Тенгиз, по калмыцкий Балхаш» деп жазылса («Атлас Туран на старинных картах», Москва, 2008, 385-бет), 1837 жылғы картада «Озеро Балхаш или Денгиз» делінген (сонда, 220-бет). Мұның қисындылығын мына тарихи сөз де бекіте түседі: «Арық-Үйсін жерінде Құралтай-Мерген мен Бақыжан-Қауаның арасынан Алан-Қауа атты ұшбу сұлу қыз туыпты… Сөйтіп бұлар да Құралас обағы атанды (+2, 472-бет). Демек Шыңғысханның ұлы әжесі Алан-Қауа – дулат тайпасынан тарайтын қоралас руының қызы. ҚР Мемлекеттік мұрағатында 1912 жылы сызылған «Жетісу-ға көшіп келушілер ауданының картасы» бар. Сонда Қараталдың Балқашқа құяр сағасында «Могила Дулата» деген белгі бар (19-қор, 1-тізімдеме, 229-іс, 36-орам). Дулат Қапал батырдың бейіті де кәзіргі Қапалдың маңында екенін Шоқан жазып кеткен. Әйгілі Төле би Алакөлдің Көк-Тұмасынды туыпты, Жәміке Қапшағайдың маңындағы Жаныстарды шабады (+2, 495-бет). Мұның бәрі жалайыр мен дулат тайпасының ежелден аралас-қоралас өмір сүріп келе жатқанын әйгілейді. Және жоғарыда аталған 1777 жылғы картада Қаратал Коноусун өзені деп көрсетілген.
«Бұрхан-Қалдун тауының жері жайсаң, шөбі шүйгін, аң-құсы мол болғандықтан, осы таудың иесі ойраңқай руынан шыққан Бұрхан Босхасан шинші Байан дегенге паналау үшін, көшін осылай бұрған еді», – дегенге қарағанда (+3, 2-бет), Бұрхан тауы кісінің атынан қойылған және ол – жалайыр тайпасының ойраңқай (ұраңқай) руынан шыққан адам (+2, 472-бет). Бұл – Бұрқан таудың жалайыр жерінде болғанын, Шыңғысханның жалайыр жерінде туып-өскенін дәлелдейтін басты айғақ. Ол рудан Желме және Сүбетей батыр шыққан. Моңғол тілінде Бұрхан құдай дегенді білдіреді. Тауға «Құдай» деп моңғол да, басқа да ат қоймаса керек.
Осы айтылғанның бәрі Шыңғысхан, Жәміке, Мұқалы, Желме, Сүбетей шыққан жалайырлардың ежелден Жетісуды мекендеп келе жатқанына еш шүбә келтіртпейді.
Үшіншіден, «татар-моңғол шапқыншылығы» деген үрейлі сөз Шыңғысханға қазақты жақындатқаннан бұрын одан алыстатты. Алайда «Шыңғысхан қазақ болса, Жетісуда туып-өссе, қалайша моңғол боп кеткен?» деген сұрақ бәріміздің к өкейімізде тұрады. Тарихтың жүйесі оның да бетін аша алады.
Шыңғысхан өлгеннен кейін келесі жылы Үкітей-Қаған Керөлең бойындағы Көде-Аралда, яғни атамекенінде ұлы хан тағына отырады. «Орталық ұлысты да сол күйінде Үгетей хағанға қалдырды» (+3, 197). Ол ауру болғандықтан, өзін емдеуге лама алдыртады. Содан ұлы қағаннан бастап бүкіл халық сол будда ілімін қабылдауды әдет қылады (+4, 247-бет). Күйік-Қаған таққа атамекенінде емес, Өрмүхэту деген жерде отырады. Одан кейін Мөңке Керөлең бойында Көде-Аралда хан сайланады. Алайда оның да қасында өзінің меншікті ламасы, яғни будданы уағыздаушысы болады (+4, 247-бет). 1260 жылы Күрту-Шанду деген жерде ұлы хандыққа Құбылай сайланады. «Ол күн ниетті Будда дінін таратуға ықпал етті» (+4, 248-бет). Ол Дайдуды қыстап, Шайдуды жайлап жүріп, ақырында өз ордасын біржола Дайдуға көшіреді. Ол жер кейін Байтсын (Пекин) аталады. Одан кейінгі Өлдзэйту-Қаған да сыртта сайланып, ламасын иемденіп, Дайдуда қайтыс болады. Хан сайланғанның бәрі будда храмына ылайық тағы бір қосымша есімге ие болады (+4, 379-бет), турасын айтқанда, ата тегінен алыстайды. Тек 1332 жылы таққа отырған Тоған Темір ғана ламаның айтқанын орындамағандықтан, 1368 жылы тақтан тайдырылып, 1370 жылы қайтыс болады. Ақырында біртұтас державаны 1401 жылы ойраттар жаулап алып (+4, 258- бет), билікті тек 1438 жылы Дайсунг-Қаған қайтарып алады.
Шыңғысхан заманында моңғол деген жекелей халық та, тайпа да болмаған. Бірақ татар және маңғұл деген жалпылама аттар болған. Оған Рәшид әд-Діннің: « Маңғұлдар түріктің бір саласы болғандықтан, екі атаудың елеулі па-рықталатын кезі де болады», – деуі дәлел (+4,35-бет). Ислам Қабышев айтқан ойрадтарды ұзақ жыл билеген Шыңғысхан ұрпақтары, яғни маңғұлдар келе-келе өздері билеген елді де маңғұл атандырып жіберген. Оның үстіне, будда дінін қабылдаған соң, өздерінің де олардан айырмашылығы болмай қалған. Ал «маңғұл» сөзі бертінде ғылыми тілде «моңғол» боп өзгеріп кеткен. Оған негізінен түрік тілін білмейтіндердің әсері болған. Тілеуберді маңғұл сөзінің төркінін: «Ал өз кезінде Оғыз-ханға ұйымай, шығыс маңып (ауып) кеткендер маңғұл аталған», – деп түйіндейді. Меніңше, маңғұл сөзінің тегі – осы: маңу, көшу, яғни көшіп жүретін халық, көшпенділер.
«Татар» сөзінің арғы түбі «тартар» болу керек деп ойлаймын. Өйткені, көне картаның бәрінде «Тартарлар», «Тартария» деп көрсетілген: «Атлас Ту-ран…», 1606 жылғы 185- бет; 1626 жылғы 179– бет; 1635 жылғы 132-бет; 1689 жылғы 203-бет, т.б. «Тартып алушы», «озбыр», «өжет халық» дегенді білдірсе керек. Әмбегей ханды ұстап берген де, Есукей ханға у берген де татарлар. Меркітті де, Шыңғысхан мен Жәмікені де татарлар дейді. Ол да жеке халықтың аты емес, жалпылама ат. Орыс ғалымдарының жалпы түрік тұқымдас халықтарды «татар-моңғол» деп қосарлап айтуының сыры осында.
«Ұлы әмірші Жошының ұрпақтары Токмокта өмір сүрді. Шағатай ұрпағы орыстың ақ патшасы болды», – дейді «Алтан тобчи» (+4, 293-бет). «Толуй ұрпақтары моңғол хандары болды. Қасардың ұрпақтары Шира-ханнан бастап хорчин аймағының нояндары болды, кәзір Түшнэту-цин-ванг хорчиннің батыс қанаты саналатын бес хошунды билейді. Дзоригту-цин-ванг шығыс қанаттағы бес хошунды билейді, сөйтіп олар он хошунды құрайды. Тағы бірі Ару-хорчин, үш Ұрат, төрт Хухэда, Муминган – барлығы он алты хошун Қасар ұрпақтарына жатады»,– дейді (+4, 294-бет). Сондай-ақ Шыңғысханнан бастап бірі де қалмай бәрі қият сүйегіне жататын бөржігін руынан тарайды. Кейін соның бәрі харанут-харачиндер деп аталады да, кейін харачиндер мен манжұрлар қара өгізді құрбандыққа шалып, бір мемлекет болуға анттасады деп түйіндейді (+4, 296-бет).
Құбылай қағанның ұрпағы Барсы Боладтың бір баласы –Хүндэлэн (4, 294-бет). Ал ол Жоңғар қонтайшысы Батур 1643 жылы әйгілі Орбұлақ шайқасына Салқам Жәңгір мен Жалаңтөске қарсы әскер жинағанда, Өрлүк тайшы екеуі оған қосылмайды (И. Я. Златкин, «История Джунгарского ханства», Москва,1983, 130-бет). Қазыбек бек Тауасарұлының былай дейтіні бар: «Аға, мен Меңлімін, – деді. Сөйтсем, Доржының екінші әйелі найман қызы болатын, сол екен. – Қалмақтар сіздерге көктемде соғыс салады. Маған Доржы мақтанып айтты» («Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», 1993, 216-бет). Сол Доржымыз Хүнделен тайшының бесінші ұлы Отхан-чөхүрдің шөбересі (+4, 296-бет). Дайан-қағанның кенже ұлы Гэрэсан-дзе хан сайланған соң Жалайыр-тайшы деген мәртебе ат алады(+4, 295-бет). Егер оның тегі шынымен моңғол–қалмақ болса, Жалайыр деген атты мәртебе санап несі бар?
Міне, осылай әуелі діннен айырылып, артынан орталық атамекенге ат ізін салмай кеткен Шыңғыс ұрпақтарының келе-келе қалмақтанып кеткенін көреміз. Қазақ оларды қалмақ дегенмен, өзгелер моңғол деді, ұрпағы моңғол болып кеткен соң, Шыңғысханның өзін де моңғол деушілер табыла кетті.
Төртіншіден, тарихи кітәптің бәрінде дерлік бұрмалау орын алып келді. Мәселен, Моңғолияда басылған «Моңғолдың құпия шежіресінде» Түрген деген жердің аты әдейі айтылмай кеткен, ал «Ұлттар баспасынан» шыққан кітәпте «Түргене» делінген. Алайда, оның дұрысы Түрген екенін Тілеуберді мен «Алтан тобчиден» табамыз. Кітәпке «Құпия шежіре» деп ат қою да дәлелсіз, өйткені онда құпиялайтын ештеңе жоқ, қайта аударушылар мен ол кітәпті алғаш қолға түсірушілердің құпиясы көп. Соның бірі – Жошы мен Шыңғыстың қайда жерленгенін қасақана жасырып қалу. Бұл шығарма 1240 жылы жазылып бітсе, ал Шыңғысхан 1227 жылы қайтыс болса, арада бар-жоғы 13-ақ жыл өтсе, соған қарамастан, «Сол күні түнде біздің адамдар аттарын ұстай түнеді», – деп, бәрін өз көрген-білгені бойынша жазып отырған адам (+3, 90-бет) «Кейбіреулер нақты табытын Бұрхан-халдун тауына жерледі. Енді біреулер Алтай ханның («тауының» болу керек – Б.Н.) теріскейіне, Хэнтай ханның («тауының» болу керек – Б.Н.) күңгейіне, Их өтөг деген жерге жерлепті деседі», – деп, кенеттен жаңыла қалады (+1, 142-бет). Өйтіп 13 жылда атақты Шыңғысхан тұрмақ, жай құлдың да қайда жерленгенін ұмытып қалу мүмкін емес. Ана айтып отырған жорамалының бәрі– бірнеше ғасырдан кейін туған жорамалдар. Неге өйткен? Өйткені, Шыңғысхан да, Жошы да қазақ жеріне жерленген, соны анықтап айтатын тұсты әлдекім қолжазбадан әдейі алып тастап, орнына ана жорамалды қосып қойған. Сөйтіп, әлемдік өтірікке баспалдақ жасаған.
Шыңғысқа қатысты айтылатын Бұрқан, Керулен (Керөлең), Түрген, Өнән (Іле), Хөдөө арал (Көде/ге/-Арал), Шұбар, Құлжа өзені, Шаты, Нараты, Сөгеті, Жар Қапшағай (Шарын шатқалы), Зерен-Қапшағай, Күйтең (Китің), Сеңгір (Бурақожыр өзені), Көреңлік (Баркөрнеу), Бүркей-Ірге (Іргетау), Көк-нөр (Жасыл көл), Ырғын (Тентек), Тұлыған –Бөлтағ (Жекетау), Теліген-Бөлтағ (Қос Қотырқай), Отқия (Қызылқия), Қарқара, Жете, Ілеті, Өндір, Сычқан (Тышқан), Майн-тал (Ійінтал), Эквиус (Екі өгіз), Қайлық (Қойлық), Теңіз (Балқаш), Орнық (Түп), Келте/гей/-қада (Сынтас), Үлкен Шілік (Таушілік), Түңкелі-Қолқан (Қалқан тауы), Алқа –Бұлақ (Айна бұлақ), Ботақан-Бураша (Бурақожыр тауы) секілді бүкіл жер-су аттары түгелімен Іле-Қаратал өңірінен табылып тұрса және бәрінің батысы мен шығысы, теріскейі мен күнгейі тарихи кітәптердегімен дәлме-дәл келіп тұрса, қай қисынға бола Шыңғыс-ханды қалмақ –моңғол деуге тиіспіз?
Түрік халықтарының басын біріктіріп, бір мемлекет құрған көреген адамды басқыншы, жаулаушы деп өзгеден бұрын өзіміз жамандап келдік, оған жоғарыда айтқандарымызбен қоса ірілі-ұсақты талай нәрсе себеп болды, енді қазақ тарихынан, оның оқулығынан Шыңғысхан өзіне ылайық орын алуы тиіс деп ойлаймын.
Қазақ әдебиетi
Әдебиет, мәдениет және өнер газеті.


